Қасиеттен аттаған қасірет

6352

0

Есіктен жайдары жүзбен аттаған Мәрзия апаны Арманның отбасы қуана қарсы алды. Әсіресе, Арманның әйелі Аманбикенің шаттығында шек жоқ. Олай демегенде ше?! Мәрзия апа – Аманбикенің өзімен тетелес туған әпкесі. Біршама уақыттан бері жүздеспеген туыстар мәре-сәре, қауқылдасып жатыр. Арманның кәсіпкер досы Қанат «құлқынсәріден тұрып, базарға қарай аяңдайтын. Күнұзағына інінен шыққан суырша жан-жағыма жалтақтап, затымды өткізсем деп жанталасып жүремін. Қас қарая үйге зорға жетіп, тамағымды шала-шарпы ішіп, қалжырап құлаймын. Ертеңіне осы жағдай тағы қайталанады. Өмірім осылайша зырылдап өтіп жатыр…» деп қынжылатын. Сол әпенді (құрдасына аңғал мінезіне орай осындай айдар таққан) айтпақшы, қарбалас тіршіліктен бір қалада тұрғанымен бұлардың да жиі кездесуге уақыты бола бермейді.

Қою күрең шәйді асықпай ішкен туыстар үлкен тамақ дайын болғанша сыр шертісіп, өткен-кеткенді еске түсірген. Кенет Мәрзия апа «Замираның жалғыз баласы наша сатып ұсталып, ұзақ жылға сотталды. Өзі қазір қарттар үйінде тұрады» дегені.

Арманның көзі қарауытып кетті. Тілі күрметіліп «әке қарғысы… әке қарғысы… әке қарғысы» деген сөзді іштей күбірлеп, қайталай бергенін өзі де сезбеген. Үйдегілер бұған аңтарыла қарап қалыпты. Санасынан мұнан тура қырық жыл бұрын болған оқиға кино лентасынша сырғып өтіп жатты.

…Жанарынан жасы тамшылаған әке бейнесі. Шашын шолтита күзеп, бетін баттастыра бояп алған Замираның, ағасы Әмірханның ашуға булыққан сұп-сұр жүзі… бәрі-бәрі дәл қазір болғандай елестеп өтті.

Замира   Арманның жеңгесі болатын. Нақтысы, үлкен бауыры Әмірханның бұрынғы әйелі. Тағдыр дегенді қойсаңшы?! Сабырлы мінезді, ақкөңіл ағасының әжесінің сөзімен айтсақ, «қатыннан бағы жанбады». Бауыры жұмысына ұқыпты, ішкілікке үйірсектігі жоқ жігіт. Әулеті өскен-өнген жандар. Әмірхан аяқтанғанда бұл мектеп оқушысы болатын. Түскен күннен бастап Замираның қабағы бір ашылмай қойды. Үй шаруасына араласпақ тұрмақ, көпшілікпен бірге дастархан басына ас ішуге келмейтін. Келінінің бұл қылығына үлкендер қатты қиналатын. Бірде шыдамы таусылған Арманның анасы көптен жырақтаудың дұрыс еместігін, жалғыздық Аллаға ғана жарасатынын айтқанда келіні кекесінмен мырс ете түсті. Бұдан әрі сөз қозғаса, соңы жанжалға ұласатынын сезген қос қария отбасының тыныштығын ойлап, үнсіз қалды.

Әмірханның қабағына кірбің ұяламасын деп Арман мен өзге бауырлары да жеңгесіне бәйек болатын. Құдықтан су тасу, отын жару мойнында, от жағу, кір жуу, тамақ дайындау тәрізді шаруалар әпке-қарындастарының еншісінде. Мұндай жұмыстарды атқару ауыл адамына  үйреншікті еңбек. Алайда бұларды Замираның тоңтеріс кескіні, ешқашан ашылмайтын қабағы шаршатушы еді. Сәл нәрсеге ашу шақырып, көзінен жасы сорғалап шыға келетін. Қит етсе кетемге салып, заттарын жинай бастайтын келіннің оспадар қылығы отбасының әбден берекесін қашырды. Іргелі әулет тіпті Замира табалдырықтан аттағанға дейінгі сүттей ұйып отырған мамыражай күндерін аңсай бастады.

Осындай көңілсіз күннің бірінде Замира тағы да киім-кешектерін буып-түйіп, бажылдаған күйі сыртқа беттеген. Даусы тұншыға шыққан Арманның әкесі «Балам, сен де мендей әкеден өрбідің ғой. Бар мақсатың бөлек шығу екенін айтып тұрсың. Кемпірім де ауру. Әменімнен басқа балаларым әлі жас. Ауылда, үлкен отбасында тұруға көндікпей жүрген шығарсың. Мені жерге қаратпа. Ағайын-туыстың басын қосайын. Мал шалып, үлкендердің батасын алып берейін. Сонан соң бөлек шығарсыңдар. Сәл мұрша бер, айналайын» деп өксігін жұтып бөгелді.

Сөзге құлақ асатын Замира ма? Жабайы мысықтай шарылдап далаға жүгірді. Осы кезде ешкім күтпеген жағдай орын алған. Көзінен жасы парлаған Арманның әкесі еңкілдеп жылаған күйі, табалдырықтың алдына кесе-көлденең жата кетті. Есі ауысқан жандай тарқылдай күлген Замира әкесінің үстінен аттап өткенде Арманға аспан айналып, жерге түскендей болды.

Осы мезетте «көке, бұл не сұмдық?! Тұрыңыз, тұр деймін, көке. Сізді аяғына жыққанша, бұл өмірден қатынсыз өткенім артық. Тұрыңыз көке!» деген қаһарлы дауыс үйдің қабырғасын қақыратып түсіргендей болды. Құдды, айбарлы арыстан ақырды дерсің. Бағанадан бері болған жайтты тістенген қалпы қадағалап тұрған Әмірхан екен. Жүгіре басып келіп, әкесін орнынан көтеріп алған ағасының жайшылықтағы аса мейірімді жанары осы сәтте қып-қызыл болып кетіпті. Басы кеудесіне сұлқ түскен әкесінің «Замира, екі дүниеде рахат көрме!» деп сыбырлай шыққан үні тым аянышты еді.

Көп ұзамай олар сот арқылы ажырасты. Кейін Замираның басқа адамға тұрмысқа шығып, ұлды болғанын, тағы да ажырасқанын естіген еді. Ағасы өзі сияқты қарапайым мінезді, ауыл қызына бас қосты. Перзент сүйіп, келін түсірді. Бүгін Мәрзия апаның айтқаны сол Замира болатын.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<