Көңілден кетпес, жүректен өшпес…

449

0

Ол  өмірінің  өн  бойында  адалдық  дейтін  арда  қасиетті  қастерледі. Ол  уақыт  дейтін  ұлы  мүмкіндіктің  қадірін  мақсатымен  өміршең  ете білді. Елімен  етене  ғұмырында  ешкімнің  ала  жібін  аттаған жоқ. Қарапайымдылығында  қадірі, қанағатшылдығында қасиеті   тұнып, кісіліктің  жейдесін  кірлетпей  күн  кешті. Ол алтын емес, алғыс арқалаған  қалпында өмірден озды. «Өзім» деп  өлермендік танытпаған, дүние емес, дос  жиған кіршіксіз көңілімен мәңгілік  мекеніне аттанды.
Шахарбек Қабылшаев  ел  егемен­дігінің  алғашқы жылдарында  бұрынғы Сырдария ауданына қарасты «КСРО-ның 50 жылдығы» атындағы кеңшарға басшылық жасады. Ол кезең жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетініндей алмағайып заман болатын-ды. Барлық нәрсе, шаруашылыққа қажетті техника, керекті құрал-жабдықтарды былай қойғанда күнделікті азық-түлік, тұрмысқа қажетті ұсақ-түйектің өзі тапшы кез. Соған қарамастан ауыл басшысының алдына  бұйымтайын айтып келген  адамның бетін қайтармай, шаруасын шешіп беретіндігін жерлестері әлі күнге дейін айтады. Кез келген адаммен тіл табыса алатын, іскер, жаны жайсаң жігіттің жомарттығын талайлар тамсана әңгімелейтін.  Ол өзімен тұстас шаруашылық басқарған Әбсәми Оразәлиев, Жетібай Өндірбаев, Өзбекбай Досмағанбетов, Сағындық  Халықов, Айдарбек Қадырқұлов, Сартай Мықанов, Нұрман Жүндабеков, Нартай Әбуов сынды тұлғалармен қойын-қолтық ара­ласып, ел басқарудың қыр-сырын  терең меңгеруге күш салды. Тәжірибелі директорлардың озық жетістіктерін өзіне үлгі тұтты, үйренуге, өзінің басшылық қызметі барысында қолдануға ұмтылды. Сонымен қатар ауылдағы партия, кеңес, кәсіподақ және комсомол ұйымдармен бірлесе отырып, жұмыс жүргізуді басты назарда ұстады. Соның нәтижесінде ол басқарған  кеңшар аудандағы іргелі шаруашылықтардың біріне айналды.
Ол 1972 жылы Ы.Алтынсарин атындағы №147 орта мектепті алтын медальмен бітірді. Туған жерін қалтқысыз сүйетін жас  «ауыл шаруашылығы саласын дамытуға өз үлесімді  қосамын» деп шешіп,  Алматы зоотехникалық институтына оқуға түсті. Оны қызыл дипломмен үздік бітіріп, өзі туған ауылына оралды. Алғашқы еңбек жолын «КСРО-ның 50 жылдығы»  атындағы шаруашылықта 1979 жылы зоотехник болып бастады. Жастайынан алғыр, оқу, білімге ерекше ынталы болып өскен ол өте сауатты, сөзге шешен, тұстастары арасында «қара сөздің ақыны» атанып кеткен арда азамат болатын. Үлкенге ізеті, кішіге құрметі дайын, пейілі бөлек, ағайын-туысқа, дос-жаранға қадірлі еді. Шахарбектің алғырлығы мен көппен тіл табыса білетіндігі, қай істе де дұрыс шешім қабылдауға ұмтылатыны, ең бастысы, халықтың ертеңіне жанашырлықпен қарап, қиын түйіннің қиюын таба ала­тын­дығы әрдайым бағаланды.  
Ол басшылық жасаған жылдары  шаруа­­шылықта мал басы көбейді. Егі­ле­тін дақылдардың көлемі ұлғайып, олардан  алынатын өнім түрлері молайды. Сонымен қатар шаруашылық Сыр өңірінде кештеу қолға алынған көкөніс, бақша дақылдарын  баптауға бет бұрды. Ауылда халыққа қызмет көрсететін әлеуметтік сала нысандары жаңа ғимараттарға көшірілді. Құрылыс саласы да жанданып, бірқатар ауыл тұрғындары, әсіресе жас отбасылар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері жаңа кең де жарық, сәулетті үйлерде қоныс  тойын тойлады. Сол жылдары кеңшар бастауыш партия ұйымын басқарған Әділбек Маханбетовпен, Дахарбек Асқаровпен және Бесарық ауылдық округінің төрайымы Зина Үсеновамен, өзге де қоғамдық ұйым басшыларымен бірлесе отырып, ауыл экономикасын көтеруге күш салды.Туған ауылын  тоғыз жыл абыроймен басқарған   Шахарбектің тағы бір ерекшелігі, жаңа­лықты үйренуден жалықпайтындығы еді. Сосынғы бір атап өтерлігі, еңбек адам­дарына еткен бейнетіне сай құрмет көрсетуді бірінші кезекке қоятын. Қарама­ғын­дағыларға қамқор, ағайын-туыс, өзімен үзеңгілес қызметтестер арасында сыйлы болды.  
