Ортамыздың шырағы еді

670

0

Замандасымыз, досымыз Рүс­тем Жанай туралы есте қалғандар­ды қағаз бетіне түсіру жөнінде ұсы­ныс түскенде қиналып қалдым, оның себебі Рүстем мен айтпай-ақ, жазбай-ақ, Сыр бойына, бүкіл рес­публикаға белгілі азамат. Өзінің бүкіл өмірімен елге  жасаған ең­бегімен, шығармашылық қыз­ме­тімен, халыққа деген қамқор­лығымен, достыққа берікті­гімен, ағайынға, әулетке жанашырлы­ғымен абыройға бөленген жан. 

Мен  Рүстемнің ел-жұрт білмейтін   қандай қасиетін ерекше айта алар екенмін деген қобалжу болды. Тәуекелге  бел  бай­лап, Рүс­тем­мен бірінші танысқаннан бастап, өмір­­­ден өткенше кездескен сәт­тер­­ді еске түсірдім. Біздің ең бі­рінші таныстығымыз комсо­мол жұмысында басталды. 70-жыл­дар­­дағы комсомол қызме­тін­де­­гі жігіттер мен қыздар сырт­қы  көркі мен жан сұлулығы сай ке­ле­тін жайнап тұрған жастар  еді. Олардың басты қасиеттерін, ерек­шелігін, комсомолда бірге қыз­­мет жасаған әріптестерім тура­­лы естеліктерімде баяндап жүр­­мін. Соның ішінде Қазалы ау­дан­­дық комсомол комитетінің бі­рін­­ші  хатшысы  Рүстем Жанаев Шы­ғыс жастарының жалынды же­­­тек­шісі Ғани Мұратбаевтың өзін­дей болмағанмен, көзіндей бол­ған ізбасарлардың бірі, біре­гейі  ре­тінде ерекше жарқырап жүретін. Комсомол жұмысына сәл кейіндеу келген бізге жас­тар­мен жұмыстың қыр-сырын облыс орталығында өтетін жина­лыс­тар­­да, семинарларда, оқулар­да кез­­­­дескенде үйрететін. «Комсо­мол­­дың мүшелік жарнасын қа­лай жинауды үйретейін бе?» деп әзіл­дейтін. Рүстемнің бізден бө­лекше қасиеті өнерге, әдебиетке етене жақын­дығы, міне­­зінің ашықтығы, адам­дармен тез тіл табысып ке­те­тіндігі, артын­да зілі жоқ әдемі әзілі, лезде шығара қоятын шым­шыма шумақтардың шебері еді. Комсомолдағы қызмет бізді, оның ішінде Рүстем­ді ұйымдас­ты­­ру­шылыққа, шешен­дік­ке, ұлт­­­жандылыққа, әділдікке, әде­мі­лік­ке, жазу сауаттылығына, көп­­шілдікке, батылдыққа тәр­бие­­леді. Сол кездерде біз сыртқа, басқа облыстарға, Алматыға, Мәс­­­кеуге, тіпті одақтас рес­пуб­ли­ка­­ларға, шетелдерге ісса­пар­ларға көп шығатынбыз. Осын­дай жол­са­парларда Рүс­тем біз­дің бас­қарушымыз, бастау­шы­­мыз бо­ла­­тын, кім қандай дай­­­ындықпен шығу керек, ән жи­нақтары мен музыкалық ас­пап­тарға  дейін тапсыратын  еді.  Ал­дымен келген жұмысымызды орындап алғаннан кейін, түрлі кез­десулер, барған жеріміздің ерек­­­шелігіне қарай мәдениеті, салт-дәстүрлері, табиғаты, эконо­микасы, жастармен жұмыс әдісте­рі, музейлері,  тарихи  жерлерімен танысумен жалғаса­тын. Осының бәрінің басы-қасында Рүс­тем жү­реді,  өзі  режиссер,  өзі  сцена­рист, өзі жүргізуші болады. Онымен комсомол жұмысын қатар бас­таған, жастары да шамалас Жа­лағаш аудандық комсомол ко­ми­тетінің бірінші хатшысы Рсалды Ақмолдаева, Рысты Тілеу­қа­бы­лова да шебер ұйым­дасты­рушылар болатын, бір-бірімен әзіл­дері де жарасатын. 

