Ераға десе, Ераға еді

2150

0

Тәуелсіздік бізге аспаннан түскен жоқ. Оған жетуатабабамыздың ғасырлар бойы аңсаған армандарының іске асуы. Тәуелсіздікке дейін қазақ халқы қай заманда, қандай дәуірде өмір сүрсе де азаттықты аңсаудан бір тынған жоқ, ел мен жерді қорғау үшін әр уақытта күресіп келді. Қазақ тарихында 380-ге жуық ұлтазаттық көтерілістің болуыосы айтқанымыздың дәлелі.

Өзі өмір сүрген уақыт­та, дәуірде қоғам мен мем­лекеттің алға ілгерілеуіне адал еңбегімен, саналы іс-әре­ке­тімен үлес қоса отырып, аза­маттық жолда айтулы та­быстарға жеткен тұлғалар әр кезде болған.

Мәселен, кеңес үкіметі ке­зіндегі саясат пен экономи­кадағы, өндіріс пен ауыл шар­уашылығындағы, мәдениет пен білім салаларындағы туған жер мен туған елдің бақытты болашағы үшін қызмет еткен айтулы азаматтарымызды ел тәуелсіздігіне қатысы жоқ адамдар деп ешкім айта ал­майды. Кеңестік үкімет, Ком­мунистік идеология деген мә­селенің саяси жағы ғана. Атқарылған қызметтің түпкі мақсаты – туған жер мен туған ел тағдырына арналғандықтан сол кезеңде өмір сүріп, елі мен халқына адал қызмет еткен азаматтарды ұлт, мемлекет та­рихынан тысқары қоя алмасақ керек.

Сондай азаматтардың, ел ағаларының бірі де бірегейі – Ержігіт Бозғұлов болатын. Көзі тірі, болса Ерағамыз биыл 90 жасқа толар еді.

Ержігіт Бозғұлов көп жыл­дар бойы облыстық партия комитетінің мүшесі, облыстық кеңестің депутаты болды. Қа­зақстан Компартиясы ХІV съе­зінің делегаты болып сай­ланған. Ел алдындағы еңбегі үшін «Октябрь Революциясы», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Лениннің 100 жылдығы», «Еңбектегі ер­лігі үшін», «Тың және ты­ңайған жерлерді игеру­дің 50 жылдығы», «Еңбек ар­да­­гері», «Астанаға 10 жыл»  ме­­дальдарымен марапат­тал­­ған. Бүкілодақтық ауыл ша­­руашылығы көрмесінің же­ті рет алтын, күміс, қола ме­даль­дарымен, «ВЛКСМ-ның жеңімпазы» белгісімен, «СССР Су ша­руашылығы және ме­лиорация министрінің «От­личник мелиорация СССР» бел­­гілерімен марапатталып, «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген гидротехнигі» құрметті ата­ғын алған. Ержігіт Бозғұлов­тың есімі Қазақстан Республика­сы­ның Су шаруашылығы және ме­ли­орация министрлігінің «Құр­мет кітабына» жазылған. Республикаға айрықша еңбегі сіңген зейнеткер 2004 жылы Жаңақорған, 2007 жылы Қа­залы ауданының, ал 2009 жылы Қызылорда об­лы­сының құрметті азаматы атақтарын алған.

Ерағаң барынша қазақы адам болатын. Қазақ болған соң қазақы болмай кім бо­лады деп ойлаймыз ғой. Де­генмен кең жүректі, қара­па­йым, үлкенді үлкен, кі­шіні кіші деп сыйлайтын ізетті­ліктің, бірсөзділік пен кіші­пейілділіктің Ерағаң болмы­сына біте қабысқан қасиеттер болғанын ойлап, дәл осындай ақсақалдар қазір неге жоқ, болса да өте аз ғой деп кейде қамығамыз! Тереңірек көз жі­беріп қарасақ, бәрі де заманға, қоғамға байланысты-ау деп тоқтаймыз. Адамзат үшін құн­дылықтардың бәсі мен ба­ғасы тым арзандап, бәрі ақ­шаға тірелетін болғасын адамдардың тым майдаланып, ұсақталып кетуі, қазақтың на­ғыз ақсақалдарының азаюы – бә­рі заманнан, уақыттан. Ұлы данышпан Абай адам мен заман, қоғам арасындағы қа­рым-қатынасты:

«Заманға жаман күйлемек, заманы оны илемек» деп жыр­лады. Дәл айтқан ғой.

Көзі тірісінде ұсақтаған да, майдалаған да жоқ. Та­мы­рын тереңге жіберген алып емендей асқақ азамат қал­пында бұл дүниеден оз­ды. Бәріне шүкір, артында жоқ­тайтын елі мен жұрты, бала-шағасы, дос-жарандары, әріптес аға-інілері, шәкірттері қалды. Олардың жүрегінде мәң­гі сақталатынына ешқан­дай күмән жоқ.

