Қоғам қайраткеріне құрмет

1601

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюповпен кездесіп,  70 жас мерейтойымен құттықтады. Аймақ басшысы мерейтой иесіне ізгі тілегін білдіріп, парасаттылығымен, қадір-қасиетімен, іскерлігімен, абыройлы қызметімен, жайсаң мінезімен елге танымал тұлғаға құрмет көрсетті.

– Сіздің еңбек жолыңыз, мол тәжірибеңіз, еңбекқорлығыңыз, ақыл-кеңесіңіз қазіргі жастар үшін аса қымбат. Сыр елінің қо­ғамдық-саяси, әлеуметтік-эко­но­микалық дамуына қосқан ерек­ше үлесіңіз үшін облыстың Құрмет грамотасымен және Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығы үздігі» төсбелгісімен марапатталасыз, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Б.Каюповқа Қазақстан Республикасы Пар­ла­менті Сенаты төрағасының құт­тықтауын табыстады. Мерейтой иесін ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, бұрынғы Балық шаруашылығы министрі Құдайберген Саржанов және облыстық мәслихат депутаты Шәкизада Әбдікәрімов құттықтады.

Кездесу соңында Биғали Әбдікерұлы әріптестеріне ізгі тілек­ үшін ризашылығын білдіріп, елге қызмет етуді жалғастыра беретінін атап өтті. Елбасы  қам­қорлығындағы  туған жері – Арал ауданының өркендеу жолына барын салатынын жеткізді.

Биғали Қаюпов 1951 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты. Қызылорда педагогика инсти­тутының (қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті) филология факультетін, Алматы Халық шаруашылығы инсти­тутының жоспарлау-экономика факультетін, Мәскеу қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген.

Еңбек жолын 1968-1969 жыл­дары ауыл мектебінде мұғалім болып бастаған. Облыстық, респуб­ликалық комсомол комитеттерінде бөлім меңгерушісі, хатшы, Қазақстан Компартиясында нұс­қаушы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының көмекшісі қызметтерін атқарды. Сырдария аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, Арал аудандық партия комитетінің 1-хатшысы, аудандық Кеңестің төрағасы, Арал ауданының әкімі, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚР Президенті Әкім­шілігінде мемлекеттік инспектор болды. Қармақшы және Жалағаш аудандарының әкімі болып қызмет атқарды. 2016 жылдан бері Арал ұн зауытының директоры қызметінде.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<