Мың түрлі бояу мәнері

1312

0

Тұп-тұнық көк аспан, жап-жасыл жазира дала, толқып аққан Сыр өзені, заңғар көктен алтын арай шуағын шашқан Күн келбеті албырт баланың көз алдында көркем бояумен өріліп, арман-қиялын алысқа жетелейді. Осындай сәттерде ол қылқаламын қолына алатын. Ақ қағаздың бетін айқұш-ұйқыш сызғылап, сол бір – қиялында қылаң берген керемет көріністі мың түрлі бояумен құбылта бейнелеп шығатын. Осылайша шығармашылық жолына түсті.

Бүгінгі әңгімеміздің кейіп­кері – Сыр өңірінің дарынды перзенті, су­ретші Шәкірбек Сәменов 1950 жылы Тереңөзек стан­сасында туған. 1956 жылы мектеп табалдырығын аттаған ол, 1960 жылы Қызылорда қаласындағы №409 К.Маркс атындағы мектепте оқуын орысша жал­ғастырады. Сол оқушы күнінен-ақ сурет са­луға құш­тар талантты бала табиғаттың түрлі мезгіл көрі­ністерін, одан бөлек, өмір өр­нектерін де тап басып, тамаша бейнелейтін. Оның қарым-қа­білетіне ұстаздары да мол сенім артатын.

Арман алға жетелейді. Орта мектеп­ті бітірген бозбала 1969 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық инс­титутының көр­кем­сурет-графика фа­­куль­тетіне оқуға түсті. Сол сту­дент­тік жылдарында осы фа­куль­­теттің комсомол хат­шысы болып, қоғам­­дық жұ­мыс­тарға да белсене араласты.

Суретшілік өнерді негіз­гі кәсібіне айналдырған Шә­кір­бек Сәменов 1972 жыл­дан бастап Қызылорда көркем­сурет шеберханасында қызмет атқарып келді. Табиғат берген талантымен талмай еңбек етіп, талай бәсекелі жиындарда топ жарды. Көркем ойлы, эс­тетикалық әсері мол шы­ғар­машылық туындылары ар­­қылы Сыр мәдениетінің өр­кен­деуіне өзіндік үлесін қоса білді. Осы ұжымда  кәсіп­одақ комитетінің төрағасы, шы­ғармашылық секциясының же­текшісі, көркемдік кеңесшісі қызметтерін атқар­ды. Осынау өнер жолында респуб­лика көлеміндегі, шет елдер­дегі көптеген суретшілер­мен ара­лас­ты. Әйтсе де, Қазақстан­ның еңбек сіңірген өнер қай­рат­кері, график-суретші, Сыр перзенті Салихитдин Айтбаев­тай ұста­зының есімін әр­кез құрметпен атайды.

Көркемсурет ше­бері Ш.Сә­менов 1974 жылдан рес­пуб­­ликалық, бүкіл­одақ­­тық жә­не шет ел­дердегі көрмелерге қатысып келеді. 1975-1988 жылдар ара­лығында Мәскеу, Нүкіс, Хиуа, Көне Үргеніш, Түркіменстан және т.б. жер­лерде шығармашылық ісса­парларда болып, жұмыс жа­сады. Бүгінде суретші­нің ең­­бектері Ә.Қастеев атын­дағы Мемлекеттік өнер му­зейінде, Қазақстан Мәде­ниет министрлігі мен «Өнер» көрме дирекциясы қор­ла­рын­да /ДХВ/, сондай-ақ, Герма­ния, Канада және тағы басқа елдердің же­ке коллекция қор­ларынан орын алған.

Ол – 1975 жылы КСРО Жас суретшілер одағының мү­ше­­лігіне қабылданған бол­са, 1981 жылдан КСРО Сурет­ші­лер ода­ғының мүшесі. 1988 жылы Қазақстан Су­ретшілері одағының ХІ-ХІІ-ХІІІ съездерінің делегаты, XII съезінде аталған одақтың басқарма мү­шелігіне сай­ла­нып, Қазақстан Су­ретші­лер одағының облыс­­тық көр­кем­сурет шеберха­на­сын­дағы өкі­лі болып тағайындалды. 1989-1990 жылдары «Арал» бү­кілодақтық шығармашылық тобына жетекшілік етіп, Мәс­кеу қала­сында көрмесін өт­кізеді. Ал 1990 жылы Қа­зақстан Суретшілер одағы Қызылорда бөлімшесінің бі­рінші төрағасы болып сай­ланды. 1992 жылы Мәскеу Бүкілодақтық Суретшілер съе­зі­не делегат болып қатысты. 2009 жылы «Қызылорда облы­сына 70 жыл» мерекелік ме­далімен, 2013 жылы Қазақ­стан Суретшілер одағының 80 жыл­дығына орай «Үздік шы­ғармашылығы үшін» алтын медалімен марапатталды.

Суретші Ш.Сәменов 2008 жылы Германия, Фран­ция, Австрия, Италия елде­рінде шы­­ғар­­машылық іс­сапа­ры­мен жұмыс жасап қайтқан бо­ла­тын. Осы жылы облыс әкі­мінің стипендиясын иеленді. Соны­мен қатар, респуб­ли­ка­лық суретшілер симпо­зиуы­мына же­тек­шілік жасап, Қы­зылорда қала­сында  көрме ұйым­дас­тырды.

Бүгінде 70 жастың желке­нін керіп, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырған Шәкірбек аға осынау өмір жолында жеткен жетістіктерін көңіліне қанағат тұтады. Әңгіме арасында үлкен ұлының (мезгілсіз өмірден өткен) суретшілік таланты ерекше болғанын, қазір сол ұлы­ның артында қалған тұяғы, яғни, немересі осы өнерге бет бұрғанын айтты. Сондай-ақ, суретші ағамыздың қызы Ләйла Сәменова да көркем өнерді кәсіп еткен.  Ол Ақтөбе қаласында тұрады.

Айта кетейік, облыстық көркемсурет галереясы 2014 жылдан бері жұмыс жа­сайды. Галерея қорында Қазақ­стан­ның белгілі суретші­лерінің 300-ге тарта туындылары сақ­талған. Оның ішінде Шәкірбек Сәменовтің да көптеген көр­кем шығармалары бар.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<