Гержод заманының кейіпкерлері

188

0

2010 жылы жарық көрген «Қанішер Гержодтың қолжазбасы» атты кітабым 1917-1919 жылдарғы Перовск (Қызылорда) қаласы тарихының осы кезге дейін ашылмай келген кейбір беттеріне біраз шындықтың сәулесін түсірді. Соның нәтижесінде артынша «Қанішер Гержодтың ізімен» атты тағы  бір кітабым баспадан шықты. Осы орайда мұнан әрі қарай жалғасқан ізденістерім арқылы көптеген жаңа кейіпкерлердің беті кескінделді.

Кезінде Гержодтың оң қолы болған, 1938 жылы халық жауы деп атылған Қызыл­орда облысы Қазалы ауданының тумасы (кейбір дерек бойынша Қарақалпақстанда туған) Сүлеймен Мереев жайлы ізденулерімнің арқасында оның туыстарының бірі Вадим Алданұлы Мереевті Қырым түбегінің Симферополь қаласынан тапқан едім. Қазір де хабарласып тұрамын, орыстанып кеткен, ол жағы түсінікті болар. Айтайын дегенім, сол бір қатыгездік пен әділетсіздік жайлаған кеңестік кезеңнің жараларының ой-санамызда әлі күнге дейін жазылмай келе жатқандығы жайлы.

Вадим Алданұлы – үлкен ғалым, химия ғылымының кандидаты, бірнеше ғылыми кітаптың авторы. Шетте жүргендіктен туыстарынан, қала берді қандастарынан біржола алшақтап кеткен. Мен сұраған деректер жайлы ол көп мәліметтер берді. Бірақ түгел айтпайды, Сүлеймен ­Мереев жайлы талай рет қиылып сұрадым, білмеймін қандай себеп екенін, білетіндерін айтуға қорқады… Сүлейменнің ұрпақтары әлемнің әр тарабына шығандап кеткен болса керек, олардың кейбірі Ресей, Германия, АҚШ-та тұратын көрінеді. «Осы айтқандарымның өзі жеткілікті, тіпті артық айтып қойдым» дейді  Вадим.

Кеңестік заманның өз ұрпақтарына қалдырған үрейін, қорқынышын, жара мен зардаптарының бүгінге дейін жазылмай келе жатқанын  осыдан-ақ білуге болар.

Жақында Вадимнен мынадай хабар алдым: «Сағат аға, шежiремдi таптым: «Кiшi жүз – Әлiмұлы – Шектi – Өрiс – Есеналi – Кiшкене – Жиеней – Құттықожа – Тәңiрбердi – Kәлiбек – Қойайдар – Төлемiс – Қарсан – Мерей – Оспан – Жүсiп – Алдан. Реально круто, до самого легендарного Алаша, где-то на 400 лет назад! По рассказу могу лишь повторить, что мне родс­твенники не простят никогда. С них и вот этого с лихвой хватило».

Вадим әкесі мен атасының қысқаша өмірбаянын да салып жіберіпті.

Онда атасы Жүсіп Оспан­ұлының Қазалы қаласында туғаны, Ташкент су шаруа­шылығы институтын бітіріп, 1942 жылы Қарақалпақстанның Су шаруашылығы Халық комиссарлары төрағасының орын­басарлығына дейін көтеріл­ген қызмет сатыларын көрсеткен.

Сонымен бірге әкесі Алдан Жүсіпұлының 1923 жылы Қазалы қаласында өмірге келгені, Ұлы Отан соғысына қатысқаны туралы деректерді жазған. Ол кісі Самара мемлекеттік университетін бітіріп, Нөкіс педагогикалық институтында ұстаздық етіпті, «Советтік Қарақалпақстан» газетінде қызмет атқарыпты.

