Отан соғысының отты жылдарында

1110

0

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қызылорда облысынан әскер қатарына  және тыл жұмыстарына мобилизацияланғандар туралы әлі күнге  дейін толық зерттелмеген. Кейбір зерттеулерде соғыс кезінде Орта Азия мен Қазақстаннан халықтың 18 процентінің әскерге немесе тыл жұмыстарына алынғаны жазылады. Ал біздің қолымыздағы нақты мәліметтер Қазақстаннан,  Сыр  өнірінен  әскерге  ия тұрғылықты жерінен тыс жерлерде орналасқан өндіріс орындарына халықтың  34  проценті алынғандығын айғақтайды. 1939 жылғы  ресми санақ  мәліметтері  бойынша  Қызылорда  облысында  328 067  тұрғын  болған екен, алайда демограф М.Тольцтің зерттеулеріне сүйенсек, осы санақ көрсеткіштері Қазақстан бойынша 12,94 процентке көтермеленіп берілген. Осыған сәйкес, сол жылы өңірде  290 479  тұрғын  болғанын  анықтаймыз. Осыны негізге  алайық.

Ендігі кезекте 1939 жылғы  санақ қаңтар айында өткенін, 1939-1941 жылғы 22 маусымға дейінгі облыс халқының табиғи өсімі көрсеткішін ескерелік. Облыс  халқы  табиғи өсім есебінен 1940 жылы 6271 адамға, 1941  жылы  4 824  адамға  көбейген.  

Бұдан бөлек Кеңес үкіметі 30-жыл­дардағы аштық салдарынан қырылған қазақ жеріндегі демогра­фиялық  шы­ғынның  орнын жабу  үшін,  соғыс ал­дында басқа республикалардан Қа­зақ­станға тұрақты тұруға адамдарды  көшіру  саясатын  кеңінен жүргізді. Осы  миграциялық  толқын есебінен 1939 жылдан 1941 жылдың 22 маусымына дейін Қызылорда облысында қала халқы 18374 адамға көбейді. Демек, 1939 жылғы санақ мәліметтеріне соғыс­қа дейінгі облыс халқының табиғи және миграция есебінен болған өсімді  қоссақ, 1941 жылдың 22 маусымына қарай  Қызылорда  облысының  халқы  324 499 болғанын көреміз.  

Келесі кезекте 1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың соңына  дейінгі  облыс халқының  табиғи  және  миграциялық  өсім  есебінен өскенін есептеп көрейік. Қызылорда  облыстық  статистика  департаментінің мәліметі  бойынша 1941 жылдың  22 маусымынан 1945  жылдың  соңына дейін облыс  халқы табиғи өсім  есебінен  10707 адамға,  миграция есебінен  23261 адамға  көбейген,  бәрін  қосқанда облыс  халқы 1945 жылдың  соңында 358 467 болу керек еді, алайда, мыңдаған жерлестеріміздің майданға алынуына байланысты облыс халқы соғыс жылдары ресми  демографиялық мәліметтерде соғысқа  дейінгі  деңгейге жеткен  емес. Дегенмен, 1944  жылы  облыс халқының  саны қуғын-сүргінге ұшырап облысқа қоныс аударылғандар есебінен, соғысқа  дейінгі деңгейге жеткен болатын. Бірақ репрессияланып қоныс аударылғандар  контингенті   облыс  халқымен  бірге жеңісті  жақындатуға  еңбек  етсе де,  об­лыс­тық  демографиялық  есепке алын­бай  Ішкі  Істер  Халық  Комисариаты   есебінде тұрды.  Бұлардың  қата­рында  күштеп көшіріліп  әкелінген: 4082  неміс,  3861  қалмақ, 26924  шешен  мен  ингуш, 1857  түрік, нақты  саны  белгісіз, бірақ  мыңдаған гректер, поляктар  тағы  басқа халықтар  болды.

