НАМЫС ОТЫ

386

0

Диплом!.. Иә, кәдімгі жоғары оқу орнын бітіргені туралы диплом. Кімдікі дейсіз ғой? Жиенбаев Самат Жиенбайұлы дейді. Ол 1955-жылы Мәскеудегі В.М.Молотов атындағы ауыл шаруашылығы институтының механикаландыру және электрлендіру факультетіне түсіп, оны 1960-жылы ойдағыдай тамамдап, инженер-механик мамандығын алды, дейді.

– Ау-у, бұл өзіміздің аралдық Жиенбаев қой!..

– Иә, иә… Колхоз басқарған шоң Шораның баласы емес пе? Жиен­байұлы дегені қалай?!   

Ал-л, кеп іздейік. Саматтың Мәс­кеу институтынан диплом алғалы да заулап алпыс жылдай уақыт өтіп кет­кен. Қайда жүр екен? Бір қызығы, әуелі марапаттары мен алғыстары, рационализаторлық ұсыныстары, де­пу­таттығы мен құрмет атағы туралы мәліметтер түсе бастады. «Құрмет белгісі», екі бірдей «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған. Әрі «Алматы қаласының құрметті азаматы» да екен. Өзге ақпараттарды ысырып қойып, кейіпкерімнің өзімен тілдесуге ұйғардым. Ол – Алматыда, мен – Аралда. Сұбхат компьютер арқы­лы жүрді.

– Самат мырза, айтыңызшы, Арал­дың қайсы мектебінде оқыдыңыз?

– Жақсықылыш ауылдық кеңесін­дегі бастауыш мектептен кейін Арал қаласындағы №13-ші Шевченко атын­­дағы мектепте малшы баласы болғандықтан, интернатта жатып оқы­­­дым. Әкемнің аты Шора. Бірақ Жи­ен­бай атамның атын сақтау үшін Жиенбайұлы болдым. Әке қалауы солай болды.  

– Мектепті 1955-жылы, яғни, он тоғыз жасыңызда күміс медальмен аяқтап, сол жылдары қазақ балала­рының батылы бара бермейтін Мәс­кеу­дің техникалық жоғары оқу орнына қабылданыпсыз…

– Дұрыс айтасыз.  Мектепте  бес оныншы сынып болды. Содан үш оқу­шы – мен, Бекназар және Әмзе күміс медальмен бітірдік. Десе де, менің де орысшам жетісіп тұрған жоқ-ты. Мал баққан ауылдың жалаңаяғымын ғой. Қызылорданың педагогикалық инс­титутына бармақ болғанбыз. Үйге МТС-тың (машина-трактор стансасы) директоры Ким-Нах-Сон келе қалар ма? Әкеймен таныстығы бар. Сол кісі менің жайымды білгесін:

– Ой-и, сендер техникаға жола­майсыңдар. Сірә, тістерің батпайды-ау?, – деді.

– Неге, олай ойлайсыз?!  

– Енді ше? Бәрің де Қызылорда, Алматы деп шығысқа кетіп жат­сың­дар, Мәскеуге барам деген біріңді есітпедім.

Намысым келіп, бұлқан-талқан болдым. Әлемде жер көлемінен 9-шы орынды алатын кең-байтақ аймақты бізге қалдырған ата-баба ерлігін айтпағанда, көз алдымдағы әкемнің өзі маған идеал емес пе? Жиенбай атамыз ауқатты болған деседі. Мыңғырған малмен көшіп-қонып, қыс айларында теңіз жағалауындағы ықпанасы көп «Көкарал» асуына қоныстанса, жаз айларында сонау Жем бойына дейін өріс жаңартып, ұзап кететін көрінеді. Содан Октябрь революциясы жеңіске жетіп, қызыл шәпкілілер бай-манапқа бүйідей тигесін, бұлардың да мал-мүл­кі талауға түсіп, жан-жаққа қаша­ды ғой. 

