Құрметке лайық қайраткер

1121

0

Жасымыз тоқсаннан асып, осы ғұмырымызда ауданның дамуына өзіндік үлесімізді қосқаннан кейін өткен-кеткенді жиі ойлаймыз. Оның үстіне ауданның Құрметті азаматы болған соң оның да өзіндік жауапкершілігі бар. Өз қатарымызға лайықты, кейінгі буынға үлгілі іс жасап, дұрыс сөз арнағымыз келеді. Осындай ордалы ойлар жақында Сырдария ауданы С.Сейфуллин ауылының тұрғыны, ауылдық қоғамдық кеңес мүшесі Итемір Фазыловпен және бірқатар ауыл ардагерлерімен пікірлескеннен кейін туындап, қолға қалам алдым.

Аудан жұртшылығы Есна­за­ровтар әулетін жақсы біледі. Ұстаздық қызметті ұлағатты іс санаған бұл іргелі әулеттің бүгінде үшінші, төртінші буынына дейін бала оқытумен айналысып келе­ді, яғни, ауданның білім беру са­ласында Мансұр Есназаровтың ұрпақтарының өзіндік орны бар. Енді тұлғаның тағылымға толы тағдыр жолына тоқталайын.

Мансұр Есназаров 1912 жыл­дың тумасы, бұрынғы Құндызды ауылында (қазіргі С.Сейфуллин ауылы) туып, осында ер жеткен. Ескіше хат танып, сауатын ашқан ол 1938 жылы Қызылордадағы екі жылдық педагогикалық курсты бітірісімен Арал ауданындағы «Октябрь» мектебіне директор болып тағайындалады. Қолдағы құжаттарға сүйенсек, бұл 1938 жылдың 20 шілдесі екен. Қазіргі Шижағада осыдан 83 жыл бұрын мектеп ғимараты болмапты. Ел­ді мекен балаларының білім алуы үшін сол кезде Мансұр Есна­за­ров­тың бастамасымен, асар әдісі­мен мектеп салынған. Бұл мектеп біраз жыл халық игілігі үшін жұмыс істеген.

Бала оқытумен айналысып жүрген М.Есназаров 1939 жылдың аяғында әскерге шақырылады. Сөйтіп, Фин соғысына қатысады. Одан кейін Ұлы Отан соғысының өрті тұтанып, майдан даласындағы жауынгерлік жолы от пен өрттің ортасында жалғаса түседі. Сұра­пыл соғыс жылдарында 211-диви­зия құрамындағы атқыштар рота­сының саяси жетекшісі, кейіннен атқыштар ротасының командирі қызметтерін атқарады. Екі рет ауыр жараланған. Осы ретте, май­дан­гердің соғыс жылдарында СОКП қатарына қабылданғанын атап өтуіміз қажет. Сондай-ақ жау­ға қарсы күресті Батыс майда­нында бастап, әскери міндетін Жа­пониямен шекарада аяқтап, елге аман-есен оралады. Ал бірге туған екі бауыры Рай мен Нұрғазы соғыс даласында шейіт болады.

Елге оралған М.Есназаров қай­­тадан ағартушылық қызметті қолға алады. Тереңөзектегі бала­лар үйінде, Жалағаш ауда­нын­­дағы Иіркөл мек­тебінде дирек­тор және Сталин атындағы мек­тепте дирек­­тордың оқу ісі жөніндегі орын­басары қызмет­терін абыроймен ат­қарады. Еңбек ете жүріп, Қы­зылордадағы мұғалімдер инсти­ту­ты­ның химия, биология факуль­тетінде оқып, білімін жетілдіреді.

Саналы ғұмыры білім беру саласына арналған кейіпкеріміз 1952 жылы іргелі істі қолға алды. Ол өзі туып-өскен Құндызды ауыл­дық кеңесіне қарасты сол кездегі «1 Май», «Құндызды» колхозы жұмысшылары демеуші­лігімен салынған №137 «1 Май» мектебінің іргетасын қалауға ат­салысты. Ол 1965-1974 жылдары осы білім ордасына жетекшілік етті. Қазір сол ауылдағы №137 орта мектептің жаңа ғи­маратын 1972-1974 жылы салғы­зуы да үл­кен еңбектің арқасы деп баға­лауға болады. Сол мектепке оқу­шылар қабылданған жылы Ман­­сұр ақсақал зейнеткерлікке шық­қан еді. Білікті басшы, тәжі­рибелі ұстаз көптеген шәкірт тәр­биелеп, қоғамда сыйлы азамат болды. Ауыл балаларының қала орталығында білім алуға қолдан келген көмегін аяған жоқ. Жақсы­ның шарапатын көріп, қалада бі­лім алған азаматтар бүгінде ара­мызда жүр.

