Көңілден өшпес бір бейне

427

0

Мен Құдайберген Әбдірахманұлы туралы алғаш рет өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына таман «Бесарық» ауылдық кеңесіне іссапармен барғанда соғыс және еңбек ардагері, қарт ұстаз Таңқашбек Төрегелдиевтен естіп едім. 

– Е-е-е, Ерубайжан, Құдай­бер­ген ағаны айтамысың. Ол кісі азаматтықтың эталоны болатын. Өз кезеңінің бекзаты, зиялы азаматы еді ғой. Құдекеңнен 2-3 жас кіші болатынбыз. Ең алғаш мектебімізге мұғалім болып келген сәті көз алдымда. Бізге сабақ берді. Баршамызды көп бі­летіндігімен, шешендігімен баурап алды. Мұндай қасиетін ауылдың үл­кен-кішісі бағалай білді. «Ұс­таз ағай» деп оған ортадан орын беретін үлкендер.

Келешектің алға басуына  сауатты азаматтарға  сұраныстың  көп болатынын болмысымен се­зінген Әбдірахман жас Құдай­бергенді Жаңақорғандағы  қыш  мек­тепке оқуға береді. Мұн­­да ол на­ғашыларының үйін­­де жа­тып оқиды. Қырсық ай­нал­дыр­­ғанда ұзақ жылдарғы тұрмыс тауқыметі мен жанды жеген ауыр науқас 1929 жы­лы ана­сын алса, келер 1930 жыл­дың көкөзек көктемінде ажал құрығынан әкесі Әбдірах­ман да құтылмайды. Арада ай өтпей жалғыз інісі де бақилық болып кетеді. Осылайша бұға­насы қатпаған Құдайберген тұл жетім қалады. Оған жаны ашы­ған ағайындары Шиелідегі па­насыздар мектебіне (детдом) апарып тапсырады. Кейін  1931 жылы Бесарық ауыл­дық кеңесіндегі «Октябрь» жеті­жыл­дық мектебін әкесінің інісі Аяз­бектің үйінде жатып оқып бі­тіріп шығады. Осында жүріп комсомол қатарына өтеді.   

Құдайбергенге ағасының қа­­лай қамқор болғаны туралы ана­сынан естіген Ниязбек былай дейді:

 – Сол кездері өзіміздің де 2-3 перзентіміз бар. Заман тар. Елді аштық жайлап жатқан кез. Өз балаларымнан өзге Құдайберген, сондай-ақ Әбдуайт және Мәжит деген екі қайным бар. Азын-аулақ тамақты талғажау етеміз. Сонда сорпаның қоюын күйеуім Құдайбергенге құяды. Алланың атымен ант етейін, балаларым мен қайындарым ашқұрсақ қа­лып жатқанын көрген маған  бұл әрекет  ұнамайды. Сонда күйе­уімнің  «балам өлсе, тағы туарсың. Бұл бала – ағамның маған қалдырған аманаты, ал ағамның  көзін өлімге бере алмаймын. Ол бала өлсе, мені ағамның аруағы кешпейді, – деген сөзі тоқтам салды. Абырой болғанда, сол бір қысылтаяң шақтан аман шық­тық, – деп отыратын. Анам марқұм әкемнің әлгі сөзінен кейін Құдайбергенге туған анасындай қарапты. Мұн­дай ерлік тек біздің қазақ әйел­дерінде ғана кездесетін сирек қасиет қой.

Оның оқуға деген құштар­лы­ғын сезген нағашысы Наржан Құдайбергенді Түркістандағы қысқа мерзімді бастауыш мектепке мұғалімдер даярлайтын курсқа апарады. Мектепті үздік бітірген оған курста оқу онша қиындық тудырмаса керек. Оны да үздік бітіріп келіп алғашында, Жаңарық, арада көп өтпей Кеңесарықтағы бастауыш мектепте мұғалім болып ұстаздық етеді. Бір жағынан сол мектептің меңгерушісі қызметін де қоса атқарады.

Жаңашыл жас өз білімінің таяздығын сезініп, 1937 жылы сырттай Қызылорда пед­учи­лищесіне оқуға түсіп, оны 1940 жылы «қызыл дипломмен» бі­тіреді. Осы жылдар ішінде Құ­­­дайберген уақытын тиімді пай­­даланып, облыстық ағарту бө­лімінің жанындағы  орталау мектептерде тарих, география пәндерінен сабақ беретін оқы­тушылар даярлайтын 6 ай­лық  курсты да оқып алады. Із­де­німпаз да еңбекқор жігіт ау­дан басшыларының назарынан тыс қалмайды. Сол кездегі аудандық партия комитеті бас­шы­лығы оны коммунистік партия қатарына қабылдап, 1938 жы­лы аудандық комсомол ко­ми­тетінің ІІ хатшылығына та­­ғай­ындайды. Құдайберген аға осы қызметті 1939 жылға дей­­ін абыроймен атқарып, сол жылы туған ауылындағы «Октябрь» жетіжылдық мектебіне директорлық қызметке жібері­леді. Құдайберген бір көзінің нашар көруіне байланысты соғысқа алынбай тылда еңбек етеді. Ол директорлық қызметте жүрген кезінде мектеп оқушыларын са­бақтан тыс уақытта колхозға кө­мек беру үшін жұмысқа апаруды басқарды. Оқушылар да жазғы демалыста жонда бидай орса, күзде мақта терімге барды.

Соғыс кезінде тыл жұмысшы­лары арасында оларды жұмысқа жұмылдыруға, майдандағы Ке­ңес әскерлерінің жанқиярлық ер­ліктерін халыққа жеткізуде баспасөз бен радионың орны ерекше болды. Дегенмен, алыс­тағы малшы қауым мен жондағы диқандарға соңғы жаңалықтар уақытылы жетпейтін. Осыған бай­ланысты аудандық партия комитеті жанынан үгіт-насихат тобы құрылып, 1943 жылдың наурыз айынан бастап Құдекең насихатшы болып жұмысқа ауы­сады. Ол бұл қызметті де абы­роймен атқарып, соғыс ке­зінде «Барлығы да халық үшін, барлығы да жеңіс үшін!» деп ди­қандар мен малшыларды ерен еңбектің үлгісін көрсетуге ша­қырды. Бейбіт уақытта  ел байлығы мен  ырысын көбей­ту­ге үндеді. Құдекеңнің осы топты басқарып жүргенде өзгелерде кездесе бермейтін бір ерекше қасиетін байқауға болатын. Әріптестеріндей цитаттар жат­тап, ұрандатып жатпайтын. Ол сөзін өте қарапайым тіл­мен сол кездегі жиындарға қаты­сып отырған адамдардың мента­ли­тетіне, дүниетанымына ұғы­нық­ты етіп жеткізе білетін. Қара­пайым малшы мен егіншінің кө­кейіндегі ой-мақсатын жазбай танитын, сондықтан да болар оларға өз ойын ұғындыра біле­тін. Мұның өзі насихатшы үшін басты қасиет болса керек.

Осы қызметте жүргенінде одан көп үміт күткен аудан бас­шылығы сенім артып, 1944 жылдың қыркүйегінде Қа­зақстан Компартиясы Орта­лық комитеті жанындағы бір­жыл­дық партия мектебіне оқуға жібереді. Расында Құдай­бер­ген аға өмірінің соңына дейін білімін жетілдірумен өтті. Сө­­­­зімді нақтылар болсам, аға 60-жыл­дардың басын­да Қызыл­ордадағы  Гоголь атын­дағы пединститутына сырттай оқуға түсіп, оның тарих және география факультетін бітірді.

Аудандық комсомол комите­тінде қызметте жүргенде Қыз­дар­күл Тұр­ғанбайқызымен та­­­­ны­­­сып, 1940 жылдың мамы­рын­­­да от­басын құрды.

