Өнегелі өмір

782

0

Бекен Мұсаұлы – Қаракерей Қабанбай батырдың сенімді серігі, көзі тірісінде өз руының ұранына айналған жаужүрек батыр Боранбай би Қалқаманұлының тікелей ұрпақтарының бірі. Қоғам және мемлекет қайраткері. «Түсі келгеннен түңілме» деген. Ұзын бойлы, жан жылылығын сездіріп тұратын ағаны алғаш көргенде риза болдым. Қолына ұстаған ақ таяғы болмаса, сексенді алқымдаған деп ойламайсың анық. Өте тартымды, бітімі келіскен кісі екен. 

«Ат кісінескенше, адам түсі­ніскенше» демекші, осы кез­де­суде алған әсерімнен болар, ол кісімен өмір бойы бірге жүр­гендей сезімде болдым. Амал қан­ша, тағдыр бізге төрт жарым жыл ғана араласуды жазыпты. Екі жақтың отбасында дас­тар­хандас болып, ағайын-ба­уыр­дай, сырлас достар сияқты шүйір­келесіп, мәз-мәйрам болу­шы едік. Мен келмей ол кісі дас­тархан басына отырмаушы да еді.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары дүниеге келген Бекен аға өзінің «Парыз бен қарыз» және «Бейнет пен зейнет» атты ғұмырнамалық кітаптарында ке­ңестік заманда ел басына түскен ауыртпашылықтармен, қайғы-қа­сі­реттермен сабақтастыра оты­рып, бүкіл өмірін шын­дықпен ашық баяндайды. Сол ашаршылық, жоқ­шылық жыл­­дардағы еңбекші қазақ хал­қының ауыр тұрмысын, әрбір отбасының, жеке адамның ба­сын­дағы жан төзгісіз ауырт­палықтарды анық көрсетеді.

Бекен аға жеті жасында әке­ден айырылып, сәби күнінен бас­тап от­басының үлкені ретін­де анасы Бибайшаға қолға­нат, артынан ерген Тұрсы­най қа­рын­дасы мен інісі Шахмар­данға (Шәменге) қамқор болады. От­басының күнделікті тір­лігінен басқа анасымен бірге күн­көріс мақсатында ауыл артелінің, кейі­нірек колхоздың қара жұмысына араласады. Осындай тауқыметпен жүрсе де өз қатарынан қалмай сегіз жасында мектеп табалдырығын аттайды. Мектептен қолы бос кезінде де әдет бойынша колхоз жұмысын істейді. Өзінің бойына біткен табандылық пен өжеттілік, намысшылдығы ар­қасында мектепте озаттар қа­тарында болады. Он үш жасар еңбекшіл, қайсар, балғын ба­ланың осындай еңбектері жоғары бағаланып, 1946 жылы маусым айында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен Ерен Еңбегі үшін» медалімен марапатталады! Үлкен құрмет емес пе?!  Бұл Бекен ағаның ұзақ, баянды өмір жолындағы көп марапаттарының алғашқысы еді.

Оның басына түскен ауырт­палық жоғарыда айтылған қи­ын­дықтармен аяқталмайды. 1940 жы­лы әкесі Байқозыұлы Мұ­са дү­ниеден өткесін жеті, төрт, екі жасар үш баламен отыз төрт жасында жесір қалған анасы Бибайша балалары үшін отқа да, суға да түседі. Бүкіл ел қиналған сол ауыр тұста «әке­сі жоқ, жетім» атандырмаймын деп балалары үшін жанын аямай тірлік жасайды. Таң атқаннан қас қарайғанша үлкен баласы Бекенмен ауыл артелінің, кейін колхоздың ауыр жұмыстарына араласып, күнкөріс үшін аянбай тер төгеді. Жас балаларының келешегін уайымдап, анасы Бибайша созылмалы жүрек ауруына шалдығады. Бұл сұрапыл соғыс жылдары еді. Тарығып, қиналып отырған отбасына кө­мек береді дейтін ағайынның көрген күндері де осындай. Бүкіл халықтың басына түскен қасіреті мол заманда еңбекақыға пұл (ақша) емес, колхоз басшылары мүмкіндік болса ғана әр отбасына шамалап ағарған, азын-аулақ жүгері, сұлы, арпа-бидай беретін. Үкіметтің бұл көмегі талғажау етуге де жет­пейтіндіктен, жұрт есік алдына көкөніс егіп күн көретін. Саз балшықтан өздері тұрғызған, кіш­кене дәлізі бар бір бөлмелі үй­дің алдындағы алақандай жер­ді аударып, суарып, отап бап­тау да үйдің үлкені – Бекен­нің міндеті еді.