Ал еті тірі, қайраты мол Шора әкеміз Жезқазған асып, кіреші қыз­ме­тіне орналасады. Мал жайына бұ­рыннан қанық ол келе-келе Жез­қаз­ғаннан құм аралас мысты Қара­ған­дыға таситын 500-дей түйе ке­руенін басқарады. Ұзын бойлы, жаурынды, қаба сақалды жігіт ағасы Шораға орыс-қазағы «Жарайсың, аза­матым!» деп арқасынан қағады. Оның жырақта жүріп үлкен беделге ие болғанын ауылдағы туыстары есітіп «Кел де, кел!» деп елге шақырады. Ел көрген, жер көрген оған жарлы-жақыбайлар аз-кем малын жинап, Орынбор базарына айдауды тапсырады. Ұры-қары жайлап, қашқындар қаптап жүрген тұста мұндай істі ердің ері ғана атқара алар-ды. Ал Шора болса бұл сапардан әркез олжалы оралады. Жолдағылар: «Шоң Шора келе жатыр, жол беріңдер!» – дейтін дәрежеге жетеді. Әкеміз кейін колхоз ұйымдасқанда бірауыздан «Жданов» ұжымжарының төрағалығына сайланады. Мәрзия, Ханиба, Айжан есімді үш әйелге үйленеді. Ұзын етектілерге де сүйкімді болғаны ғой. Солардың бірі сіздің апаңыз, Шәке!..

– Әй, бәрекелді! Әрі жалғастыра бер!

– Содан уәделескен жолдастарға да хабарласпадым. Үйге де ештеңе айтпадым. Түнгі поезға отырып Мәскеуге жөнеп берейін… Сол 1955-жылы үкіметтің қаулысы шығып, онда медалистер негізгі бір пәннен емтихан тапсырса институтқа түседі деген. Тәуекел деп, институтқа құ­жаттарымды тапсырып, емтиханға кір­дім. Бес-алты абитуриент отырмыз. Есепті тез-ақ қағып тастадым. Бірақ негіздемені қазақ тілінде жаздым. Орысшалауға қабілетім жетпеді.  

– Кәне, қайсың дайынсың? – деді емтихан алушы.

– Мен дайынмын, – деп қолымды көтердім.

Есебімді қарап шықты. Байқай­мын, разы болғандай. Сосын әлі мүлгіп отырған абитуриентерге менің есебімді көрсетіп:

– Смотрите, он тоже окончил национальную школу, а как решил задачи, – деді. Сөйтіп «Төрт» деген баға қойды. Осы арада өзіме сабақ берген Ебейсін аға мен Мәдина апайды еске алып, емтиханнан алақайлап шықтым.

– Ал-л, институтқа түстің!..  

– Барлық сабақ орыс тілінде жүреді. Лекцияларды үлгіріп жаза алмай, әбден қиналдым. Бірақ қайтпадым. Сосын шетелдік студенттерді орыс тілінде оқытатын арнайы курсқа жазылдым. 

– Әне, талап тас жарады деген осы, Самат мырза! Сіз білесіз бе, көп адам өзін-өзі алдайды. «Менде туғаннан ондай дарын жоқ, не келер дейсің қолымнан, осыған ұрынбай-ақ қояйыншы» дегендей… Негізі, адам туғанда оған қабілет-қарым қанмен 5 процент, бәлкім, 10 процент, тіпті 20 процент-ақ берілді дейік. Ал қалғаны еңбекпен, табандылықпен келеді екен. Сіз сөйтіп табандылықпен Мәскеудің маңдайалды институтынан ауыл ша­руашылығы машиналарын, автомобиль мен тракторларды жөндеу және пайдалану жөніндегі инженер-механик мамандығын алып, 1960-жылдың 15-тамызында, яғни 24 жасыңызда Алматыдағы №2-ші экспедициялық-автотранспорт базасына мастер болып қызметке кірісіпсіз де, 5,5 ай өткесін бас механик, тағы бір үш айдан соң шеберхананы басқарыпсыз. Және бір 8 ай өткізіп, 1962-жылдың 8-ақпанында бас инженерлікке көтеріліпсіз. Бұл қалай? Біржарым жылдың ішінде-ақ автобазаның астан-кестеңін шыға­рып­сыз. Сондағы жұмысшы-қызмет­кер­лер мен ондағы қазақтар саны қанша еді?

