Көркемдік көкжиегі

1446

0

Қазақ айтыс өнерінің басты белгісі – қанатты домбыраны сахнадан жиі көргенімізбен, оның авторы Серік Пірмаханов екенін жалпақ жұрт біле ме екен? Қасиетті қара домбыраның қос қанатын қомдап ұшқалы тұрған қыранға ұқсайтын бейнесі айтысқа шыққан ақынға шабыт, тыңдаушыға талғам сыйлайтын. Қазір ғой сахнаны жарқ-жұрқ еткен лед экрандар мен арнаулы эффекттер жайлап алғаны.

Қоғамда адам тіршілігінің барлық саласының көркемдік жағына баса назар аударылуы керек. Өнердің қара шаңырағы – театр болса,  сол театр әле­мінің режиссура саласындағы қиын да күрделі сахна көрінісіне нәр бере­тін – сценография. Осы ретте театр сах­­насының безендірілуі, жалпы деко­рация туралы сөз қозғалса, Серік Пірмахановтың есімі ерекше аталады. Театр суретшісінің ойын, ішкі жан-дүние­сіндегі сезімін ауызша емес, сахналық көркемдеумен жеткізетін Серік Пірмаханов Алматыдағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет учи­ли­щесін бітірген. Еңбек жолын Қызыл­орда облыстық драма театрында суретші-декоратор болып бастады. 1972 жылдан бастап Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музы­калық драма театрында бас суретші болып қызмет атқарған оның еңбек кітап­шасында бір ғана мөр, яғни «жұмысқа қабылданды» деген белгі бар. Себебі ол осы қызметті 50 жылға жуық үздіксіз атқарды. Театрдың табысты жұмыс жасауына ақ адал еңбегімен тер төкті. Ол көркемдеген көптеген спектакльдер суретші қиялының жүйріктігін, сахна ерекшелігін, драматургия табиғатын танытты.

 Өзінің шығармашылық тәжірибесі мен мол ізденісінің арқасында театр­да  үш жүздей спектакльді көркемдеп, біршама жетістіктерге қол жеткізді. КСРО Суретшілер одағының, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының мүшесі, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері» атағына ие болды. «Өмір жолы», «Ақан сері-Ақтоқты», «Король Лир», «Сау басыма сақина», «Аққу-Жібек» спектакльдерінің көр­кем­дік шешімі үшін халықаралық, рес­пуб­ликалық байқауларда, фестивальдарда жеңімпаз, лауреат атанды.

Суретшінің зор табысы – Ф.Шил­лердің «Зұлымдық пен махаббат» трагедиясының көркемдік шешімдері. Бұл қойылымда жаңа сценографиялық тілмен спектакльдің трагедиялық үнін философиялық ірілікке көтере алды. Осы еңбегі үшін Германияда өткен Бүкілодақтық фестиваль дипломына ие болды. Ол көркемдеген «Макбет», «Мұстафа Шоқай» қойылымдары да жоғары бағаланды.

Серік Пірмаханов тек қана Сыр театрында ғана емес, Семей, Жетісай, Шымкент облыстық драма театрларында да спектакльдер көркемдеп, Жетісай театрының спектаклі 1982 жылы Бүкіл­одақтық байқаудың жүлдесін алған болатын.

Театрмен ғана шектелмей, респуб­ликалық, облыстық деңгейде өткен іс-шараларды ерекше қолтаңбасымен безендіріп, тақырыпқа, уақыт талабына сай өзіндік атмосфера қалыптастырды.

Қазақстан Театр Қайраткерлері ода­ғы тағайындаған шығармашылық еңбектің ерекше жетістігі үшін бе­рілетін «Еңлікгүл» сыйлығының ал­ғаш­қы иегері атануы оның еңбегіне берілген баға еді. Сондай-ақ театр ұжымымен бірге шетелдерге барып, қазақ өнерінің мәртебесін халықаралық деңгейге көтеруге еңбек етті.    

Серік Пірмаханов 2017 жылы дүние­­ден өтті. Суретші жеке шы­ғар­машы­лығындағы ізденістері мен туындылары арқылы өзіне ғана тән ерекше стилін қалыптастырып кетті. Өз ісінің хас шебері биыл 80 жасқа толар еді. Ардақты ағаның жасаған еңбектерін, өмір мен өнердегі асыл қасиеттерін ұмытпаймыз. Көңілі көктем, мінезі жаздай жадырап жүретін жанның өнегесі театр сахнасында тұрақтап, тарих парақтарында сақталатынына сенім мол.    

Ұлбосын Мұхамбетқызы,

театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, театртанушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<