Парасат пайымы

930

0

Кейбір ғұламалар адам өмірін жылдың төрт мезгілі іспетті деп санайды. Оның дүниеге келген уақыты – көктемі, есейіп, ер жеткені –  жазы, қызметке араласып елге, қоғамға пайдасын тигізген кезеңі – күзі, ал қартайған шағы –  қыс мезгілі іспетті деп баяндайды. Бұл жылдың төрт мезгілі арқылы мынандай ақиқатты ұғуға болады. Табиғаттың тіріліп, өрлеп, содан кейін қайта өліп қайта тірілетіні – өмірдің мәңгі еместігінің көрінісі. Кез келген адам бұл төрт мезгілді көре бермеуі де мүмкін дейді. Себебі, ажал ешкімге айтып келмейді. Ғалымдар айтқан бұл төрт мезгілді көрудің өзі – бір ғанибет, Алланың бергені.
Уақыт шіркін тоқтаусыз зымырап барады. Кеше ғана жайраңдаған жаз еді, артынан күрең күз келіп, арты қатал қысқа ұласып жатыр. Тағы да сол суық желтоқсан айы… Өткен желтоқсан айында Сәр­сенбайқызы Патыма қажы апа­мызды ақырғы сапарға, мәңгілік мекеніне шығарып салған едік. Бүгін міне, қырық күн өтіпті.
Өткен өмір, кешегі күн – бүгінгі тарих. Тарих –  әр адамның өткен өмірінің айнасы. Қазақта адам өмірі қамшының сабындай қысқа деген нақыл сөз бар. Сол өмірде адамдар қалай өмір кешті, нені мақсат тұтты, не бітірді, қандай аманат пен өнеге қалдырды. Әңгіме осында.
Біз дүниеге келгенде ана­ның аялы алақанынан жылу сезінеміз. Ананың мейірімді үні мен махаббатқа толы жүрегі барлық баланы бақытқа бөлейді. Ол анасының құшағында ба­қыт­ты, анасының жанында өзін еркін сезініп өседі. Алпыс екі тамырды идірген ана махаб­баты мына әлемде ерекше құрметті. Сол себепті ана туралы жазылған жыр, айтылған сөздің әрбірі құнды, бағалы. Барлық адам анасы туралы тебіреніп, сағаттап сөйлесе де бұл тақы­рыптың мәні жоғалмайды!
Ана – тіршіліктің алтын арқауы. Қазақтың ақиық ақы­ны атанған Мұқағали да:
«Анашым! Асыл анам,
есіл анам,
Елжіреп есіркеймін,
есіме алам.
Мен үшін сен суалтқан
ақ сүтіңді,
Ақтамасам, боп жүрмін несіне адам», – деп тебіреніп жырлаған екен.
Діні мен иманын бекем ұстанған халқымызда нар тұл­ғалы аналар аз болмаған. Құнан­байдың анасы Зерені сөз еткенде, бұл ананың Құнан­байды дәретсіз емізбегендігіне тәнті боламыз. Абайдың анасы Ұлжан, Шәкәрімнің әжесі Күңке, анасы Төлебике де, Шо­қан­ның әжесі Айғаным да ақыл мен парасаттың падишалары іспетті. Тұла бойынан текті­ліктің, тәрбиенің ізі анық бай­қалады. Тарихта Төле бидің алдын кесіп өтпеген Данагүлдей ақылды қыздың кейін Төле биге адал келін әр істі байыппен шешетін бір сөзді, шешен тілді болғандығын білеміз. Отбасының ұйытқысы, ерінің ақылшысы, өскелең ұрпақтың үлгілі анасы бола білген аяулы әйел-аналарға ислам діні «Жұмақ – ананың табанының астында» деген пайғамбар ха­дисі негізінде мәртебе беріп сүйіншіледі.
Жазушы Ғабит Мүсірепов: «Ана алдында өлім де мойынұсынады» деген екен. Игі ұрпақ өсірумен қатар, ел еңсесін көтеруде өз үлестерін қосқан қайсар қазақтың аналары қандай құрметке де лайықты.
Өмір жолы ізгілікке толы аналардың жалғасы, парасат­тың падишасындай болған Сәр­сенбайқызы Патыма дана­гөй анамыз болды. Ол парасат пайымы мен ізеті арқылы көп­­шілікке таныс, әулетке сый­лы, балаларына ақыл көзі бола білді. Жары Туған­бек көке­мізбен бірге өмірдің бар­лық тауқыметін қа­тар көріп, маңдай терімен ба­лаларын білімді аза­мат етіп өсір­ді. Қиналғанға қолұшын созу, жабырқағанды жұбату екеуі­нің қанына сіңген қасиет дерсің. Та­лай ағайын мен ауыл­дасты демеп, адамгершілік таныт­қан­дығына ел куә. Бүгін­де ел Туғанбектен тара­ған Сүйінтаевтар отбасын үлгі тұтады. Себебі Туғанбек көкеміз бен Патыма апамыздың ғасырға жуық өмірі адалдық пен тазалыққа негізделді.  
Мәуелі бәйтеректей тамыры кеңге жайылған әулетке қарап жаныңа сая табасың. Сүйін­тайұлы Туғанбек кедейге дәу­лет, кері кеткенге ар-ұят жайлы баяндап, үнемі дұрыс бағыт көрсетіп отырушы еді. Сөзі байсалды, ісі тиянақты ерекше мейірбан жан болатын. Келелі сөз бен кесімді ой әрдайым иесін тауып отыратын. Көп ішінде көсем, шешіліп сөйлегенде шешен бола білген данагөй қарт соңына жақсы іс қалдырып кетті.
Туғанбек көкем мен Патыма апамнан төрт ұл, бес қыз дүниеге келген. Олардың екеуі бақилық болған. Балаларын жақсы тәрбиелеп өсіргенінің нәтижесінде бүгінде білікті маман әрі өз кәсіптерінің иесі.Жиырмадан астам немере сүй­іп, шөберенің қолынан су іш­кен екеуі де бүгінде Алланың құзырына кеткен.
Марқұм көкем мен апамды ес білгелі білемін. Отбасында талай мәрте қонақта болып қолынан дәм татып, дастархан басында әңгімесіне қанық болдым. Елге келген сайын сәлем беріп, ақ баталарын алушы едім. Өмірінің соңына дейін аялы алақанынан жылылық сезіндірген Патыма апамыз тәрбие мен тәлім туралы терең ой қозғағанда жүзінен нұр төгіліп, ерекше көсілетін. Көргені мен көкірегіне түйгені мол апамыз дін төңірегінде сөйлей алатын білімге ие еді. Қашан көрсең аңқылдап, аузынан Алласы, қолынан тәс­бісі түспейтін. Одан пейілі дархан анаға ғана тән көріністі көретін едім.
Бүгінде ағайынға сыйлы, адамгершілік қасиеті мол Па­тыма апамыздың орны ойсырап қалды. Өзімізді өнеге тыңдаудан тыс қалғандай сезінеміз… Десе де, ардақты анаға сәлем беруге барған әрбір күніміз жып-жылы естелік. Әрбір есті­геніміз көңілімізде алтын сандықта сақталған сыр сынды бағаға ие. Апамыз ақ тілегін ақтарғанда көмейінен сағаттап дұғалар төгілетіндей еді… Шы­найылығы соншалықты, қазір сол батагөй ананың ақ батасын аңсап тұрамыз. Бақұл бол, Патыма апа! Жаныңыз жұмақта шалқысын. Сіздің мағыналы сөзіңіз бен ісіңіз біздің көңі­лімізде сақталады.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ.
Нұр-Сұлтан қаласы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<