Көк теректер бағбанын іздейді

681

0

Алапат соғыстың сойқанын көріп, жеті жыл жорықта болған Батырхан Қалышевтың өмірдерегі, бастан кешкен қиындықтары бізге әскери мұрағаттар арқылы да жақсы таныс.


Майдангер атамыз Батырхан Қалышев 1940 жылы Шиелі әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, кеңес-фин соғысының сақтауда тұрған солдаттарының қатарына кірген. Алдымен, Эстонияның Кингисеп қаласындағы 11-ші атқыштар дивизия¬сына түсіп, олар 8-армияның Балтық бойындағы ерекше әскери округына қосылған. Ал, 1940 жыл наурызда 3 жарым айға созылып, кеңес елін жүз мыңға жуық адамынан айырған соғыс тоқтатылды, фин үкіметі басқыншы кеңестерге Карел мойнағын, басқа да біраз жерін беріп, «бастан құлақ садақа» құтылды.


Артынша бастыстан соғыс өрті бұр етті. Осылайша, 1941 жылы жауынгер Б.Қалышев кеңестер үкіметіне жаңа ғана мойынсұнған Литваның Шяуляй қаласында неміс басқыншыларына қарсы қорғаныс ұрыстарына қатысты. Осы кезден бастап қаншама зырлаған оқтың астында, жалақтаған оттың ішінде жүрді. Соғыстың алғашқы екпіні қатты болды, Сидерей, Шяуляй, Гринкиш қалалары шоқ түскен мақтадай болып жанды. Қаншама адам шыбындай қырылды. Мәселен, 539-зеңбірек полкі бомба дүмпуінен жойылып кетті. Қайта-қайта тың күшпен толыққан дивизияның 4 мың адамынан бір жарым мың ғана кеңес солдаты тірі қалды. Қырғыннан қалғандар Нарва арқылы Фин шығанағына қарай шығандады. Осы тұста жауынгер Батырхан біраз уақыт партизан отрядында жүріп соғысты. Орман ішінде қылт еткенді қағып түсіретін жауынгер ¬Қалышевтың мергендігін майдандастары аузынан тастамай айтады екен.


Кейін қайтадан 219-атқыштар полкіне қосылды. Мергеннің мылтығынан неше немістің ажал құшқаны құжаттарда қатталмаған. Алайда, жауынгер Қалышевтың талай жауды жер жастандырғаны анық. Өйткені әкеміз бейбіт күндері соғыс есіне түссе, тұнжырап үйден шығып кететін болған. Сонда көзіне жан тапсырып жатқан жаулары елестейтін сияқты.


«Батырхан әкеміз етігін шешпей, Балтықты ен бойлай жаяу жүріп өткен адам. Петергов, Ивангород, Сурре-Яан қалалары үшін болған қиян-кескі соғыстардың солығын басқан. Кейде, балалық әуестікпен соғыс туралы сұрай қалсақ, ештеңе айтқысы келмей, шинелін киіп, далаға шығып жүре беретін. Сонда ол бізге қайтадан соғысқа кетіп бара жатқандай болып сезіледі, соңынан үнсіз қарап тұрамыз, тура солдат сияқты, тіп-тік болып кетіп бара жатады», – деп еске алады Батырхан әкенің інісі Пазылханның ұлы Асылбек.


Соғыс аяқталды. Батырхан әкеміз 1947 жылы елге оралды. Немістің оғы Алла-аруақтан күшті емес, бауыры түс көріп, түсінде аян берген атасы «аман келесіңдер» деген екен. Ағалы-інілі Батырхан мен Пазылхан кеуделерінде ордендері жарқырап, аман-есен елмен қауышты. Соғыстан кейінгі қиын кезең. Енді екеуі күн-түні қара жұмыспен алысты.

Колхоздың жұмысын арқаға салып жүріп, тірліктің тұрмысын түзеді. Райхан атты ауыл қызымен бас қосып, түтін түтетті. Осы бір тұста мына бір әңгімені айта кету тақырыбымызға томпақ келмес. Бұл әңгіменің негізгі өзегі бауырдың жанашырлығы, ел ішінің бейнесі дегеннен шығады.