Комсомол   жұмысынан   кейін   Рүстем  1974-1988   жылдары  ауыл  шаруашылығы қызметкерлері  кә­сіподағы аудандық  комитетінің   төрағасы, кеңшар партия ұйымы­ның хатшысы, 1989 жылдан 1994 жылдар аралығында аудан­дық Кеңес атқару комитеті төр­ағасының орынбасары, аудан әкі­мінің орынбасары қызметтерін атқарды. Осы қызметтерде жүр­генде де біздің достық қатынасы­мыз үзілген жоқ, облыс орталы­ғындағы жиындарда кездесіп,  мін­детті түрде уақыт  тауып,  әр   салада жүрген бұрынғы   комсомол қызметкерлері бас қосып, бірі­міз­ге-біріміз сөз бермей, жаңалық­тарымызды айтып, кішігірім ме­­­­реке жасайтынбыз, ол бір на­ғыз қайталанбас сәттер еді ғой, солардың бірнешеуі қазір бұл   өмірде жоқ, қандай өкінішті. Ал біз Қазалыға жол түсіп бара қойсақ, Рүстемді тауып алатын­быз, қайтқанша біздің жа­ны­мызда болатын. Ал­матыдан кей­ін  Қазалыда   бірінші болып өзі ұйымдастырған «Та­маша»  ойын-сауық отауын бас­тап  келіп,  біздің Тереңөзек ау­данында бірнеше кон­церт қойып қайтқан болатын, орындалған миниатюралардың бә­рін Рүстем өзі жазған, сценарист те  өзі. Аудан әкімінің орынбасары   бо­лып қызмет атқарғанда Жан­қожа бабаның кесенесін салуға,  ескерткіш орнатып, республика­лық дәрежеде  іс-шара  өткізуге бар күш-жігерін, біліктілігін жұм­сады. Осындай жауапты қыз­меттер атқара жүріп, қолынан   қаламы  бір сәт  те  түскен емес. Алғашқы  жыр  жинағы «Мәуелі махаббаттан» кейін «Мезгіл ма­қамдары», «Бір өзіңе», 2004 жыл «Сағынып кет­тім мен сені» өлең­дері жинағы және «Жанайқай»  про­залық жинағы, «Әйелдердің   жүрегімен ойнама» атты  кітаптары  шықты, 2007 жы­лы «Сырдария  кі­тапханасы» сериясымен бір том­дық шығар­малар жинағы жа­рық көрді. Дра­матургия сала­­сына да қалам тербеп, «Жан­қо­жа» пьесасын жа­зып, сахна­лады, көптеген өлеңдеріне ән жа­­зылды, Қазақстан Жазушылар одағының  мүшесі ретінде бү­кіл республикаға аты белгілі болды. Қазалыға бір бар­ғанымда «Сағынып кеттім мен  сені» атты өлеңдер жинағын  сыйға тартқан   болатын,  ауданда  1-2 күн болатындықтан түнде жи­нақты оқып шықтым. Ертеңінен Рүстеммен кездесіп өлеңдерден алған әсерімді жеткізіп,  «осындай сырлы сезімді лирикалық өлең­дер­ді жазып, аспанға ұшып кет­пей қалай жайбарақат жүрсің», – деп  әзілдеген едім.  «Жер басып   жүр­ге­німе шүкір, бәріне қанағат», – деп   күліп  еді. 

Рекең 1994-2004 жылдар ара­сында Қазалы қаласындағы №8  кәсіптік-техникалық мектептің  ди­ректоры болып  қызмет атқарған кезде облыстық мәслихаттың де­путаты болып сайланды, ол кез­де мен облыстық мәслихаттың  хат­шысы болатынмын. Тағдыр біз­ге жиі  кездесуді, бірге жұмыс атқаруды жазған болу керек, де­пу­таттық қызметімізді бірге ат­қар­дық. Қазалы ауданының эко­номи­калық-әлеуметтік салала­ры­ның өзекті мәселелерін  сес­сия отырыстарында батыл кө­те­ретін, мен өз тарапымнан қол­дау көрсетіп, облыстың атқарушы органдарына жеткізіп отыратынмын, соның нәти­жесінде мектеп, балабақша   құры­лыстары салынып, ауыз су, аяқ су мәселелері шешілген бола­тын. Осындай шаруашылық жұмыс­та­рымен бірге рухани өсу, тәрбие мә­селелеріндегі олқылықтарды да ор­таға салып, ұсыныстарын ай­тып  отыратын.

2005 жылы мен Сенат депу­таттығына кандидат болып  ұсы­­нылып, үгіт жұмыстарын жүргіз­­генде маған сенімді өкіл болды. Арал ауданында  кездесу болатын болып Қазалы тұсынан өтіп бара   жатқанымда үлкен жолға шығып   тұрып, менімен бірге Аралға ба­рып, се­німді өкіл ретінде үгіт жұ­­мы­­сын жүргізді, бұндай адал дос­тың ақниеті, ақпейілі қалай  ұмытылады…  

Мың  күн  жанған   шырағың, 

Бір-ақ   күнде  сөнеді.

От  ойнаған  көзінде,

Ақының да өледі, – деп дас­тан­дарында өзі жазғандай 2009  жылдың қаңтар айында Рүстем   қайтыс  болды  деген   суық  хабар   жетті. Комсомол жұмысынан   бас­тап бірге келе жатқан бір топ  дос­тары – біздер бұл жайсыз хабардан есеңгіреп қалдық, дереу жолға шығып, Рекеңді соңғы сапарға шы­ғарып салдық, мен қоштасу  сө­зін айттым. Кейін жылдық асы берілгенде де бардым, кейінгі ұр­паққа үлгі-өнеге болатын үлкен  іс-шара болып атап өтілді.

