Майдангердің әңгімесі

825

0

Ауылда сұрапыл соғыстан оралған ағалар көп болатын. Жеңіс мерекесінде мектепте кездесу кеші өтеді. Әңгімеге қанығатынбыз, гүл ұсынатын едік-ау. Қазір «Қоғалыда» бірде-бір майдангер жоқ. Ауыл майдангерсіз. Бірақ ағалардың үрім-бұтақтары бар. Шаңырақтары орнында. Өмірбек Қожанның, Камар Рүстемнің, Сламбек Шахаптың, Жүністің, сонан соң Назар Күдебаев атадан тараған онға жуық шаңырақ бар. «Ат тұяғын тай басар» деген қандай рас сөз. «Орнында бар оңалар» деп қазағым қалай тауып айтқан.


1970 жылдың жазы. Жеңіс күніне бірер апта қалған кез еді. Осы бір мереке қарсаңында сырласқан майдангер ағаларым тағы есіме түсіп отыр. Олар майдан жайынан сыр ағытып еді-ау. Қойын дәптерімде жазулы тұр екен. Сол жазуларды Жеңіс күні қарсаңында тағы бір жаңғыртайын деп ой түйдім. Бәрі есімде. Ал, сіз тыңдаңыз. Мен өзімнің туып-өскен «Қоғалыдан» соғысқа қатысқан Шахап, Оразбек, Дүйсенбай ағалар жайында әңгіме қозғап, аруағын жаңғыртайын. Бір аунап түссінші, менің қайран асыл ағаларым!

Бұл қазіргі «Қоғалы» ауылы бір кездерде бірнеше шағын колхоздан тұратын. Сталин, «Бәйтен» тұсында Молотов, одан соң «Ортақшыл», «Бидайкөл», «Жаманкөл», «Сұлукөл», «Қошымкөл» болып аталатын. Содан кейін іріленіп Сталин атына ие болды, кейін «Октябрь» атанды, біраз жыл ұлы Жамбыл атын иемденді. Қазір «Қо­ғалы» аталғанына біраз жылдың жүзі болды.


Ауыл орталығына «Қоғалы» атауын беру ұзақ талқыға түсті. Жұрт «Құлболды ишан» атайық десті. Ауыл ағасы Камар Рүстемов отырып алды. «Жоқ, «Құлболды ишан» атамайық. Ел ішінде не болмайды. Біреудің жаман атағы шықса, Құлболды ишанды мазалармыз. Ауылды қақ жарып өтетін «Қоғалы» ауылы деген жөн болар» деп уәж айтты. Сонымен қазір үш мыңнан асатын халқы бар «Қоғалыкөл» ауылы атанды. Кезінде атақ-даңқы дүркіреп, жүз мың центнерден астам Сыр маржанын төгілткен ауыл енді-енді еңсе көтеріп келеді. Шүкір, кәсіпкерлердің аяқ алысында серпіліс бар.


Бәрі есімде сайрап тұр. Ауылдың бір шетінен Қаржаубай, Бәлке, Әжмағанбет, бір шетінен Сражаддин, Жәркен аталар шы­ғатын. «Қоғалы» шетінен Қилыбай, Рүстем, бұларға қосыла Жылкелді, Муфта­хаддин, Кәржан, Қозыбектер көш бастайтын еді-ау. Әсем ата қырылдап сөйлеп, Әлуадин, Шамшат, Өтеген, Жетендерді ортаға алып, жиындарда ел бірлігін сақтау жайында тамылжып, тамсана сөйлейтін. Сол ағалар қазір арамызда жоқ.
Ал, майдангер Жүніс аға бар медалін омырауына тағып, «бұл ағаң талай немісті қырған» деп сөйлегенде жер қозғалатындай көрінетін. Ағалардың әңгімесін сағынатын болдық.

Айтпақшы, ә дегеннен сұрапыл соғысқа қатысқан үш аға, үш майдангер жайында әңгіме қозғауды ұмытып, ауыл тарихына ауып кетіппін ғой… Енді есімде қалған үш майдангер, «Қоғалыдан» аман-сау ауылға оралған Шахап, Оразбек, Дүйсенбай аға жайында сыр ағытайыншы. Үшеуі де елде еңбек етті. Отауларын биіктетіп, ұл-қыз өсірді, немере сүйді. Әңгімешіл майдангер ағалардың ұрпақтары аталары жайында естелік айтатын болды. Соны тыңдау бізге бұйырды.


