Мұнайшылар әулеті

1056

0

Ел экономикасының күретамыры – мұнай-газ саласында еңбек етіп, «қара алтынды» игеруге елеулі үлес қосқан майталмандар жетерлік. Солардың бірі – Батырбековтер отбасы. Көпшілік бұл отбасыны мұнайшылар әулеті ретінде таниды.

Отағасы Өміртай Батырбеков осы салада абыройлы қызмет атқарып, зейнетке шықты. Жары Дарша Абдул­лаева ең алғаш Құмкөл кеніші игеріле бастаған кезде жауапты істің жүгін арқалады.

– Бала күнімде әке-шешемнен айы­рылдым. Ерте еңбекке араластым.  1965 жылы Алматы қаласындағы политехникалық институтты бітірдім. Екі жыл сонда қызмет істедім. Туған елге келгеннен кейін «Құмкөл» кенішінде жұмысты жалғастырдым. Мұнай компаниясында түрлі қызметтер атқардым, – дейді Ө.Батырбеков. 

Дарша Абдуллаева Сыр өңірінде мұнай игеріле бастаған қиын кезеңді бастан өткерді. Ардагер сол шақты үнемі еске алып, немерелеріне әңгімелеп беруден жалыққан емес.

– Құмкөл кеніші ашылғанда жұмыс бастап кету оңай соққан жоқ. Жергілікті тұрғындар емес, мұнайлы өлкенің мамандары шақырылды. Нысандар енді салынып жатқан. Жатақхана, асхана сынды орындар вагондарға орналастырылды. Жол мәселесі де қиын болды. Күніне 200 шақырым жол жүреміз. Оған бір күн уақыт кетеді. Жол деген аты ғана, ойдым-ойдым. Жұмысшылардың ас-суы мен жатын орнын ұйымдастырдық. Бастапқыда 4 адам жұмыс істедік. Әйел адамға тіпті ауыр. Келеңсіз оқиғалар да жиі орын алатын.

Бірде кешкі сағат алты шамасында қаладан жұмысшыларға тамақ жеткізу үшін жолға шықтық.  Сол күні ауа райы да қолайсыз болды. Дала тастүнек. Шопыр екеуміз ғана. Жолдан әбден адастық. Не керек кешенге таң бозарып қалған кезде табан тіредік. Осы сәт есімнен кетпейді. Негізі мен Атыраудың қызымын. Қаладағы тәуір қызметімді тастап, осы іске кіріскенде көпшілік таңғалды. Айдалада құм суырған жер. Көлік болмаса, «АН-2» ұшағымен ұшамыз. Бұл уақыт та өтті. Қазір жағдай түзелді. Көптеген мәселе шешімін тапқан, – дейді ол.

Қос мұнайшының ұл-қыздары да осы мамандықты таңдапты. Ата-анасының жолын қуып, мұнайшы болғанын мақтан етеді. Бүгінде олар еліміздегі ірі кен орындарының білікті мамандарына айналды. Үлкен қызы Салтанат Қазақ политехникалық институтын геолог мамандығы бойынша бітіріп, қазіргі кезде «Торғай-Петролеум» АҚ мұнай компаниясында еңбек етсе, екінші қызы Айнұр ірі мұнай кен орны саналатын  «Теңізшевройл» компаниясында қызмет атқарып жүр. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейді халқымыз. Әке жолын жалғаған ұлы Елдос та осы саланың дамуына өз үлесін қосуда. Келіні Айгүл Қалы­баева да мұнай компания­сында жауапты қызмет атқарады. Жалпы, Батырбековтер динас­тиясының осы саладағы  еңбек өтілі 115 жылға жуықтады.

Өміртай  Батырбеков биыл 76 жасқа аяқ басты. Әлі тың. Жергілікті мұнай компаниялары жиындарға шақырып, сый-сияпат көрсетеді. Жастармен кездесіп, бұл саланың қыр-сырын әңгімелеп беруден шаршамайды.

«Біз қиын уақытта жұмыс жасадық. Маман тапшылығы болды. Мұнай саласын ілгерілету үшін бар күш-жігерімізді салдық. Күндіз-түні еңбек етуге тура келді. Үй бетін көрмей, жұмыс басында түнедік. Қазір шүкір ғой. Ірі мұнай кеніші жұмыс жасап тұр. Жергілікті халық та бұл саланы меңгерді. Техника жаңарды» дейді сала ардагері.

Расында, еңбекпен өсіп, ­көк­­теп-көгерген әулеттің өнегелі ісі – көп­ке үлгі. Бүгінде Өміртай ата мен Дарша анамыз – немерелерінің қызығына бөленіп, ба­қытына кенелген  жандар.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<