
Сол тұста соғысқа бармай ел ішінде қашып жүрген дезертирлер де көп болған ғой. Қалмағамбеттің осы қашқындарды бойтасалап жүрген жерлерінен ұстап, комиссариатқа тапсырған да кезі болды. Жиналған штрафниктерді эшелондарға тиеген соң оқып жүрген курсанттар мен белсенді комсомолдардан құралған топ эшелонды күзетке алып Украинаның Харьков облысына дейін жеткізеді. Жолда вагонның астын тесіп төрт адамның қашып кеткендігі анықталған соң соғысқа бастап келген белсенді конвойлардың салғырттығы мен кемшілігі болды деп тапқан командирлер бұлардың өздерін де штрафниктердің қатарына қосып соғысқа қарай айдайды. Бұрын жаумен бетпе-бет келіп көрмеген, соғыс тәсілінен хабары жоқ мұсылман тобынан құралған айыпталушы батальонды айыптарын өтеу үшін борап тұрған оқтың астына салады. Харьков облысындағы №369 төбені жаудан азат ету туралы тапсырма беріледі. Қолында дұрыс қаруы да жоқ айып батальоны төбеге қарай шабуылға шыққанымен мықты бекінген жау құрамының боратқан оғының астында бір сәтте баудай түсіп қырылып қалады. Елден жинап келген өрімдей боздақтар соғыс деген жалынның алапат күшіне төтеп бере алмай бір сәтте топыраққа айналды. Қалмағамбеттің көрер жарығы бар екен, өзі секілді тірі қалған солдаттарды командирлер кейін алып шықты да жаңадан батальон жасақтады. Айып батальоны өз айыбын қанмен жуу керек деген қасаң қағида бар, осы бір солақай саясаттың салдарынан қаншама адамдар қарусыз майданға шығып қырылумен болды.
Кейін жасақталған батальон бұрынғыдай емес тәуір қару-жарақтармен жабдықталған соң Кишинев-Сандомир жағалауын жаудан азат етуге қатысады. Бұл кезде Беларусь майданында кескілескен соғыстың жүріп жатқан кезі. Украинаның Львов қаласын жаудан азат етуге қатысады. Польша мен Болгария жерлерінде жүргізілген соғыстарға қатысып, бұл елдерді де немістерден тазартады. Польшаны азат еткен соң Германияның Горлиц аймағын басып алады. Жеңісті Чехословакия астанасы Прага түбінде қарсы алады. Жеңістен соң да бұларды бірден елге қайтара қоймайды. Бұлардың Прага маңында тұрған батальонын жаяулатып Украинаның Каменец-Подольск облысына жеткізеді. Славута қаласындағы әскери қалашықта әскери міндетін жалғастыруға тура келеді. Бұл белгілі бендершілердің шоғырланған аймағы болатын. Бұрын сыртқы жаумен соғысқан батальон енді ішкі жаулармен соғысты жалғастырады. Бендершілердің бүлігін басу да оңайға соқпады, талай боздақтар осы ішкі қырқыстың кесірінен оққа ұшты. Осындай сәттердің бірінде «ауыл мұғалімдері елге оралып жұмыстарын жалғастырсын» деген бұйрыққа байланысты 1945 жылдың 25 желтоқсанында елге қайту жөнінде тапсырма алады. Осылайша өзінің сүйікті кәсібі мектептегі мұғалімдік мамандығының арқасында әскерден босап, туған ауылына оралады.
Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда ауыл мектептерінің деңгейін көтеру ісіне аянбай кіріседі. Өзі оқыған училищені қайта жалғастырып, мұғалімдік дипломын алып келген соң да ұстаздық жұмысына берілген ағамыз шаңырақ көтеруге де асыға қоймаған сияқты. Орда бұзар жасында Тұрсынкүл апа екеуі бас қосады. Екеуі құрған шаңырақта сегіз ұл, бір қыз өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырады. Өз кіндігінен тараған балалар да әкенің қатал тәрбиесі арқасында мектепті үздік бітіріп, әр салада білікті маман болып жұмыстарын абыроймен атқаруда. 1942 жылы еңбек жолын мектептің мұғалімі болып бастаған Қалмағамбет ұстаз сүйікті кәсібінен 1991 жылға дейін қол үзген жоқ. Елу жыл ғұмырын мұғалімдікке арнайды. 1985 жылы зейнетке шыққанымен байыз тауып үйде отыра алмайды. Бар бейнетті еңбекпен жеңе білген қарияның бұл еңбегі атаусыз қалмады, кезінде «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Еңбек ардагері» медалін иеленді. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін «ІІ-дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» және басқа да медальдармен марапатталған.
Бақыт ӘБЖЕТ,
аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бас маманы.
аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының бас маманы.