Вадимнен алған осы хат мені ойға түсірді. Жаңағы Сүлеймен Мереевтің туысқандары мен ұрпақтарының бойындағы әлі күнге дейін арылмай келе жатқан қорқыныш осы күнге дейін бәріміздің де бойымызда қалған сияқты. Мысалы, Гержодтың айналасында қызмет еткен белгілі сырбойылық танымал азаматтар аз болған жоқ. Туысқандары мен ағайындары олар жайлы деректерді ашуға осы кезге дейін қорқады, ал, кейбір кісілердің артында іздеушілері болмай өмірдеректері жабық күйінде қалды. Меніңше, тарихтың жабық беттеріне сәуле түсіріп, тиісті деректер мен мәліметтерді жариялағанның еш әбестігі жоқ. Олар жайлы тәптіштеп  ізденіс жасауымыздың мақсаты – олардың сол кездегі атқарған іс-қимылдарына ақ немесе қара деп баға беру емес. Бұл кісілердің істерінде сол заманға лайық жарық та, көлеңкелі де тұстар баршылық. Олар – әртүрлі қарама-қайшылыққа толы қиын-қыстау заманда көп азап пен қорлықты бастан кешкен, қатерлі де қауіпті өмір сүрген кісілер. Содан болса керек, большевиктік қуғыннан бір сәт құтылғанда елден бөлек оқшау қоныстанып, тұйық өмір сүруге тырысқан сияқты. Ол жағы түсінікті. Артында ауызша да, жазбаша да дерек қалдырмаған, ұрпақтарына өздерінің большевиктік өмір кезеңдері жайлы айтуға қатаң тыйым салған болса керек. Сондай кісілердің екеуіне тоқтала кетейін.

Бекқожа Бердіқожаев – 1882 жылы туған, орысша сауат­ты сөйлеген, бірақ, жаза алмаған болса керек, құжаттарға арабша қол қоятын болған. Гержодтың қызметін тексерген Ерекше комиссияның алғашқы төрағасы болған Ю.Ибрагимов 1919 жылғы 31 қазанда Т.Рысқұловқа жазған хатында «…Сондықтан да, Гержод пен оның ең жақын ымыралас сыбайластары» деп С.Мереевті, Б.Бердіқожаевты, М.Тәжбеновті атап көрсетіпті. Жазбаша сауаты мықты болмаса да Чеканың, ревтрибуналдың мүшелігіне, орынбасарлығы, заседателі сияқты жауапты комиссиялардың құрамында жұмыс атқарған, болыс, учаскелік комиссар болып, Гержодтың арнайы тапсырмаларын орындайтын сенімді қызметкеріне айналған. Інісі Мәжитті болыс етіп қойған. Кеңес заманында большевиктік қызметі жайлы еш жерде айтпаған, жарияламаған.

Мұса Тәжбенов – Гержодтың қасында қызмет еткен кісілердің ішінде  нақты деректер табылмай жүргендердің бірі осы кісі. 1895 жылы 4-ауылда туған. Орысша жазу, сөйлеу қабілеті болған. 1915 жылы Перовскінің пош­та-телеграф конторының 6-разрядты шенеунігі болып жұмысқа тұрған, Гержод екеуі пошта конторында бірге істеген. Сол себептен болса керек, 1918 жылы Гержод совдептің төрағасы болып сайланған соң Тәжбеновті қасына жұмысқа алған. Осылайша, И.Гер­жодтың өте сенімді серігіне айналған. 1937 жылы «үштіктің» қаулысымен 8 жылға еңбекпен түзеу лагеріне айдалған. «Гержодтың ісінен» кейін Қызылордадан тыс жерде болған секілді. Сотталар алдында Арал қаласында тұрған. М.Тәжбенов те Б.Бердіқожаев сияқты артында большевиктік өмірі жайлы сөз, әңгіме қалдырмаған, оқшау өмір сүрген тәрізді. Қашан өмірден өткені белгісіз.

Жоғарыда аталған үш кісінің  ұрпақтары мақала авторымен кездесіп, қосымша деректер алуларына болады.

Сағат ЖҮСІП.