ҒҰМЫР мен ТҰҒЫР

1610

0

Өсіп-өркендеген Сыр елінің шежіресі көнеден керуен тартады. Біздің бүгінгі күніміз де осы тарихтың тамырынан көктеп шыққан.

«Сыр бойы» газетінің жаңадан ашып отырған «Сыр жылнамасы» айдары киелі өлкенің өткен дәуірінен ой толғайды. Облысымыздың тәуелсіздік жылдарындағы бет-бейнесінің қалыптасу кезеңіне көз жібереді. Бұл мінберден сөз алатын – ғалымдар, тарихшылар, әдебиетшілер, басқа да әртүрлі мамандық иелері туған жеріміздің қадір-қасиетін ұрпақ жадында жаңғыртатын есті естеліктер айтып бермек.

Жылнаманың тұсаукесерін қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Бақберген Сәрсенұлы Досманбетовпен әңгімеден бастамақпыз.

Қорқыт атаның есімі қуат берді

Қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің тарихы 1937 жылы Қиыр Шығыстағы корей институтының Қызылордаға көшіріліп келуінен басталады.

Кейінгілер үшін мұның мәнісі аса түсінікті болмауы да мүмкін. Жалпы, өз елі, өз жері бар корей халқы Қиыр Шығыста қайдан жүр? Та­рих­қа көз жіберсек, Қиыр Шы­ғыстағы Приморье өлкесі ерте замандарда Пархэ, Чхон секілді мемлекеттер өмір сүрген аймақ еді. 1860 жылы Ресей мен Қытай арасындағы Пекин трактатынан кейін бұл жерлер Ресей империясының құрамына қаратылған. Әлгі сұрағымызға аз-маз түсінік қалыптастырған болсақ, біз енді бұл сүрлеуден шығып кетейік.

1937 жылдың 21 тамыз күні КСРО Халық Комиссарлар кеңесі және ВКП(б) Орталық Комитеті «Қиыр Шығыстағы корей халқын шекарадағы аудандардан қоныс аудару туралы» қаулы қабылдады. Олар мұның себебін кеңестік үкіметке Жапония тарапынан төніп тұрған соғыс қаупінен деп түсіндірген. Бұған қоса корей халқы өкілдеріне түгел­дей «жапон шпионы» деген айып таққан. Сөйтіп, қиыр­шығыстықтар қазақ жеріне қоныс аударылды.

Корейлер көшімен бірге Сыр еліне педагогикалық инс­титут, мұғалімдер иституты, жұмысшы факультеті, педа­гогикалық училище және 39 мектеп келген. Қызылордаға ор­ныққан педагогикалық инс­титуттың алғаш директоры Н.Цой деген кісі болыпты.Содан бері бұл жоғары мек­тепке қанша адамның бас­шылық жасағанын дөп басып айта алмаймыз.

Тоқсаныншы жылдардағы қайта құру, жариялылық се­кілді қоғамдық өзгерістер жоғары оқу орындарына да инновациялық идеялар ала келді. Соның бірі институт ректорын ұжымның сайлауы арқылы бекіту болатын. Дәл осы тәсілмен 1991 жылы институт проректоры қызметіндегі Бақ­берген Досманбетов ректор болып сайланды. Мәскеудің инженерлік-экономикалық институтын бітірген ғылым кандидаты, тыным таппайтын іскер адамды ұжымы да ерекше сыйлайтын.

Алғашқы күннен бастап ректор институттағы мамандық санын көбейтуді, оқу орнының білім кеңістігіндегі беделін көтеруді ойлаумен болды. Сол кезде институт Н.В.Гоголь атында болатын.

