Ерліктің аты – ерлік

646

0

Балайым әжем әңгімешіл, көргенін, естігенін тыңдаушысы болса, тамылжытып айтып беретін еді, жарықтық. Балалықтың, шалалықтың әсері ме, сол әңгімелердің көпшілігі есімде қалмапты. Есімде қалғаны – соғысқа қатысты бір әңгіме. Сол соғыс туралы әжем айтқан әңгіме әр жылы мамыр айы туғанда еске орала береді.

– Соғыстың екінші жылы көр­ші­міздің 18-ге енді толған баласын әскерге шақырды, – деді сол әң­гі­месінде әжем. – Алпамсадай қа­рулы жігіт үлкен қамбаға саз­дан балшық жатқызып, оны жал­ғыз өзі сыртқа шығарып, иін қан­ды­рып дегендей, кесек құятын. Со­ғысқа шақырылған күні сыртқа шы­ға­рылған қамбадағы үйме сазды құйып үлгере алмай, сол кеткеннен қайтып оралмады. Үйме саз әлгі жігіттен қалған ескерткіш секілді ұзақ жыл жатты. Ол жерге ешкім үй салмады.

Түсінген адамға жүрек тебі­рен­тетін әңгіме. Әжемнің айтқан соғыстың екінші жылы  – тарихта сол зұлматтың ең ауыр кезеңі  бо­латын. Сталинградқа дейін Қызыл Армия қатарында неміс қолына тұтқынға түскендер мен қаза тап­қандар, із-түзсіз кеткендер саны миллиондап саналатын. Сол боз­дақ қайда кетті? Өлсе қай жерде жерленді? Қолға түссе, сүйегі қай жерде қалды? Бүгінге дейін боз­дақтардың дерегі аз да болса табылып жатқанына қарамастан, сол зұлматтың қара жер қойнында жасырып жатқан сырлары әлі көп. Өйткені бұл соғыс қасіреті жа­ғынан әлемдегі өзіне дейінгі бол­ған қанды қырғындардан ондаған есе асып түседі.

Иә, кешегі соғыс қанды қыр­ғынды көз алдыңызға әкелер еді. Қазақстанда құралған құрамалар Мәскеу түбінде, Ста­линградта, бар­лық майдандарда ер­лік­тің өш­пес өнегесін  көрсетті. Қа­зір­гі де­рек бойынша 100-ден астам қа­зақ Кеңес Одағының Батыры ата­ғын иеленді. 100 мыңдаған әскер ор­ден­­ме­дальдармен мара­пат­талды. Соғыс жылдары 1 млн 300 мың қа­зақстан­дық майданға ат­танды. Олардың тең жарымы май­дан даласынан қайтып орал­мады.

Бір ғана Мәскеу бағытындағы Вязь­ма, Ржев қырғыны Қазақ­стан­да жасақ­тал­ған құрамалардың 80 процентін құр­бан етті. 2020 жыл­дың Жеңіс мерекесі күні Ржев өңірінде халықтың өз қар­жы­сымен қырғында қаза тап­қан­дардың тізімі қашалып жазыл­ған монумент ашылды. Енде­ше бүгін біз әкелеріміз бен атала­ры­мыздың сол кездегі өз отаны үшін жанқиярлықпен соғысқанын ұмытуымыз керек пе? Олар сол кездегі Отаны үшін кү­рескен жоқ па?!

Өткен тарихқа баға беру – күр­делі мәселе. Біз кейде өмірде болып жатқан құбылыстарға, сая­си оқиғаларға өреміз, білімі­міз жетпесе де өзеуреп, өзіндік пі­кірімізді білдіруге бейім тұра­мыз. Басқасын былай қойғанда, дүниежүзілік ауқымдағы мемле­кеттер қарама-қайшы­лығын бір-бірімен сапырып, дәмі мен тату жоқ әңгімелердің тізгінін босатып жіберетініміз бар. Мұндайда, егер тың­даушысы шала сауатты болса, айту­шының, әлбетте, керемет бі­лім­дар бо­лып көрінуі әбден мүм­кін. Бірақ кә­дуілгі өмір, оны туын­дататын саясат дегеніңізге баға беруге біздің өреміз жетпейтінін бар­лығымыз бірдей мойын­дай бер­мейміз.