Ол сәби кезінде талма, сүзек, сары ауруға шалдығып, бірнеше рет өлім аузынан қалады. Сегіз жасында мектеп табал­дырығын аттап, озат оқушылар қатарында орта мектепті де, жо­ғары оқу орнын да үздік бі­тіреді. Ұстаздық мамандық алып, ең­бек жолын жолдама бо­йынша Өзбекстанның Орта Шыр­шық ауданында өзбек-қазақ мек­те­бінде оқытушы болып бас­тайды. Бір жылдан соң ауылдағы анасының науқастығына байланыс­ты арнайы рұқсатпен өзінің туған жері – Шиелі ауданына оралып, 1953-1960 жылдар аралығында ұстаздық қызметін үлкен абыроймен атқарады.

Науқасы асқынып, төсек тартып қалған анасының: «Бекенжан, інің мен қарындасыңа әке орнына «әке», ана орнына «ана» болатыныңа се­німім мол. Оларды бірінші Құ­дайға, екінші өзіңе тапсырдым, саған ризамын. Адамда арман таусылған ба, осындай халде жатсам да менің бір арманым бар, күнім! Қанша уақытым қалды дейсің, көзімнің тірісінде келін түсіріп, сенің ша­ңырақ көтергеніңді көр­сем деп армандаймын. Осы ар­маным орындалса, маған мұ­нан асқан бақыт болмас еді! Тағдырдың басқа сал­ған барлық тауқыметін ұмытып, мәңгілік мекеніме ризашылықпен кетер едім…» деген өтінішін орындап, 1955 жылы жиырма екі жасында Қалдыгүл есімді, көркіне ақылы сай, биязы мінезді, адал, қарапайым да ақжарқын, еңбекқор қызға үйле­неді. Бала­сының отау тігіп, шаңырақ кө­­тергенін өз кө­зімен көріп, ар­ма­нының орын­далғанына «шү­кір­шілік» ете ақ батасын бер­ген ана­сы Би­байша екі айдан соң қы­рық тоғыз жасында соңғы сапарға ат­танады.

Өз ісіне үлкен жауапкерші­лікпен қарайтын, білімді жас маманға үлкен сенім білдіріп, аудан басшылары Шиелі аудандық оқу бөлімінің әдістемелік бөлімі басшылығына ұсынады. Бір жылдан соң коммунист Бекен Мұсаев Шиелі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қыз­метіне тағайындалады. 1963 жылы қызметінде табыс­ты нәтижелер көрсеткен, жан-жақты білімді, заман талапта­рына сай партия және мемлекет саясатын жетік меңгерген жас коммунист Қызылорда облыс­тық партия комитетінің нұсқау­шысы ретінде жаңа қызметке орналасады. Облыс орталығынан бөлінген екі бөлмелі үйге көшіп, қала, облыс аудандарының пар­тиялық іс-шараларын атқарады. Бұл кезде ағаның отбасында жеті адам болатын. Бір адамның айлық та­бысы жетпеген соң, Бекен аға сол кездегі республикалық, облыстық, аудандық бұқаралық ақпарат құрал­дарына жиі мақа­лалар жазып, онан түскен қа­лам­ақыны отбасы қажетіне жарататын.

Анасынан айырылуы Бекен аға­ның өмір жолындағы көр­ген соңғы ауыртпалығы емес еді. Сүйіп қо­сылған жары Қал­дыгүл, дү­ниеге бес бала келген соң созылмалы жүрек ауруына шалдығады. Өзі қамқор болып аялап өсірген Тұрсынай қа­рындасы мен Шахмардан інісін үлкен өмір жолына салып, ен­ді бой жаза бастағанда, оған қызмет арасында науқас жол­дасын күнделікті емдету-күту, ба­лаларының қамын жасау – барлық отбасы тірліктерін аса шыдамдылықпен, өз күшіне ға­на сеніп атқаруға тура келді. Бала­бақшадан алып келе жатқан жолда, екі баланың бірі – үш жасар кенжетайы Марат әке қо­лынан суырылып шығып, кө­шедегі жүк машинасының астына түсіп, мерт болады. «Баламды өз қолыммен өлтірдім» деген уайым-қайғы Бекен ағаның жас кезіндегі сырқаттарын қозғап бірінші рет инфаркт алады. Ден­саулығы сыр бере бастаған әйелі кенжетайынан айырылған соң, ауыр қайғы салдарынан алаңсыз төсек тартып, мүгедектік халге жетеді. Жұбайының ыс­тық ықыласы, аса құрметі мен төзімділігі арқасында төрт ба­ланың ер жетіп, білім алып, жеке шаңырақ көтергендеріне куә болып, бес-алты немересін көріп, Бекен ағаның сүйікті жары, балалардың мейірімді анасы – Қалдыгүл 1995 жылы 59 жасында ұзаққа созылған науқастан дүние салады.