– Ой-й, нағашыеке-ай! Әлгіде талант тас жарады демедіңіз бе? Мүм­кін солай болар. Әйтеуір, жаңа орта, тамыр-танысым мүлде жоқ-ты. Мұнда төрт жүздей автомобиль және жеткілікті мөлшерде жүкті тиеп-түсіретін механизмдер болды. Ал жұмысшы-қызметкер саны 800-ден астам-ды. Қазақтар өте аз. Ал мен басқарған шеберханада 150 механизатор еңбектенді. Олардың арасында ешбір қазақ баласы болмады.   

– 1964-жылдың 20-наурызында Талғар автобазасына директор болып тағайындалыпсыз… 

– Иә, бұл автобаза ішкі тасымалмен айналысады. Жүк және адам тасымалы ғой. 200-дей автобус болды. Онда 300-ден астам адам еңбектенді.

– Мұнда 1,5 жыл еңбек етіп, сонау Маңғыстау түбегінен бір-ақ шығыпсыз. Табаныңды жерге тигізбепті-ау! Онда 1965-тің 29-шы маусымында барыпсыз. Сонда тұп-тура 29 жаста екенсіз. Қандай қызметте  болдыңыз?    

– Мұқият тыңдаңыз, айтайын. Партияның солдаты болдық қой. ХХ ғасырдың 60-шы жылдары Маңғыстау түбегінің табиғи байлығын игеру керек болды. Онда тектен-тек өзімше кете барғаным жоқ. Қазақстан орталық партия комитетінің транспорт бөлімі мен Қазақстанның автотранспорт министрлігі екеуінен орталық партия комитетінің секретариатына мені Маңғыстауда жаңадан құрылып жатқан өндірістік-автотранспорт тре­сі­не меңгерушілікке бекіту туралы ұсыныс түседі.

– Е-е, сөйтіп орталық партия комитетінің секретариаты бекітті десеңізші. Бұл үлкен лауазым ғой. Сірә, сенім ақталған-ау. Тресті алты жыл басқарыпсыз. Аз уақыт емес. Және осы жылдарда КСРО-ның «Құр­мет белгісі» және «Еңбек Қы­зыл Ту» ордендерін омырауыңызға тағыпсыз.  

– Айтары жоқ, оңай болмады. Біз автотранспорт паркін ұйымдастырып, мұнайшылар мен геологтардың, құры­лысшылардың жүк тасымалын, сон­дай-ақ халықтың да кідіріссіз жү­ріп-тұруын  қамтамасыз ете білдік. Ал қиындық шашетектен еді. Орта­лықтан 200 шақырымдай маң дала. Бір аптаның бес күні дауыл соғып, құм борап тұрады. Кадр тапшы. Жол да, су да жоқ. Тұтас жұмысшы поселкесіне су шалғайдан әкелінеді. Судың бір сағат кешігуі партбилеттен айырады. Кадр мәселесін шешу үшін Түркмениямен шекаралас Бегдат, Красноводскіні және қазақтар тұратын ауылдарды жеке өзім араладым. Ал келуге тілек білдірушілер аз емес-ті. Біз әрбір семьяның отбасын, мал-мүлкіне дейін екі рейс тегін тасыдық. Олардың арасынан жұмысшы да, экономист те, есепші де, инженер-механизатор да табылды. Сөйтіп жаңадан жасақталған автотранспорт ұжымы алты жыл бойы мемлекеттік тапсырысты аса қиын жағдайда абыройлы орындады. Көптеген еңбеккерлер орден-медальдармен марапатталды. Жетісай автобазасының жүргізушісі Тайшық Қазыбеков Социалистік Еңбек Ері атанды. Мұны біздің коллективтің ын­тымақтастығына берілген баға деп се­зіндік. Өзім болсам екі орден алдым. Әне, Маңғыстау түбегінің хикаясы қысқаша баяндағанда осындай.

