Киелі жерді қастерлеу – өз қадіріміз

1769

0

Қалжан ахун 1862 жылы Хиуа хандығында дүниеге келген. Әкесі Бөлекбай Хиуа хандығының бегі болған, Қарақалпақ еліндегі қазақ жұртына басшылық жасаған. Хан алдында аса беделді болған тұлға. Ол кісі 1875 жылы дүние салған.

Жетпіс жеті жасында көрген баласына Қалмұханбет деп есім берген, кейін еркелетіп оны «Қалжан» деп атап кеткен. Қалжан баба тарихта да сол атымен қалды.

XIX-XX ғасырдағы қазақ діни қайраткерлерінің көбісі Бұхарадағы аты әлемге әйгілі «Көкілташ» діни медресесінен білім алған.

Көкілташ медресесі туралы Мәшһүр Жүсіп бабамыздың «Көкілташта сытқамыт қылған адам не бай болып, не әулие болып, не молда болып шығады, құралақан шықпайды» деген екен. Осының өзінен бұл медресенің дәрежесін аңғара беруге болады.

Медреседе оқығандардың тізімінде Қалжан ахун Бөлекбайұлының аты ерекше аталады. Ол – Сыр өңірінде мешіт-медресе салдырған ағартушы, заңгер, ұстаз, шайыр болған сегіз қырлы, бір сырлы адам.

Қалжан ахун есімі өткен дәуірдегі коммунистік идеологияның көлеңкесінде қалды. Еліміз тәуелсіздік алған жылдарда ғана ахун есімі Сыр тарихында жаңғыра бастады. Дін қайраткері салған мешіт-медресе күрделі жөндеу көріп, рухани қадемізге асты.

Әңгімені бірден осы мешіт-медресеге қарай бұрайық.

Қызылордадан батысқа қарай Тереңөзекпен төтелей жолға шыққан кісі алпыс шақырым шамасында алыстан көз тартатын аса биік емес әдемі бір кешенге кезігеді.

Бұл – 1910-1916 жылдары Қалжан ахун салдырған мешіт-медресе. Күмбезі жоқ, кенересі кең, кірпіші де кәдуілгіден бөлек. Айналасын жасыл желек жапқан осы бір ғимарат көзге ыстық, өзіне қарататын бір тылсымы бардай. Алайда, көбіміз ниет қылып, бет сипағанымыз болмаса ат басын бұрып, жолымыздан қалмаймыз.

Неге? Себебі, мемлекет қорғауына алынған тарихи ескерткіштер санатындағы мешіт-медресе аумағы көпшілік тоқтап өтетіндей бейнеге енбеген. Атап айтқанда, адамға жасалған жағдайы жоқ, қосымша құрылыстар салынбаған.

Егер дәл осы киелі орын өзбек не татар жерінде тұрса қалай болар еді? Барымызды неге бағаламаймыз? Қалжан ахун дін ғұламасы ғана емес, аса көрнекті тарихи тұлға. Бұған зерттеу жүргізіп көрген кез келген адамның көзі жетеді.

Патшалық Ресей Қазақ елін эволюциялық жолмен жаулауды ешқашан тоқтатпаған. Қазан, Уфа (Үпі) қалаларындағы медреселерден оқып шыққан біраз дін өкілдерінің орыс көзқарасымен қызмет еткені шын. «Дүмше молда» сөзінің шығу төркіні де сол кезеңге барып тіреледі.

Ал, «Көкілташта» білім алғандар дүние, мал үшін емес, халықтың  тұтастығын қалыптастырып, басқа жұрттың рухани ықпалына түсіп қалмауының алдын алу мақсатында қызмет еткен. Бұл бағыт, әрине, орыс үстемдігіне ұнамады.

Кеңес өкіметінің алғашқы жылдары «қызылдардың» Қалжан ахун соқтырған медресе ғимаратына шошқа бақтыруы бұл тұлғадан халық көңілін суыту саясаты болатын. Бірақ, «су астында асыл тас жел толқытса шығады» дегендей, Қалжан ахунның рух сипаты тарих бетіне шықты.