Енді облыстан әскерге алынғандарды анықтап көрейік. Осы орайда мемле­кеттік архивтен алынған Қаз КСР әскери комиссары міндетін уақытша атқарушы  Островскийдің  1945  жыл­дың 31 мамырында дайындаған «Ұлы Отан соғысының басынан 1945 жыл­дың 1 мамырына дейінгі  Қазақ КСР-і бойынша қызыл әскер қатарына  шақы­рылғандар және өндіріс орындарына мобилизацияланғандар саны туралы» анықтамасын келтірейік. Бұл анықтамадағы 1-ші кесте бойынша Қазақстанның 12 облысынан қызыл әскер қатарына  935725 адам (олардың 53 965-і жұмысшылар колонналарына, 8321-і құрылыс батальондарына алынып, өндіріс орындарына 245 054 адам мобилизацияланған екен.

Бұл мәлімет Қазақстанның Орта Азия әскери округіне тиесілі  12 облыс бойынша келтірілген. Себебі, 1941 жылы Қазақстанның Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан облыстары Оңтүстік Орал әскери округінің, ал Қостанай облысы Орал әскери округінің құрамында болатын. Сондықтан келесі бір архив құжаты  бұл мәліметті басқа әскери округтардан алынған деректермен  толықтыра түседі. 1945 жылдың мамыр айында Қазақ КСР  Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Н.Оңдасыновқа жіберілген құжаттардың бірінде Орта Азия, Оңтүстік  Орал  және  Орал әскери округтарынан әскер қатарына және өндіріс орындарына мобилизацияланған  қазақстандықтардың  төмендегідей сандық көрсеткіші ашып көрсетіліп берілген.

Округтар атауы

Мобилизацияланғандар

Барлығы

Қызыл армияға

Өндіріс орындарына

1.

Орта Азия әскери округі

935725

245054

1180779

2.

Оңтүстік Орал әскери округі

196913

39907

236820

3.

Орал әскери округі

63526

24381

87907

Барлығы:

1196164

309342

1505506

Қазақстаннан мобилизацияланғандар мәліметі.

Бұдан көретініміз 1941-1945 жылдары қызыл әскер қатарына және өндіріс орындарына Қазақстан бойынша 1 505 506 адам әскери комиссариаттар арқылы мобилизацияланып, алынған. Оның 1196 164-і Қызыл армия қатарына алынса, 309 342-і өндіріс орындарында жұмыс істеді.

Ал облыс  бойынша  қызыл  армия  құрамына  52 625 адам алынып, олардың 2000-ы жұмысшы колонналарына жібе­рілген. Әскерге алынғандардың 514-і офицер, 919-ы сержант, 40 062-сі  жауынгер болған.

Жұмысшы  колонналарына алынған 2000 қызылордалық Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстаннан жұмысшы колонналарына алынғандардың 3,7 процентін құрады. Олар армияның әскери резерві болды деуге болады.

Бұдан бөлек, жұмысқа қабілеті бар азаматтар өндіріс орындарына да әскери комиссариаттар және облыстық атқару комитеттері арқылы алынып отырды. Соғыс жылдары  Қызылорда  облысынан  өдіріс  орындары  мен  өнеркәсіпке  әскери комиссариаттар арқылы 13 724 адам алынған, бұлар Қазақстаннан өнер­кәсіпке алынғандардың 5.6 процентін құрады. Бұлардың да көбісі жұмысқа орналасқан жерінен өз еркімен немесе әскери комис­сариаттардың шақы­р­уымен әскер қатарына алынып жатты. 

Жалпы, Қызылорда облысы бойынша 1941-1945 жылдары әскери комиссариаттар арқылы 66 373 адам алынды, бұлар Қазақстанның әскери комисариаттары  арқылы  шақырылғандардың  5,62  проценті.

1941 жылға дейін әскер қатарына шақырылған қызылордалықтардың саны Жеңістің 50 жылдығына дайын­далған «Книга памяти Казахстана» еңбегінде, Қазақстан әскери комис­сариатының берген мәліметтеріне орай «1938 жылдан 1941 жылдың 21 мау­сымына дейін Қазақстаннан әскер қатарына 170 мың адам, ал Қызылорда облысынан 2159 адам алынды» – делінген.

