Халқың барда сен барсың, абыз аға!

351

0

(Сыр елінің абыз ақсақалы 

Сейілбек досты еске алу)

Уа ағайын! 

Сенбейсің бе, сенесің бе,

Бақидың мініп келмес кемесіне.

Қазақтың қабырғасын қайыстырып,

Кім кетті арамыздан білесің бе?!

Тербеткен сүлей сөзбен

жер мен көкті,

Көш бастап жолға салған

қалың көпті.

Халқына рухани қазына болған,

Кім білмес Шаухаманов Сейілбекті!

Болашақты болжайтын көреген-ді,

Кемел ой мен ақылдың кенені еді.

«Рухани жаңғыру» – сын кезеңде,

Бізге әлі абыз аға керек еді!

Бізге әлі абыз аға керек едің,

Шындық пен әділдікке тірек едің.

Сен барда арқа тұтып, анық бастым,

Сен жоқта кімге сеніп жүрем енді?!

Ұрпақтар нұрлы ісіңнен қуат алып,

Жолында бағдаршам боп

тұрар жанып.

Сыр-анаң ғасырлардан бастау алған,

Өзендей өнегең де барар ағып!

Тағдырдың жазғанына көнейін де,

Қоштасу жырларымды төгейін бе?

«Тумақ барда, өлмек бар» тәуба,

тәуба,

Бір құдірет күй күмбірлеп тұр

көмейімде!

Рухани қазынам – асыл арна,

Сені іздемей от-жүрек басылар ма.

Қоштасуға қиналдым, қия алмадым,

Халқың барда сен барсың, абыз-аға!

                                              

Мұрат СЫДЫҚОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 

«Құрмет» орденінің иегері, 

«Арал ауданының құрметті азаматы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<