Өткен күннен бір белгі

978

0

«Өткенді білмей, жаңаны жасай алмайсың» дегендей, кешегінің бәрін жамандай беруге болмайды. Ол – халқымыздың жүріп өткен жолы, ел тарихы. Сондықтан оның жақсы жақтарын, қоғамымыздың түрлі даму кезеңін басынан өткізген кеңестік дәуірдегі азаматтардың мағыналы іс-әрекеттерін, тыныс-тіршілігін жастарымыздың есіне салып отырсақ, артық болмас еді.

«Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра» дегендей, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында өз басымнан кешкен бірнеше жайттарды баяндауды жөн көрдім. Сол кезде күріш өнімділігін барынша көтеріп, мансап пен атақ үшін жасалған тіршіліктер Одақ көлеміне тарады. Облыс күрішшілерінің мұндай жетістіктеріне күдікпен қараған ғалымдар алдында өндіріс жетекшісі ретінде көрсеткіштерімізді қорғаған едім.

Ол уақытта Жалағаш ауданының Калинин атындағы кеңшарында өндіріс бригадирі болып жұмыс істейтінмін. Екі жоғары оқу орнын бітірген биолог, ғалым-агроном, ордабұзар отыздың ішіндегі кезім. Шаруашылығымыз – «Главриссовхозстрой» жүйесіне қарайтын көпсалалы кеңшар. Облыста алдыңғы қатарлы, өндірісі өрге домалап, дүрілдеп тұрған. Сегіз танапты инженерлік жүйеге келтірілген жер агротехникалық талаптарға сәйкес игеріліп, күріш көлемі 3100 гектарға жеткізілген. Орта есеппен гектарына 50 центнердің үстінде өнім алынып, жекелеген күрішшілер 62-70 центнер, одан да жоғары өнімге қол жеткізіп жүрген кез еді.

Сол жылы өзім басқарған бригада  350 гектар күріштің әр гектарынан 56 центнер, ал механикаландырылған кешенді звено жетекшісі Ким Ман Самның шәкірттері Цой Рикс, Цой Константин, Чай Юр Сен 65 центнер өнім алған.  

Тікелей Одаққа, Мәскеуге бағынатын  «Главриссовхозстрой» жүйесінің күріш шаруашылығындағы өндіріс жетекшілері мен агроном мамандары жыл сайын күзгі егін жиналып болғаннан кейін Краснодар қаласындағы Кубань мемлекеттік ауылшаруашылық институтына тәжірибе алмасу мақсатында екі айлық білім жетілдіру курсына оқуға жіберілетін.

Мен 1979 жылдың қараша айының ортасында сол курсқа бардым. Краснодар өлкесі Қара теңіз жағалауындағы қысы жұмсақ, жері көкорай шалғынды, шағын орманды, қара топырағы гумсқа бай, ауыл шаруашылығының інжу-маржанына айналған аймақ болатын. Сол кезде Кубань Ауыл шаруашылығы институтында он бір мың студент 16 мамандық бойынша білім алады екен. Оның екі мыңға жуығы Азия, Африка, Латын Америкасынан келген студенттер болса, мыңға жуығы – Социалистік лагерь елдерінің тыңдаушылары.

Одақ көлемінде күріш егетін сонау Қиыр шығыстағы Амур бойынан Орта Азия, Қазақстан, Дон, Ставрополь, Краснодар өлкелерінен барған өндірістің бел ортасында жүрген жетекшілер мен мамандар өзара тәжірибе алмасып, білім көтердік. Кейде тәжірибе алмасу кезінде қызу айтысқа да түсіп жүрдік. Институтта аты Одаққа, дүние жүзіне танымал ғалымдар дәріс оқыды. Солардың ішінде алпысыншы-жетпісінші жылдары Қызылорда облысында жаңа жерлерді инженерлік жүйеге келтіру жұмысына басшылық жасаған инженер-гидротехник, одақтық «Главриссовхозстрой» тресі бастығының орынбасары болған «Қызылқұм», «Шардара», «Қызылорда», «Солжаға», «Қазалы», «Түгіскен» массивтерін игеруге қатысқан, Қазақстанды жанындай жақсы көретін доцент Н.Болконский деген кісі болды. Ұзын бойлы, ірі денелі. «Мен Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы князь Болконский емеспін, инженер-гидротехник, доцент Болконскиймін» деп лекциясын бастайтын. «Осында менің қызылордалық жерлесім отыр» деп, менің тұруымды өтініп, біздің елде атқарған жұмыстарын, қызықты өмір жолдарын әңгімелеп, тыңдаушыларды үйіріп әкететін. Лекциясының негізгі бағыты – біздің облыстағы еңбек еткен жылдары, жаңадан тегістелген инженерлік алқаптарда атқарылған гидротехникалық жұмыстар жайлы. Тегістелген алқаптарды пайдалануға берген кездегі қызықты шақтарын, қазақтың қонақжайлығын, киіктің етінен қуырдақ жасағандарын айтып, тыңдаушылардың ауызынан суын ағызатын. Өзімен қызметтес болғандарды еске алып, аудан, облыс басшыларының халықпен жұмыс істеудегі, ел басқарудағы іскерлігін әсерлі жеткізетін.