Ректор алдымен нарық­тық қатынастар жағ­дайында қоғамға керекті маман­дық­тарды саралады. Сыр елі түркі дүниесінің бесігі болған киелі топырақ, бұл жерде ерте дәуірде гүлденген, қазаққа астана болған қаншама қала­лардың мүрдесі жатыр. Оның бәрін аршу керек, ұрпақтың рухын көтеру үшін де жарқыратып көрсету қажет. Ендеше, шәкірттер археология, этнография мамандықтарын оқуы тиіс. Ректор Бақберген жаңа факультеттер ашумен қатар көптеген істі тыңнан бастады. Соның бастысы инс­титутқа Қорқыт ата атының берілуі болды. Дәл осы тұста ұжым екіге жарылды, бірін­шілері оқу орнына ақын Асқар Тоқмағанбетовтің, ғалым Әуел­бек Қоңыратбаевтың атын лайық деп білді. Басқа да тұлғалардың есімі аталды. Рек­тор Бақберген оларға өзіне сай байсалдылықпен жауап берді. «Қорқыт абыздың аты бізге тәрбиелеп жатқан шә­кірт­теріміздің сапалы білім алуы үшін керек», – деді. Біраз кісі баланың білім алуы мен институттың кімнің атына берілуі арасындағы тінді таба алмай-ақ қойды.

«Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін» деп Ахмет Байтұрсынов айт­­пақшы, ұстаз Бақберген сон­­да тым тереңнен ойлап тұр еді.

1992 жылдың күз айында Қазақстан вице-премьері Мыр­затай Жолдасбеков Сыр еліне келіп, Қазалыда өткен жәр­меңкеге қатысты. Сол сәтте ашық-жарқын пікір алысу­дың сәті түсіп, ректор Қы­зыл­­орда пединститутына Қор­­­­қыт ата есімін бергісі келе­ті­нін айтқан. Мырзекең осы ұсы­нысқа бұрыннан дайын тұрған адамдай көңілденіп, «тез ара­да хат жазып жібер» деп жауап берді. Бір аптадан соң Қы­зылорда педагогикалық инс­ти­тутын Қорқыт ата атымен атау туралы Үкімет қаулысы келді.

Көп ұзамай оқу орны басшысы институттың шы­ғыстану факультетін ашты. Осыған орай іссапармен Стам­булдағы Түркі әлемін зерт­теу институтына келді. Оның басшысы Туран Язғанмен кез­десті. Күріштен салдырып Қорқыт ата портретін ала барды. Досманбетовтің жос­пар­ларын тыңдаған Ту­ран Язған компьютер және ма­мандар мә­селесі жөнінен көмек беруге келісті. Сол жерде екеуін жақын тіл табыстырған, Яз­ғанның туыстық сезімін қоз­ғаған Қорқыт есімі болды. «Өз институтыңа неге Қорқыт есімін бердің?» деді. «Себебі, Қорқыттың мәңгілік мекені біздің жерде». «Жоқ, ол біздің жерде жатыр». «Қорқыт түбі түркі бәрімізге ортақ». Язған сол уәжге тоқтады.

Артынша Қызылордаға Стамбулдан Метан, Сонгюл, Расим, Исмайл дейтін төрт түрік маманы келді. Институт ішінен қазақ-түрік лицейі, оған қоса корей, араб тілдеріндегі бөлімдер ашылды. Кейін осы лицейді, бөлімдерді бітірген түлектер шет елдерге барып оқып, білікті маман болып оралды. «Қорқыт атаның аты біздің шәкірттеріміздің сапалы білім алуы үшін керек» деген ректор сөзінің өміршеңдігі осылай көрініс тапты.

Мұнан кейін оқу орнынан Мәскеу бизнес және ақпараттық технологиялар институтының филиалы ашылды.

Ректор Досманбетов тоқ­мейілсуді білмейтін, ақы­рында Үкімет үйінің есігін жа­ға­лап жүріп институтты уни­­вер­ситетке айналдыруға күш салды. Соны орындады.Өзі ректор болып келген кез­дегі институттағы он алты мамандықтың түрін отыз төртке жеткізді.

Табалдырықтан биік тау жоқ

1996 жылы арнайы эконо­микалық аймақ құрылды. Ол кезде облыс басшысы Бер­дібек Сапарбаев болатын.

Ректор Досманбетов бір күні институт жатақханасының сыртқы қабырғасын жөндеп жатқан жұмысшыларға қарап, ойға беріліп тұрған. Кенет иығынан біреу қаққандай бол­ды. Қараса, облыс әкімі екен.

– Осы жұмысты күндіз істеуге болмай ма? – деді Бердібек Машбекұлы аман-саулық сұрасқан соң.

– Мынадай көтергіш қа­­лада бір-ақ дана, күндіз бо­самайды, сондықтан қараңғы түс­кенше бізге көмектесуін сұ­рап едім, – деп ректор шынын айтқан.

