ОТАН ҮШІН ОТ КЕШКЕН…

529

0

 …Дүниеге келер бір рет,

Дария кеуде, тау мүсін.

Құрыштан құйған құдірет,

Қарттарым аман-сау жүрші, – деген жыр жолдары жүрегімізге мәңгілікке жазылып қалған. Осындай, дария кеуде, тау мүсінді тұлғаның бірі де бірегейі, Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған, текті әулеттің тұяғы – Жүсіпбек  Әмірбекұлы Пұсырманов көзі тірі болғанда 100 жасқа келер еді. Ажалға қимас асыл жанның ұрпақтары үшін жасаған ұлағатты істерін, адами бітім-болмысын біреулер білсе, біреулер білмес.

***

«Тектіден текті туар, ата жолын қуар» деп атам қазақ бекер айтпаса керек. Оған Жүсекеңнің тегімен танысқанда көз жеткіздік.

– Менің атам Пұсырман, – дейді екен Жүсіпбек көзі тірісінде, – Мекке-Мадинаға бір емес, үш рет барған көрінеді. Қажылыққа аттанар алдында өзіне барынша берілген отызға жуық азаматты жарақтап алып отырған. Өкініштісі атамыз үшінші рет Меккеге қажылыққа барғанда сол жақта дүние салып, елге қайта оралмапты. Өйткені, осынау қасиетті жерге аттанар алдында атамыздың Алладан сұрайтыны мені ұрпақтарым үшін Меккеде қалдырыңдар дейді екен.

Тарихтан аян кеңес үкіметінің сталиндік репрессия кезінде қаншама көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар атылып, болмаса Сібірге жер аударылып кетті. Сол солақай саясат Пұсырман қажы ұрпақтарының да шаңырақтарын шайқалтты.

– Біздің әулеттің ұрпағы, Қазақ мемлекетінің Жоғарғы сотының алғашқы төрағасы болған Құлмұхамед Кулетов атамыз 1936 жылы «халық жауы» атанып атылуға кесілсе, Пұсырманов Есет атамыз да бар-жоғы үш күн тергеуде болып, атылып кеткен. Ал, әкеміз Жүсіпбектің әкесі Әшірбек те жалаға ұшырап, 28 жылға сотталып, жер аударылған. Өйткені ол Ғани Мұратбаев бастаған қозғалысқа қатысқан көрінеді, – дейді күрсіне еске алып Болатбек Жүсіпбекұлы.

…Жүсіпбек Әшірбекұлы 1917 жылы, яғни нағыз аласапыран заманда дүниеге келген. Жоғарыда айтқандай, әкесі «халық жауы» атанған. Содан болар, Жүсіпбектің де бала кезден көрмеген қорлығы жоқ. 1937 жылы Алматы қаласындағы Тау-кен металлургия институтына оқуға қабылданады. Өкінішке орай 3-курста оқып жүргенде сол кездегі «үндеместің» (НКВД) нұсқауымен «халық жауының баласы» оқудан шығарылады. Аяқталмаған жоғары білімді құжатымен туған жері – Қазалыға оралып, шалғайдағы Майданкөл ауылындағы мектепке мұғалімдік қызметке жіберіледі. Бар-жоғы бір жыл өтпестен «Ұлы Отан соғысы басталды» деген қаралы хабар келіп жетеді. Отаны үшін жауға қарсы тұруды мұрат еткен Жүсіпбек аудан орталығындағы әскери комиссариатқа барып, соғысқа қатысуға өз өтінішімен сұраныс жасайды. Аттанады.

Отаны үшін от пен оқтың ортасында жүрсе де Жүсіпбекті «халық жауының баласы» деген желеумен қайсыбір шайқаста болмасын алғы шепке салады. Алдында қарша бораған жау оғы, артында желкесіне қаруларын кезенген «қызыл әскер». Шегіндің екен «сатқындық жасады» деп тағы қару жұмсайды. Тек қана алға.

Сол бір сұрапыл соғыста Жүсіпбек екі өліп, қайта тіріледі. Ленинград үшін болған шайқаста алғы шепте болған мыңдаған жауынгер қазаға ұшырайды. Осы шайқаста ауыр жарақат алса да, ерекше бір ерлік жасаған ол «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталады.

