«КӨҢІЛ ӘЙНЕГІНЕН» ТҮСКЕН СӘУЛЕ…

211

0

Жуырда Жалағаш аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Алып ұшқан көңіл-ай», «Сүюсіз өмір жат маған»  кітаптарының авторы Қазына Өзденбаеваның «Көңіл әйнегі» атты  кітабының тұсаукесер салтанаты өтті.
Салтанатты шарада сөз алған аудан әкімі Қ.Сәрсенбаев киелі Жалағаш топырағында дүниеге келіп, сұлу Сырдың жағасында сөз өнерін бойына сіңірген қарымды қаламгер, ерен еңбегімен ел құрметіне бөленген, «Құрмет белгісі» орденінің иегері Қазына Өзденбаеваны жаңа туындысының тұсаукесер рәсімімен құттықтап, ауданның «Құрмет грамотасын» және сый-сияпатын табыстады.
Шарада Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Қ.Жәленова, сонымен қатар ақынның өлеңдеріне арқау болған «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Г.Қуандықова және кітаптың баспадан шығуына демеушілік көрсеткен жеке кәсіпкер Б.Мырзағалиев, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Р.Ералы сөз алып, жастық шағында алып техниканы тізгіндеп, ауданның сан салалы шаруашылығында табанды еңбек еткен Қ.Өзденбаеваның өмір жолынан естеліктер айтты.
Кеште автордың сөзіне жазылған әндері, өлең-жырлары, толғауы, сатиралық туындылары орындалып, жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы».