Ісі дара, ізі даңғыл

1739

0

Әбжәмиев Рүстем Батырханұлы

(17.08.1976 ж.-25.11.2020 ж.)

Қамшының сабындай қайран тірлік бір күні шорт сынары әмбеге аян. Өмірдің өзі күшті болғанымен, өтетіні өкінішті…


«Тумақ бар жерде өлмек бар» дейді шариғат сөзі. Шіркін, бәрі орнымен, бәрі ретімен келсе, өкініштің өзені тасып, қайғының қара жаңбыры жаумас еді ғой. Кеше ғана арамызда күліп-ойнап, жарқылдап жүрген бауырымыздан қапыда айрылдық. Отбасының тірегі, балаларының асқар таудай болған әкесі, анасының жүрегі, бауырға қамқор болған қадірлі жан, спорт жанашыры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Қазақ спортының саңлағы» құрметті атағының иегері Әбжәмиев Рүстем Батырханұлының фәниден бақиға аттанғанына да қырық күн толды. Аймақтың спорт саласының өсіп-өркендеуіне үлес қосқан тұлғаны енді тек сағынышпен еске аламыз.


Ол 1976 жылы 17 тамызда Қазалы ауданында дүниеге келген. 1983 жылы облыс орталығындағы №7 орта мектепте білім алды. Бала кезінен спортқа, оның ішінде каратэ-до түріне жаны құмар ол жастайынан бос уақытын осы салаға арнады. Нәтижесінде облыстық деңгейде өткен сайыстарда топ жарып, чемпион атанды.


Мектепті тәмамдаған соң Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне дене шынықтыру мәдениеті және спорт мамандығы бойынша оқуға түсіп, бала кездегі арманына қанат бітіреді. Оқуды сәтті тәмамдаған ол қолына диплом алысымен еңбекке араласты. Еңбек жолы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Макаренко атындағы №6 мектеп-интернатта сынып жетекшісі және каратэ-додан жаттықтырушы болып бастады.


Тынымсыз даму мен ізденіс үстінде жүретін ол судьялық категориясын алды. Халықаралық және республикалық жарыстарда, ел чемпионатында бірнеше рет бас төреші болды. Қызылорда облысында соңғы 5 жыл ішінде ең үздік жаттықтырушы ондығына енді. Еңбексүйгіш жан 2002 жылдан бастап №2 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінде каратэ-додан жаттықтырушы болып жұмыс атқарды. Ал 2006 жылы облыстық каратэ-до федерациясының вице-президенті болды. Осы жылдан бастап облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының облыс бойынша аға жаттықтырушысы атанды. Саланы дамыту жолында аянбай тер төккен спорт жанашыры 2013 жылдан бастап жоғары спорт шеберлігі мектебінде каратэ-додан аға жаттықтырушы атағына лайық деп танылды.


Қажырлы еңбек, маңдай тер азаматты биікке көтерді. Рүстем Әбжәмиев саналы ғұмырын спортқа және жас спортшыларды тәрбиелеуге арнады. Спорт саласының дамуына, каратэнің өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан бапкердің еңбегі орасан!
Оның Сыр аймағында дайындаған шәкірттері Әлем чемпионы атанып, елімізді бүкіл әлемге танымал етті. Әлі де танымал ете береді.

Рүстем Батырханұлына спортты дамытудағы сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы және «Қазақ спортының саңлағы» құрметті атақтары берілді. Одан бөлек, спорт жанашырының шыққан биігі мен жеткен жетістіктері туралы облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып отырды.

Адамға ерекше қасиет, телегей-теңіз дарын бергенде Алла тағала оның кескін-келбетін, болмыс-бітімін, түр-тұлғасын, жүріс-тұрысын, кесімді сөзін, кесек ой-толғамдарын соған сай етіп береді. Рүстем Әбжәмиев осындай азамат еді. Оның өмір белестері, жетістіктері, елге жасаған еңбектері, жомарттығы, отбасына, бауырларына, дос-жаранға қамқорлығы – айтып тауыса алмайтын игілікті істері ұрпаққа үлгі-өнеге.


Періште пейілді, тұғыры биік тұлғаның өзі өмірден өтсе де, артында мәңгілік өшпес із қалды.


«Каратэ – бүкіл өмірім!» дейтін ол. Каратэні спорт түрі ретінде де, өмір салты ретінде де насихаттайтын! Қазіргі уақытта Рүстем Батырханұлының көптеген шәкірті жаттықтырушы ретінде жұмыс істеп жүр. Ол өз ісінің шебері, кәсіпқой және керемет жан еді.


Жүрекке жылу беретін асыл жан, қамқор аға, аяулы әке, адал жар, сүйікті ұл, жаны таза, нар тұлғалы Рүстемнің қарапайымдылығы, оның іскерлігі, тынымсыз еңбегі көз алдымызда. Өкініштісі, ұрпақтарының қызығын көрер шақта бақи дүниеге көшті. «Орнында бар оңалар» дейді дана халқымыз. Ұлы Бекдәулет пен қызы Динараға әкелерінің жасамаған жасын, көрмеген қызығын, жетпеген биігін берсін дейміз.


Ана жүрегі бауыр еті – баласына айырылып, сыздап барады. Бірақ болған іске болаттай берік болыңыз, Халқыңыз барда ұлыңыздың есімі мәңгі жасайды.


Өзі өмірден өтсе де халқымен, ұлтымен бірге мәңгі жасайтын тұлғалар болады. Рүстем Батырханұлы – осындай тұлға. Оның «елін сүйетін, еліміздің туын көкке көтеретін, қазақ елінің атын шығаратын жалынды Сыр жастары биіктен көріне берсін» деген тілегі орындалсын!

Келместің кемесіне мініп кеткен бауырым, ағатай, туыстарың біз және мына халқың барда ұмытылмайсыз, жаныңыз жәннатта болсын! Тірлігіңде иман жүзді асыл адам едің ғой, о дүниеде де иман нұрына бөленгейсіз.

Рухыңа тағзым етеміз!

Лаура ӘБЖӘМИЕВА,

техника ғылымдарының кандидаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<