Қожаназар ишан

393

0

Есімі ғұлама, ишан, әулиелігімен ел арасына кеңінен танылған Қожаназар ишан Артықбайұлы өмірінде Меккеге үш мәрте қажылыққа барып, бірнеше жерден мешіт салдырған, шәкірт тәрбиелеп, Алланың ақ жолына шынайы берілген аса киелі жан болған.Әз баба ел игілігіне берген, Қожаназар ишан есімімен аталатын мешіт әлі күнге жамағатқа қызмет жасап келеді. Ишан атамның бейіті өзінің ата қонысы қазіргі Жанқожа батыр ауылының аумағында орналасқан.  Бұл жырым  әулие Қожаназар ишан атамның аруағына бағышталады. Ишан баба аруағы қолдасын!

Дарияның бойы, нулы жер,

Жібектей ескен самал жел.

Айшығы күнмен таласқан,

Мешіттен дәріс алған ел.

Ғұлама, ишан, емші өзі,

Аллаға үндер әр сөзі.

Әулие болған әз  ата,

Тал егіп,  аула   өңдеді.

Жайқалған гүлдер , жасыл бақ,

Самғаған  құстар,  сайрап  шат.

Мәуесін төккен сан жеміс,

Тамсанған жұрты  қайран қап.

Шыжыған шілде, күн аптап,

Тұрғандай жалын, от қақтап.

Жаныңа сая сыйлаған,

Ишанның үйі  тым ғажап.

Су толы  арық, жүйектен,

Тіршілік нәрін жыр еткен.

Желкілдеп өсіп  бал құрақ,

Құлпырған келсе  нұр көктем.

Құйылып елі жан – жақтан,

Кеселге дауа, ем тапқан.

Алдына жетіп   бір күні,

Атақты бай мұң шаққан.

Қамықты жылап, « баба деп,

Іздедім қорған сізден тек.

Өмірден өткен жан  атам,

Сүйегін кетті көрбақ жеп».

Әз ишан айтты «қамықпа,

Бір Алла салар қалыпқа.

Жақынға түсір  тамыңды,

Қыла алмас залал, қорықпа!».

Ишанға  ашып ауыр сыр,

Жалғаннан өтті байда  дүр.

 Қаумалап өңшең шәкірті,

Атамыз намаз оқып тұр.

Тоқтай қап, қолын  сілтеді,

 Жәй емес, сірә ол тегі.

 Ұқтырды баба қауымға,

 «Молаға көрбақ беттеді».

  Ел – жұртын ертіп соңына,

  Келді ишан қалың қорымға.

  Жартылай қазып моланы,

  Сұлапты көрбақ  қанға малына.

 Шапқандай алмас қылышпен,

 Бөлінген арам дене тең.

Әулие бабам  күшімен,

Сақталды мүрде болмай жем.

 Айналдым, ишан әз атам,

 Сыйынып сізге тіл қатам.

 Кеудесін  сезім кернеген,

 Арнады жырын бір ботаң.

 Атағың кетті тым алыс,

 Білімі теңіз, өр ағыс.

 Есінде елдің бейнеңіз,

Алланы сүйген шын арыс!

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы,
Жанқожа батыр ауылы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<