Ерлік жолы

395

0

Ұлы Отан соғысы – хал­қымызға төнген ең ауыр төрт жыл,  1418 күн мен түн бойы өз жері мен отаны үшін, келешек ұрпақ үшін жан алысып, жан беріскен сұрапыл кезең болып тарихта қатталып қалды. 

Сол жылдары Қазақстан мил­­лион­даған босқындарды өз бауы­рына аналық мейірімімен тартушы, эвакуацияланған за­вод пен фабрикаларға, май­дан­ға керекті оқ-дәрі мен азық-тү­лік жеткі­зуші үлкен арсе­налға ай­налды. Иық­та­­рына үлкен ау­ырт­палық түс­кен еңбек дала­сында мил­лион­­дап жұмыс істеген әйел­­­дерсіз, жасөспірімдер мен қарттарсыз Жеңіс күнін көз­ге елес­тету мүмкін бе еді?! Еш­қашан да жауынгер ерлігі мен жеңісті еңбегімен соққан еңбекшілердің ерен ерліктері ұмытылмайды! Сол сұрапыл соғыстың артиллерия полкында талай ерлік үлгілерін көрсеткен қызылордалық қаһар­ман Қо­жахмет Бектанов атамыз­дың өрлікпен өрілген өмір жолы ұрпаққа өнеге.

1922 жылы Ақмешітте кедей шар­уаның тоқал тамында дү­ниеге келді. Әкесі Бектан кол­хозшы, анасы Сазанбайқызы Күріш өмірге үш ұл – Қожахмет, Жұманияз, Бекнияздарды  әке­ліп, тәрбиеледі. Бала кездерінде ашқұрсақ жүрсе де, кейде бір уыс бидайды талғажау ететін еді. Қайран ата-ана күнкөріс қамымен пер­зенттері үшін қолдан келгеннің бәрін жаса­ды.  Ұлы  Отан соғысы бастал­ғанда он сегіздегі бозбала Қо­жах­мет ата-анасының қол­дарын ұзартып, жұмыс істеп, отбасына кіріс келтіріп, тыным таппайтұғын. Жасыратыны жоқ, ара­сында ұрланып, сол кездегі базар жанын­дағы халық иін тірескен «оян­ко­матқа» бірнеше рет барып, соғысқа сұранып, меселі қайтқаны бар. Онда­ғы­лардың айтатыны: «Асықпа, бала. Өзіміз шақырамыз». Сөй­тіп жүріп 1942 жылы соғысқа шақырылып, жүз шақты бала Қызылорда вокзалынан эше­лонға тиеліп Ташкеннiң жанын­дағы Самарқандта әскери да­йын­дықтан өте бастады.

Артиллерия әскерінің ма­шығына екі ай  оқып, қаныққан соң мұрттары енді тебіндеген өндірдей  мыңдаған жастарды Белоруссия майданына  апа­рып салды.

Белоруссия елі үш жыл бойы жау оккупациясының астында болып, қай­ғы-қасірет көрді. Фа­шистер бело­рус халқының бар­­лық қоғамдық байлығын та­лан-таражға салды, қала­лар­ды қират­ты, селоларды өрте­ді, 2 миллион 200 мыңнан ас­там тұр­ғын мен біздің елден тұтқынға түскен әскерлер құрбан болды. Гитлершілдерден қасірет шек­пеген бірде-бір отбасы бол­мады. Бірақ Белоруссия халқы қас дұшпан алдында тізе бүккен жоқ, басын тік, рухын биік ұс­тады.

Кеңес әскерлерінің Белорус­сиядағы шабуылы соғыс бас­талуының үш жылдығымен тұспа-тұс келді. Сол өткен үш жылда Кеңес Одағы фашист әскерлерін кескілескен ұрыс­тарда жер жастандырып, өз Отанын жендет­тер­ден азат ете бастады. Енді неміс армиясының «Центр» тобын тас-талқан ету міндеті тұрды. 1944 жылдың 3 шіл­десінде Минск жаудан толық азат етілді. 28 шілдеде  І  Бела­русь майда­нының әскерлері Брест қаласы мен Брест қамалын жаудан азат етті. 

Солардың ішіндегі зеңбірек бата­рея­сының көздеушісі Қо­жах­мет Бек­танов сол кезде жиырма жастағы алмас қы­лыш­тай өткір, бойында күш қуаты тасыған нағыз жалындап тұрған жігіт шағы еді. Жас сарбаз өзіне жүктелген тапсырманы тыңғылықты орын­дайтын қа­сие­­тімен ерекшеленді. Соғыс­та Белоруссия, Украина, Вен­­грия жерлерінде болып, жан­­­қияр­лықпен  талай жаудың көзін жойып, «Ерлігі үшін», «К.Г.Жуков» атындағы, «Гер­ма­нияны алғаны үшін» және Ұлы Жеңіс­тің әр он жылдығы мерекелік медальдарымен мара­патталды.

Қанды қырғын жеңіспен аяқ­талған соң Қожахмет Бек­танов елге оралып, ауыл шаруа­шылығы саласында жемісті еңбек етті. Ташкент қаласындағы аграр­лық институтта оқып, агроном мамандығын алды. Бертін келе шаңырақ көтеріп, құдай қосқан қосағы Шакида анамызбен 10 перзент сүйді.

Міне, мәуесін жайған қара­ша­ңы­рақтың ақсақалды қариясы мен әзиз анасы осылай ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, 22 немере, 14 шөбере сүйген әлеуетті әулет.

Ардагер көкеміз қара­ша­ңы­рағында отырғанымызда «Біз көрген ызғарлы күндерді, ұр­па­ғымыз көрмесін, Елі­мізде мәңгі бейбітшілік орнасын…» – деп, батасын беріп, ел-жұртының аман­дығын тіледі.

Осы мақаланың жазылуына себеп болған ардагер әкеміздің сүйікті қызы Гүлсара Қожах­метқызы былай дейді, жас кезімде папама еркелеп: «соғыс туралы айтшы», – деп қасынан шық­пайтынмын. Сонда: «Жә, соғысы құрысын! Көппен бірге болдық ғой. Жас болдық па, әлде кейіннен етіміз үйреніп кетті ма, төбемізден жау само­леттері шүйіліп жүрсе де, Бело­рус­сияның орманының ми бат­па­­ғында зеңбірегімізді итеріп жүре беруші едік. Қалтамызда қысқаша неміс тілінде жазылған бір жапырақ қағаз болатын. Онда немісті тұтқынға алып жатсақ қалай сөйлесу туралы жиі қолданылатын сөздер жа­зыл­ған. Немістер жағынан бір самолет ұшып біздің шепті бір айналып өтсе біз бірден біле қоямыз. Яғни, көп ұзамай қап­таған неміс самолеттерінің бом­балауы бас­талады. Біз дереу шебімізді өзгер­тіп, терең окоп қазып дайындық жасай­тынбыз. Бір зеңбірек орудиесінде төрт жауынгер болдық. Бәріміз де бір адамның баласындай бауырмал болып, ұрыс кезінде бірі-бірімізді қорғаштап, ұйым­шылдық көр­сете білдік», – дей­тұғын.

Иә, Отан алдындағы бо­рыш­­­тарын өтеп, еліміздің аман­­­дығын, жеріміздің тұтас­тығын қорғап қалған ардагерлерге тағ­зым ету біздің қашан да пары­зымыз. Себебі, олар елі­міздің жарқын бола­шағын, жас ұрпақ­тың өмірін, халықтың ба­қыты мен қуанышын сақтап қал­ды. Сондықтан да біздер бүгінгі бейбіт өмір үшін соғыс ардагерлеріне мәңгі қарыз­дар­мыз. Ұлы жеңістің қандай күшпен келгенін ешбір азамат ұмытпай, соғыс тарихын ұр­пақ­тан ұрпаққа естелік ре­тінде қалдыратыны сөзсіз. Азат­тықтың ақ таңында өмір сүріп жатқанымыз – соғыстың жеңіс­пен аяқталуын маңдай тер, бейнетпен әкелген ата-әже­леріміздің ерен еңбегі.

Болмыс-бітімі батырлық пен өрлікке толы Қожахмет Бек­танов атамыз бейбіт кезеңде де тегеурінділік танытып, ұлт ру­хын асқақтатып келе жатыр.

Қалай десек те, төрт жыл сыз жас­танып, жер кепе мен окопта ұйқысыз, мазасыз түндерді, кес­кілескен шай­қас­тарды ба­сынан өткізген қайсар да қайтпас ер Қожахмет Бектанов ата­мыздың есімі – батырлықтың сим­волы. Қандай қиыншылық болса да, Отан үшін от кешкен ардагер атамыздың өмірі мен ерлігі – біз үшін үлгі.

Амангелді 

СУХАНБЕРЛИЕВ, 

Қазақстанның Құрметті журналисі.

Қызылорда қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<