Майдангер Шахап Қаюпов бағанадан бері әңгімені төгілтіп отыр. Қойын дәп­те­ріме жазып үлгерер түрім жоқ. Шәкең әңгі­мешіл кісі еді, жарықтық. Тәуіптігі, сы­нықшылығы бар, әзіл-оспақтың көмбесі еді.


– Ауылдан отыз шақты жігіт майданға аттандық, – деді Шәкең шақшасынан бір атым насыбайды лақтырып тастап. Қызыл вагонға отырғанымызға оныншы күн. Қа­сымда ауылдан Жүніс Талпақов, Қуаныш Омаров бар. Бірге өскенбіз, енді майданға аттанып барамыз.


– Бұл жол таусыла ма, Шәке? – дейді Жүніс.


– Жол мұраты – жету деген бар. Пешенемізге қандай жазу тұр. Әйтеуір бір жерге жетерміз, – деп тоқтау айтады Қуаныш.


Сонымен, біз бірден Сталинград шай­қа­сына түстік. Бірер ай қала шетіндегі деревняда жаттығудан өттік. Мылтық атуды үйрендік, мерген болып шыға келдік. Мен Қуанышпен бірге Сталинград шайқасына кірісіп кеттім. Мұндай алапат соғысты кім көрген? Өртенген қала, үйілген өлік. Жаудың қаһары қатты, оқ борап тұр. Содан тұтқынға түстік. Қуаныш екеуміз біргеміз. Берлиннен 18 шақырымдай жердегі конц­лагерьге әкелді. Қаңылтыр шығаратын зауыт екен, қолмен қаңылтыр қырқамыз. Әбден жүдедік. Берер тамағы тапшы. Сым қоршау, шынжыр үзердей жұлқынып тұрған немістің күзет иттері. Босанса жейтін түрі бар. Байқаймыз қатарымыз сирей бастады. Немістер күн сайын жүздеген адамды пешке өртейтінін естіп жаттық. Жанымыз түршікті. Кезек бізге де жақын-ау деп өксиміз. Ауылды, әке-шешені еске аламыз.


– Қой, Қуаныш бұл зауыттан қашудың амалын ойластырайық, – деп Шәкең ақыл берді.

– Айта көрме. Ұсталсақ бірден азаптап өлтіреді, – дейді Қуаныш ағыл-тегіл көз жасын төге. Мен бел будым. Күндіз қай­шы­мен қаңылтыр қырыққан боламыз, сәл қолым босаса сыртқа түтін шығатын мұржаны біртіндеп қырқуды жоспарладым. Кейде Қуаныш көмектеседі. Осы мұржадан сыртқа шығып, қашамыз, – деп қоямын Қуанышқа.


Түннің біраз уағы еді. Немістер күзет­шілер иттерімен ұйқыда. Тым-тырыс. Мұр­жадан алдымен мен шықтым, маған ере Қуаныш, алты адам сыртқа дуалдан домалап түсіп, зыттық. Қашып келеміз. Шамасы, он шақырымдай қаштық. Дыбыс тыңдаймыз. Тағы да күш алып, қашамыз. Қасымыздағы екі жігіт жолда жүруден қалып, көз жұмды. Мен де әлсіздене бастадым. Қуаныш тың секілді. Жол-жөнекей құрт-құмырсқа, талдың қабығын жеумен болдық. Аш кезде бәрі тамақ екен. Көзіміз ілініп кетіпті. Әкем түсіме кірді.


– Тұр балам, беліңді бу. Сәлден соң алдыңнан тоғай шығады, сол тоғайда бір киік өліп жатыр. Соны жеңдер. Лағына тимеңдер! – деп жүріп кетті. Ояндым. Дереу Қуаныш, тағы қасымда бірер жігіт бар. Жолға шықтық. Өлген киік кездесті, етін бұтарлап жеп, атқа мінгендей қуат алдық. Польшаға жақындап, бір бөлімге келдік. Біздің шекаралық солдаттар. Қуандық. Амал не, мұндағы саяси бөлім бізді «тұтқындар, қашқындар» деп бәрімізді тергеп, әбден ығырымызды шығарды. Ақыры ақ-қарамыз анықталып, қатарға қосылдық. Көп ұзамай, ұлы Жеңіске жеттік ғой, шырағым. Көрер жарық, дәм-тұз таттық, ұл-қыз өсірдім, отау құрдым. Шүкір бәріне!


– Қайсыбір жылы ауылда сіз бір күн жоғалып, содан табылды деген әңгіме бар. Ол жайында айта кетсеңіз.