– 1971-жылдың 19-шы шілдесінде Алматыға оралып, Алматы жолаушылар автобасқармасының бастығына тағайындалыпсыз…

– Иә, солай. Бұл автобасқарма қала мен Алматы облысының халқы­на қызмет етеді. Бұған 18 мекеме қарайды. Жұмысшы-қызметкер саны 16 мыңнан асады. Үлкен шаруа. Мегаполис қала мен Алматы облысы халқының жолаушылар қаже­тін өтеу қалай оңай болсын?! 60-шы жылдардың соңы мен 70-ші жыл­дардың басында бұл басқармаға сын көп болды. Жоспар орындалмайды. Барлық көрсеткіштер кейін кеткен. Облыстық партия комитетінің бюросында басқарма  бастығы орнынан босатылып, қатаң жазаға тартылды. Сол кездегі министр А.К.Жақыповтың қабылдауында болдым. Әуелгіде бас тартым. Бірақ сенің кандидатураңды орталық партия комитетінің секретариаты бекіткелі отыр дегесін амалсыз келісім бердім.

– 12 жыл басқарыпсыз. Коллективте Д.А.Қонаев та болыпты. Бірге түскен суреттеріңді көрдім…

– Иә, ол рас. 1976-жылы ғой. Эко­номикалық, техникалық әлеумет­тік іс-шара жоспарларының бәрі дерлік асыра орындалды. Мұны партия, кеңес орындары мен министрлік те білді. Автоматтандырылған жүйеге көштік. Маршруттағы транспорттар­ды диспетчерлік бақылау жүзеге асты. Яғни қозғалысқа шыққан әрбір автобус автоматтық бақылауда болды. Бұл жүйе (АСДУ) кеңес одағы мен социалистік елдер арасында Алматыда бірінші болып қолданылды. Біздің жұмысымызбен танысуға одақтық республикалармен қатар Болгария­дан, Румыниядан, тіпті АҚШ-тың транс­порт министрінің орынбасары бас­­таған делегациялар келді. Олар Мәскеуге келгенде менің «Время» программасында сөйлеген сөзімді тың­даған. Сосын да жақсы істі көрмекке Алматыға ұшқан.

– Осы қызметте жүргенде, яғни 1976 жылы екінші «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталыпсыз. Одан кейін де тағы алты жыл басқа­рып, 1982-жылдың 17-тамызында тех­ни­калық қызмет көрсе­тетін облыс­ара­лық «АвтоВАЗ» орталы­ғының дирек­торлығына келіпсіз…

– Алматы облыстық партия ко­ми­­тетінің бюросы осылай шешті. Бұл да артта қалған участок болып са­на­­ла­тын-ды. Оның директорын ор­талық­тың жұмысын ақсатқаны үшін одақ­тық бірлестіктің коллегиясы бо­сатқан еді. Бұл орталыққа рес­пуб­ликаның бес облысына – Алма­тының, Талдықорғанның, Пав­ло­­дар­дың, Шығыс Қазақстан мен Се­­мейдің автобазаларына техникалық қызмет көрсету жүктелген-ді. Мен басшылыққа барғасын 8 ай өткізіп, Бүкілодақтық жарыста жеңімпаз атанып, ауыспалы «Қызыл туға» және ақшалай сыйлыққа ие болдық.

Осы жетістікке орай, Мәскеудегі орталықтың Бас директоры Р.Д.Кис­люк Алматы облысына былай деп хат жолдапты: – «Первому секретарю Алма-Атинского областного комитета компартии Казахстана тов. Аухадиеву К.М.

Длительное время Алма-Атинский автоцентр работал неудовлетворительно. Срывалось выполнение государственного плана, лихорадило коллектив, были запущены учет и отчетность. Однако с приходом на меж­областной центр «АвтоВАЗ» техобслуживания тов. Жиенбаева С.Ж резко наметился сдвиг в положительную сторону в деятельности этого предприятия. В течение 1983 года обеспечил стабильное выполнение госплана в пяти областях республики, входящих в сферу деятельности Алма-Атинского центра.

По итогам работы за ІV квартала 1983 года коллектив центра вышел победителем во всесоюзном социалис­тическом соревновании среди предприятии объединения «АвтоВАЗ» техобслуживание. Ему присуждено первое место и переходящое «Красное знамя». Руководство объединения  «АвтоВаз» выражает удовлетворение деятельностью Жиенбаева С.Ж. и благодарит Алма-Атинскую партийную  организацию, воспитавщую достойного руководителя».

***

Самат  Жиенбаев қазақ елі тәуел­сіздік алғаннан кейін  де, өтпелі қиын-қыстау тұста да жауапты жұмыстарда болып, 1994-1998 жылдары «Тенгизнефтестрой» акционерлік қоғамының бас директоры қызметін де атқарыпты. Елдік, проблемалық мәселелерге байланысты үкіметтің жұмысшы тобында әлденеше рет болыпты. Ал өндіріске енгізілген жаңашыл ұсыныстары мен алғыстары, сый-сыяпаттары «Құр­метті автотранспортшы», тағы да осындай атақтары жетіп артылады. Оның бәрін тізімдеуді мақсат етпедім. Әйтсе де, 2011-жылы жазылған мына бір алғысты аттап өткім келмеді.

«Уважаемый Самат Жиенбаевич!

Управление пассажирского транспорта и автодорог акимата г.Алматы выражает свою признательность за Ваш долголетний и добросовестный труд в созданий и дальнейшем становлении пассажирского транспорта г. Алматы и области, как отдельной отрасли народного хозяйства. Именно, Вы стояли у истоков создания материально-технической базы: 8 городских и 6 областных автопарков, 4 таксомоторных парков, автовокзалов и автостанции. Более 20 лет интересам народа, исправно прослужила внедренная под вашим чутким руководством, автоматизированная система диспетчерского контроля движения автобусов не  имевшее своего аналога в постсоветском пространстве и получившее в свое время высокую оценку ЦК компартии КАЗ ССР. 

   

    В.И.Меренков, 

начальник УПТ и АД

города Алматы».

***

Ал 2016-жылдың 16 қыркүйегінде Жиенбаев Саматқа белсенді қоғамдық-саяси қызметі және экономика саласының дамуына қосқан елеулі еңбегі үшін «Алматы қаласының құрметті азаматы» атағы беріліпті. Екі миллиондық халқы бар мегаполистің құрметтісі болудан артық баға да, бақыт та болмаса керек. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Біз «жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш» деген-ді. Міне, Самат Жиенбаевтың көп жылғы еңбегі статистиканы он орап алады десек, артық айтқандық болмас.

Самат ініміз қазір де Алматыда тұрып жатыр. Жұбайы – инженер-технолог, қызы – дәрігер, меди­ци­на ғылымының кандидаты. Ұлы – инженер-электрик. Әрине, кейіп­керімнің халқы құрметтеген тұлға­сын, кәсіби шеберлігін, қиыннан қиыстырып жол тапқан батылдығы мен ой-қабілетін толық баяндадым деп айта алмаймын. Әйтсе де, тәуелсіз елінің іргесін бекемдеуге айрықша үлес қосқан жерлесті, өзгелер де, әсіресе, бүгінгі жас ұрпақ  білсін, ісінен үлгі  алсын, сондай болуға ұмтылсын деген ақ ниетпен арлы, намысты азамат туралы аз-кем білгенімді қағазға түсірдім.

Шәкірат ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ,

ақпарат саласының үздігі, дербес зейнеткер.

Арал қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<