Жақында біз Қалжан ахун кесенесіне (дәл қазіргі қалпын «Қорқыт ата ескерткіш кешені» деген сияқты әспеттеп айта алмаймыз. Д.А.) арнайы барып, баба рухына дұға бағыштап, рухани тазарып оралдық. «Тазарып оралдық» деген сөзді жай айтып отырғаным жоқ, бұл мекенде ерекше қуат бар, тылсым әлеммен байланысқа түсіріп, жан-дүниеңізді сәулелендіреді. Мұны сіз байқамауыңыз да мүмкін. Алайда, өз бойыңыздағы өзгерістерді сезбей қалуыңыз мүмкін емес. Түсінікті тілмен айтқанда жолыңыз ашылып, жаңа көкжиекке көз саласыз.

Енді осыған мысал келтірейін.

«Бұрын кесене басы қазіргідей емес-ті, 2012 жылы ахунның 150 жылдығы тұсында тамаша қозғалыс болып, мешіт-медресе келбеті бір айшықталып қалды» дейді жергілікті кісілер.

Киелі орынды жөндеуден өткізуге тікелей бастамашы болған және көп күш жұмсаған сол кездегі аудан әкімі Ғизат Әбілтай екенін білдік.

Сондықтан, бұл сауапты істің қалай іске асқаны туралы Ғизаттың өзінен білуді жөн санадық. «Жолыңыз ашылады» дегенге де енді келдік.

«Мен аудан басшылығына барысымен жұмысымды Қалжан ахунға тәу етіп, Құран бағыштаудан бастадым. Кесене басы азып-тозып тұр екен. Содан аудан әкімінің кеңесшісі Отызбаев Сәбит ағамен ақылдасып, сол жылды мәслихат арқылы бекітіп, «Қалжан ахун жылы» деп жарияладық. Кесене басын жөндеуден өткізуді қолға алдық. Кесене ауласына көк желек егіп, өрнектас төсеуді ақшасын келісіп, он-он бес адамы бар бір құрылысшы бригадасына тапсырдық. Бұл бригаданың басшысы орыс жігіті екен. Ол жігіт жұмысқа ықыластана келісті. Бір күні қарасам, кесене басында жүздеген адам жүр. Бұлар қайдан келген деп қарасам, кесенеге жөндеу басталды дегенді естіп, ана ауыл, мына ауылдан келген жергілікті кісілер екен. Сөйтіп, қарқынды басталған жұмыс аяқталуға да жақындап қалды. Мүсінші Жәркен Исмағұлов өзі қолға алған белгі-бюсті тамаша етіп орындап шықты. Кесене түгел қоршалып, құстар жесін деп бидай да егіліп тасталды.

Ең басты мәселе – кесененің жаңбырмен, желмен мүжілген кірпіштерін қайта қалпына келтіру жұмысы еді. Бұл тек «Казреставрация» ғана орындай алатын жұмыс, олардан басқа мекеменің құқы да жоқ. Өкініштісі, бұл мекеме менімен селсоқ сөйлесті. «Биыл ондай жоспарымыз жоқ» деді.

Кесене басына күн сайын көз саламын. Керемет күйге еніп келеді. Тіпті, сметада қаралмаған жұмыстар да істеліп жатыр. Электр жарығы тұғырлары қаз-қатар сап түзеп қалыпты. Енді бізге электр жарығын әкелу бір күш болды. Ауылдан сым тарту үшін сексен бағана керек. Оған қаржы қайда? Бір күні маған темір жол саласы басшыларының бірі Жүсіпов Өмірбек аға хабарласты. Дәл сол кезде Жалағашта Бұхарбай батырға арнап ас беріліп, бәйге берілмекші болып жатқан. Мен «көрші ақысы» дегендей, жүлделеріңнің бірі болсын деп ауданға бір жеңіл көлік апарып бергенмін. Өзімізге жетпей жатса да, бір есебін таптым. Түбі жалағаштық Өмірбек ағам сол ісіме рахмет айтты. Мен де ағама қолқа салдым. Қалжан ахун медресесіне теміржолдан электр жарығын тарта аламыз ба дедім. Ағам бірден іске кірісіп, көп ұзатпай теміржолдан электр жарығын алуға рұқсат беретін техникалық құжатты қолыма ұстатты. Бұл бір ойламаған жерде біте қалған іс болды. Бір күнде кесене басы самаладай жарқ ете қалды. Менің телефоныма дамыл жоқ, екі ауданның ортасынан бір ауыл пайда болыпты, жап-жарық болып тұр» деп таңғалысады. 

