Кәдеш

2045

0

Алтыншы әлде жетінші сынып оқитын кезіміз, күзгі салым күн бірде жылы, бірде салқын. Көйлекшең көп жүгіре бергенбіз-ау деймін, көрші бала Төлепберген екеуміз бірдей ангинамен ауырып, ауылдық ауруханаға түстік. Тамағымыз іріңдеп, қызуымыз көтеріліп кеткен бізді фельдшер Жұмахан жатып емделесіңдер деп үшінші палатаға жіберді. Сол жерде көрдік, төргі төсекте көсіле жатқан сымбатты жігіттің киім киісі де, сөйлеу мәнері де біздің ауылдың адамдарынан өзгешелеу секілді. Медсестра мен санитаркаларға да еркіндеу сөйлеп, бұйрық райда тіл қатады. Қызметкерлер де аяқтарының ұшымен зыр жүгіріп қызмет етіседі. Бұл алғашқы күнгі әсеріміз, өзіміз жанымызбен қайғы болып жүріп онан арғысын қайдан аңғара берейік. Кеселдің беті қайтқан екі-үш күннен соң, әлгі сымбатты, ұзын бойлы жігітпен үстелде қатар отырып тамақ ішетін болдық.

– Кәдірхан Жаппаров деген ақын, әнші мен боламын! –деді ол бізді баласынып жатырқамастан. Мына сөзді естігенде шалқамыздан түсе жаздадық, құдая тоба, ақын деген ауырушы ма еді, больницаға жатқаны несі?! Аңғал балалық алғашында осылай ойлатқаны рас. Ал шынымен ақын болса, сонау түкпірдегі бұл ауылда жүргені қалай? Ақын, жазушы кісілер тек Алматыда тұрмаушы ма еді, оларды біз тек кітаптағы суреттерінен танушы едік қой…

– Мынау бір қызға жазған өлеңім, – деді Кәдеш ақын түскі тамағымызды ішіп болған соң. Ішінде адамды еңіретіп жіберетін сұмдық сөздер бар, мұқият тыңдаңдар!

«Құрметті менің, «Тамашам»,

Шашыңнан ұстап сабасам.

Түрің жылтыр, іш қотыр,

Құсқым келер қарасам…»

Өлеңді өзі шығаратын, оны өзі оқитын ақынның арқасы болатынын сол жолы аңғардық. Ол қолын сермеп-сермеп орнынан тұрып кетті. «Дүниедегі ең қасиетті нәрсе – ол махаббат! Оны құрметтей алмаған адам, адам емес – азғын! Менің шашыңнан ұстап сабасам дейтінім ашынғандықтан шыққан ащы дауыс, азғындарды жазалау!» Ақынымыз сол тұрған күйі осы тұрғыдағы ұзақ өлеңін оқыды. Өзі қандай шешен сөйлейді, тура кинодағылардың сөзіндей ғой! Төлепберген екеуміздің аузымыз ашылып, мынандай талантты адамды көргенімізге шын қуандық. Әншейінде үйге берілген жаттауларды қиналып жаттайтын біз, «Құрметті менің, тамашам!..» деп бастап әлгі арнаудың біраз жерін өзіміз-ақ, жатқа айтатын болдық. Әсіресе, Төленнің қабілеті күшті екен, медсестраларға қарап әлгі бастапқы сөзді естіртіңкіремей дембіл-дембіл қайталап қояды.

«…Үріккен елік секілденіп тұра қап, бір орғытып, шаң көрсетіп кетер ме ең?» Бұл да Кәдеш ақынның шығармасынан үзінді. Содан да бері жарты ғасырдан  астам уақыт өткен екен, бәрі қайдан есте бола берсін. Расында Кәдеш керемет әнші жігіт екен, қазақ әндерінен өзге бірнеше тілде түрлі әндерді тамылжыта салушы еді. Орысшалап «Лада, Лада!» деп үздіккенде бар ғой.., ойыңа әр бәле келеді. Дулы, думанның гүлі болғаны анық. Мектеп бітірген соң да Кәдешпен совхоздың қырқынында, шөп жинау барысында бірге жұмыс істеп жүрдік. Талай өнерін көрдік. Трактор да айдады, қой да бақты. Сырбаз да талантты еді. Алайда, Алла берген қасиеттері өзі айтқандай: «Үріккен елік секілденіп тұра қап, бір орғытып, шаң көрсетіп кете бергендей». Ағайындары, ағалары тұратын Көктөбеде бірер жыл аялдап, онан соң Түркістан, Кентау, Алматы  жақтан қара көрсетіп, Ресей жақтың да тұз-дәмін татып жыл аралата оралып тұратын-ды. Төменетектілерге өтімді болғаны шығар, нешеме мәрте үйленді. Қай себебін білейік, отбасын ұстап қала алмады деп естідім. Азамат өз отына өзі күйіп кетті-ау, деймін.

Бұл да бір тағдыр…

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

«Сөз сойылдың» «Балғабек Қыдырбекұлы» атындағы сыйлығының лауреаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<