Рүстем бізбен болған шақта­рында отбасы туралы үлкен ілти­патпен, жылылықпен, сүйіспенші­лік­пен айтып отыратын, біз де  Қа­залыға келгенде отбасына со­ғып, Күләштің тәтті дәмін тата­тынбыз, өзінің кітапханасын үл­кен мақта­нышпен бізге көрсе­тетін, менің бұл өмірімдегі жина­ған байлығым, мал-мүлкім, баға жетпес дүнием осы дейтін. «Арпа ішінде бір би­дай» деп сүйікті қы­зы туралы  жаз­ған   өлеңін   оқитын.

2006  жылдың  аяғында   менің  60 жасқа толған мерейтойыма  Рүстем қатысып, өлең арнаған   бо­латын және оны сол тойда на­қы­шына келтіре өзі оқып беріп  еді.

Сол өлең мен  үшін өте қым­бат, әлсін-әлсін  қай­талап  оқып  қоямын.

Былтыр XX ғасыр­дың басын­да құрылған комсомол   ұйы­мына 100 жыл толды. Тарихи жаң­ғы­ру жолымен 100 жылдыққа бай­ланысты елі, жері үшін ең қымбаты өмірін де  аяма­ған отты жылдардағы жастар же­текшілері туралы зерттеулер жүр­гіздік. Егер тірі болғанда Рүстем де бұл жұ­мысқа бар ынта­сымен   аралас­қан   болар  еді.

Рекеңнің ең соңғы жазған  «Сүйеу болдым» атты өлеңін де жазып отырмын, бұл өлең еш жерде жарияланбаған, оны ма­ған Алматыдан Рүстемнің жары  Күләш салып жіберген  еді.

Сүйеу болдым

Сүйеу болдым.    

Байқамай   құлағанға

Басу айттым:

Өксіген,

Жылағанға,

Жол  сілтедім,

Жеткенше ақыл бердім.

Қайтсын,

Мейлі қайтпасын  сұрағанға.

Сүйеу болған маған да  ағаларым,

Ағаларды жалықпай жағаладым.

Кетті  бәрі  мәңгілік мекеніне,

Енді қайдан оларды таба  алармын.

Арқа  сүйер таулардың  кетті  бәрі, 

Аласарған  жоқ  бірақ шоқтығы   әлі.

Қыл  көпірден

Дозақта  қалтырамай

Отқа,

Суға,

Құламай өтті  бәрі.

Бұл  дүниенің  қадірін  білген  шығар,

Есіне   алып   біздерді жүрген  шығар!

Қиял  болған   пейіштің  есігінен

Сол  ағалар  именбей  кірген шығар.

Мен  барғанда  о дүниең дүрлігеді.

Дейтіндер  көп:

Соншама  бұл кім  еді?

Күнәсі  көп заманда өмір  сүрдім,

Дозақ күтіп  тұр  ма екен,

Кім  біледі?

Бұл  өмірде  кім  ұтты,

Ұтылды  кім ?

Ай  қорғалап, 

Қанша  рет  тұтылды  күн. 

Өз  әлімше  елім деп өмір    сүрдім.

Ал Аллаға  болған  жоқ күпірлігім.

Ескерілер болсайшы

Бұл тірлігім.

Сонымен қатар Рүстем Жа­наевтың Қазалы ауданында атқар­ған күнделікті, айда, жылда бір тынбайтын көп жұмыстарының ішіндегі басты бастыларын бөліп   көрсеткенді жөн көрдім.

Аудан жастарының жетек­шісі ретінде 1972 жылы Ғ.Мұ­ратбаевтың 70 жылдығын рес­пуб­лика көлемінде атап өтуге бас­та­машы болды. Жанқожа ба­тырдың тарихтан өз орнын алуы­на байланысты жұмыстарға бас­шылық жасады. Мұратбаев кол­хозын бөлініп кетуден аман алып қалғандағы еңбегін ел әлі күнге айтып отырады. Сол сияқ­ты «Ша­пағат», «Өрімтал» балабақ­ша­ла­рын сақтап қалуға барын салды. Қазір бұл нысандар ел игілігіне жарап отыр.

Ай­тулы аза­маттарын ардақтай білетін Қа­залы ауданында Рүс­темді еске алу шаралары жос­парлануда. Қы­зыл­орда облыстық «Ұрпақтан ұр­­паққа» қоғамдық бірлестігі де  осы  шараларға үлес қосатын бо­ла­ды. Осындай айтулы жылы Рүстем Жа­наевтың атын өзі дү­ниеге  келіп, бар өмірін өткізген,  халыққа қызметін көрсеткен ту­ған ауданында мәңгілікке қал­ды­ру­ға ұсы­ныс жасаймыз. Рүстем талантты, шыншыл, намыс­шыл, әділетті, досқа, еліне адал, ағай­ынға бауырмал жан еді. Оның жарқын бейнесі біздің жады­мыз­дан   ешуақытта өшпейді.

Алмагүл БОЖАНОВА,

«Ұрпақтан ұрпаққа»    

қоғамдық бірлестігінің

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<