“Көрші әже”

1106

0

Біршама уақыт бұрын Астана қаласына көшкен көршіміздің үйін ерлі-зайыптылар сатып алды. Жаңа көршілерімізді ерулікке шақырдым. Көршілерім бізден мүшелге кіші, жайдары мінезді жандар екен. Таныстық. Жаңадан көшіп келген көрші келіншектің атын естігенде көңілім қобалжып кетті. Орынкүл, яғни, менің анам аттас екен. Ал әйелім болса орнынан тұра сала өзінен жасы кіші келіншекке сәлем салды. Бұл оның марқұм анама, қайын енесінің есіміне білдірілген құрметі болатын. Сол күннен бастап мен де, жұбайым да көрші келіншекті «мама», немерлерім мен келіндерім «көрші әже» атап кетті. Орекеңнің жолдасы Нұрлан да өзім сияқты мұғалімнің баласы екен. Әкесі Ертас ағамыз Жаңақұрылыс ауылындағы мектепте ұстаз, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, анасы Күнқияш апай сол білім ордасында ұзақ жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шығыпты. Нұрлан мен Орынкүлдің отбасында Берік, Ернар есімді қос ұлы мен Ақерке атты қызы бар. Баршасы білімге құштар жастар. Берік пен Ернар арнаулы орта оқу орнын бітірсе, Ақерке №70 Жанқожа батыр атындағы орта мектептің оқушысы.

Әңгімесін ата-енесі, қайын апасы, қайнысы туралы жақсы лебізден бастайтын Орынкүлдің келін ретінде қос қарияға деген құрметіне риясыз сүйсінемін. Кеудемді «қазақтың әр келіні осындай болса» деген ой кернейді. Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Орынкүл Шүйіншалиева – өз мамандығын бәрінен жоғары қоятын жан.

Осындайда Ыбырай атамыздың «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген сөзі жадыңа оралады. «Ұстаздық еңбегіне табыс тілеймін, көрші әже» деп іштей тебіренеміз.

Біз тұратын Сырым батыр көшесінің тұрғындары өте керемет адамдар. Тіл-көзден сақтасын. Бірімен бірі туыстай араласады. Мұндай татулықтың өмірде жиі кездесетініне жуырда тағы да көзім жетті. 

Ташкент қаласында Мадина Сайдуллақызы есімді эндокринолог-дәрігердің қабылдауында болдым. Кабинет иесі биязы мінезді адам екен. Қазақстаннан келгенімді естігенде ерекше ілтипат білдірді. Оның себебі де бар болып шықты. Балалық шағында Мадина ерлі-зайыпты қазақтармен көрші тұрыпты. Үйлерінде кішкентай бала болмағандықтан, олар да Мадинаға қатты бауыр басқанға ұқсайды.

– Үйіне жиі баратынбыз. «Көрші әже» атап кеттік. Барған сайын бізді  баласынбай, қазы-қарта қосып ет асып беретін. Туған әжеміздей жақын тұттық. Арада қанашама жылдар өтсе де, сол қазақ апайды, көрші әжені әлі күнге ұмыта алар емеспін, – деген Мадинаны қызыға тыңдадым. Кеудемді мейірімді бейтаныс қазақ анасына деген мақтаныш сезімі билеп алған-ды.

Аман болыңыздар, көршілер!

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<