Кең жүректі тұлға, білікті ұйымдастырушы

910

0

Менің осы әңгімеме арқау болған азамат туралы айтпас бұрын, лепра ауруы туралы, оның Қазақстан аумағында таралуы туралы мағлұмат бергенді жөн деп санаймын. Жалпы адамзат баласына өте ежелден таныс, атынан жан шошырлық бұл ауру туралы не білеміз, қазақтар арасында ол қашан және қалай тараған?

Лепра – шарт бойынша Micobacterium Leprae деп аталатын микроорганизм арқылы таралатын жұқпалы кесел. Ол тері мен нервтердің зақымдануын ша­қы­рады. Тек бірнеше жылдардан соң салдануға (параличке) және атап айтқанда, көз бен аяқ-қолдың кемістігіне жетелейтін қай­тым­сыз мүгедектікке әкеп соқ­тырады. Кеселдің тәнді көріксіз етіп бүл­діретін әсері науқастар мен олар­дың туыстарына ауыр психо­ло­­гиялық, экономикалық және әлеу­­меттік проблемалар туындатады.

Қазақстан аумағында лепраның бар екені туралы ең алғашқы жазба деректі біз П.С.Палластың еңбектерінен кездестіреміз (1889). 1769 жылы, Жайық (қазіргі Орал қаласы) қаласында болған кезде, ол осы жерде тұрып жатқан урал казактары арасынан лепра ауруын көріп, төмендегідей жазба қалдырған: («… при Яике начала показываться особливая и малоизвестная проказа, от которой могут произойти плохие следствия, если не будет употреблена предостороженность. Сия болезнь та же самая, которая в Астрахани под именем крымской болезни известна, потому что во время военных походов принесена из Крымской земли. Яицкие казаки говорят, что она пристала к ним от бывшей в персидском походе команды из Астрахани и называют «черной немочью», потому что начинает лицо синеть. Я видел многих, в высшей степени одержимых оною болезнью»).

Осыдан кейін бірнеше автор­лардың (П.Симонтовский (1796), Н.Минх (1888), Л.Рутенберг (1897), Ф.Горбацевич (1898), т.б. қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау облысы аумағында лепра ауруларын кез­дес­тіргені туралы жазба дерек­тері бар. Бір ерекшелігі, бұл деректерде осы өңірлерде тұратын ұлты орыс тұрғындар жөнінде баяндалған, Қазақстанның негізгі тұрғындары – қазақтар туралы еш дерек жоқ.

Қазақстандағы лепраның эпи­демиологиясы туралы еңбек­те­рінде көптеген авторлар қазақ жері арқылы өткен Ұлы Жібек жолы­ның, Араб басқын­шыла­рының, Шыңғысхан, Темірлан жорық­­тарының маңызын айтып, осы кезеңдерде лепра таралған деген тұжырым жасайды. Алайда, өткен ғасырдың 50-ші жылдарына, яғни лепрамен аурушаңдық өзінің шарықтау шегіне жеткенге дейін Қазақ КСР-ның аумағында лепра барлық жерде анықталмаған, оның құрамына кіретін 16 облыстың тек 8-нен анықталған: олар – Қызылорда, Гурьев, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Жамбыл, Алматы және Семей облыстары. Осы­лардың ішінен Қызылорда және Гурьев облыстарында бар­лық анықталған аурулардың 95 проценті анықталса, қалған 6 облыс­та 5 проценті ғана тір­келген. Соңғы 6 облыстағы жағ­дайларды ежелден қалған спора­дикалық жағдайлар деп есептесек, Гурьев облысының ошаққа айналу себебі Астраханьмен және Орал казактарымен тығыз араласуымен байланысты екенін байқаймыз. Ал Қызылорда облысының Арал-Қазалы ошағындағы жағдайдың эпидемиялық сипат алуына не себеп болды? Осы жағдай бізді толғандырмай қоймады. Себебі, 1885 жылы орыстың белгілі лепразерттеушісі Г.Н.Минх, Перовск мен Қазалы аймағын зерттеп, ол жерлерде лепра ауруларын кездестірмегені туралы: («..среди киргизов населяющии между Орс­ком и Ташкентом, лепры нет») деп жазды, осы пікірмен сол уақыттарда зерттеу жүргізген Решетилло да келісті. Бұл жағдай  Мамоновтың «1885 жылғы Сырдария облысы туралы «Шолуымен» (Обзор о Сырдарьинской области 1885 года) де дәлелдене түседі. «Шолуда» бұл облыста лепраның бар екендігі айтылып, елді мекендер атап көрсетілген.  Ол кезеңде аталған облыстың аумағына көрші республикалардың жерлері де кіретін. Белгілі болғаны ол атап көрсеткен ошақтар арасында кейінгі Қазақ КСР аумағына кірген бірде-бір елді мекен болмаған, олар Өзбекстан және Тәжікстан республикасына қарайтын елді мекендер екен.

