Көңілқос (Жақсылық Рахматулланың рухына)

421

0

Иемнің көрдім салғанын,

Сүйендім қайғы балдағын.

Сүргенім өгей өмір ме,

Сүріне бердім қарға адым.

Мұңым мың батпан тәрізді,

Жырым көзжасын ағызды.

Өзің де жылар едің сен,

Тыңдасаң тағдыр, уа, бізді.

Түн басқан аспан түнерді,

Біз білген дүлдүл дүр өлді!

Тойға деп тоқып гүл салған,

Оранып қызыл кілемді.

Сүңгіңді қалай саласың,

Селдетіп төкті наласын.

Әнебір жылы… әй, тағдыр,

Әкеттің ғазиз баласын.

Баяулап бойда қан ысып,

Қабырғаға өкпе қабысып.

Кешіріп жалған кесірін,

Кеселмен жатты алысып.

Уа, тағдыр, аз ба осының,

Жамандығыңнан шошыдым.

Жақсылық кетті ғайыпқа,

Мен – көптің көңілқосымын.

Ұмытпас оны дала бар,

Ұлықтар оны сана бар.

Сарқытын Саабұлт әулиенің,

Панаңа ал, Аллам, панаңа ал.

Сақтайтын оны ақыл бар,

Жоқтайтын оны жақын бар.

Жұмақтан сарай салдырсаң,

Жаратқан Ием, хақың бар.

Көңілінде кетті құбыла,

Көзінде кетті шұғыла.

Аты мен заты астасқан,

Рахым ет, Раббым, құлыңа.

Қол жайдым арыш көкке ұдай,

Запыран зарым жетті қай?

Дүниеден асыл жан өтті,

Дұғамды қабыл ет, Құдай!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<