Құралайдың көз жасы

1320

0

Қарақұм беткейіне іссапарға шыққан едік. Ол кезде шаруашылықта қойма меңгерушісімін. Жанымда прораб яғни, тікелей бастығым бар.

«Қожатақыр» аталатын тақырға жеткенімізде қарақұрым киікті бір адамның мотоциклмен қуалап жүргенін көрдік. Білетіндердің айтуынша, желмен жарысқан жануар кездескен көліктің алдын қашан кесіп өткенше жанамалап, шаба береді екен. Мұны естігенде «қап, әттеген-ай, неге бірден тура қашып, құтылып кетпейді екен?» деп қатты өкінген едім.

Осы жолы да солай өрбіді. Тақтайдай тегіс тақырды әлденеше мәрте айналып шапқан үйірден бір киік қалжырап, мұрттай ұшты. Аңшының жанына бардық. Ұзын бойлы, алып тұлғалы сары жігіт екен. Бізбен сәлемдескен соң:

– Бұл олжамды сіздердің іштеріңіздегі ең кішілеріңіз, мына ініме байладым. Бауыздап, ішін жарып, машиналарыңызға салып беремін, – деп мені нұсқады.

Тірі киікті жақын жерден алғаш рет көруім. Көзі мөлдіреп, өте әдемі болады екен. Аңшы жігіт киіктің тамағына қанжарын апарғанда жанарынан жасы парлап жатты. Бәлкім, солай көрінген шығар, маған жалынышпен қарағандай болды. Жүрегім тоқтап қала жаздады. Аңшыға:

– Шынымен маған бердіңіз бе? дедім. Ол басын изеді.

– Аға, онда босатып жіберші, – деп жалынғанымды сезбей қалдым.

Аңшы да мәрт екен.

– Бүгінгі бірінші олжам еді. Амал жоқ, – деп босатып жіберді. Киік тәлтіректей басып, құм арасына қашқан үйірінің ізінен кеткенде қатты қуандым.

Мүмкін, кездейсоқтық шығар, іссапардан келген күннің ертеңіне келіншегім үлкен ұлымды аман-есен босанды.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<