Екінші бір өмір мен өлім арпалысы 1943 жылы Ржев қаласын азат ету үшін шайқаста болған. Осы шайқасқа шығар алдында И.Сталиннен «Бұл шайқаста берілмеңдер, коммунист болып өліңдер» деген шұғыл тапсырма келеді. Содан окопта жатқан жауынгерлер коммунистік партия қатарына қабылданады. Жүсіпбек те сол 1943 жылы партия қатарына қабылданып, Ржев қаласын алуда ауыр жарақат алса да нағыз ерлік жасап, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Айтар ойымыз орнықты болуы үшін Қазалы ауданы әскери комиссариатының мұрағатынан алынған марапат парағы жазбасын қаз-қалпында берелік.

«Тов. Пусурманов работает у орудия быстро и точно обеспечивая поражение вражеских целей. Огнем его орудия уничтожено или подавлено несколько вражеских огневых точек.

Пусурманов ведет большую агитационную работу среди личного состава, особенно среди бойцов нерусской национальности. Работая с гвардии красноармейцами казахом Ибраевым и таджиком Разаевым добился того, что они стали отличными бойцами, а Ибраев был принят в комсомол.

Тов. Пусурманов в своей агитационной работе на родном языке широко популяризует вопрос о дружбе народов СССР, о том, что всеми национальностями, входящими в состав СССР руководит партия Ленина-Сталина.

Вступив в партию большевиков еще энергичнее продолжает работу с беспартийными бойцами нерусской национальности. Подготовил к приему в ВКП/б казаха Туленбергенова.

За проявление личного примера в бою и проведение продуктивной и доходчивой агитации среди бойцов нерусской национальности гвардии сержант Пусурманов достоин правительственной награды.

Командир 123 Гвардейского Артполка гвардии полковник ­Пономарев/

И.о.Зам. командира 123 Гвардейского Артполка по политчасти гв.капитан

/Иванов/

27 сентября 1943 г».

1945 жылдың мамыражай мамыр айы болатын. Отан қорғаудағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Германияны алғаны үшін», тағы басқа ондаған ерлік медальдарымен марапатталған ол аман-есен туған топырағына оралады. Теңіз жағасындағы жатаған үйге сағынышпен қарағаны сол еді жүрегі шымырлап, көз жасы төгіліп сала берген. Жатаған үйлері жермен-жексен болыпты. Артында аңырап қалған анасы мәңгілік сапарға кеткен. Ал, қуғын-сүргіннің құрбаны болған әкесі елге қайта оралмаған. Майдандағы тетелес інісінен де хабар-ошар жоқ. Десе де, «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дейтұғын атам қазақтың ұранын пір тұтқан ол Пұсырман қажы әулетінің тұрмыс-тауқыметін өз мойнына алады. «Халық жауының баласы» бақылауда болады. Ол бай болам, болмаса бастық болам деп басын иген жоқ, қайта елдің рухы үшін басын тау мен тасқа ұрғылауға әзір еді. Әділдік үшін, азаматтығы үшін таласқа түсіп, дау-жанжалдан тартынбады.

Өмірдің соқпағы мен тоқпағына төтеп берген Жүсекең ұлағатты ұстаздық кәсібіне қайта оралып, кіндік қаны тамған ауылындағы мектепте физика-математика пәнінен дәріс береді. Араға жыл салмай жатып-ақ «Қызыл жұлдызды» жауынгер, коммунист Жүсіпбекке Қазалы қаласындағы №17 орта мектептің директорлық қызметі табысталады.

Абыройлы қызмет атқарып, ел еңсесін тіктеуге өлшеусіз еңбек сіңірген Жүсекең араға үш жыл салғанда «халық жауының баласы» атынан арылып, 1949 жылы соғыстан кейінгі күйзелістен ел-халықты арылту мақсатында ашылған Қазалы ауданындағы өнеркәсіп комбинатының директорлығы қызметіне тағайындалады. Ел экономикасының дамуына етене араласып, Еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесінің бірнеше шақырылымдарының депутаты болып сайланып, халық қалаулысы атанады.