Лепра – негізінен отырықшы халықтар арасында көп кездесетін ауру. Біздің тұжырым бойынша  бұл  жұқпалы індет «Ресейден орыс-казактар арқылы келген» деген дұрыс сияқты. Қазақ халқының басына отарлаушылардың алып келген зұлматтарының бірі деп ойлаймыз. Негізінен мал шаруашылығымен айна­лысқан көшпелі қазақтардың ба­лық­шылықпен айналысып, әлеу­­­­меттік-тұрмыс­тық ­жағда­йы­ның күрт өзгеруі, тіпті төмен­деуі, шо­ғыр­­ланып ұжымдық шаруа­­шы­лықпен айналысуы (теңіз жаға­сын­дағы балық­шы қостарында топ-топ болып шоғырланып өмір сүру), тамақтану мәдениетінің өзгеруі, яғни біркелкі негізінен балық өнімдерін тұтыну (әсіресе қыс мезгілінде бірыңғай тұздалған балық жеу), ашаршылық және т.б. адамның иммунитетін төмен­де­тетін өте ауыр жағдайлар, арнайы эпиде­мияға қарсы іс-шаралар болма­ған кезеңде бұл ауру туралы мағ­лұматы төмен тұрғындар арасында жағдайдың ушығуына әсер еткен тәрізді. Сол маңда тұратын, негізінен мал шаруашылығымен айналысқан елді мекендер арасында дерттің таралуының әлдеқайда төмен болуы бұған қосымша дәлел болады. Ол жерлерге лепра негізгі көрші балықшы ауылдардан енген.

Індеттің тұрғындар арасында ұлт ерекшелігіне қарамастан, пропорционалды түрде тарағаны туралы ғылыми деректер бар, яғни індет ұлт немесе ұлысты таңдамаған. Салыстырмалы түрде айтсақ, бомба түскен аймағын белгілі бір радиус­та зақымдайды. Ол аймақтағы адамдардың тегіне, тіліне, дініне не басқа ерекшеліктеріне қарамайды. Десе де, одан белгілі бір қорғаныс құралы арқылы аман қалуға болады. Біздің жағдайда ол құралдың аты иммунитет.

Әлі де болса, лепра әлемнің бірқатар ел­дерінде қоғамдық ден­саулық сақ­таудың өзекті мәсе­ле­лерінің бірі болып қалуда. Қуанарлық жайт, біздің елімізде лепраға қарсы бағытталған жал­пымемлекеттік пәр­менді іс-шара­­лардың арқа­сында аурудың оша­­ғы өшті, біз аурудың тек алыс зардап­тарымен ғана күре­суде­міз. Ел тұрғындарының басына түскен осы бір ауыр кеселден арылу жолында талай шаралар қабылданып, жұмыс­тар ат­қарылып, талай азаматтар тер төккені сөзсіз.Солардың өнегелі өмірін келер ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз деп білемін.