Кеңшардан кезінде еңбегімен елге танылған жеке тұлғалар молынан шықты. Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесінің депутаты, атақты сауыншы Күлжан Әуезова, еңбегімен ел құрметіне бөленген шопандар Қалыбай Бимырзаев, Сейітбек Мінайдаров, Байзақ Әубәкіров және басқа озаттардың танылуына шаруашылық басшысы ретінде Ш.Қабылшаевтың да қосқан үлесі қомақты.  
Ол басқарған жылдары ауылды көр­кейту, көгалдандыруға, санитарлық жағ­дайын жақсартуға баса назар аударылды. Әр тұрғынға өзі тұратын көше мен ауласын  абаттандыру, ауылдың тазалығын жақсарту міндеттелінді. Бастауын сол кезеңнен алған көркейту жұмыстары қазіргі таңда игі нәтижесін берді деп сеніммен айтуға болады. Бір кездері ақ шаңдағы шығып жатқан ауыл орталығы қазір адам танымас­тай өзгерді. Көшелеріне асфальт төселіп,  ағаштар отырғызылған. Көкке өрлеген сан түрлі әсем ағаштар, зәулім ғимараттар, саябақ пен демалыс орындары  ауыл ажарын аша түскен. Ауыл аумағы уақыт өткен сайын ұлғайып, кеңейіп келеді. Мұның өзі сол өңірде ауыл адамдарына қалыпты өмір сүруге жағдай жасалғанын көрсетеді. Кәсіпкерлер саны артып, олар айналысатын кәсіп түрі көбейді. Бұрын төрт түлік мал өсірумен, жекелеген қолөнерімен ғана шектелген ауыл тұрғындары бүгінгі күні  кәсіптің түрін жетілдіріп, табыс көзін молайтты. Иә, Шахарбек шаруашылыққа  басшылық етіп жүрген жылдары  көп нәрсені армандайтын. Ауыл шетінен үйрек ұшып, қаз қонар көл жасауға, мектепті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген зәулім ғимаратқа көшіруге, ауыл адамдарының жаппай спортпен айналысып, саябақта серуендеуіне мүмкіндік жасауға, олардың денсаулығы мықты болып, өздері қалаған істерімен айналысуларына ықпал етуге үлес қоссам дейтін. Сол алғаусыз армандарының  көбісі орындалды деуге болады. Ауыл қазір көрікті, көркейген ауылдардың алдыңғы  қатарында.
Өзінің қалтқысыз еңбегімен, өзгеге құрметімен Сыр өңіріне танылған, елге қадірлі Шахарбек Қабылшаевтың ұзаққа созылған ауыр науқастан көз жұмғанына да 100 күн болды. Оның өнегелі  өмірі  көпке  үлгі.  
Ол өзінің өмірлік жары, ұстаз Бибімен бірге бес бала тәрбиеледі. Балаларының барлығының да жоғары білім алуына әке ретінде көп еңбек сіңірді. Қызы Толқын Қабылша – елімізге  белгілі  ақындардың  бірі. Елбасы Н.Назарбаевтың қабыл­дауында болып, өлеңімен ел аға­сының ризалығына бөленген жан. Биылғы жылы Астана қаласында өзінің жеке шығармашылық  авторлық  кешін  өткізді. Астанадағы әдеби қауым ақын жырларын  жылы  қабылдап, оң баға берді. Ұлы  Нұрлыбек мұнай саласында. Дарханы халыққа қызмет  көрсету орталығында заңгер, Айбегі Астанада «Хабар» арнасында тілші, спорт комментаторы, кіші ұлы банк саласында. Бәрі де өз әріптестері арасында беделді, абыройлы, өз істерінің жетік маманы саналады. Әке үмітінің ақталғаны деген осы емес пе?! Бес баладан өрбіген 11 немере Бибі әженің көз қуанышы. «Орнында бар оңалар»  дегендейін, Шахарбек енді осы ұрпақтарымен мың жасап, мәңгі өмір сүрері хақ.

Жұмагүл  БАЛАБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<