ЕСІМДЕ ӘЛІ АУҒАНДАҒЫ ҚАНДЫ ҰРЫС

475

0

 

Қазақ қай заманда да азаттық үшін аянып қалған жоқ. Жаудан елі мен жерін қорғай білді. Керей мен Жәнібек, Тәуке мен Әбілқайыр, Абылайлар бастаған ұлы көште Қабанбай, Наурызбай, Есет, Текей, Жанқожа, Бұқарбай сынды батырлар ел-жұрты мен ұлан-байтақ жері үшін ат арқасына қонды.  Ұлт Алаштары Бөкейхан, Сәкен, Ахмет пен Міржақыптар ше?  Өзге елді жаудан қорғап, ұлы ісі үшін қан майданда жан берген Төлеген мен қазақтың  қос шынары Әлия мен Мәншүктің ерлігі кімге үлгі болмады? Ал, ауған соғысында интернационалдық парызын өтеп келген азаматтардың ерлікті істерін қалайша ұмытарсың.     

«Тектіден текті туар ту ұстайтын» дегендей, осындай қайсар ұлттың ұрпақтары қашанда бабалар аманаттап кеткен ұлы істі ұрпақтан ұрпаққа ұлықтап келеді.

1979-1989 жылдар ара­лы­ғындағы  ауған соғысы өткен ға­сырда тарихтан өшпес орын алды. Америка Құрама Штаттары мен Кеңес Одағының текетіресінен өршіген соғысқа 620 мыңнан астам кеңестік интернационалистер мен түрлі сала мамандары қатысты. Мәс­кеу қаласындағы «Правда» газеті 1989 жылдың 17-та­мы­зындағы нөмірінде «Ау­­ғанстандағы 1979-1989 жыл­дарғы соғыста 13835 интер­на­цио­­налист-жауынгер мен ке­лісім-шарт негі­зінде жұмыс істеген кеңестік азамат қаза болған» деп ақпар берген екен. Бірақ, ол сан кейіннен 15031-ге жеткен. Сонымен бірге, сол зұлмат жылдары 53753 адам түрлі дәрежеде жарақат алған болса, 10751 адам  елге мүгедек болып оралған. Ал, моджахеттердің тұтқынына түскен 417 интернационалистің 130-ы сол соғыс жылдарында азат етілсе, қал­ға­нының өмірі әлі белгісіз.

Сонымен қатар, 86 интернационалист Кеңес Одағының батыры атағына, көптеген жауынгер түрлі дәре­жедегі орден-медальға ие болды.  

Міне, КСРО-ның сол кез­дегі басшысы Л.Брежневтің бұй­ры­ғымен сол елге әскери құрам сапында алғашқы кіргендердің бірі – төретамдық Кенжебек Үйреков.

Кенжебек Сисенұлы Ау­ғанстан жерінде өткізген жылдарын былайша суреттейді.

– 1979 жылдың 2-шілдесінде Төретамнан әскери міндетімізді өтуге аттанған 25 бозбаланың  18-і кенттегі №417 орта мек­тептің бір жылғы түлегі  едік. Оның үшеуі бір сыныптанбыз. Содан Қызылорда арқылы Термезге келген біздер  қала сыртында орналасқан танк дивизиясында алты ай әскери өнердің қыр-сырын меңгердік. Ал, 25-желтоқсанда 41 танк полкінің құрамында  Әмудария өзені арқылы Ауған жеріне өтіп, манағы 25 жерлестің 11-і жаяу әскер, 14-і танк бөліміне бөліндік. Мен сол 14-тің бірі болып, Ауғанстан мен Пәкістан елдерінде орна­ласқан, ұзындығы 800, ені 320 шақырым болатын Гиндукуш тауы астынан салынған, ұзын­дығы 2676 метр, ені 6 метр бо­латын атақты Саланг өткелі арқылы ел астанасы Кабулға жол салдық. Саланг – ауған тілінен қазақшаға аударғанда «қатал» деген мағынаны береді екен. Міне, сол Саланг өткелі Кеңес әскері үшін «өлім жолы» болды. Бұл өткелден талай жас қыршынның өмірі үзілді. Нақтырақ айтқанда, газға уланды. Бұл өткелмен Кеңес әскері ауған жеріне, қайтадан КСРО-ға өтті. Дұшмандар өткелді ерекше бақылауға алып, талай рет жарып жіберуге оқталғанымен, ойлары іске аспады.