Қазақстандағы лепраға қарсы күрестің басталуы 1929 жылы Қазақ лепрозорийінің ұйым­дасты­рылуымен тікелей сабақтас. Қазақ лепрозорийінің базасы ретінде Қы­зылорда қаласынан 9 шақы­рым­дағы австриялық әскери тұт­қын­­дарға арналған колонияның бұрынғы ғима­раты таңдалды. Бұл ғимарат қамке­сектен салынған жеті бір қабатты үй еді. Онда стационар, амбулатория, лаборатория, дәріхана, кір жуу бөлмесі, санитарлық өткізу бөлмесі орналасты. Дегенмен, мекен-жай онда ауру адамдарды орналастыруға жарам­сыз болатын.

Жаңа анықталған сырқаттар санының өсуі лепрозорийдің тө­сек­тік қорын ұлғайтуды талап етті. Сонымен, 1936 жылы онда – 108, 1941 жылы – 296, 1949 жылы – 473, ал 1959 жылы 876 лепраға шал­дық­қан науқас жатты.

Жеткілікті материалдық база­ның болмауы стационарлық сыр­қаттар арасында ерекше тығыздық жасады. Қолдағы бар ғимаратқа түрлі қосымша құрылыс жапсыру арқылы лепрозорийді кеңейтудің көптеген талпыныстары қалаған нәтиже бермеді. Қалыптасқан жағ­дай жаңа лепрозорий салу мәсе­лесін алға тартты.

Соған байланысты Қазақ КСР Үкіметінің 1956 жылдың желтоқсан айын­дағы қаулысымен Тал­дыарал тоғай­лығынан жер учаскесі мен лепрозорий ғимараты кеше­нінің құрылысына қаржы бөлінді. Бірақ құрылыс жұмысы тек лепро­зо­рийдің басшылығына 1963 жылы тұңғыш рет жергілікті маман, Қазақ­станда лепрология саласының қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан тұл­ғалардың бірі – Владимир Сергеевич Сим келгеннен кейін жандана түсті. 1966 жылдың мамыр айында емдік кешеннің бірінші кезеңінің құрылысы біткен соң лепрозорий жаңа учаскеге ауыстырылды. Одан кейінгі жылдары (1966-1968) екінші кезеңнің құрылысы жалғастырылды – қыз­меткерлерге арналған тұрғын үй қалашығы тұрғызылып, қазіргі Талдыарал елді мекені салынды. Қазақстанда лепраның толас­тауына, лепрология саласының қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан тұлғалардың бірі және бірегейі – Владимир Сергеевич Сим. Енді ол туралы толығырақ баяндайық.

Қызылордаға корей ұлтының келуі Қиыр Шығыс өлкесінен олар­дың жер аударылуына байланысты болған. КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі мен БК (б) П Орталық Комитеті бірігіп шығарған «Корей халқының Қиыр Шығыс өлкесінің шекаралық аудандарынан көшіру туралы» қаулысында (1937 жыл­дың 21 тамызы) бұл бір ауыз сөзбен: «Қиыр Шығыс өлкесіне жапон шпионажының еніп кетуіне жол бермеу мақсатында» деп дәйектелген.

Ата анасының жер аударылып келгені жөнінде мақала кейіпкері өз өмірбаянында былай деп жазады: «Мен, Сим Владимир ­Сергеевич, 1925 жылы 31 желтоқсанда Приморск өлкесі, Шкотов ауданында, шаруа отбасында дүниеге келдім. Әкем – Сим Се Хеб, 1893 жылы дүниеге келген, «Новый мир» колхозында жұмыс істеді, анам  Ким Ок Тан 1910 жылы дүниеге келген. 1937 жылы ата-анам Қазақ КСР-нің Қызылорда облысы  Арал ауданы Қамбаш елді мекеніне қоныс аударды. Мен осы жерде қазақ мектебінің 5-сыныбына қабылдандым. 1938 жылы Қазалы ауданындағы Ленин атындағы кол­хозға көштік».