Бұл облыс басшысының ректордың өз жұмысына деген жауапкершілігін бағалағаны екен. Ертеңіне облыс әкімі шақырып жатыр деген ха­бар келді. Сол күні дереу Бақ­берген Досманбетовтің жеке мәліметтерін сұратып ал­дырыпты. Оның институт бі­тіргені жайлы құжатында «қала шаруашылығының эко­но­­микасы және оны ұйым­дастыру мен басқару маманы» деп жазылған болатын. Бұл Қызылорданы арнайы эко­номикалық аймаққа айнал­дырып, осы елдің түлеп өсуі­не үделі үлес қосқан облыс бас­шысының маман таң­даудағы әділ әрі алысты болжаған шешімі еді.

Қызылорда қаласының әкімі-арнайы экономикалық ай­мақ төрағасы болып бекіген Бақ­берген Досманбетов өзі­нің жанына Нәжмадин Мұса­баев, Жеткерген Оразбаев се­кілді тәжірибелі, Бауыржан Омаров секілді білімді жас кадрларды топтастырды. Ең бастысы,  енді қалаға күндегіден бас­қаша көзқараспен қарай бас­тады. Шын мәнінде қала кел­беті жұпыны болатын, оны қалыпқа келтіруге ақша тап­шылығы қолбайлау болған. Мә­селені зерттеп қараса, өзі басшы болғанға дейін қаланы абаттандыруға жылына 26 млн теңге бөлініпті. Ал, өзі­нің тұсында осы ақша кө­лемі 426 млн теңге болды. Қала көшелері қисық, тар.  Әсі­­ресе, орталықтың Шан­хай бөлігімен екі арадағы ай­­нал­­­ма жолдың жайы ой­ла­­­нар­лық екен. Теміржол ас­­ты­нан салынған тесік көпір­мен тіке Абай ауылына қарай өтіп кетуге болады, бірақ бұл бағытты бірнеше тұр­ғын үй бөгеп тұр. Олармен келісім жүргізудің өзі күшке түсті. Бір көшені түзетемін деп жүрген мамандарға қо­рам­ды бұздырмаймын де­ген бір тұрғын мылтық ала ұмтылыпты. Солардың бәрі­нің алдына қала әкімі өзі барды, қоқан-лоқы жасаған жоқ, кішірейіп сөйлесті. Үйін бұзғандарға жай берді, қорасын сырып тастағандардың әр жеміс ағашы үшін ақша төледі.

Сондай жұмыстардың нә­ти­жесімен қаланың кеп­телі­сіне соқпай теміржол асты кө­пірінен кедергісіз өтетін Яссауи көшесі пайда болды, «Батыс» мөлтек ауданына тіке апаратын Шымбаймен қабат тағы бір жол ашылды.

Қала көріктене бастады, арбат салынды, алты субұрқақ атқылады. Қуғын-сүргін және аштық құрбандарына ар­налған мемориал ескерткіш ор­натылды. Көмірдің астында көміліп он жыл жатқан Аман­гелді батырдың тас мүсінін қайта тұрғызды.

Ескерткіш демекші, сол кез­де қаланың орталық алаңында В.И.Лениннің еңселі ескерткіші тұрған болатын. Бір күні облыс әкімі осы ескерткішті алып тастау жөнінде сөз қоз­ғады. Досманбетов дереу орын­басарларын жиып, мәселені төтесінен қойды. Жиылыстан шыға бере бір орыс кемпірдің Ленин ескерткішіне гүл шоғын қойып жатқанын көріп қалды. Осы бір көрініс пролетариат көсеміне деген қарапайым адамның әлі суымаған ықы­ла­сындай әсерлі еді. Бұл жұ­мысты түнде орындаңдар деп тапсырма берді, сосын. Сөйтіп, осы маңда түні бойы өзі де жүрді. Сонда бір қызметкерінің «Мына ес­керткіштің діңі мықты екен, құламақ түгілі қи­саймайды, осылай қалдыра берсек қайтеді» дегені бар.

Кешегі кішігірім осындай оқиғалар бүгінгі тәлімді тарихқа айналып келе жатыр.