2019 жылдың 19 қыркүйегінде Еуро­парламент «Еуропа халықта­рының бо­лашақ ұрпақтарына ар­налған» қарар жариялады. Қа­рарда екінші дүние жүзілік соғыс­тың басталуына гитлерлік фашист режимімен бірге сталиндік ком­мунистік режимнің бірдей айып­ты екені атап көрсетіліп, бұл жағ­дайды Еуропаның болашақ ұрпағы білуге тиіс екені айтылады. Осы­ған орай олар 1939 жылы Гер­мания мен Кеңес Одағы ара­сын­да шабуыл жасаспау туралы ке­лісімді, яғни тарихқа Риб­бент­роп-Молотов пак­­тісі деген атпен жасалған келісімді негіз етіп алады. Қазір АҚШ, Польша, Украина мемлекеттерінде бұл орай­да қызу насихат жұмыс­та­ры бас­талып кетті. Дәл осын­дай на­сихат жұмыстары Балтық жағалауы респуб­ликаларын қамтуда. Тарих­­шылардың атап көрсет­ке­ніндей, оларды Ресейдің либе­ралдық ба­ғыттағы қозғалыстары қолдайды. Шығыс Еуропа елдерінде ке­ңестік ерлікті паш ететін ескерт­кіштер қиратылып жатыр.

Ал тарих шындығы былай дейді. 1933 жылы ақпанда Герма­нияда билік басына Гитлер келді. Ол ә дегеннен герман халқының мүд­десі Шығыста жатқанын жария етіп жаппай қарулана бастады. Көп ұзамай-ақ Герман әскері қарулану дәрежесі бойынша Еуропада ал­ғашқы қатарға шықты. 1934 жы­лы Еуропа мемлекеттерінің ішін­де бірінші болып Польша Гит­лермен бейбіт ке­лі­сім жасасты. Еуропаның сол кездегі бел­ді мем­лекеттері Ұлыбритания мен Фран­­ция Гитлермен ауыз жаласып, Че­хосла­вакияны бөлшектеуге ар­налған Мюнхен келісіміне қол қой­ды. Сөйтіп өнеркәсібі дамыған Чехо­славакияны Гит­лердің та­ба­ны­ның астына салып берді.

Бұл масқара оқиғаны кейін Ұлы­бри­тания премьері Черчилль өзінің  мем­лекеті үшін болған қор­лық ретінде бағалады. Гитлермен келісімге келіп, масқара болған өзінің бұрынғы премьері Чембер­лен туралы осылай айтқан еді. Шын мәнінде күллі Еуропа осы­ның барлығын Кеңес Одағына Гитлерді ай­дап салу үшін жасаған болатын.

Саяси жағдайдың ушыға түс­кенін бақылап отырған Сталин алдымен Еу­ропа елдерін Гитлерге қарсы күш бі­рік­тіруге шақырды. 1939 жылы 19 та­мызда кеңестің сыңайын байқауға Мәс­кеуге ағыл­шын, француз әскери деле­га­циялары келді. Кеңес басшылары бір­ден іске көшті. Қызыл ар­мия­ның бас штаб бастығы Шапош­ни­ков егер Гитлер Еуропа ел­де­ріне қарсы соғыс бастайтын болса, Кеңес Армиясы оған қарсы 120 жаяу әскер дивизиясын, 16 атты әскер дивизиясын, 10 мың танк, 5 мың зеңбірек қарсы қоя ала­ты­нын мәлімдеді. Бұл Ста­лин­нің со­ғыс қаупі туындаса жау­дың бе­тін кеңес шекарасынан тыс жер­­де қайтаруға қатысты праг­ма­ти­ка­лық шешімі болатын. Ағыл­­шындар мен француздар ешқан­­дай мә­мілеге кел­местен ел­де­ріне қайтып кетті. Сол уақыт­тың өзінде белгілі болғандай олар алдымен Кеңес Одағы мен Гер­манияны өзара қырқыстыруды ойлады. Сталин жалғыз қалды. Не істеу керек? Бұл, әрине, тағдырлы сұрақтың мәселесі болатын. Еу­ропалықтардың қулығын сезген Кеңес басшысы Гитлермен келі­сімге келуді ұйғарды. Ол соғыстың болмай қоймайтынын біліп, әл жинап алуға уақыт керек екенін сезді. Сталин үшін уақыт ұттыру қажет болды. Гитлермен келісім барысында бірінші дүниежүзілік соғыстың барысында пат­ша им­периясы айырылып қалған Ба­тыс Украина мен  Батыс Бело­рус­сия жерлері кеңестерге қай­тып оралды. Сондай-ақ пакті бойын­ша Гитлерге іштей жылуы бар Балтық жағалауы елдеріне қызыл армия енгізілді. Бұл Сталиннің сол кез­дегі саяси жағдайдан туындаған мүмкін болған қадамы еді.