***

1946 жылдың тамыз айы болса керек. Мұғалімдердің аудандық мәслихатына Қазалы ауданының түкпір-түкпірінен ұстаздар қауымы ағылып келіп жатты. Алланың сыйы болар, Жүсекең сол кездегі Сарытоғай ауылындағы сегізжылдық мектеп директоры Күлзипа Төлегенова есімді ханыммен табысып, шаңырақ көтереді.

Көнекөздердің айтуынша, Күлзипа ханым да текті әулеттің мүшесі. Оның атасы Шарабас көзі ашық, көкірегі ояу, төрт түлік малы түгел зиялы азамат болған.

– Менің нағашы атам Шарабас, – дейді әңгіме үстінде Болатбек Жүсіпбекұлы, – үш рет Қыдыр көрдім дейді екен. Ол баламның қолынан май жаладым, немеремнің қолынан да май жаладым, енді, міне, шөберемнің қолынан май жалап отырмын. Енді мен жұмаққа барамын. Қыдыр маған тектен-тек келген жоқ, демек артымда қалған ұрпақтарыма бақ-береке береді» депті. Айтса айтқандай, Жүсіпбек әкемізбен бас қосқан Күлзипа анамыз да ұл-қыздарының қызығына кенелумен өмірден өтті ғой.

Жүсіпбек пен Күлзипа дүниеге үш ұл, үш қыз әкеліп, тәлімді тәрбие беріп, бақыт құшағына кенелумен ғұмыр кешеді. Өкініштісі сол, 1961 жылы, яғни Жүсекең бары-жоғы 42 жасында дүниеден мезгілсіз озған. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, шүкір, олардың ұлдары – ұяға, қыздары қияға қонып, елдері үшін емірене еңбек етумен жүр.

Үлкендері Болатбек Жүсіпбекұлы Қазалы, Арал аудандарында басшылық қызметтерде болып, бүгінде осы екі ауданның «Құрметті азаматы» атағын иеленген. Он үш жыл бойы Қызылорда қаласының «Жылжымайтын мүліктер орталығының» директоры қызметін абыройлы атқарған ол бүгінде құрметті еңбек демалысында. Жүсіпбектің немересі Шыңғысхан Болатбекұлы Астана қаласында Бас прокуратурада қызмет етеді. Ал, Жүсіпбекқызы Гүлжамал Шымкент қаласындағы технологиялық университетінің белгілі ғалымы, профессор, қызы Элмира Бекмұрзаева – медицина ғылымының докторы, профессор.

Жүсіпбекұлы Маратбек – құрылыс инженері, Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы болса, Жүсіпбекұлы Әділбек – Ұлттық қауіпсіздік комитетінің белді қызметкері, қызы Айжан Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде. Ал, Жүсіпбек қыздары Гүлбақыт ұстаздық қызметте жастарға тәлімді тәрбие беріп жүрсе, Гүлмайрам адам жанының арашашысы-дәрігер, жолдасы Кәрібозов Бағым үш ауданда прокурор болып қызмет істеген.

***

– «Мен қазақпын, мың өліп, мың тірілген,

Жөргегімде танысқан мұң тілімен», – деп Жұбан ағамыз жырлағандай, қайсар қазақтың басына не келіп, не кетпеді дейсің. Қазақ – мал баққан, найзаға үкі таққан, елдікті сақтай, дәм-тұзды ақтай білген халық. Десе де, жоғарыда айтқандай, қазағымның қабырғасын қайыстырған ақтаңдақ тұстар, зұлмат жылдар да жетерлік. Сол бір сұрқия заманда жазықсыз жапа шегіп, қуғын-сүргіннің құрбаны болған Алаштың айтулы азаматтарын түгендеу оңай емес. Менің әкем Жүсіпбектің де сол заманда көргендері мен көңілге түйгендерін ұрпақтар санасын сіңіруді парызым деп санаймын, – дейді Болатбек Жүсіпбекұлы толғаныс үстінде отырып.

Еркін ӘБІЛ,

Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<