Ендігі шешілмей тұрғаны – реставрация. Сондай бір шыр ете қалған телефонымды алсам, «Казреставрация» мекемесінің бастығы екен.

– Сіз аудан әкімі боласыз ба? – деп ол кісі өзін таныстырды. – Кеше түнде пойызбен Ақтөбе жаққа өтіп бара жатып көрдім, жарқыраған жарық астында қимылдаған халық тынбай бір құрылыс жүргізіп жатыр. Түнде жұмыс істеп жатқандар кім деп сұрап едім, ол Қалжан ахун деген атақты әулие кісінің кесенесін жөндеп жатқандар екенін білдім. Мен осындай халық ықыласы ауған адамның жұмысынан бас тартқаныма өкіндім. Ертең саған Шымкенттен арнайы кісілер барады. Менің білуімше, кесене кірпішіне Отырардың топырағы пайдаланылған сияқты. Өздерімен бірге сол жерден бір-ер машина топырақ ала барады. Реставрация жасайды. Ақшасы керек емес, барған бригаданың тамағы мен жатын орнын сайлап берсеңіз болды.

Мен мына кісінің жомарттығына, жақсылығына риза болдым. Не айтарымды білмедім. Айтқанындай бір бригада келіп, жаңғырту жұмыстарын жасады. Кірпіштердің беті тазарып, сынған жерлері жамалып, жаңаланды.

Осының бәрі екі жеті уақытта бітті. Соңынан ойлап отырсам, менің жолым ашылған екен. Содан кейін қандай жұмысты қолға алсам да, сәті түсе беретін болды…

Бұл – Ғизат Әбілтай бауырымыздың айтқаны.

Мен әрине, оны қысқартып жазып отырмын, тарқатып айтсам, Ғизаттың айтқаны тіпті қызық!

Содан бері он жыл өтіпті, ал, мешіт-медресеге қарапайым халықтан басқа көңіл бөлген кім бар? Ешкім жоқ екенін бет-бейнесі айтып тұр. Киелі жер екенін сезесің, көрмейсің, бірақ.

Біз мешіт-медресеге барғанда Қалжан ахун ауылындағы мешіт молдасы Кенжебек Түсмағанбетов те болған еді. Әуелі мешітке кіріп дұға оқыдық. Сосын ол кісі бізге мешіт-медресенің біраз тарихынан сыр шертті.

Негізі бұл медресе есебінде аяқталған құрылыс болғанымен, мешіт есебінде бітпей қалған ғимарат екен. Өйткені бас қақпадан кіргенде екі жақ ғимаратты қосатын орталықтың жоғарғы жағына бірнеше ойықтар қалдырылған. Молда бізге оны бұл жерден тіреулер шығарып, күмбез орнатпақшы болған, бірақ, оған Октябрь төңкерісі болып, кеңестік өкіметтің орнауы мұрсат бермепті деп түсіндірді.

Осы жерден тағы бір қызық көрдік. Медресе кірпіштерінен «Таня», «Нұрғали» деген бірі кирилица, бірі төте жазу әрпінде үшкірмен тырнап жазылған адам аттарын оқыдық. Молда менің төте жазуды оқығаныма риза болып, дұрыс деп құптады. «Мынау анық баланың жазғандары, олар неге реставрация кезінде өшірілмеген?» деп сұрап қала жаздап, тілімізді тістедік. Бұл – да тарих, оларды өшірмеу себептері де сол.

