Ерлігі елдің есінде

385

0

Биыл жер-жаһандағы ең сұрапыл соғыстың аяқталғанына 74 жыл толып отыр. Арада қанша уақыт өтсе де қайғылы қантөгістің қасіретін санадан сызып тастау әсте мүмкін емес. Төрт жыл бойы от пен оқтың ортасында ерлік үлгісін көрсетіп, батырлық танытқан ерлер есімі тарихта алтын әріппен жазылып қалатыны анық. 

«Өткеніңді еске алсаң – өскеніңнің белгісі» дейді дана халқымыз. Бұл мақалада біз екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушы Әлжан Жалғасбаев туралы әңгімелемекпіз. Ар­да­гердің өзі өмірден өтсе де, жасаған ерлігі ешқашан ұмы­тылмақ емес. Еңбек және со­ғыс ардагері, гвардия под­пол­ковнигі Ә.Көшенұлы 1920 жылы Жалағаш ауданында дү­ниеге келген. Гитлершіл Гер­мания тұтқиылдан тап бергенде жасы жиырмадан асқан жігіт Мәскеу түбіндегі әскери училищеде оқып жүрген еді. Ол өзге серіктерімен бірге әскери өнерге машықтанып, білі­мін жетілдіріп жүрді. Бірақ қа­лың қолды жаудың Мәскеу түбіне жақындап қалғаны жас жігіт­тердің мазасын қашырды. Училище курсанттары әскери оқуды уақытша тоқтатып, фашистерге қарсы қан майданға шықты.

Кейіпкеріміздің әскери өмір жолы Подольск қаласынан бас­талды. 1941 жылы Можайск қаласын қорғау жолындағы ұрыс­қа қатысты. Сол күздегі со­­ғыста курсанттар жаумен алты сағат бойы үзіліссіз шай­қасып, қатары сиреп қалды. Зең­бірекшілер командирі бол­ған Ә.Жалғасбаев училищеге «Ерлігі үшін» медалімен орал­ды. Сол жылы Литваның Шуляй қаласында болған шайқас бірнеше күнге созылды. Жер­ле­сіміз басқарған батарея жауын­герлері дүркін-дүркін шаб­уылға шыққан фашистердің өзін зор шығынға ұшыратты. Жау­­дың кері шегінуден басқа ама­лы қалмады. Сұрапыл ұрыс дала­сындағы ерен ерлігі үшін батареяның 3 жауынгері Совет Одағының Батыры атағымен марапатталды.

Аталған батарея Кенигсберг қамалын алуға да араласты. Жаудың ондаған танкі мен басқа да қару-жарағын істен шығарды, осынша атыс нүктесін жойды. Жауынгер Батыс, Брянск, Балтық бойы, Үшінші Беларусь майдандарында 50-ден астам қала, станса мен елді мекенді жау басқыншылығынан азат етуге қатысты. Сан мәрте ауыр жараланғанына қара­мастан қа­тарға қайта қосылып отырды.

Соғысқа бастан-аяқ қатыс­қан май­дангердің ерлігі елеусіз қалған жоқ. Оның ішінде бі­рін­ші дәрежелі «Ұлы Отан со­ғысы» орденімен екі рет, екін­ші дәрежелі орденімен бір рет, «Қызыл Жұлдыз» орде­німен екі мәрте, «Александр Невский», «Қызыл Ту» ор­ден­дерімен, басқа да медальдармен марапатталды.

Ә.Жалғасбаев майдан даласынан елге оралған соң халық ағарту ісіне еңбек сіңіріп, саланы жылжытуға күш-жігерін жұм­сады. Атап айтқанда, Оң­түстік Қазақстан облысы Свердлов ауданындағы Тегістік, Жам­­­был облысындағы Микоян, Қызылорда облысындағы жұ­­­мысшы жастар және Тас­бөгет кентіндегі №11 қазақ мек­­­тептерінде мұғалім болып қыз­мет етті. Әсіресе, жұ­мысшы жас­тар мектебі мен Жамбыл об­лыстық мәдениет бөліміне бас­шылық жасаған уақытта ұйым­­­дастырушылық қа­бі­­ле­ті­нің, білім-біліктілігінің жо­ғары еке­нін байқатты. Ұла­ғатты ұстаз ең­бегінің арқасында №11 мек­тептің әскери-пат­риот­тық іс-тәжірибесі өңір мек­тептеріне үлгі ретінде тара­тылды. Ол жабдықтаған арнайы кабинет облыс үшін үлгілі тә­жірибе орталығы болғанын бі­летін жұрт әлі айтып жүр.

Жеңісті жақындатуға ерен үлес қосқан соғыс ардагерінің қажырлы күш-қайраты ешқа­шан ұмытылмақ емес. Бұғанасы қатып, буыны бекімей тұрып, күндіз-түні бел шешпестен Отан үшін қызмет қылған атала­ры­мыздың өмірі бізге үлгі-өнеге.

Назерке САНИЯЗОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<