Игі қасиеті көп Исабек

1461

0

Ол он сегіз жыл азаматтық қорғау органдарында қалтқысыз қызметте. Бүгін де әдеттегідей Дағдарыс жағдайында басқару басқармасында жедел кезекші ретінде азаматтық қорғау подполковнигі Исабек Досжан қызметтік міндеттерін атқару үшін кезекшілікте тұр.

Соғылған қоңыраулардағы мәліметке орай оларды жедел зерделеп, жауап беру, жедел ден қою, көмек күткен азаматтарға құтқару жұмыстарын ұйымдастыру – оның міндеті. Исабек Болатұлы әңгіме барысында: «осы мамандықта ұзақ жылдар жұмыс жасау себебім – көпшілікке көмектескім келді, «өрт сөндіруші, құтқарушы, азаматтық қорғау органының маманы» деген мен үшін мәртебесі мен сауабы жоғары қызмет иесі. Сондықтан сондай мәртебе мен сауаптан құр қалғым келмеді. Жұртқа мейірімің мен қайырымың, қызметің пайдалы болса, алғыс, бата-тілекпен өмірің де өнегеге айналады»,-дейді ол.

Сәл кейін шегінсек, кейіпкеріміз туралы ақпаратқа қанық боламыз. 

Исабек Досжан мың тоғыз жүз сексенінші жылдың екінші айының үшінші күні Сыр елінде дүниеге келген.  Әпкесі мен қарындасының ортасында оларға еркелеп емес, керісінше олардың арқа сүйер қорғаны екенін ерте кезден-ақ сезініп өсті. Әкесінің «жалғыз ұлы» деп ешкім еміреніп, еркелете қойған жоқ. Қайта мұның иығына жауапершіліктің жүгі артылып, «сен ер-азаматсың, әпкең мен қарындасыңа қамқор бол»,- деген тәмсіл бала кезінен-ақ құлағына құйыла берді. Әкесі – Болат ағай – Халыққа қызмет көрсету саласында ұзақ жылдар қатардағы қарапайым жүргізуші болып, адал нанын маңдай термен тапқан азамат. Анасы – Дәметкен апай Қызылордадағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищенің түлегі, ол да қоғамда түрлі салада абыроймен қызмет атқарған. Азаматтық қорғау подполковнигі Исабектің ата-анасы бүгінде бейнетінің зейнетіне жетіп, немерелерінің қызығын көріп отырған ардақтылары.

Исабек Болатұлы Қызылорда қаласындағы көптің аузында «Шанхай» аталып кеткен шағын аудандағы №212 орта мектебінде 1986-1996 жылдар аралығында оқып, білім алды. 1996 жылдың мамыр-қазан айлары аралығында Қызылорда қаласындағы әскери-техникалық мектепті бітіріп, «автокөлік жүргізушісі» маманы болды.

1998-2000 жылдар аралығында Семей қаласындағы қаржы-экономикалық колледжінде оқып, «қаржыгер» атанды. 2000-2002 жылдары Алматы қаласындағы Қазақстан экономика және құқық институтында оқып, «экономист» біліктілігін иеленді. 2003-2004 жылдары №5517 әскери бөлімінде Отан алдындағы әскери борышын өтеді. Әскерден келген соң- яғни 2004 жылдан Өртке қарсы қызмет департаментіне қарасты бөлімшелерде еңбек етті.

«Әрқашан біліміңді арттырып отыру, өзіңді жан-жақты дамыту бүгінгі күннің талабы. 2011 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтын бітірдім. 2015 жылы Беларусь республикасында біліктілікті арттыру курсында білім жетілдірдім»,-деп әңгіме желісін жалғастырды ол.

«2008 жылы Жанат Бақбердіқызымен отау құрдым, қазіргі таңда отбасымызда қос қызымыз бен қос ұлымызды тәрбиелеудеміз. «Әрбір адам өз өмірінің бағбаншысы іспетті»,-қалай баптасаң, қартайғанда солай жемісін де көресің. Әскери маман иесі болғандықтан, көбіне бос уақытымыз бола бермейді. Осы ретте жанұяма көңіл бөлетін кездер аздау болып қалуы мүмкін. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында демалыс күндерімді  отбасы мүшелерімен қауқылдасып, әңгіме-дүкен құруға, қолғабыс етуге арнаймын. Шаңырақта ата-анамыздың қолындамыз, сондықтан жұмыстан тыс уақытты ата-анам мен балаларыма арнап, оларды туыстарға қыдыртқанды, таза табиғатта серуендеткенді, қоғамдық орындарда демалғандарын жанымыз қалап тұрады.  Ата-ананың ақ батасын алу – өмірлік ұстанымыма айналған. Балаларымның қуанғанынан артық бақыт жоқ. Сонымен дос-жарандарыммен бірге балық аулағанды, футбол, волейбол ойнағанды, жаттығу залдарында шыныққанды әдетке айналдырдым»,-дейді Исабек Болатұлы.

Қызметте түрлі оқиғалармен бетпе-бет келетін кездер көп, бірақ мына оқиғалар әлі күнге жадымда дейді Исабек Досжан: «2016 жылы маусым айында Қызылорда қаласындағы Ә.Бөкейхан көшесі №76 мекен-жайда орналасқан бұрынғы ұшқыштар жатаққанасындағы бір бөлмеден өрт шығып, сол өртті адам шығынысыз жоюға атсалыстық. Шамамен он шақты тұрғын тілсіз жаудан құтқарылып, отыздай адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Әрине, мұның бәрін бір өзім атқардым дей алмаймын. Азаматтық қорғау саласының қызметі – жеке құрамның жауынгерлерімен бірге атқаратын қызмет. Сондықтан да ұжымның ауызбіршілігі аса маңызды. Төтенше жағдайдың алдын алу мен жоюда қалтқысыз қызмет кезінде әрбір кәсіби маман өз жұмысының жауапкершілік жүгі мен елдің игілігіне қажеттілігін айқын сезінеді.»

«Сонымен бірге, 2017-2018 жылдар аралығында көктемгі су тасқыны кезеңінде Сырдария өзеніндегі сеңнің Арал теңізіне дейін төтенше жағдайсыз өту жұмыстарына қатыстық. Ауданның әр өңірінде су тасқынының алдын алу және болдырмау, мұзды қауіпсіз өткізу мақсатында ұйымдастыру жұмыстарын атқардық.»,-деп қысқаша қайырды, онша мақтанғанды ұната қоймайтын кейіпкерім.

Исабек Болатұлы еткен еңбегіне орай марапаттан да кенде емес. Атап айтқанда: 2013 жылы Төтенше жағдайлар министрлігінің ІІІ-дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалін, 2016 жылы «Төтенше жағдайлар комитетіне – 20 жыл» мерекелік медалін, 2017 жылы «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төс белгісін, 2018 жылы ІІ-дәрежелі «Ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медалін, сол жылы «Өртке қарсы қызметіне – 100 жыл» мерекелік медалін, 2020 жылы «Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғау органдарына – 25 жыл» мерекелік медалін, сол жылы «ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгісін» иеленді.  

Иә, ол әрқашан байыпты мінез бен әскери тәртіпті өз өмірінің өрнекті ережесіне айналдырған байсалды жан. Отбасында да, қызметте де жауапкершілігі жоғары Исабектің бойында игі қасиеттері көп-ақ. Ата-анаға құрмет, кейінгіге ізет, әріптеске ілтипат, жарына адалдық, балаларына қамқорлық оның бұлжымас кредосы секілді. Әдебі мол әріптеске алда келе жатқан Отан қорғаушылар күні мерекесі қарсаңында зор денсаулық, отбасына бақ-береке тілейміз.

Айгүл Асылқызы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<