Қалжан ахун мешіт-медресесі 1922-1930 жылдары «Ақжол» мектеп-интернаты, кейін жетіжылдық мектеп болыпты. Міне, балалардың атын жазып жүргені осы жылдар жадын еске түсіреді.

Ал, енді көңілімізді құлазытқан қай көрініс?

Мешіт-медресе мемлекет қарауына алынған, сонда бұған мемлекеттің қаражаты жұмсалса, заңсыз ба?

Кесененің 20 бөлмесі бар (кезінде мешіт-медресе аталғанмен қазір бірде-бір дәріс өткізілмейтін, ағылып халық келмейтін мекенді кесене дегеннен басқа қалай атауға болады? Д.А.). Бәрі де құлазып, құлып астында тұр. Төрт бұрыштап салынған ғимараттың ортасы атшаптырым алаң екен, құрғап, арамшөп басып жатыр. Кезінде бұл алаңқайда құдық болған дейді. Ол құдық қайда? Егер шегендеп құдық қазып, су шығарып қойса, «бұл ол заманның құдығы емес» деп ешкім де айтпас еді ғой. Рас, бұл жерде тұрба қағып, жерасты суын ағызып қойған. Кесене қарауылы Серікбай Ермаханов күн сайын айнала өскен гүлдер мен көкті қолдап суарып отырады. Мұны да көзімізбен көрдік.

Қалжан ахун бабамызға Меккеге кетіп бара жатқан жолында Абайдың әкесі Құнанбай би түсіп, бата сұрапты. Бұл – тарихта қалған анық дерек. Ендеше, алысқа кеткен ахунның даңқы мен құрметін біз неге төмендетуге тиіспіз.

Бұл бабамыздың алған білімі бізде жоғы кәміл.

«Көкілташ» медресесінде он жыл оқыған Қалжан Бөлекбай баласы шариғат және заң саласының оқуын толығымен тәмамдап, оларға қоса философия, астрономия, математика, биология ғылымдарын тауыса оқып, шаруашылық басқару ісін игеріп шыққан. Араб, парсы, шағатай тілдерін еркін меңгерген. Сол алған білімін Сыр бойындағы ел-жұртының балаларына сіңіру үшін медресе салған. 1916 жылы өзі қайтыс болғанға дейін Қалжан ахун балаларды сауаттандыруға тынымсыз еңбек етті. Балаларды оқытқан бұрынғы тар, жағдайы толық болмаған мешіттің сұлбасы да осы медресе маңынан алыс емес, орны жақсы сақталған. Сол ісін кеңейтпек мақсатында толық аяқтай алмай кеткен медресе ғимаратын кеңестік өкімет өкілдері бір кезде бұзып тастамақшы да болған. Сосын ол ойларынан қайтып, қораға, қоймаға айналдырған.

Осынша теперіштен өткен киелі орынның заманға сай жаңғыруына тежегіш болып отырған не жағдай?

Облысқа руханият жанашыры, халық тілегін ықыласпен қабылдай білетін туған жердің азаматы Нұрлыбек Машбекұлының келуі бізді зор қуанышқа бөледі. Бұл – алғаусыз сөзіміз. Енді атқа мінген ел азаматтарына халықтың Қалжан ахунға қатысты, тарихи жәдігер мешіт-медресеге байланысты да тілегі барын жеткізгіміз келеді. Мәселен, бүгінде облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұрған дін қайраткері Қалжан ахун туралы аздаған фото-деректер, мешіт-медресесінің ескі құжаттары осы киелі орынның өзінде болса, құба-құп. Ол үшін мешіт-медресенің бос тұрған бөлмелері жөнделіп, музей ашылып, дәрісханалар қалпына келтіріліп, рахилалар, Құран кітаптары қойылып, жәдігерлер тіріліп, өз мәртебесін иеленсе, бұл ұрпақ парызына адалдық болар еді.

Күллі түркі тәу ететін Қорқыт кешенімен теңесе алатын бір киелі орын болса, оны қасиетті осы Қалжан ахун кесенесінен табуға болады.

Дүйсенбек Аяшұлы,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<