Владимир Сергеевич Симнің отбасы 1938 жылы Қызылорда қаласына көшіп келіп, ол өз оқуын К.Е.Ворошилов атындағы орыс мекте­бінде жалғас­ты­рады. 1940 жылы 7-ші сыныпты тәмамдағаннан кейін медициналық училищеге оқуға түсіп, 1942 жылы аталған оқу орнының толық курсын аяқтап, фельдшер мамандығын алады. 

1942-1944 жылдар аралығында Қырым медицина институтының сту­денті болып, ВЛКСМ қатарына мүше­лікке қабылданды, белсенді ком­сомол­дық жұмыстар жүргізді. Тұрмыс жағдайының ауырлығына байланысты 1945 жылы Қазақ мем­лекеттік медицина инсти­туы­ның емдеу факультетіне ауысып, 1948 жылы оқу орнын табыс­ты аяқтады.

1948 жылы еңбек жолын Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласында бастады. 1948-1953 жылдары сот-медициналық сарап­тама бюросының бастығы, 1953-1955 жылдары Қы­зылорда қала­лық  денсаулық сақтау бөлі­мінің мең­герушісі, 1955 жылдың қараша айы­нан 1963 жылдың тамыз айына дейін облыстық денсаулық сақтау бөлімі меңгерушісінің орын­басары қызметін атқарды.

ҚазКСР Денсаулық сақтау минис­трінің 1963 жылы  5 та­мыз­дағы №273 бұй­рығымен қыз­меттік ауысу тәртібімен Қы­зыл­­орда облыстық денсаулық сақ­­­тау бөлімінен Қазақ респуб­лика­лық леп­розорийінің бас дәрі­гері болып тағ­айындалды. Оның алдында Қазақ респуб­ликалық леп­ро­зорийін А.А.Шела­ковский 1951 жылдан 1953 жылға дейін, Э.И.Йоффе 1953 жылдан 1954 жылға дейін, Л.Я.Клопенко 1954 жылдан 1963 жылға дейін басқарған болатын. Бәрі де ­Москва тағайындаған, Ресейден келген кадрлар еді. Ал В.С.Сим ұлты кәріс болғанымен, лепрозорий басшылығына тағайындалған тұңғыш жергілікті кадр болды.

Ол 1965 жылы КПСС мүшелігіне қабылданды. Қазақ республикалық лепрозорийі мекемесінің бас дә­рігері лауазымында жүріп, «Леп­ра­ның  Қазақ КСР-де таралуы. Онымен күресті ұйымдастыру және көк­жиектері (перспективалары)» тақы­рыбында кандидаттық диссертация жазып, оны 1974 жылы Астрахань қаласындағы Бүкіл­одақ­тық лепрология ғылыми-зерт­теу институтында сәтті қорғап шықты.

Алматы мемлекеттік медици­налық институты ғылыми кеңесінің 1974 жылғы 8 қазандағы шешімімен (№4 хаттама) оған медицина ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесі беріліп, ол лепрология ғылымы бойынша Қазақ КСР-де тұңғыш медицина ғылымдарының кандидаты болды. Диссертацияда 1929-1970 жылдар аралығындағы лепраға шалдыққан 3734 ауру адам талданып, олардың әлеуметтік статусы, лепра кеселінің түрлері және т.б. маңызды тұстар жете зерттелді. Ол лепра тақырыбында ғылыми басылымдарда бірнеше ғылыми мақалалар жариялады. Оған қоса лепрозорий қызметкерлерінің де ғылыми мақалалар жазуына ықпал етті. Лепра дерті бойынша одақтағы және шет елдегі жаңалықтарды қамтыған ғылыми басылымдарды, сондай-ақ әдеби кітаптарды жинақтаған лепрозорий жанынан бай кітапхана ұйымдастырды. 