Райхан мен Батырхан отбасын құрғалы он үш жыл өтсе де, перзентті болмады, болса бір қарадомалақ мүшел жасқа келер еді. Туған ағасы Әмірхан соғыс¬тан қайтпады, тұяқсыз қалды. Ал, бұл аман келсе де, қалап алғанынан бір бала сүйе алмай арманда. Былайғы жұрттың аузы жыбырламай тұра ма, бір күні әлдебіреу «қу бас болып өтесің-ау» десе, қайтпек? Соғыстан өлмеп еді, сол сөзден өледі ғой! Бірақ, қалап алғанын талақ тастай алмайды, қиналады.


Бұл қиын түйінді Пазылхан інісі шешті.


Көктемнің бір күнінде Батырхан атқа мініп, егіс жаққа кеткенде Пазекең өгізге арба жегіп, ағасының тоқал тамының алдына көлденеңдетті де:


– Райхан! – деп дауыстады. Үй жинастырып жүрген жеңгесі есіктен басын қылтитты. – Осы үйден алатыныңды ал да, арбаға отыр!

Пазылханның даусы қатқыл шық¬ты. «Неге?», «қайда?» деген жеңгесі жоқ. Бір-екі сырт киімі мен шыт тысты көрпесін арбаға атып ұрды да, өгізді жерден қолына іле салған таяқпен салып жіберді.


– Күйеуімнің иісі сіңген көрпеден басқа нем бар? – деді сосын, дәл осы жағдайға дайындалғандай. Бір әулеттің жібін жалғай алмай отырғаны жанына бататын. Ал, Райханның сол сәттегі өзі ғана түсінетін жан толқынысын біз айтып бере алмаймыз.
Содан Батырхан ағамыз Гаухарға үйленді, жас келіншегі тоғыз бала тапты. Әкеміздің өзі егінші болып, колхозды көктетті. 1975 жылы төрт колхоз бірігіп, Телікөл қой совхозы болғанда Батекең қойма меңгерушісі болды. Бұл жұмысшы дегеннен гөрі қызметкер дегенге келеді. Өйткені совхоздың керек-жарағы, малшының киім-кешек, азық-түлігі түгел осы қоймада сақталады. Сол заттың бәріне егелік қылды. Аларда беделін салып, берерде әділдігін алға тартты. Совхоз директоры Бақтыоразовтың өзі жұрт бір нәрсе сұраса, «Батекең біледі» дейтін. Ол кісі қойманы жөндетіп, қабырғасына ыза тептірмей ұстады. Қазір Ақтоғанда бая¬ғыдан қалған бір нәрсе жоқ, тек сол қойма әлі құламай тұр.


Батырхан әкеміздің туған ауылы үшін жасаған бейнеті де бір дастан. Соғыстан бір-екі жыл бұрын Жуантөбедегі жұртты Ақтоғанға көшіріп әкелген Төлепбай, Қойшыбай, Қазыхан деген азаматтармен бірге ағайынды Батырхан, Пазылхан Қалышевтар болған.


Сол кісілер Сырдың жағасынан сексеуіл сындырып, бұтарлап ат арба, өгіз арбаға артып, сонау Сұлутөбе стансасына апарып, пойызға тиейтін. Белшеден бейнет кешіп жүрген солар осы кезде небәрі жиырма жастың о жақ, бұ жағындағы жігіттер екен ғой. Сол кезде көмір – қол жетпейтін зат, Қызылорда қаласындағы барлық мекеме мен мектептер сексеуілмен жылытылады. Сонда бұл кісілер жетпіс шақырым жердегі стансаға апаратын арба-арба отынына ақша емес, көшет шыбықтарын алады. Ағашты ағашқа айырбастағанда азаматтар ауылдың болашағын ойлады. Ауыл ортасына алма, тұт сияқты жеміс пен тал-терек көшеттерін әкеліп отыр¬ғызды. Негізі бұл өңірде өсетін талдар жатаған келетін, ал, табиғаты бөлек ағаштар осы топырақты жерсінді.

Қазір Ақтоған ауылында көкке шаншылған сол теректер әлі бар. Сексен жылдан бері өзін қолмен отырғыз¬ған бағбандарын іздеп, мойнын созып биік қарап тұр…

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<