Сонымен бірге тарихшылар мы­надай керемет тарихи фактіні алға тартады. Риббентроп-Моло­тов пактісінде екі ел­дің бір-бі­ріне, сондай-ақ екеуінің басқа бі­реулерге қатысты қарсы ша­буыл­дан бас тартуы заңдылық жү­зінде бекітілген болатын. Ал енді осының барлығын аяққа таптап, соғыс бастаған кім?

Шабуыл тұтқиылдан жасалды.  Ал­ғашқы жылы қызыл армияда шығын көп болды. Қару-жарақ, оқ-дәрі жетіспеді. Олардың көпшілігі шекараның батыс бөлігінде орна­ласқандықтан қысқа уақытта не­міс қолына көшті. Гитлердің «Бар­баросса» жоспары бойынша не­містер батыстағы қызыл әскерді 20-30 күнде жойып, Мәскеуді жау­лап алуды, Волгаға шығуды мақ­сат тұтты. Алайда көптеген шы­ғынға қарамастан, кеңес ар­миясы жанқиярлықпен соғысты. Ста­лин батыстағы зауыттарды қыс­қа уақытта шығысқа көшір­ді. Бүгінгі та­­рих­шылар бұл мис­сияның бұрын-соңды тарихта болмаған көлемде жү­зеге асы­рыл­ғанын айтады. Кеңес жол қа­тынастары министрінің орын­басары Дубровин соғыс бастал­ған күні кітап­ханада болған кө­рінеді. Ол бірінші дү­ниежүзілік соғыс кезінде патша үкіме­тінің эва­куацияны қалай жүргізгені жө­­нінде деректерге қанығу мақ­са­ты­мен мұрағат құжаттарын ақ­тарған. Он­дай деректер болмай шықты. Осыған қарамастан кеңес үкіметі тақыр жерден жанқиярлық жұмыс атқарып, неміс бом­балаушы ұшақтарының астында жү­ріп мың­даған зауыттарды Сібірге, Ор­та Азияға көшірді. Олар бар бол­ғаны 4 айдың ішінде өнім бере бастады. 1943 жылдан бастап қы­зыл әскерлер соғысуды үйренді. Жас командирлер қолбасшы дә­ре­жесіне дейін көтерілді. Ар­мия­ның соғыс өнерін үйреніп жау­ды тықсыра бастағанын Гер­ма­­нияның Гальдер, Клейст сияқ­ты қол­басшылары мойындап, бұл жөнінде Гитлерге баян­дап отыр­ған.     

