Ізгі қасиетімен із қалдырған

1450

0

Қасиетті Сыр өңірі ел қорғаған батырға, екі ауыз сөзбен дауды шешкен биге, елді өнермен сусындатқан сал серіге, әнші мен жыршыға кенде емес.

Ел ішінде шешендігімен, қайырымдылығымен, суы­рып­салма ақындығымен, палуан­дығымен және ат­сейіс­тігімен танылған Кәрібай Боқайұлы ту­ралы аңыз боп айтылатын ес­теліктер аз емес. Елге белгілі азамат туралы естеліктерді ұр­пағы «Ел тұғырындағы тұлға» атты кітап етіп шығарды. Бұл – бір әулеттің естелігі ғана емес, ұлттың қадір-қасиетін танытуға бағытталған, ру­ха­ни жаңғыруға үлес қосар туынды.

«Кәрібай Боқайұлы деген кім?» деген сауалға жауап із­десек, елдің бірлігіне, өне­рі­не қызмет еткен қазақтың қа­сиетті абыздарының бірі дер едік. 1874 жылы қа­зіргі Жаңа­қорған ауданы Бесарық ауы­лында дүниеге келген бала Кәрібай әкеден ерте айырылып, немере ағасы Айдарбек бидің қам­қорлығында өседі. Жетімін жылатпаған қазақ­тың еш­кімге ұқсамайтын ізгі қа­сиетін осы бір көріністен байқауға болады. Айдарбек би әкесіз ұлды қам­қорлығына алып ғана қой­май, оның жақсы азамат болып өсуіне үлкен үлесін қосып, жас­тайынан елдік мәселелерді ше­шуге тәрбиелейді. Жақсы тә­лім-тәрбиені бойына сі­ңірген Кәрібай шынында ел ісіне жас­тайынан араласып, «сегіз қыр­лы, бір сырлы» қабілетімен танылады.

Оның бір қыры – мал тани­тындығы. Бұл да кез келгенге бұйыра бермейтін қасиет. Ел ішінде мынадай аңызға бер­гісіз әңгіме бар: «Бірде Кә­рібай Түркістан базарының ал­дында теріс­кейден келген жол­дасымен жолығып қалып, әңгімелесіп тұрса, жанына ат жеккен арбасымен бір сарт келіп тоқтай қалады. Сонда жол­дасы Абылай «Әй, Кә­рі­бай, мына аттың болмысына қарашы» депті. Кәрібай атты әрі-бері айналып көріп, ас­тын­дағы атын күміс жүгені, ер-тоқымымен қоса, сарттың атына айырбастайды. Бір жа­ман атқа бола осыншама дү­ние­сін қия салған Кәрібайға ай­наласындағылар таңдана қа­­райды. Жүйрікті жабудың ас­тынан жазбай таныған ат­сейіс Кәрібайдың бұл таң­дауы тек емес екен. Кейін баптап қосқан бұл жүйрігі бәйгені бермесе керек» деседі.

Кәрібай сәйгүлік баптап жүріп, Қазақстанның ға­на емес, Ресейдің Астрахан, Орын­­бор, Омбы, Төмен сияқ­ты қала­ларында өткен бәй­­ге­лерге қатысқан. Үш жүз­дің ба­ласы жиналып бәйге өткіз­генде үш рет аты озып келген екен. Жерорта теңізінің жа­ғасында орналасқан Сирия елі­нің бір шаһарында жылқы сату аукцио­нына үйір-үйір жылқы апарған деген де дерек ел аузында айтылып жүр. Сол сапарында жүйрік араб жылқыларын алып келіп, жер­гілікті жылқылармен бу­дандастырып, бәйгеге қо­­сатын тұлпарлар да­йын­даған. «Торы төбел» деген жүйрік аты бол­ған, соны «өзімнің өкіл балам» деп атаған белгілі ақын, жыршы Нартай Бекежановқа сыйға тартқан екен.

Кәрібай Боқайұылының та­ғы бір қыры – ел билігін қо­лына алып, әділ шешім қа­былдауы. Оның халықтың ау­ыз­біршілігін сақтап, сүттей ұйытып отыратын әділдігі көп­тің аузында құрметпен айтылады. Тіпті, бау­кеспе ұрылардың өзі болыстың бір ауыз сөзіне тоқтап, талай олжа еткен мал басын бүтіндей иесіне қайтарып беруіне сеп­тігін тигізіп, елдің алғысын арқалағаны туралы да әңгімелер аз емес. «Сонда Кәрібай болыс былай деп­ті» деген билік сөздері, тура­шылдығы, өне­гелі істері ке­йін­гіге үлгі һәм рухани азық де­сек, артық айтқандық емес. Айта кеткен жөн, сөзге шешен Кәрібай Боқайұлы ақын­дық өнерден де құралақан емес. Көнекөздердің айтуынша, Түр­кістан базарына барар жол­да сусын сатып тұра­тын сұлу, ақын қыз Қара­тор­ғаймен ай­тыс­қан.

Қаламымызға арқау бол­­ған кейіпкердің тағы бір қыры – палуандығы. Ел ішіндегі ас-жиындарда мен­мін деген па­­­луан­дардың жауы­рынын жер иіскетіп, бәйге бермегені аңыз етіп айтылады. Оның осы қа­сиетін мына бір естелік үзін­­дісі-ақ дәйектей түседі: «Атамыз қарулы кісі болатын. Теріскейге барып бидай тасы­ғанда екі қанар қап бидайды толтырып, теңестіріп байлап, «әуп» деп аттың үстіне жал­ғыз өзі лақтырып сала бе­реді екен». Ел аузындағы аңыз­дар­дан жи­нақтаған ұрпақ­та­ры­­ның естелігі талай жайтты аң­ғар­тады.

Кәрібай Боқайұлының бәй­­геге ат қосып, палуанды­ғымен ел­ге танылып, суы­рып­салма ақын­­дығымен та­­­­лайды тәнті ет­кені­мен қоса, елге жанашыр жо­март­­­тығы да аңыз болып ай­тылып келеді. 1930-1933 жыл­дардағы ашаршылықта айна­ласындағы аш халыққа астық беріп, аман алып қалған. Ал ас-жиындардан аты оза шапса, елден жиға­нын елімен бөліскен қамқор азамат болған екен. Бұл туралы «атамның «Қа­рагер» атты бәйге аты бол­ды. Ке­зін­де Түркістанның тө­ңі­регінде өткен бәйгелерде бас бәйгені ешкімге бермей, қара үзіп келіп отырған екен. Қарагердің бәйгесін атам бір ауылға теңдей бөліп беріп отыр­ған. Сонда Қарагер дүйім елдің асыраушысы болыпты. Мұны төңіректегі ауыл­дың бәрі біледі екен» деп жазады ұрпағы Мамытбек Кәрібаев.

Ел ішіндегі аңыз-әң­гі­ме­лер Кәрібай Боқай­ұлының болмысын аша түседі. Кейін­гіге тағылым бола­тындай өне­­гемен өріл­ген өмір жо­лынан үлгі етер­лік тұстар көп. Айтып та, жазып та тау­сылмайтын ал­тын қазына қашанда ел ішінде.

Ұлжан ЖАҢБЕРШИЕВА,

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<