Бұл жұмыстар өз кезегінде аурушаң­дықтың төмендеуіне тіке­лей ықпалын тигізді.

В.С.Сим Мәскеудегі тері-венеро­ло­гиялық орталық институ­тының лепрология бөлімінде, Астархань қаласындағы лепраны ғылыми-зерттеу институтында лепра дертінің қыр-сырымен таныс­ты. Жоғары санаттағы денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы социал-гигиенист. Лепра кеселі бойынша эндемиялық ошақ саналатын Арал және Қазалы аудандарына жиі іссапарға шығып, дерттің кең таралмауының алдын алу жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ еліміздің басқа облыстарында тұратын науқастарды да бақылауды қолға алды.

Қазақ республикалық лепро­зорийі қазіргі заманғы мамандан­дырылған емдеу мекемесі ретінде көпке танылды. Онда опера­циялық және оқшаулау бөлімі бар стационар, рентгендік және физио­­терапевтік кабинеттер, тіс дәрі­герлік кабинеті мен тіс протездеу лабора­ториясы, түрлі басқа лабораториялар – клиникалық-диагнос­тикалық, патогистологиялық және биохимиялық, дәріхана, асхана, ауру адамдарға арналған клуб пен науқастардың сырттан келген туысқандарына арналған бөлмелер ашылды.

Лепрозорийде лепраға қарсы барынша жаңа препараттар қолда­нылды. Науқастардың қажетті маман­­дандырылған медициналық көмек түрлерін – хирургиялық, орто­пе­диялық, физиотерапевтік, стома­­тологиялық және басқаларын алуға қолдары жетті.

Аймақта емдік-профи­лак­­ти­­калық шаралар кешенін өткізу және өмір сүрудің әлеу­мет­тік-экономикалық жағдай­ла­рын жақ­сарту нәтиже­сінде тұр­ғын­дардың лепрамен науқас­тануы 1958 жылмен салыс­тырғанда, сегіз есеге азайды және оның одан әрі төмен­­­деуіне барлық алғышарттар жа­салды.   

Оған Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрінің 1975 жылғы 20 мамырдағы бұйрығымен жоғары санаттағы денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы, әлеуметтік гигиенист біліктілігі берілді. 

Ол облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бірнеше алғыстарымен, Қазақ ССР Денсаулық сақ­тау министрінің бірнеше алғыс­тары­мен, «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен, Қазақ ССР Жоғары Кеңесінің 2 грамотасымен және Құр­мет грамотасымен марапатталды. 1966 жылғы 2 желтоқсанда «Ерен еңбегі үшін» үкіметтік медалін иеленді.

1986 жылы құрметті еңбек дема­лысына шығып, 1989 жылға дейін лепрозорийде еңбек етті.

Көзкөргендер лебізі

Серік Сейітназаров, медицина ар­дагері, Талдыарал елді мекенінің тұр­ғыны: «Мен 1975 жылдың 22 қаң­та­рында Қазақ республикалық лепро­зорийіне эпидемиолог-дә­рі­гер көмекшісі ретінде жұмысқа қа­был­дандым. Ол кезде бас дәрігер Владимир Сергеевич Сим еді. Ол адамгершілігі мол, парасатты, әрбір қызметкер мен жұмысшылардың жан дүниесін түсінетін және керек кезде қолдан келген көмегін аямайтын ерекше адам еді.