Соғыстағы шығындар туралы мы­надай мәліметтер бар. Сталинге жос­парлау комитетінің төрағасы Николай Вознесенский 1946 жылы кеңес әскері мен бейбіт халықтың соғыстағы жалпы шығыны 16,5 млн адам деген дерек келтірген. Хрушев жалпы шығын 20 млн адам десе, Горбачев 27 млн деген цифрды келтірді. Ресей ғылым академиясының академигі, белгілі тарихшы Виктор Земсков 30 жыл архивте отырып 2012 жылы мынадай деректерді алға тартты. Оның зерттеуі бойынша кеңестің жалпы шығыны – 16,5 млн адам. Оның 9,5 млн адамы майданда қайтыс болған, бейбіт халықтың шығыны – 5 млн. Немістердің  жә­не олардың одақтастарының шығы­ны – 8,5 млн, бейбіт халықтың шы­ғыны мүлдем аз. Себебі кеңес армиясы өзі жаулап алған неміс аумағында жер­гілікті халыққа қар­сы геноцид жүргізген жоқ. Қайта оларды құтқарып қалды. Та­рихшылар бұл орайда мынадай дерек­тер келтіреді. Қызыл армия Германияға енгенде халыққа жүр­гізілген насихат салдарынан неміс аналары өздерінің балаларын бе­ліне байлап суға лақтыру фак­ті­лері көп болған. Қызыл армияны адам емес, жыртқыш деп көрсету бей­біт халық арасында осындай траге­дия­лардың орын алуына жол берген. Бұл Гитлердің орын­ба­сары Геббельстің на­си­ха­тынан болған трагедия еді. Азат етілген қалаларда өзін суға таста­ған ана­лардың көпшілігін кеңес сол­дат­тары құтқарып қалды. Факті­лер бо­йынша бейбіт халық арасында не­міс­­тердің өзін-өзі өлтір­ген­дер саны 700-1200 адамнан ас­пайды. Ал кері­сін­ше немістердің кеңес аймағында зор­­лық-зомбы­лықтан, концлагерьлерде өл­­­­гендер саны 5 млн адамнан астам. Та­­рих­­­шылардың пайымдауы бойын­ша Земс­ковтың дерегі шындыққа жақын­дайды. Өйткені әскери шы­­ғын кеңес әскерінде 9,5 млн болса, немістер мен оның одақтас­тарының шығыны 8,5 млн деген цифрлар – академиктің 30 жылғы зерттеуінің жемісі.

Кеңес солдаттары Германияға кір­генде олардың өз отанында фашистердің адам айтқысыз зұ­лымдық жасаған фак­тілері есте­ріне түспеді дейсіз бе? Ашу кек оларды қарсы қимылдарға итер­ме­легені де шындық. Бірақ Сталин – үлкен саясаткер, әлемдік тұлға. Ол 1945 жылдың ақпан айында №229 бұй­рығын шығарып, онда жергілікті ха­лыққа зорлық-зом­былық жасаған кеңес әскері қа­таң жазаланатыны ескертілген. Әй­елдерді зорлағандар сол бұйрық бойынша ату жазасына кесілген. Тарих­шылардың дерегі бойынша қызыл әскер қолбасшысы Иван Конев осындай қыл­мыс жасаған 40 солдат пен офицерді құрама алдында атқызған. Содан кейін майдандағы ондай оқиғалар қай­талан­баған. Керісінше, Герман сол­датта­рының кеңес жерінде жа­саған қылмыс­тарынан жан түрші­геді. Олар жөнінде Нюрнберг сот процесінде кеңінен айтылып, оларға қатыстылар жазаланды. Одақтастардың кейін керек бола­ды деген жымысқы ойларына қа­рамастан айыптылар жазаланды. Оны халықаралық трибунал жүзеге асырды. Дегенмен, фашистердің көпшілігі жасы­рынып, тіпті кей­біреулері аттарын өз­гер­тіп кейін АҚШ, Ұлыбритания елдері қата­рында кеңес жүйесіне қарсы кү­ресті.

Жуырда Ресейдің «Звезда» теле­арнасы соғыстың шындығына қатысты арнайы хабар ұйым­дас­тырып, оған Ресейдің белгілі  ғалымдарымен бірге швед, неміс оқымыстылары қатысты. Тарих­шылар Ресейге қатысты қазіргі  өшпенділіктің мерзімі ұзаққа бар­майтынын, шындық келесі ұр­пақтарға сол шындық күйінде жет­кізілетініне сенімді екендерін мә­лімдеді.