Осындай жағдайда жүрсе де Н.Гоголь атындағы Қызылорда пед­институтының «табиғаттану» фа­­культетін үздік бітірген Бекен аға өз білімін одан әрі жетілдіру мақсатын алға қояды. 1969 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясында «Қазақстанның оңтүстік партия ұйымдарының механизатор кадр­­ларын даярлау жұмыстары жай­лы» зерттеу тақырыбын бекі­тіп, кан­дидаттық диссертация жа­за бас­тайды. Диссертацияны қор­ғау ал­дында ұзақ мерзім емделу қа­жет­тілігіне байланысты оның бұл мақсаты орындалмай қалады. Осындай сәтсіздіктерге мойымай, Бекен аға 1974 жылы КПСС Орталық Комитетінің Жо­ғарғы партия мектебін бітіреді.  Денсаулық жайын сылтау етпей, отбасы қиыншылығына мойымай көп нәтижелерге жетеді. 1963-1980 жылдары облыстық пар­тия комитетінде түрлі жауапты қыз­меттер атқарады, бұл сала­да мол тәжірибе жинайды. Бұдан соң ол облыстық партия комитетінің ұсынысымен Қы­зылорда облыстық Кеңесі атқару комитетінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалады. 

Бекен аға: «Менің бар бай­лығым – балаларым және Отаны­ма, халқыма жасаған адал қызме­тім!» деп, ерекше және орынды мақ­­танатын. Осы қызметтерде жү­ріп, бірнеше рет облыстық ке­ңес­­тің депута­ты міндеттерін де ел алдында үлкен абыроймен атқа­р­ды. Қо­ғамға сіңірген адал еңбегі жоғары бағаланып, облыстық ат­қару ко­митеті мен облыстық партия комитеті тарапынан бір­неше мақтау гра­моталарымен, республика Жоғарғы Кеңесі Пре­зидиумының Құрмет грамотасымен, бірнеше ме­­дальмен марапатталады. 1994 жылы рес­публикалық дәреже­дегі құр­метті зейнеткер болды.

Саналы өмірін халық арасында өткізген Бекен аға алдағы өмірінде де халықпен бірге болуын мақсат тұтып, түрлі әлеуметтік-тұр­мыс­тық және қоғамдық ұйым­дардың мүшесі ретінде қала зей­неткерлері ұйымының көп­теген жұмыстарын үлкен абы­роймен атқарады. Негізгі маман­дығы география пәнінің оқы­ту­шысы бол­ғандықтан, және ха­лыққа белгілі қоғам және мем­лекет қай­раткері ретінде студент-жас­тарға дәріс, тәлім-тәр­бие беруін өтінген «Сейхун», «Қазақ-Қытай университеті» бас­шыларының шақыруын қабыл алып, аталған оқу орындарында ұс­таздық қыз­­мет жасайды.

Өмір – өзен. Өзеннің келең­сіз бұрылыстары, кедергілері, адыр-бұдырлары болатыны бел­гілі. Осы кедергілерден еңбек­­сүйгіштігімен, адалды­ғымен, сү­рінбей өте біл­ген адам­гершілігі мол, ой-парасат­тылығы терең азаматтың бүкіл өмі­рі қиын­шылықпен өткенін білетін ағайын, құрбы-құрдастары мен ба­лалары әкелерінің қасында өмір серігі болғандығын қа­лайды. Осылайша 1998 жылы Бе­кен аға Аида Көмекбайқызы Қаракөзовамен отбасын құрады. Бекеңнің «Менің өмірімнің ең бақытты кезеңі – Айекеңмен тұрған он жеті жылдық ғұмы­рым» деген ыстық лебізі, жүрекжарды сөзі – сол кезеңнің сипаты сынды.

Бүгінгі күні оның ұрпақтары елге танымал, қадірлі азаматтар. Барлығы жоғары білімді, кәсіби мамандар.Үлкені Нұрлан – мектеп мұғалімі, «Қазақстан білім беру ісінің үздігі», Қызылорда қалалық мәслихат депутаты, қызы Сәуле ұстаз, зейнеткер, ор­таншы ұлы Бақытжан да, кенже ұлы Болат та – келін түсіріп, ата атанып отырған бақытты шаңырақ иелері.

Кейінгі буынға Бекеңнің ғибратты ғұ­мыры тәлім болса деген оймен қолға қалам алдым. Сыр өңі­рінде оның есімі ұмытылмақ емес, Қызылорда қаласынан не Шиеліден бір көшеге Бекен Мұ­саевтың есімі берілсе деген ойымды да жеткізгім келеді. 

Раушанбек САЛМАНОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<