ӨНЕГЕЛІ ОТБАСЫ – ӨРЕЛІ ҰРПАҚ

1534

0

2014 жылдан бері елімізде «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіліп келеді. Бұл бастама сүттей ұйып отырған отбасыларды дәріптеп, көпшілікке үлгі ету мақсатында қолға алынған болатын.
Аймақ бойынша биыл байқауда бақ сынағысы келетіндердің әдеттегідей қарасы қалың. Ұлттық конкурстың қалалық кезеңіне қатысуға ниет танытқандардың қатарында Тінжібековтер отбасы да бар. Қызылорда қаласына іргелес Қызылөзек ауылдық оругінің Айнакөл ауылында тұратын Тінжібеков Шаһарбек аға мен Көмекбаева Ұлжан апа он баланы бағып-қағып өсірді. Бүгінде олардан тараған немере-шөберелердің қызығын көріп отыр. Екеуі өмірден көргендері мен көңілге түйгендерін айтып, ұрпағына ұлағаттың дәнін егуден жалыққан емес.
– Өзім Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданында туып-өскенмін. 1966 жылы Қызылордаға оқуға келдім. Тағдыр мені Шәкеңе жолықтырып, екеуміз он баланы өсіп-жетілдірдік. Мен өзімді бақытты анамын, әжемін деп есептеймін. Бар байлығым – балаларым. Солар аман болып, орталарында жақсылықтарына куә болып жүрсек, одан артық бақыт жоқ шығар, – дейді Ұлжан апа.  
Бүгінде Шаһарбек аға екеуінің отасқандарына жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Содан бері сыйластықтарына сызат түскен емес. Өйткені ерлі-зайыптылар отбасының мызғымас бірлігі мен тату-тәтті тірлігі ауызбірлік пен сыйластықтың арқасы деп есептейді. Ал берекелі отбасы ақылы асқақ абзал әкеден, мейірімі мол, өмірі өнеге аяулы анадан, бойына тәрбие мен тәлімді сіңірген қамқор баладан тұрады.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дейді қазақ даналығы. Баланың ақиқаттың ақ жолын ұстар адал болуы да, әркімнің ала жібін аттамас адам болуы да – отбасыдан. Тінжібековтер әулетінің тағылымын алған алты ұл мен төрт қыз осы күні бір-бір үйдің тірегіне айналған. Ұлдары Сәбит пен Тимур мұнай саласында еңбек етсе, Жұмабек пен Марат отбасылық «Шаһарбек» шаруа қожалығының басы-қасында жүр. Егіздер Гажденбек пен Раушанбек кәсіппен айналысады. Қыздары Айгүл мен Бақыт ұстаздық жолды таңдады. Жанат – қалалық №175 негізгі мектептің директоры. Сәнімкүл өз алдына жеке кәсіппен шұғылданады. Балалары мен немерелерінің әрбір жетістігі Шаһарбек аға мен Ұлжан апаның мерейін өсіреді.
«Адамның бақыты – балада», «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген халық даналығы тегін айтылмаса керек. Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. Олай болса, Тінжібековтер әулеті ұрпағымен бақытты, өнегелі. Бұл шаңырақ бейне бір мәуелі бәйтерек іспетті. Оның алтын діңгегі болған Шаһарбек аға мен Ұлжан апаның тілегі де, ойы да ортақ: әрбір шаңырақ тек шаттыққа толы болса екен дейді.
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<