– Сендердің де естімейтіндерің жоқ екен. Бұл – болған оқиға. Үйдің бірер малы жо­ғалып, соны ауылдасым Ерманмен бірге іздеуге атпен шыққанбыз. Күздің күні еді, жаңбыр. Содан Ерманның малы табылып, ауылға айдап кетті. Мен іздеуді жалғастырайын деп қалып қойдым. Мінген атым сүрініп, бір оқпанға түстім. Атым қашып кетті. Оң аяғым жіліншіктен сынды, шұңқырдан әрең шығып, сынған аяғымды орнына салып, байладым. Еңбектеп бір шақырымдай жер жүрдім. Қалтамда оттығым бар еді, отқа жылынып, сәлден соң жылжи бердім. Әр жерге қағаз жазып, «мен аттан құладым, қасымдағы Ерманнан көріп жүрмеңдер!» деп жазып, орап тастай бердім. Ел іші ғой, «жазатайым өліп кетсем, Ерманнан көрмеңдер» деген сақтығым еді бұл. Содан әр жерге от жағып, түтіндетіп отырдым. Маңайдағы біреулер түтінді көрсе, бұл не түтін деп келер деген ойым еді. Содан бір қойшы Дүйсен деген жігіт алыстан көрінген түтіннен секем алып, шауып келіп, мені атына мінгізіп, ауруханаға жеткізді. Сол сынған аяқпен 78 жас жасаған жауынгер мен боламын, – деп әңгімесін аяқтағаны бар еді қайран Шәкең.


Келесі кезекте Оразбек Садықов аға әңгіме бастады.

– Бұл ағаң – кіші лейтенант. Берлиндегі комендатурада жұмыс істедім. Соғыстан елге оралдым, мектепте өзіңді оқытқаным есіңде болар. Берлиннен елге қайтарда бір бума былғары алып келіп, жұртқа етік, мәсі тігіп бердім. Тігіншілікті әкемнен үйренгенім бар еді.


– Былғары дейсіз бе?

– Иә, былғары. Мәскеудегі Жеңістің 50 жылдығына барғанымда бір офицерге осы былғары тарихын айтқанымда мені сөккені бар.


– Құрт былғарыны. Ол немістердің тұтқын солдаттарды өртеп, адам терісінен жасаған былғарыны айтып, несіне мақта­насың деп сілікпемді шығарғаны есімнен кетпейді. Ай, қазақ-ай!

Содан ауылға келіп, сол қалған былғарыны, былғарыдан тігіп берген етік-мәсілерді түгелдей жинап, ауыл шетіндегі молаға апарып, дұға оқып, бір жерге көміп тынғанымды, міне, жұрттың бәрі біледі. «Ойпырмай, ә?» – деп жауынгер офицердің әңгімесін тыңдағаным әлі есімнен кетпейді.


Содан соң ауыл мұғалімі Дүйсенбай Әбсадықов аға әңгімені бастады.
– Менің әңгімем мүлде қызық. Соғыста бес жылдай болдым. Курск доғасындағы окопта жатқанмын. Көзім ілініп кетіпті. Маңайым тым-тырыс еді. Дереу бір солдат мені арқасына салып, алды да қашты. Ұйқым шайдай ашылды. Арқалап бара жатқан неміс солдаты екен. Қалтамда бір пышағым бар еді. Қол салдым да жамбастан салып жібердім. Өткір пышақ еді, неміс мені тастай салып, қаша жөнелді, қан саулап барады.


Байғұс біраз жерге барып, артына қарады да қаша жөнелді. Содан казармаға келіп, есімді жиып, біраз уақыт госпитальда жатып, емделгенім бар.

Бұл ағаң басынан осындай қызық өткен. Мына «Шіркейлі» ауылына келіп, Раушанмен отау құрдым. Мектепте орыс тілінен сабақ беріп, зейнетке шықтым. Бала сүйдім. Шаңырағымды Жақсылық атты ұлым жалғастырды.
Үш жауынгер, үш солдат – үш тағдыр. Шахап Қаюпов, Оразбек Садықов, Дүйсенбай Әбсадықов сынды ағалар қазір арамызда жоқ. Қайтып оралмайтын кемеге мініп, бұл пәниден өткеніне отыз жылдан асты.


Бүгін майдангер ағаларымды еске алып, үлкен тебіреніспен осы бір дүниені жаздым. Ұрпақтар аталарының басынан осындай кезеңдер өткенін білсін деген ниеттің мазалағанына көп болған еді, сол парызымды орындаудың сәті бүгін түсті.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,


Қазақстанның құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<