Кәртайған ата анама қарайлап, жоғары оқуға бара алмадым. Жұмысқа тұрғаннан үш айдан кейін әкем дүниеден өтті. Алайда жоғары білім алсам деген құштарлығым басылмады. Үш балам бар. Қалай болғанда да сырттай оқысам да жоғары білімге қол жеткізгім келді. Дәрігерліктің сырттай оқуы жоқ. Сол себепті бухгалтер, экономист болғым келді. Оған түсу үшін де алдында есепші болып жұмыс істеу керек. Осы ойыммен бас дәрігерім В.С.Симмен бөлістім. Ол менің ойымды бірден қабылдап, 1977 жылы бухгалтерлікке ауыстырды. Сол жылы Алматы ауылшаруашылық институтының экономика және бух­галетрлік есеп факультетіне сырттай оқуға түстім. Оны 1980 жылы бітіріп, 1983 жылы бас дәрігер В.С.Сим менің құжаттарымды Ден­саулық сақтау Министрлігіне жолдап, олардың келісімін алып, мені Қазақ республикалық лепро­зорийіне бас бухгалтер етіп таға­йындады. В.С.Сим кезінде маған: «Оқуға түстің, қабілетің зор, сенің оқуды жақсы бітіретініңе сенімім мол. Қазіргі бас есепші В.С.Пак зейнеткерлікке шыққанда, сені міндетті түрде бас есепші етіп тағайындаймын» деп уәде берген еді. Уәдесінде тұрды, бас есепші болдым.

Мұны айтып жатқаным, менің арманыма қанат бітірген, ұлты басқа болса да, туысымдай қам­қорлық көрсеткен В.С.Симнің жақ­сылығын ешқашан ұмыт­пай­тыным. Мұндай жақсылық істеу екінің бірінің қо­лынан келе бер­мейді».

Алихан Наурызбаев, еңбек ар­дагері, Талдыарал елді меке­нінің тұрғыны: «Мен 1969 жылы жұмыс бабымен Талды­арал елді мекеніне отбасыммен көшіп келдім. МИС – Талдыарал ауы­лының байланыс бөлімінде жұмыс ат­қардым. Ол кезде «МИС»-тің директоры Ким Данчер еді, ал леп­розорийдің бас дәрігері Сим Владимир Сергеевич болатын. Ол кісі маған лепрозорийдің АТС-ін қабылдауымды ұсынды. Сол кезден бастап мен осы мекемеде АТС меңгерушісі болып қалдым.

В.С.Сим өзін бас дәрігермін деп жоғары ұстамайтын. Қарапайым адам еді. Бірге балық аулап, әзілдесіп жүре беретінбіз. 1970-1971 жылдары медицина қыз­мет­кер­лері күніне байланысты спартакиада өткізіліп тұратын. Мен волейболдан лепрозорийде жұмыс істейтін қыз-жігіттерден команда құрдым. Команда 5 жыл қатарынан облыс бойынша бірінші орынды иеленіп, кубокпен және  грамоталармен марапатталды. Өзім бокс­тан және волейболдан көптеген жарысқа, атап айтқанда, 1975 жылы Қызылорда облысындағы, Қарағанды, Алматы, Шымкент қалаларында Қазақстан бірін­шілі­гіне қатыстым. В.С.Сим осы тір­ліктердің атқарылуын өзі бақылап тұратын».

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, ол ал­дына көмек сұрай келген адам­ның жағдайына жан-жақты қарап, ешқашан көмексіз қайтар­майтын. Қиналған адамға көмек көрсетуге тырысатын» деп В.С.Симнің аза­маттық бейнесін қағаз бетінде өрнектеді Орынбасар Жұбаниязұлы ағамыз кезінде өзі жазған «Сырқат аты – бетперде» атты кітабында.

Міне, Қазақ республикалық лепро­зорийінде 23 жыл бас­шы­лықта болған, өз өмірінің ширек ғасы­рын Қазақ лепроло­гиясының қалып­тасуы мен ны­ғаюына ар­наған, елі­міз­дегі лепра кеселінің толас­тауы­на айтарлықтай еңбек еткен кең жүректі тұлға Владимир Сергеевич Сим осындай асыл адам еді.

М.Сейталиев,

«Қазақ республикалық лепрозорийі» ММ басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<