Ерағаң өте бауырмал адам еді. Ағайын-туыс, көрші-қолаң, жақын-жуықтардың қуа­ныш­тарында, қайғылы сәт­терінде қастарынан табы­лып, ақсақалдық жасап, аға­лық, әкелік ақылын ай­тып оты­ратын. Ол кісі не іс­тесе де, не айтса да шын жү­рек­тен шығатын. Айтқанын екі етпеу, ри­за­шылығын алған­ша барынша адал, жауапкерші­лік­пен қызмет ету, әсіресе, ізінен ерген інілеріне үлкен абырой, бедел болатын.

Ерағаң жар сүйді, перзент көрді, немере иіскеді, аға­йын-туыстардың арасында абы­ройлы, беделді болды. Бір қарағанда шүкіршілік айтып, тоқтамға келгенімізбен, 78 жыл ғана жасау, осындай за­манда Ерағаң сынды асыл ағаларға тым аз көрінеді. Өмір шіркіннің бәрібір өткінші екенін ойлап күрсінетін тұс дәл осы жер…

Оның өмірден көргені де, түйгені де көп адам еді. Қай­сыбір жылдары облыстық ар­дагерлер кеңесінің төрағасы, марқұм Сейілбек ағамыз қа­шанда жақсы істердің басында жүретін әдетімен облыс ар­да­герлерінің басын қосып, пленум өткізді.

Пленумның күн тәртібінде «Қазақтың әдет-ғұрыптары: озығы мен тозығы» деген та­қырып. Сол кездегі ректо­рымыз Б.Момынбаев С.Шауха­ман­овтың өтінішімен осы пле­нумға баяндама жасауға мені жіберді. Басқа да кісілер баяндамалар жасады, сөз сөй­леді. Пленум өте жақсы өтті. Сол кез Оңтүстік Қазақстан облысындағы су қоймасы «Көк­сарайды» салу-салмау мә­­селесінің қоғамдық талқыға түсіп жатқан уақыты болатын. Модератор С.Шаухаманов «Көксарай» мәселесіне қа­тысты пленумның қаулысын шығарып, жоғарыға жіберу керектігін айтып, «қарсы бол­масаңыздар «Көксарайды» салу керек дегендеріңіз қол­да­рыңызды көтеріңіздер» деді. Залдағылардың бәрі қол­дағандай болған, алдыңғы қатарда отырған Ерағаң «мен қарсымын» деп гүр ете қалды да, «50 жыл су жағалаған адаммын» деп бастаған сөзін 20 минутқа дейін созды. Бәрі дәлелді, нақты, тұжырымды ай­тылғандықтан ешкім қарсы болмады. Сөйтіп пленумның қаулысы қабылданбай қалды. Кейін «Көксарай» бәрібір са­лынды ғой.

Өз ойын тайсалмай, қай­мықпай дәлелдеп жеткізген сондағы қалпы практик ма­манның, өмірлік тәжірибесі мол басшының, өзіне сенімді азаматтың нағыз өзі еді. Зал­дағы жұрттың оның сөзінен кейін сілтідей тынып, тым-тырыс бола қалуы көп жайтты аңғартса керек. Ерағаң осындай әділ, адал адам болатын. Дү­ниеге, мал-мүлікке, ақшаға қы­зыға бермейтін. Барынша қарапайым тұрмыс құрып, тіршілік жасады. Үйіндегі жи­һаздар, ыдыс-аяқ, кілем-тө­сеніштер өте қарапайым кө­рінетін, жылтырақ, қымбат дү­ниелерге отбасының өте әуес еместігі байқалып тұра­тын.

Қызылорда қаласындағы інілері, 3-4 жігіт Ерағаңның қасында көп жүрдік. Ол кі­сі бәрімізді бірдей көріп, атымызға «жан» сөзін қосып айтып, үнемі мейірленіп, ай­налып-толғанып отырып-ақ үл­кендіктің, ақсақалдықтың үл­гісін көрсете білді. Ел тарихына, облыс өміріне қатысты қызық-қызық әңгімелер айтып, өз ой-толғамдарын әдемі, әсерлі жеткізіп отыратын.

Бір қасиеті ешкімді жаман­дамайтын. Жек көретін ада­мы болса да, оның есімін ау­зына алмайтын. Адамдар ту­ралы өз пікірін айтқанда сал­қын сабырмен, асықпай ойла­нып отырып, сыздықтатып жеткі­зетін. Адамдарды жақсы көруі ерекше еді, құлай, елжірей отырып, айналып-толғанып жү­­­регінің мейірімін төге, ал­ғаусыз, ардақтап жақсы көре­тін.

Көзі тірі болғанда Ерағаның 90 жылдығын елі, ағайын-туысы, балалары болып ерек­ше атап өтер еді, тойлар еді. Жазмыш солай, ол кісі арамызда жоқ. Жақсы ағаның есімі жүрегімде жатталып қалғандықтан 90 жылдығы тұсында көңілімдегі риясыз жақсы көру сезімін қағазға түсіруді жөн санадым.

                                       Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы,  профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<