Лекторлық шеберлік

1133

0

1976 жылы 2-курста оқып жүрген кезіміз. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Х.Нұғманованың пе­дагогикадан оқитын лек­ция­сын тыңдауға аудиторияға жи­налып күтіп отырмыз. Бір кезде апайымыз жарқ-жұрқ етіп кіріп келе жатты. Сәнді киінген, өзі ажарлы адамды ерекше талғаммен таңдалып киілген киім-кешек одан са­йын құл­пыртып жібер­ген. Лекторды тыңдап, бір-бі­рімен салыстырып, пікір түю­ге қалыптасып келе жат­қан­быз. Хадиша апай лек­цияны өте жақсы оқыды. Лек­цияның материалын жақ­сы игергенін, теориялық білі­мінің лекция тақырыбына орай жеткілікті дәрежеде еке­нін байқап үлгірдік. Лек­ция арасында апайымыз орыс педагогтарының кейбір сөздерін орысшалап та айтып жіберіп отырады екен. Ол кезде бұндай жағдайдың ешқандай сөкеттігі жоқ, ке­рісінше апайға жарасып-ақ тұратындай көрінген.

Қазір біліп жүрміз ғой, жақ­сы лектор болу үшін көп нәрсе керек. Әрине, ең бас­тысы – білім. Ал сол біліміңізді аудиторияға жет­кізе алу-алмау деген де – үлкен мәселе. Кез келген пәнді оқытудың өзіндік қыр-сыры өте көп. Сондықтан болар, ме­тодика, яғни, оқыту өзгеше ғылым саласы болып қазір пе­да­гогиканың ажырамас, құ­рамдас бөлігіне айналып кет­ті. Хадиша апайымыздың өз пәнін жақсы білетіні өз ал­дына, ойын сондай сабырлы, нақты мысалдармен жақсы тұз­дықтап жеткізеді екен. Өзі әдемі адам, сөйлегенде, лек­ция оқығанда ерекше бір күй­ге түсіп, шабыттанатыны бай­қалады. Апайдың лек­тор­лық ерекшелігінде ар­тис­­тік өне­рінің эле­­мент­тері көзге көрініп тұр­­ды. Нағыз лекторға бұл да ке­рек.

Лектордың сыртқы келбеті, киім киісі, жүріс-тұрысы, бә­рі әдемі болуы керектігіне қо­са, ішкі дүниесі, яғни, жаны сұлу болуы тиіс. Студенттер, аудитория бәрін байқап оты­рады, яғни лекторға ішкі, сырт­қы қасиеттерін жарқырата көр­сету үшін әдемі мінез ке­рек.

Хадиша Ермақашқызы мі­­незді адам болатын. Ол лекция оқып тұрып-ақ, жай­дары мі­незін, жанының сұлу әлемін жарқырата көр­се­тетін. Содан болар, оны тың­даған жұрт ынты­ғып оты­рар еді.

Ұлы Абай «Екі түрлі нәр­се ғой, Сыр мен сым­бат» деп, ішкі және сыртқы сұлулық­тың бір-бірінен бөлек дүниелер екенін айтқанда, олардың өза­ра үйлесімін, келісімін жоқ­қа шығарған жоқ. Сырт­қы және ішкі сұлулықтың үн­дескен әсем гармониясы, бә­рінен бұрын, міне, осы лек­торға керек. Жақсы, сұлу лек­тордың түр-түсі, кескін-келбеті ау­ди­торияға қандай әдемі әсер берсе, оның ішкі жан дүниесіндегі жылу мен сәуле аудиторияға жан бітіре түсіп, тыңдаушыларын ғылымның си­қырлы әлеміне тарта түседі. Хадиша апамыздың бо­йын­да, міне, осы қасиеттер бар еді. Университет қабыр­ға­сын­да 40 жылдан асты, өзім де лекция оқып келе жа­тыр­мын. Шебер лектор біл­генінің бәрін 1-2 лекцияда ақтара салмайды. Көп нәрсені шетінен мү­жіп, аз-аз­дан беріп, тың­даушыға жет­кізіп оты­ру оңай ша­руа емес. Мі­не, осы жер­де лек­тор­ға методика кө­мекке ке­ле­ді. Демек, жақсы лектор болу үшін, алдымен ме­то­дист болу керек екен. Хадиша Ермақашқызы сынды лекторлардың тәжірибесі осы­ны көрсетті.

Қазіргі әл Фараби атындағы ҚазҰУ-да аспирантураның ал­дында 1 жыл стажировкадан өткенім бар. Тағылымдаманың талабы бойынша жылына 100 сағат көлемінде 1-семестрде 50, 2-семестрде 50 сағат лек­торлардың лекциясына кі­руі­міз керек екен. Қайдан білейін, ол кезде жаспыз ғой, лекцияға кіруге белсене кірісіп кеттім. Ол кезде, қазіргі әл Фараби атындағы ҚазҰУ-да, 1984-85 оқу жылы ғой, филологияның корифейлерінің бәрі (ака­де­миктер М.Қаратаев, З.Қабдол­ов, З.Ахметов, профес­сорлар Т.Кәкішев, Х.Сүйіншәлиев, Р.Нұрғали, т.б.) лекция оқиды. Бәрінің дәрісіне кіре бас­тадым. Студенттерден бұрын аудиторияға кіріп аламын да, тапжылмай отырып тың­дай­­мын, кейбіреулерінің лек­­ция­сын конспектілеп те ала­тын болдым. 1-2 айдан ке­йін байқасам, менің жиі-жиі лек­цияға кіре беретінім кей­бі­реулеріне онша ұнай қой­­майтын сияқты. Осын­дай да қы­­зықтар болған. Атағы дар­дай болғанымен, кейбір аға­ла­рымыздың оқы­ған лек­циялары көңілім­нен шық­­па­ды. Бұған мен бі­раз­ға дейін таңғалып жүр­дім. Ма­­ған ака­демиктер З.Қаб­долов пен З.Ахметовтің, про­фес­сорлардан Р.Нұрғалидың лек­циялары қатты ұнайтын. Лекторлық шеберлік дегеннің білімділіктен басқа бір дүние екенін сонда ұға түскем.

Қысқасы, Хадиша Ермақаш­қызы қазақ қыздарынан ал­ғашқы шыққан білімді де білікті, ұлағатты ұстаз, шебер лектор болып өзін тыңдаған студенттердің есінде мәңгі қалды, бұл да кез келген лек­тордың басына қона беретін бақ емес. Көшіріп жазып ал­ғандарын студенттердің ал­дында ежелеп оқып беріп те ұялмай аудиторияға кіріп-шығып жүрген талай лектор­сымақтарды көргенбіз. Хади­ша Ермақашқызы сияқты лек­тор­лардың бұлардан сор­ты да, орны да тіпті бөлек еді. Ал жоғары оқу орнының бағы мықты лекторлармен, яки кадрлар арқылы жана бе­ретінін өмірдің өзі дәлелдеп келеді емес пе? Демек, Ха­диша Ермақашқызының есімі Қорқыт ата атындағы Қы­зыл­орда университетінің та­рихына алтын әріптермен жа­зы­лып қалды деп нық сенім­мен айта аламыз. 

Бағдат КӘРІБОЗҰЛЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,филология ғылымдарының докторы, профессор 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<