Саланг арқылы өтіп бара жатқан кезімізде біздің полктен 4 жауынгер уланды. Өйткені, олар біздің алдымызда болатын. Содан полк басшылары көлік жүргізушілерге демалыс беріп, бізді көлікті түнімен күзетуге қойды. Ертесіне полк түгелдей құраммен Кабул қаласына жетті. Дұшмандар айлакер әрі сақ. Кейде олардың қай жырадан, қай тесіктен шыға келгенін білмей де қаласың, даладағы сарышұнақ тышқандардың ісін істейді. Сап етіп шыға келеді де мылтығымен көздегенін атып түсіріп, қайта жоғалып кетеді.   

Талай рет кеңестік жауын­герлерді  жазық далада, шат­қалдар арасында жасырынып тұрып, ұрлап та әкетті. Десе де, біздің жігіттер де есесін жіберген жоқ. Дұшмандардың талайының көзін жойды. Иә, ауған елінде интернационалдық парызын өтеген кеңестік жа­уын­герлердің басынан не­бір оқиғалар өтті. Тіпті, қы­зыл­ордалық бір қарулас досымызды өлдіге санап, сыртынан жерлеп те қойғанын көрдік. Бірақ, ол бүгінде ұрпақ сүйіп, арамызда аман-есен бақытты өмір сүруде. Сондай қызықты оқиғаларды бастан кештік. Әрине, ауған еліндегі соғыста біз жергілікті халықты қыруға емес, керісінше, сол елде бейбітшілік орнатуға бардық. Алайда, осы елдегі халықты екі жаққа тартқылаған содырлардың кесірінен бейбіт ел көп жапа шекті. Сол бір сұм соғыс кімге пайда әкелді дейсің?! Бірақ, қарапайым елге жұт әкелгені ол рас. Иә, қанды ұрыстар әлі де көз алдымда. Ол ешқашан есімнен кетпейді, – дейді Кенжебек Үйреков.      

Кенжебек Сисенұлы бүгінде Байқоңыр қаласында тұрады. Отбасында ұл-қыз өсіріп, туған елінің өсіп-өркендеуіне перзенттік үлесін қосып жүр­ген атпал жандардың бірі. Жер­лестерінің қолдауымен, ол облыстық мәслихаттың бір­неше шақырылымының депутаты болып сайланды. Қазірде де  халық қалаулысы деген атаққа ие. Сонымен бірге, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы Саяси Кеңес мүшесі, «Ауған соғысы арда­герлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ре­тінде Байқоңыр қаласы тұр­ғын­да­рының әлеуетін арттыру мақ­са­тында тынбай еңбек етіп, ел алғысына бөленуде.

Ол еңбеккеш, талапшыл, туған жердің патриоты, сонымен бірге қалада кәсіпкерлік саласын дамы­туға бар саналы өмірін арнаған азамат ретінде танымал. Ол бүгінде қала ор­та­лығындағы заман талабына сай салынған «Еуразия» сауда орталығын басқарады. Аталған сауда орталығында дәмхана, мейрамхана, сауда-саттық және құрылыс, сонымен бірге күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар сататын бөлімдер жұмыс істейді. Оның айтуынша бүгінгі күні бұл орталықта 200-ге жуық кәсіпкер өз нәсібін табуда. 70-ке жуық қала тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.   

 Сондай-ақ, қаладағы 30-ға жуық ауған соғысы ардагерінің тұрмыс-тіршілігін, олардың қоғамнан өз орындарын алуға, емделуіне жағдай жасауда, сондай-ақ, сол бірлестік мүше­лерімен бірге өскелең ұр­пақты отансүйгіштікке, ба­уыр­мал­­дыққа, патриотизмге, енбекке бау­­луда аянбай жұ­мыс істеуде. Жас­тар арасында спорттық және өнер бай­қауларын ұйым­дастырып, өз­ге­лерге үлгі көр­сетіп жүрген  азамат.  

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.

Байқоңыр қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<