Осы орайда тағы бір шын­дық­­ты айтудың кезегі келіп тұр. 1975 жылы Жеңістің 30 жыл­ды­ғын атап өту үшін Кеңес Одағы құра­мындағы Қазақстан деле­га­циясы сол кездегі Герман демо­кратиялық республикасының ас­та­насы Берлинге аттанады. Ол деле­гацияның ішінде атақты пар­тизан Қасым Қайсенов болған. Берлинде бірнеше мың адам жи­налған салтанатты сарайда екі елдің басшылары сөйлеп бол­ған­нан кейін сөз көзі тірісінде аңыз­ға айналған көрнекті жазушы пар­тизан Қасым Қайсеновке бе­рі­леді. Трибунаға көтерілген аға­мыз: «Мен ең алдымен неміс хал­қынан кешірім сұрағым келеді» деп залға қарап еңкейеді. Залда отырған немістердің көзі ша­расынан шығып, аузы ашы­лып қалады. Президиумда отыр­ған кеңес делегациясының есі шы­ғып не істерін білмей: «Қа­секе, біз жең­генбіз… соғыста біз жең­генбіз…» деп оның сөзін түзет­пекші болады. Ал пар­тизан ағамыз болса, сөзін әрі қарай ба­йыппен жалғастырып, соғыс кезінде өзінің партизан болғанын, парти­зандар жау солдатын тұтқынға алмай­­тын­дықтан немістердің олардан қатты қор­қатынын, сол жылдары өз қо­лымен талай неміс солдатын о дү­ниеге аттандырғанын айтып келіп: «Мүм­кін солардың арасын­да сіздердің балаларыңыз, әкеле­ріңіз болған шығар, сол үшін мені кешіріңіздер!» деп залда отырған немістерге тағы да иіліп тағзым етеді. Разы болған немістер ұзақ қол шапалақтап тоқтамай қойған деседі.

Қайран Қасеке, жауларына ме­йірім­сіз болған асыл ер соғыстың қасіретіне қатысты бейбіт уақытта осындай шындықты да жайып салған. Өзіне Халық Қаһарманы атағы берілгенде оңа­ша бөлмеге тығылып алып, бір шөлмек ко­ньякты ішіп, өксіп-өксіп алған кө­рінеді. Неге жыламасын, сол соғыста өшпес ерлік көрсеткен ба­уырлары Ба­уыржан мен Рахым­жанға бұл атақ өлгеннен кейін берілген еді.

Қазақтың біртуар ұлы Бауыр­жан Момышұлы – соғыс жылдары көр­сет­кен ерен ерлігі үшін батыр атағы дер кезінде берілмесе де, халқының шексіз сүйіс­пен­шілігіне бөленген азамат. Осының дәлелі іспетті көптеген қазақ балаларына батырдың есімі берілді.

Бауыржан Момышұлы туралы жа­зушы Әзілхан Нұршайықов: «Әдебиет айдыны» газетінің 2005 жылғы 9 мау­сым күнгі санының 3 бетінде: Баяғыда «Ақиқат пен аңызды» жазу үшін әңгі­мелесіп жүрген бір әңгімемізде Баукең маған: «Қазақстанда мен аттас 13000 Бауыржан бар деп естіп ем деген еді. Қазір еліміздегі Бауыржандар саны 13000 емес, 130 мыңға жеткен шығар деп ойлаймын» деп жазды.

Ұшқыш Нұркен Әбдіровтің қаза та­уып, оған батыр атағы берілген­нен кейін анасы Бақжан бір не­мересінің атын өзгерткен. Бұлай етудегі мақсаты – майданда қаза тапқан батыр ұлының орындай алмай кеткен армандарына қол жеткізсін дегені еді. Бұл туралы жазушы Ғабит Мүсірепов 1943 жы­лы «Батырдың анасы» мақа­ла­сында жазды: «Өткен қыста үлкен келіні ұл туып еді, атын кемпір «Орал» деп қойды. Ол Орал та­уының аты емес, балаларының аман қайтып оралуына арналған жорасы еді. Жақында Нұркен­нің хабары анықталғаннан кейін, ана жүрегі оңды – солды толғанып келіп, бір демеуді тағы тапты.

– Енді бұның аты Нұркен бо­лады, – деді. Қазір баланың аты Нұркен. Өзі Нұркеннен айны­майды, құйып қой­ғандай: Ана ай­ны­майды десе, баланың айни ала­тын қай шамасы бар, айныр емес…

– Тек тілің шығып, есің кірсін, – дейді Бақжан кемпір баланы сергітіп отырып, – дүниеде неміс деген ел бар­лығын, фашист деген пәле содан туға­нын құлағына құйып өсіремін. Дүниеге осынша бәле әкелген жаудан еселеп кегіңді ал деп жұмсармын».

Ерліктің идеологиялық сипаты бол­майды. Ол – қай уақытта да ер­лік! Оларға мың тағзым!

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<