ПАРТИЯ СОЛДАТЫ

411

0

 Қазалы ауданы, қазіргі Мұратбаев ауылының тумасы Елембай Есіркеев 1916 жылы дүниеге келген. 1937 жылы Арал ауданының Қамыстыбас стансасында балалар үйінің тәрбиешісі болып жұмыс істеп жүрген кезінде әскерге алынды. Әскер қатарында КПСС мүшелігіне өтіп, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, елге 1940 жылы аман-есен оралды.

Әскер алдында Ақтөбедегі партия мектебін бітірген Елембай ағаны келісімен Қазалы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мансұр Сегізов шақырды.

– Қалай, Елембай, Отан алдын­дағы міндетіңді атқарып келдің бе? – деді хатшы.

Сәл әңгімеден кейін:

– Жігітім, сен партия мүшесісің. Өзіңе белгілі, коммунист ешқашан қиындықтан қорықпайды, өйткені ол өз Отанын шексіз сүйеді. Осыған орай, айтайын дегенім, сені аудандық партия коми­тетінің бюросының  шешімі бойынша ауыл шаруашылығы бөліміне нұсқаушы етіп қызметке алғалы отырмыз. Бұған қалай қарайсың?

– Жарайды, хатшы жолдас. Партия шешімі мен үшін бұлжытпас заң, өйткені мен партия солдатымын, – деді Елембай. Осылайша еңбек майданы басталып кетті.

Алайда көп ұзамай Ұлы Отан соғысы басталды да, Елекең алғашқылардың бірі болып 1941 жылдың 23 маусымында Отан қорғауға аттанды. Әскерге барған соң, аздаған дайындықтан өтіп, 884- Рига атқыштар полкінің 2 атқыштар батальонында саяси жетекші болып тағайындалды. Ленинград, Курляндияны азат етуге қатысады. Соғысты 1945 жылы Берлиннің түбінде жеңіспен аяқтап «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

Жеңімпаз майдангер лейтенант Елембай Есіркеев осылайша елге аман-есен оралысымен,  қайтадан аудандық партия комитетінде 6 жыл 1951 жылға дейін нұсқаушы болып жұмысын жалғастырды. Бұл кезде аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Иса Иманқұлов болатын.

«Сіз партия жұмысында біраз тәжірибе жинақтадыңыз, – деді хатшы. – Сізді «Қазалы» қой совхозына партия ұйымын басқаруға жібергіміз келіп отыр, енді ауылға бар!»

Елекең ұсынысқа қарсылық білдірген жоқ. Көп ұзамай 1956 жылдан бастап «Қазалы» қой совхозының партком хатшысы, Майлыбас ауылдық кеңесінің төрағасы болып 1965 жылға дейін қызмет атқарды.

1965-1976 жылдары құрылыс шебері, шаруашылықтың мұрабы қызметтерін атқарып, сов­хоз экономикасының өркендеуіне өз үлесін қосты, 1976 жылдан бас­тап зейнетке шықты.

Ол совхозда істеген жылдары ауыл гүлденді, түзу көшелер, тұрғын үйлер, 624 орындық мектеп, бірнеше мал қоралары салынды. Ауыл ауыз сумен қамтамасыз етілді. Елембай ағамен 1968-1975 жылдары Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында бас инженер болып қызмет істеген жылдары бірнеше рет құрылыс алаңында кездестім.

«Қазалы» қой совхозына мен көп баратын едім, себебі салынып жатқан құрылыстан бөлек, амандасуға сыныптас достарым – Аманкелді Есболов, Өмірзақ Абдрашев, Рахима Есхожаеваларға соқпай кетпейтінмін. Сонда Елембай аға соғыста болған жылдардағы небір қияметті айтып отыратын. Отанға адал болуды, қызметте ала жіптен аттамай таза жүруді жастарға үлгі етіп әңгімесін айтатын.

Ауыл тұрмысын бақуатты ету жолында ащы терін төгіп, қажыр-қайратын аямаған, бақытын еңбектен тапқан ерлерді ұлықтау, олардың жасампаздыққа толы ғұмырын өскелең ұрпаққа үлгі ету – кезінде ауыл шаруашылығы саласында бірге қызмет атқарған біздің парызымыз.

Ол қарапайым өмір сүрді, 5 ұл, 4 қыз тәрбиелеп, 1996 жылы наурыз айында қайтыс болды. Тірі кезінде халқының алдында жүзі жарқын, еңсесі биік болған ағамыздың, өзінің еңбегі сіңген ауылында бір көшенің аты берілсе, игілікті іс болар еді.

Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,

еңбек ардагері,

облыстық ауыл шаруашылығы

басқармасы ардагерлер кеңесінің төрағасы.  

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<