– Әкеміз 1943 жылы  отбасымен біржолата Жаңақорғанға көшіп келіпті, – деп еске алады Құдекеңнің үлкен қызы Анар апа өткен күндері туралы әңгіме тиегін ағытып. – Дүниеге Омар-Оспан, Камал, Болат, Мұрат есімді ұлдары мен Анар, Шынар, Жанар,  Ажар есімді перзенттері келіп, оларды өсіріп тәрбиеледі.

Әкем өмір бойы қарапайым киінді және осы әдетін ұл-қыз­дарының бойына сіңірді. Біз әлдебір басшылардың бала­ларындай қымбат киім мен әше­кейге құмар болмадық. Әр киімді ұқыпты, таза әрі талғаммен киюге үйретті. Өтірік айтуға қас болды. Мұның үстіне ақшаны үнемдеп, орнымен жаратуға ма­шықтандырды. Айлығын ал­ған күні қанша ақшаны қайда, неге жұмсайтынын түгел қағазға түсіріп, артығын анамыз­дың қолына беріп қоятын.

– Құдайберген аға бастаған үгіт-насихат тобы үнемі малшылар мен егінші қауым арасындағы жұ­мысын еш төмендетпейді. Ол партия солдаты ретінде пар­тия жұмсаған қай салаға да жұмысқа барды, одан абыройы түскен жоқ. 1955-1956 жылдар аралығында аудандық «Екпінді» газеті баспаханасының директоры қызметін де абыроймен атқарды. Сол кездері Ленинградтан жаңа линотип баспа машинасын алып келді.  Мекеме басшысы ретінде мемлекеттің ет, май, жер, мүлік және көлік салықтарының уақытылы орындалуы үшін ол аттан түскен жоқ. Ауыл-ауылды аралап, ауыл­дық кеңес қызметкерлеріне са­лық жинауға көмек берді. 1956 жылы Жаңақорғанның орта­лығындағы №51 ВЛКСМ-ның ХХХ жыл­дығы атындағы (қа­зіргі Мұха­меджан Қаратаев) ор­та мектепке  мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет ауыстырады. 1967 жылы денсаулығына байланысты Жа­ңақорған кеш­кі село жастары орта мектебі­нің директоры лауазымына та­ғай­ындалады. Арада 4-5 жыл өт­кенде денсаулығының күрт тө­мен­деуіне байланысты ди­рек­­торлықты Әнуар Мәже­нов­ке өткізіп, өзі оқу ісінің меңге­рушісі болды, – деп еске алады Құдекеңнің нағашы інісі, сауда саласының үздігі, еңбек ардагері Тұрғанбек Қал­дарбеков.

«Жаңақорған ауданының Құр­метті азаматтары» 60-жылдарда аудандық білім бөлі­мін басқарған Әбдіхалық Әйті­леуов Құдекеңнің қарапайымды­лы­ғын, 50-жылдары мұғалім, онан кейін бар өмірін партия-кеңес қызметіне арнаған Шайдарбек Әшімов Құдекеңмен кездесе қалса, «оу, шырақ» деп амандасатынын, онымен көрші тұрған Ізатілла Нәрзілдаев әкесінің ол кісімен ағайын болып аралас­қанын, Насыр Сарбасов мектеп директорының сырбаз да сыпайы болғанын айтты.

Ол көзі тірісінде біреудің ала жібін аттамаған, кісі артынан ғайбат сөз айтпай, бар ғұ­мырын ұрпақ тәрбиелеуге, ай­наласын қоршаған жандарға жақ­сылық жасауға арнаған от­ба­сында үлгілі әке, адал жар болды. Абзал жанның есі­мін өзі туып-өскен Бесарық ау­ылдық округінде және саналы ғұмырының көбін өткізген Жа­ңа­қорған кентінде бір көшеге берсе жөн. Өйткені оның өмірі мен атқарған қызметі соған лай­ық.

        Ерубай ҚАЛДЫБЕК.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<