Қала көшелеріндегі қарбалас тірлік. Құмырсқадай құжынаған халық, ағылған көлік. Бұл көрініс кейіпкеріміз Баянсұлу Сқақованың он шақты жылдан бері көз алдында.
«Қызылорда тазалығы» серіктестігінің қызметкері аптаның алты күнінде таңның атысынан кештің батысына дейін далада жүреді. Сыпырғышы мен күрегі қолынан түскен емес. Өйткені қала тазалығына үлес қосу – міндеті. Қыстың қытымыр аязына, жаздың аптап ыстығына шыдағаннан басқа амал жоқ. Оған Қызылорданың азынаған шаңды желі қосылғанда тіпті қиын. Бірақ тазалық сақшылары солай екен демейді. Беттерін бүркеп алып тырбанып жүргені. Тіршіліктің қамы.
– Көп адамға тән кемшілік – жинаған жеріңді артынша бүлдіріп кетеді. Қоқысты жәшікке апарып салу керегін айтсақ, өзімізге дүрсе қоя береді. «Шаруаң болмасын!» деп. Кейбіреулер келеке етеді. Ауасын жұтып, суын ішіп отырғасын бұл жер бәрімізге ортақ емес пе?! Біз міндетімізден қашпаймыз. Бірақ халық шашылмаған жер таза болатынын білуі тиіс, – дейді кейіпкеріміз.
Баянсұлу апа – 13 баланың анасы. Іргетасы сыз тартқан, қабырғасы көгерген үйде қазір 17 адам тұрып жатыр. Тұрақты табысы бары – осы кісі. Қолына тиетін 70 мың теңгеден астам жалақы коммуналдық төлем мен ішіп-жемнен артылмайды.
– Баспана тарлық етіп отыр. Оның үстіне, қауіпті. Қанша жамап-жасқағанмен пайда жоқ. Балалардың тұрақты жұмысы болмағасын үй алуға шамамыз жетпейді. Ешкімге алақан жайып көрген емеспін, мені қинайтыны – осы ғана, – дейді кейіпкеріміз.
Баянсұлу апаның өзі сияқты батыр аналар қоғамдық көлікте тегін жүрсе деген тілегі бар. «Көше сыпырып жүргендерді курорт-санаторийге жіберіп тұрса, тіпті жақсы» дейді тағы. Өйткені ыстықта да, суықта да далада жүру кез келгенді қажытып жіберетіні рас.
Ол кісі күрегіне сүйеніп тұрып «Аллаға шүкір» дегенді жиі қайталады. Ұл-қыздарын бағып-қағып, аяққа тұрғызудың ауыртпалығын әлі көріп келе жатса да тәубашылдығына тәнті болдым. Әңгімеміздің соңында Баянсұлу апа әйел-аналарды мерекемен құттықтады.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
Суретті түсірген
Нұрболат Нұржаубай
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<