Курс жетекшісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, аға оқытушы В.Масловец қызығушылық танытып, біздің күрішшілердің өндірістік көрсеткіштерін, тәжірибелерін, мол өнім алудың жолдарын сұраумен болатын. Барған бойда менің мәліметтеріммен танысқан «Тропикалық және субтропикалық өсімдіктер» кафедрасының меңгерушісі, доцент В.Павлюков Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Калинин кеңшарында күріштен мол өнім алудың агротехникалық шаралары жайлы, облыс күрішшілерінің жоғары өнім алуының жолдары туралы реферат дайындауды тапсырды. «Сіздердің күрішшілеріңіздің кейінгі жылдары әр гектардан 100 центнер үстінде өнім алуы бізді, ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарын қызықтыруда. Сондықтан ғылыми кеңеске толыққанды мағлұмат беруге тиіссіз. Кеңестің жұмысына институт директоры академик Алешин қатысады» деп жауапкершілік артты.

Арасында «Мәліметтер алмасамыз, екі жоғары оқу орнын бітірген биолог және ғалым-агроном біздің институтта сіздің өңірден бұл кезге дейін болған жоқ» деп біраз мақтап алды. Сонымен өзіммен бірге ала барған мәліметтерімді аудан, облыс күрішшілерінің іс-тәжірибелерін, өндірістік көрсеткіштерін жинақтадым. Рефератымның негізі өзіміздің шаруашылықтағы күріш егісінің агротехникалық шаралары, өндірістік бригаданың көрсеткіші, облысқа танымал диқандардың жұмыстары болды. Сол жылдары мен басқарған бригада еңбек ұйымдастырудың механикаландырылған звено жүйесіне және еңбек төлеудің акордтық жүйесіне көшкен болатын. Еңбекті ұйымдастырудың агротехникалық күтіп-баптау, суғару, жинау, еңбекақы төлеу жолдарын қамтыдым.

1980 жылдың 15 қаңтары әлі есімде. Институттың акт залы ғалымдар мен студенттерге толған, ине шаншар жер жоқ. Азия, Африка, Латын Америкасының да тыңдаушылары баршылық. Кеңесті институттың проректоры А.Краснов ашып, маңыздылығына тоқталды. Өндіріс практиктерінің  іс-тәжірибелері ғылымның қозғаушы күші болатынын айтып, кейінгі жылдары күріштен мол өнім алып жүрген Қызылорда облысының  күрішші маманы деп маған сөз берді. Біздің облыстың Краснадор өлкесі күрішшілерімен тығыз байланыста екенімізді айта келіп, бұл байланыс елуінші жылдары мемлекет, қоғам қайраткері ресейлік қазақ, кезінде Астрахань облысы обкомының хатшысы, кейіннен Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған М.Сужиковтің тікелей басшылығымен орнағанына тоқталдым. Сол кісінің ұсынысы бойынша «Кубань-3» күріш тұқымы бізде аудандастырылып егіліп, өңірге тез бейімделіп, мол өнімге қол жеткізіп жүргенімізді баяндадым. Рефератымда өзім еңбек ететін кеңшардың күріштен мол өнім алудағы іс-тәжірибесін, еңбекті ұйымдастыру жолдарын, түрлі экономикалық жетістіктерін және күріш шаруашылығындағы қиындықтарын, арнаулы техникалар мен кіші механизмдердің  жоқтығын, отандық тұқым, тыңайтқыш себетін сеялкалар мен жер өңдейтін соқалардың, жер тегістейтін құралдардың күрішке арналмағанын жеткіздім. Институтқа осы мақсатта жұмыс жүргізу туралы ұсыныс жасадым. «Мен ғылыми жетістіктерді өндірістің шешуші буынына енгізіп жүрген практик маманмын» деп баяндамамды аяқтадым. Зал ду қол шапалақтай қошемет көрсеткен еді. Бірақ бұл құрмет ұзаққа бармады. Сұрақты қарша бората бастады. Қазір олардың аты-жөні есімде қалмапты. Сондағы қойған сұрағы «Біз білетін сіздің облыстың топырағы сор-сортаң, табиғи құнарлығы өте аз. Ал сіздер кейінгі жылдары әр гектардан 100 центнердің үстінде өнім алдыңыздар. Осының сыры неде?» Осындай провакациялық сұрақтарды ғалымдар жолдады.