Бұрынғылардың «табал­ды­рықтан биік тау жоқ» дейтін сөзі бар. Егер суын ішіп, топырағын кешкен туған жеріңнің қасиетін сезіне алмасаң, онда кең дүние саған ешқашан есігін ашпайды екен.

Ал, Бақберген Досманбетов қанша жердің дәмін татты, со­ның бәрінен мият тапты. Оның Қазақстан Ұлттық Ғы­лым академиясының, Ресей жа­­­ратылыстану ғылым­да­ры академиясының, Ха­лы­­­қ­­­­­­­­аралық экология және та­би­­­­­ғатты пайдалану акаде­мия­­­сы­ның, Халықара­лық жо­­­­­ға­ры мектеп ғалым­дары ака­­­­­­­де­­­­­миясының, әлеуметтік ға­­­­­лым­­дар академиясының ака­де­мигі болуы, Еуразия уни­­вер­ситетінің, Сеул уни­вер­си­те­тінің құрметті профес­соры ата­нуы – алдымен туған жеріне қыз­­мет етіп, рухын ас­қақтатқан ха­лық алғысының ашқан жолы.

Сенатордың сыры

Бақберген Досманбетов 1999 жылы ҚР Парламенті Сена­тының депутаты болып сайланды.

2000 жылдардың ба­сын­да жаңа экономикалық рефор­малар жүзеге аса бастады. Се­натор сол жылдары Қы­зыл­­орда облысының әлеу­мет­тік мәселелерін Сенат жиын­­­­да­рының мінберінен кө­­­­те­ріп, оның әділ шешім та­буына бар жігерін жұмсады. Ре­сей ұзақ жылға жалға алған Байқоңыр тұрғындарының әлеу­­­­­­меттік тұрмысы мен мек­теп оқушыларының құқықтық мәселелерін көтерді.

Сенаттың бір келелі жиы­нындағы депутат Бақ­берген Досманбетовтің сөзінен бір үзік мысал келтірсек те, біз оның батыл да, әділ сенатор болғанын анық аңғарамыз: «… Еліміздің әл-ауқатын жақсарту үшін зиялы заңдар керек екенін, шала туған заңдарға терапевтік емдеу қажеттігін Үкімет ұмытып кеткен сияқты. Соның салдарынан Парламенттік тал­­­қылауға нақты жобалар ұсы­нылмай отыр. Үкімет Күл­төбенің басында күнде кеңес құрып, Цицеронның шең­­берінен шеберліктерін шың­даудан ары аса алар емес».

2004 жылы Қызылорда облы­сының Аралға 50, басқа аудандарға 30 процент берілетін экологиялық жеңілдіктерін алып тастау жөнінде сөз бол­ды. Осы ұсынысты айтқан ла­уа­зымды басшыны сенатор Бақ­берген Досманбетов тіке­лей телеархабарда дебатқа ша­қырды. Халық алдында оның қателіктерін бетіне бас­ты. «Эко­логиялық жеңілдік алып тас­тағаннан келіп-кетер еш­теңе жоқ деп есептейсіз бе?» «Иә, көп болса ол бір қап ұн шығар». «Сіз сонда бір қап ұнға қа­рап отырған отбасылар бар екенін білмейсіз бе?» Осындай сұрақ-жауаптың соңы «алып тас­­таушыны» тығырыққа тіре­ді.

Осы мәселе бойынша бір­шама уақыттан соң облыс ор­та­лығында вице-премьердің қаты­суымен жиын өтіп, ақыры көп­тің сөзі мен көпті жақтаған Дос­манбетовтің мерейі үстем болды.

Сенатордың екінші бір қар­сы болған мәселесі оңтүстіктен «Көксарай» су қоймасын салу жобасы болатын. Осы жоба қа­былданып кетті.

Бүгінде ұстаз Бақберген дарияның сол жағалауынан «Болашақ» университетінің көз жауын алған кампусын көтеріп жатыр. Шет елге барған сайын «біздің ауылдың балалары неге осындай сәні мен салтанаты жа­расқан, барлық жағдайы жан-жақты жасалған тамаша жерде оқымауы керек» деп ойға бататын, армандайтын. Сол арманы енді ақиқатқа айналды, дәлірек айтсақ, терін төкті, қаржысын салды, ақыры арманына жетті.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз