Қаржаубай әулетінің қос діңгегі

789

0

Бұл жазба – үлкен бір әулеттің қос бірдей діңгегі жайындағы ойтолғам. Сыр елінде бұл әулетті білмейтіндер, «танымайтын едім» дейтіндер  кемде-кем шығар, сірә. Бұл біздің оймыз ғана ма? Жоқ, көптің ойы. Сыр топырағында ғұмыр кешіп жатқан үлкенді-кішілі көп  кісілердің лебізі  десек те болар! Көзіміз көрді, құлағымыз естіді, көңіл сенді. Олар кімдер?

Бүкіл ғұмырын қаламға бағындырып, талай-талай ойлы мақалалар мен ойтолғамдар жазған журналист Молдабай Қаржаубаев пен жан жары, осы әулеттің сүйікті келіні, ұзақ жыл мектепте ұстаздық еткен  Тұрсынбике Жексенбайқызы. Тағдыр деген қызық! Тағдыр деген тар соқпақтың, ойлап қа­расаң,  қатпары мен қал­та­рыстары, бұралаңы мен бұ­ры­лыстары мол-ақ. Мен осы Қызылорда өңірінде  он жыл­дан астам уақыт қызмет атқа­рыппын: әуелі Тасбө­гет­тегі аудандық газетте әдеби қызметкер,  сосын облыстық комсомол ұйымында басшы қызметте, одан кейін Қа­зақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының жауапты хатшысы болыппыз. Міне, сол облыстық журналис­тер ұйымында жүрген кезде Қа­залы аудандық газеті бас ре­дакторының орынбасары Мол­­дабай Қаржаубаевпен қо­йын-қолтық араластық. Ол сол аудандағы журналистер ұйымының қоғамдық негіздегі хатшысы еді. Ай сайын десек те болар, жиі-жиі телефон ар­қылы хабарласамыз, аудан көлеміндегі қаламы жүрдек тілшілерді қалай қолдап, қа­лай марапаттап қоюды ақыл­дасамыз. Айтпақшы, сол жыл­дары Қазалы аудандық газе­тінің бас редакторы, қа­рымды қаламгер-журналист  Әлмәмбет Әлішев ағамыз Қа­зақстан Журналистер одағы сыйлығының  лауреаты атағын жеңіп алғанына екеуміз қо­сыла қуанып ек. Молдабай аға мейірімі мол, өзгенің же­тістігіне қуана білетін, жүрегі таза жан еді. Содан да болар, өзінің соңынан ерген  қаламы жүрдек журналистер Миуа Байназарова, Қасқырбек Мәм­бетжанов, Бақытжан Жал­ғас­баев, Раушанбек Сейтен­ов, Насифолла Аяғанов, т.б. іні-қарындастарынан ағалық ақылын аяған емес. Бұлардың арасында өзінің туған қа­рын­дасы, журналист әрі ақын Алмагүл Қаржаубаева да бар. Ал, тағы бір ізбасар қарындасы Шәмшия Жұбатова болса бұл күнде бүкіл қазаққа есімі бел­гілі ақын.

Қызық болғанда, арада жылдар жылжып, мен бұл кезде қызмет жағдайымен  Ал­­матыға қоныс аударып үл­гергем. Қыраш ауылында тұ­рып жатқан туған ағайым Ел­тайдың кіші қызы Индира Молдабай ағаның үлкен ұлы Арманға тұрмысқа шық­ты. Біз құда болдық. Той қы­зықшылығын бірге өткердік, бірге тойладық, бірге тамаша­ладық.

Міне, осы қызықшылық үстінде құдағиымыз Тұрсын­бике ханыммен жақын танысып, кеңірек сөйлесіп, тіпті тез арада  туыстай  болып кеттік. Ол кісінің қонақжайлылығы, кең пейілі, аналық ақ жүрегі бізді ризалық сезімге бөледі. Сол жолы қанықтым: Тұр­сын құдағи ұзақ жылдан бері мектепте ұстаздық ете­ді екен. Ол кісінің алдын көрген шәкірттері қазір бір мектептің тізгінін ұстаған  Ал­магүл Алуа­шева, аудандағы балабақша меңгерушісі Сәуле Мұқашева, облысқа белгілі кәсіпкер Алмагүл Құрақбаева, т.б. ұс­таз есімін әуелете, биік ұстап келе жатқанын білдім. Ән әлемінің Ақбаяны, ерекше да­уыс иесі, марқұм  Мәдина Ералиева да Тұрсын ұстаздың алдын көріп, алғашқы білі­мін ұштапты. Айтпақшы, апа­сының тәрбиесін көріп,сол ұс­таздық жолды қалаған сіңлісі Шәкизада Жаңабаева да физика-математика пәнінің жетік маманы  болды, кейінірек  тынымсыз еңбегі еленіп, мектеп директоры деңгейіне көтеріле алды. Осылайша, бұрын аға-іні дос болған екеуміз енді жастардың арқасында, қазақ айта беретін бауыздау құда бо­лып шыға келген едік.   

Өмір деген неткен өткінші, неткен жылдам, неткен сырғы­малы? Әне-міне деп жүріп, арада тағы да бірнеше жылдар жылжып кетіпті-ау. 2008 жылдың сәуір айында ұзақ­қа созылған науқастан біздің құдамыз Молдабай Қаржау­баев фәниден бақиға озды. Алпыс жастан аса бере сұм ажал абзал жанды, қаламы жүрдек журналисті арамыздан алды да кетті. Бұл жағдай оның отбасына да, біздей жақындарына да ауыр тиді. Бірақ, амал қанша?

Молдабай құданың артында қалған жан жары  Тұрсын құдағи екі ұл, екі қызды – Арман мен Русланды, Жанар мен Шынарды қызғыштай қорып, шамасы жеткенше солардың бақытты ғұмыр кешкеніне куә болуға ұмтылып бақты. Өз қадірі ғана емес, сөз қадірі жеткен жерге дейін төрт құ­лыны қиыншылық көр­ме­се екен деп шырылдап, ана­­лық үнін естіртті. Балалары­на да талап қоя  білді: сендер Қар­жаубай әулетінің ұрпақ­тары­сыңдар, киелі әулетке кір келтіре көрмеңдер деп өсиет­теді. Сөйтті де, өзі де тосыннан жабысқан кеселдің зардабынан биылғы жылдың мамыр айында жарық дүниеге қош деп,  күйеуі мәңгі дамылдаған мекенге аттанды.

Әлбетте, біз бұл қоштасу лебізін тілге тиектей отырып, тағы да төгіле толғап, көп жайттарды тоқтаусыз жаза алар ек: Молдабай Шәріұлы мен Тұрсынбике Жексенбай­қы­зы­ның көзі тірісінде ел құрметіне бөленіп, нешелеген алғыс хаттар мен мақтау грамоталарын иеленгенін тізіп жаза берсек те болар еді;  тіпті Молдабай азаматтың журналистика мен спортты қатар ұстап, аудандық спорт комитетінде, аудандық әкімдікте жауапты қызметтер атқарғанын да ежіктеп баян­дай  алушы ек;  қаншама аудандық, облыстық, тіпті республикалық бәйгенің же­ңім­пазы болып, тиісті  жүлдені қанжылағанын да сіздерге жет­кізуге асыққан болар едік;  тіпті ұстаз-ананың шәкірт­тер тәрбиелей жүріп, аудан­дық, облыстық білім басқарма­сы­ның түрлі марапаттарын ие­лен­генін де жаза беруші ек. Алайда… Қаржаубай әуле­ті­нің қос діңгегіндей болған екі кісінің өмір айдынында ер­кін жүзіп, таза еңбек етіп, ел-жұрты алдында зор құр­метке бөленгенінен артық қан­дай марапат керек? Екеуі­нің ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп, соңында өте тәрбиелі ұрпақ қалдырғанынан өткен үлкен бақыт бар ма?! Ұрпақ демекші, үлкен ұлдары Арман Сыр еліне белгілі азамат, Руслан – ана жолын қуған, ұстаздық кәсіпті қалаған,  бұл күнде мектеп директоры.  Қос қарлығашы да – өмірден өз жолын тапқан, отбасылы, ба­қытты аналар.

Өмірден екеуінің де тым ерте өтіп кеткені өкінішті, әри­не. Мынадай  мамыражай заманда, медицина барынша дамыған уақытта 60-70 жас деген не тәйірі?!  Десе де, Алла тағаланың өлшеп беретін өмірі рас болса, тәуба демеске не шара? Үкім – Алладан деп жатады ғой.

…Мамыр айының аяқ ше­нінде Тұрсын ұстаз өмірден озды деген суық хабар жеткенде, расы сол, біршама уақыт есеңгіреп отырып қалып едік. Соңғы 15-20 жылда тығыз араласып, тіпті елордадағы  үйімізге келіп, Ботагөз құда­ғиының қолынан дәм татып, апталап жатып, қадірлі қо­нағымыз да болған-ды. Шәй үстінде ағыл-тегіл әңгіме айтып, өткен күндерге де саяхат жасап қоюшы ек.

Барып жерлеп қайтуға, қа­бі­ріне топырақ салуға оқталған да жағдайымыз бар-ды. Алайда, мына пәлекет кесел тағы да аяқтұсау болды: жолға шыға алмадық.

Осы жүрекжарды жазбалар сіздерге, Молдабай Шәрі­ұлы мен Тұрсын Жексен­байқызы, өздеріңізге деген ыс­тық ниетіміз бен сыйлас­ты көңіліміздің белгісі болсын. Топырақтарыңыз торқа, жан­дарыңыз жайлы орында жайғассын, нұрларыңыз пе­йіш­те шалқысын, бізге аса қымбат асыл жандар! Сіздер өмірден озсаңыздар да Қар­жаубай әулетінің туын жоғары ұстар ұрпақ бар, соларға сеніңіздер.

Адам ұрпағымен мың жасайды.

Жолтай Жұмат-Әлмашұлы,

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ғалым, жазушы, драматург

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз