Аударыспақтан облыс намысын қорғап жүрген спортшылардың бірі Жасұлан Жәлімбетов – Жаңақорған ауданы, Қыркеңсе ауылының тумасы. Ол он жасында атқа мінді. Ауыл арасындағы көкпарға қатысты. Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылатын ұлттық спорт түрлерінен бақ сынады. Кең жазықта, атқа қамшы салмай қырдан-қырға асып, асаудың денесін қыздыратын. Оның атқа деген құмарлығы аударыспаққа жетеледі. Білегінде күші, бойында намысы бар жігіт талай жарыста топ жарды. Сырдың мақтанышына айналды. Қазір ересектер арасындағы аударыспаққа қатысып жүр. Ел чемпионатында қола жүлдені бірнеше мәрте еншіледі.
– Ауыл баласы ат үстінде өседі. Бала күнімізде үлкендер атқа отырғызып, асау үйрететін. Қой бағып, түздегі жылқыны барлап қайтатынбыз. Жылқыдай ақылды жануарға әуестігім ерекше болды. Уақыт өте келе, аударыспаққа қызығушылығым оянды. Жаттықтырушы Қанат Абылбеков оның қыр-сырын үйретіп, ережесін меңгеруге баулыды. 2010 жылдан бастап жарыстарға шыға бастадым, – дейді ол.
Аударыспақ үш деңгейде – ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында өтеді. Салмақ бойынша спортшылар іріктеледі. Спортшыда қайсар мінез бен күш болуы тиіс. Әркімнің өз әдісі болады. Мәселен, белден тарту, білектен және аяқтан тарту арқылы аттан аударып түсіру керек. Атпен секіріп ұруға, жалынынан ұстауға тыйым салынған. Қолды, саусақты қайыруға және беттен ұруға болмайды. Екі қолдап ердің басынан ұстауға да рұқсат жоқ. Осы ережелерді естен шығармай, аттың үстінде күш сынасу ерлікпен тең.
– Әрбір дода үлкен жауапкершілік жүктейді. Ел чемпионатының алдында дайындыққа кірісеміз. Жүгіру мен физикалық жаттығуды тұрақты жасаймыз. Сонымен қатар атпен де күнделікті жаттығамыз. Халқымыз «Ердің атын ат шығарады» деп бекер айтпаған. Астыңдағы тұлпардың мықтылығы ойын барысында байқалады. Спортшы мен ат бірге жұмыс істеу керек. Ойын кезінде ат тоқтамай айналып, икеміңе ыңғай танытуы тиіс. Берілетін уақыт 5 минут. Егер сол уақытта ештеңе шешілмесе, онда белдестіру болады. Сондықтан спортшы үшін әрбір минут маңызды, – дейді Жасұлан.
Алдыңғы жылы Ақтөбе қаласында өткен фестивальда Жасұлан үшінші орынды жеңіп алды. Сол жылы оған мектеп тарапынан ат берілді. Қазір шабандоз «Қараталмен» бірге дайындалып жүр. Биыл Шымкент қаласында өткен сайыста екінші орын иеленді. Алдағы сайысқа дайындалу үшін жақын күндері Тараз қаласына жол жүрмек.
Ұлттық спорт түрлерінің дамуына елеулі үлес қосып, жеңімпаздар дайындаған мектептің бірі – Жаңақорған ауданындағы №7 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі. Мектеп директоры Сламхан Боранбаевтың айтуынша, ұлттық спорт түріне қолдау бар. Еліміздің барлық облысында ұлттық спорт мектептері ашылып, атшабарлар мен көкпар алаңдары салынып, материалдық базасы нығайып келеді. Дегенмен, түйінді, шешімін күткен мәселер де бар. Ұлттық спорттың басым бөлігі атпен байланысты болғандықтан, жануарды тасымалдау, баптап-күту оңай шаруа емес. Жылқыны жемдеу, саулығын қадағалау, қоражай, тағы басқа шығындары бар. Дегенмен, С.Боранбаев бұл мәселелердің кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айтты. Қазір ауданда аударыспақпен айналысатын 200-ден астам спортшы бар.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<