Жоғарыда әскер қатарына алын­ғандар саны, яғни тікелей майданға барғандар саны елу мыңнан асқанын анықтадық, шындығында бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болған. Мысалға алатын болсақ, соғыстан кейін тұрғылықты  мекені  Қызылорда облысына тұтқыннан қайтып келгендер арасында бірнеше кәріс ұлтының өкілдері болған. Қазіргі кезде толық емес мәліметтер бойынша кәріс ұлты өкілдерінен Ұлы Отан соғысы майдандарында 400-дей адам болғаны анықталып отыр. Кәрістерден бөлек осылай майданға барғандар қатарында немістер, поляктар, гректер, т.б. әскерге алынуға жатпайтын  ұлтардың өкілдері болғаны мәлім.

Ұлы Отан соғысы жылдарында әскер қатарында болған қызыл­орда­лықтардың саны бұдан да көп болуы мүмкін деуіміздің тағы бір  себебі бар. Себебі, 1941 жылдың 12 шілдесінде КСРО Жоғарғы кеңесінің шешімімен кіші­гірім қылмыс жасап сотталғандарды мерзімінен бұрын босату туралы қау­лы шығып, бірінші кезекте ГУЛАГ-тан босатылған 480 мың адам әскер қатарына жіберілді. Бұған қоса КСРО-ның европалық бөлігіндегі лагерлер мен колониялардан  200 000  адам босатылып, әскери құрылыс жұмыстарына тартылды. 1941-1944 жылдары түрме­лерден ақталып, ия ісі тоқталып, әскерге алынғандарды қоспағанда, лагерьлерде жазасын өтеп жатқан 1 030 494 адам жергілікті әскери комиссариаттар арқылы әскер қатарына алынған. Бұл лагерьлердің бәрі Қазақстаннан тыс жерлерде орналасқан. Демек, олар Қазақстаннан шақырылғандардың санына кірмеді. Бұлардың екінші легі 1941 жылдың қарашасындағы КСРО Жоғарғы Кенесі Президиумының шеші­мімен уақытынан бұрын босатылып майданға кетті.

1941-1944 жылдары ІІХК лагерь­лерінен әскерге алынған 1 030 494 адам­ның ішінде қазақстандықтар 1939 жылғы санақ мәліметтеріндегідей тең пропорцияда болды деп санап көрейік. 1939 жылғы ресми санақ материалдарында қазақтар саны 3 100 949 деп берілген. Одан Қазақстандағы ресми мәліметтердегі 2 327 625 қазақты алып тастасақ, елден тыс жерде 773 324 қазақ ресми тұрған болып шығады. Бұдан 1939 жылы санақ кезінде ІІХК нұсқауы бойынша халық санын көбейтіп көрсету үшін қосылған үлестерді алып тастасақ, онда КСРО-ның Қазақстаннан басқа аймақтарында шамамен 739 000 қазақ тұрған болып шығады. Бұларға 1939 жылы ГУЛАГ лагерьлеріндегі 17 333 қазақтың (Украина мен Қазақстан КСР статистика  мәліметтеріне қосылған) санақ парақтарын қоссақ, 1939 жылы Қазақстаннан тыс КСРО жерінде 756 333 қазақ мекендеген болып шығады (ресми мәлімет бойынша 773 324 адам).

Зерттеу нәтижесінде Қазақстандағы қазақтар нақты 2 198 800 адамды құрап, бүкіл КСРО қазақтарының 74,4%-ін құраған деген қорытындыға келеміз.

Бұдан бөлек, Ұлы Отан соғысы жылдарында Қазақстан бойынша  109 832 адам, негізінен жасөспірімдер, облыстық атқару комитеттерінің шешімімен КСРО аймағындағы майданға жіберілген жұмысшылардың орнын басу үшін фаб­рикалар мен зауыттар жанындағы оқу орындарына және кәсіптік училищелерге алынды. Бұларды қосқанда мобилизацияланып, Қызылорда облысындағы  тұрғылықты жерінен майданға және өндіріс орындарына алынғандар саны еселеп өсе түседі.

Айтжан ОРАЗБАҚОВ, 

Қорқыт ата атындағы ҚМУ доценті, тарих ғылымдарының 

кандидаты.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<