– Краснодар өлкесін Кубань өңірі деп атағандай, Қызылорда облысы да – Сыр бойы деп аталатын өлке. Табиғат Сыр бойына осы дақылды өсіруге, одан мол өнім алуға жағдай жасаған. Орта Азия республикаларын басып өтетін Сырдария суы күріш дақылы үшін өте тұщы. Дақылдың өсіп-өнуіне қажетті минералды, органикалық элементтерді қоса әкеліп, байытып отырады, – деп бастап, элементтердің пайыздық мөлшерінен мысал келтірдім.

Сөзім дәлелді болу үшін деп одан әрі жалғастырдым.

– Күрішке ең қажетті факторлар – қорек, жылу, күн сәулесі. Одан дақылдың алатын жылу энергиясы, күріштің өсу дәуірі кезінде дақылдың алатын жылу энергиясы 4000-4500 килокалория. Ал кей жылдары 5000 килокалорияға жетеді. Жақсы диқан күріштік жерге техника түскеннен бастап, дақылды қамқорлыққа алады, сепкеннен бастап су режимін сақтайды, арамшөптерге қарсы препараттар беріп, 2 рет үстеп қоректендіреді. Осындай айрықша күтім арқасында бір түп күріш қосымша 10-12, кейде одан да көп қосымша сабақ салып түптейді.

Жоғарыда айтылған килокалория, жарық, жылу энергиясы күрішті түгел масаққа отырғызады, түптеген күріштің әрбір қосымша масағы 120-150-ге дейін дән салады. Зябь пен жоңышқаға орналасқан дақыл осындай агротехникалық талаптар мен ғылыми жетістіктердің негізінде гектарына 100 центнерге дейін өнім береді, – деп методикалық дәлелмен көздерін жеткіздім.

Күріштің биологиялық сыйымдылығы жоғары өнімді көтере алатынын айттым. Онымен қоймай, өздеріне қарсы шықтым.

– Кубань қара топырақты құнарлы өлке, жерге тыққан таяқ көктейді. Бірақ өкініштісі сол, сіздерде күріш дақылы өніп-өсу кезінде жеткілікті күн сәулесін, жарық энергиясын ала алмайды. Оның үстінде күріштің гүлдеп масаққа отыру кезінде жаңбыр көп жауып, гүлдері төгіліп дақылдың масаққа толық отыруына кері әсерін тигізеді. Осыдан барып дақылдың масаққа отыру, дән толық пісу кезінде қажетті энергия алуы 2500-3000 килокалориядан аспайды. Соның салдарынан өлкеде әр гектардан 62-65 центнер өнім алып келесіздер.

Менің бұл пікіріме Социалистік Еңбек Ері, «Красноармейский» кеңшарының директоры, біздің облысқа жанашыр азамат Алексей Исаевич Майсторенко келіскен болатын, – деп сөзімді аяқтадым.

Тұжырымымды «Биологиялық мамандарды ұйымдастыру» кафедрасының меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор А.Лекоступ қолдады. Рецезент ретінде бір шаруашылық негізінде  жасалған, сол арқылы облыс күрішшілерінің мол өнім алу әдістері баяндалған рефератымның құндылығына тоқталып, кеңесте «өте жоғары» баға берді. Рефератым өзімде көп жыл сақталып, кейіннен күріш ғылыми-зерттеу институтының музейіне тапсырдым.

Қоштасарда бұл кісілер маған институттың аспирантурасына түсуге баяндама тақырыбы келешек ғылыми жұмыстарымның негізгі болатынын айтып қолқа салған еді. Өкінішке қарай, елге келгеннен кейін көп ұзамай аудандық партия комитетіне қызметке шақырылып, ғылымнан қол үзіп кеттім.

Социалистік Еңбек Ері, «Красноармейский» кеңшарын отыз жыл басқарған А.Майсторенконың шаруашылығын аралап, пікір алысу, қызылордалық күрішшілерге деген оның жүрекжарды тілегі – өз алдына әңгіме. Бұл да – өткен күндердің бір белгісі.

Рысбай КӘРІМОВ,

Жалағаш ауданының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<