Қайран, замандас

978

0

Кешегі кеңес заманында қатардағы балықшы болып жүріп көзге түсіп, «Шөмішкөл» учаскесінде балықшылар звеносының жетекшісі болған жас жігіттердің бірі Тарғын Әбілдаев еді.  

Тарғынның туған жеріне, ауылдастарына деген ілтипаты, қамқорлығы өте керемет болды. Қарапайым, байсалды, көркем мінезді, жанарына шаттық ұялаған жайдары жан болатын. Қанша біліп тұрса да «мен білемділікке» салынбай өзгені тыңдап, аз сөйлейтін. Әрі тындырымды ісімен өзгені мойындататын. Оның сол болмысы ауыл-аудан мақтанышына бөленген, үлкенді-кішілі замандастарына үлгі болып, тірлік-тіршілікке бағдар сілтеді.  

Тарғынның осындай қасиеттері елге де, басшылыққа да ұнаса керек, бірнеше мәрте ауылдық Кеңестің депутаты болды. Кейін Арал аудандық партия комитетінің мүшелігіне сайланып, өз ауылдастарының мұқтаждары мен ескертпелерін әркез есінен шығармай, олардың оңтайлы шешілуіне атсалысты.

Мен Тарғынды Шөмішкөлде оқып жүргенімнен бастап білемін. Әулиенің тұқымы деп ерекше қарайтынбыз. Онымен бірге сегізжылдық мектепте қатар оқыдық. Мектептен соң ол Қазалы кәсіптік-техникалық училищесіне түсіп, тракторист мамандығын игеріп, жастайынан еңбекке араласты. Ауылға ат басын тіресек Тарғынмен, Серік Төлеубайұлымен, Закария Атағұллаұлымен кездесіп, жастық шақты еске алатынбыз.

Алматыдан жоғары оқу орнын бітіріп елге оралдым. Алғашында совхоз өндірісінде еңбек еттім. Кейіннен, яғни 1972 жылы Арал аудандық комсомол ұйымының жетекшісі болып қызмет ауыстырдым. Сол кездері Тарғын аудандық комсомол комитетінің ұсынысымен партия қатарына қабылданды. Ол кезде мен де жас коммунист болатынмын. Аудандық партия комитетінің бюро мәжілісі алдында Тарғынның менің кабинетіме келіп, партия жарлығы мен бағдарламасы, жас коммунистердің жауапкершілігі жайлы ой-пікірлерімізбен бөлісіп, оған сәтті қадам тілегенім есімде.

Тарғын «Шөмішкөл» учаскесі балықшыларының бір звеносын басқарып жүріп, жастығына қарамай аудан балықшылар қауымы арасынан үлкен сый-құрметке бөленіп үлгерді. Ол өз орнын ерен еңбегімен табуға ұмтылған жігерлі жастардың бірі болатын. Тарғын сол өркендеу кезеңінде 17 жасынан бастап Арал ауданы балық шаруашылығындағы балықшы звеносының алғаш жетекшісі болған жас еді.

Оның Шөмішкөл елді мекенінен халық қалаулысы болып сайлануы ауыл тұрғындарының көптеген тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерін көтеріп, олардың  шешілуіне депутаттық ықпал жасай білуі Тарғынның ауылмен қоса, аудан көлемінде де абырой биігінен танытқан еді.

Оның еңбектегі қол жеткізген табыстары жоғары бағаланып бірнеше мәрте социалистік жарыстың үздігі болды. Сол кездегі  бесжылдықтың жеңімпазы атағымен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің, Кәсіподақтардың, республика, облыстық және аудандық  Лениншіл коммунистік жастар одағының құрмет грамоталарымен марапатталды. Осының бәрі Тарғын басқарған балықшылар звеносы  үшін, бүкіл Шөмішкөл ауылының тұрғындары үшін, Арал ауданының балықшы жастары үшін үлгі, үлкен мақтаныш болған. Депутат Тарғын сайлаушылардың аманатын өз парызым деп ұқты.

«Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі» деп текке айтылмаған болар. Тарғынның ғажайып сырларының бірі айта беретін асыл еңбекте деп айтар едім. Оның балықшы мамандығын терең түсіне білуі, сезімтал-іскерлігі, балықшы әріптестерімен тіл табысуы, басқару тәсілі тер төккен балықшылар еңбегінің нәтижесіз қалмайтынына күмән келтірмейтін.   

«Адал арың – ақ мамық жастығың» деген екен бір данышпан. Тарғын ініміз туған жерін түлетуге үлес қосқан арлы азаматтардың бірі еді. Алланың әмірімен ерте бақилық болды. Дегенмен саналы-мағыналы өмір кешті, замандастары мен ұрпақтарына сара жол сілтеп, бағыт берген ел азаматы. «Ата – кеме, ана – дария»  дегендей, атанның жүгін арқалаған, атадан өсиет, анадан қасиет алған Тарғын інімнің ұрпақтарына Жаратушымыз ұзақ, бақытты өмірді нәсіп етсін деп тілеймін.

 Маханбетәлі ІЗМАХАНОВ,

 Арал ауданының Құрметті азаматы.

 Алматы қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<