Ел үшін еткен ерлік пен еңбек ескерусіз қалмайды. Майдангер «Германияны жеңгені үшін», ме­далімен, ІІ дәрежелі «Отан со­ғы­сы» орденімен марапатталды. «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан со­ғысындағы жанқиярлық ерлігі үшін» медалін екі мәрте иеленді. КСРО Қарулы Күштерінің түрлі мерекелік медальдары кеудесінде жарқырады. КСРО Қорғаныс ми­­нистрі А.Гречконың атынан ар­­найы құттықтау берілді. Қыз­метте ұстаздардың ұстазы ата­нып, «Социалистік жа­рыстың же­ңімпазы» медалін кеу­десіне тақты. Бірнеше «Құрмет гра­мо­талармен» марапатталды. Мұ­­ның бәрі – еткен еңбектің, төгіл­ген тердің жемісі. Сондай-ақ ха­лық­тың ыстық ықыласының бел­гісі.

«Ұстаздық – барлық маман­дық­тың төресі» деп бекер айтыл­маған. Ұлтымыздың біртуар аза­маттары ананы қалай қадірлесе, ұстазды да солай құрметтеу ке­ректігін білдіретін көптеген дана­лық сөздерді кейінгі буынға өсиет еткен. Осы ретте, білім саласының білгірі Мансұр Есназаровтың ай­мағымызға танымал болған Сейіт­нәби Мұқашев, Төлек Сақта­ғанов, Ахат Жанаев секілді азамат­тарға ағалық, ұстаздық ақыл-кеңес, ба­ғыт-бағдар бер­генін айт­пай өту мүмкін емес. Соны­мен бірге мемлекет және қоғам қай­­раткері Елеу Көшербаев ғұмыры ғибратқа толы Мансұр Есна­за­ровты өзінің ұстазы санап, ерекше қадірлеген. Біз де қайраткер тұл­ғаның жақсы қасиеттерін, адам­гершілігін кө­ріп, тектілігіне талай мәрте куә болдық.

Қызметте елге сыйлы бол­ған азамат отбасында да аса қа­дірлі еді. Жұбайы Ұлжан Өтеу­лі­қызымен бірге тәрбиелі де тәлімді ұл-қыз­дар тәрбиелеп өсірді. Бүгінде Ес­назаровтар «Пе­­да­­гогтар әулеті» саналады. Әке жолын жал­ғаған қыз Рахия Есназарова – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің до­центі. Ал Серік Есназар №137 орта мектебін бірнеше жыл абы­роймен басқарды, әлі де білім беру саласында тер төгіп жүр. Немересі Бағдат Есназар аудандық білім бөлімінде еңбек етіп, қазір ата жолын абыроймен жалғап С.Сей­фуллин ауылындағы орта мек­тебінің директоры қызме­тін ат­қаруда. Ол – аудандық мәсли­хат­тың VI, VII шақырылым депу­таты, ақын. Тағы бір немересі Нұрмат Мансұровтың айтыстың ақтаңгері екенін жұртшылық жақсы біледі. Нұрматтың аудан­ның ғана емес облыстың абы­ройын асқақ­тат­қа­нына талай мәрте куә болдық. Ол қазақ айтыс өнерін Парижде, Өзбекстанда, Қырғыз­станда на­сихаттады. «Сырдария ауда­ны­ның Құрметті азаматы» атанған ол текті атаның ұрпағы екенін әр­кез мақтан етіп айтып жүреді. Ұла­ғатты ұрпақтар тізбегі осылай жалғасып кете береді. Бәрінің же­тістігі көп, абыройы асқақ. Олар майдан даласында ерлік көрсетіп, елге жеңіспен оралған, бейбіт күн­де мектеп салып, елді білім нәрі­мен сусындатқан Мансұр Есназа­ровтай атасын мақтан тұтады.

Ұстаздық қызметтің мәртебе­сін ту еткен тұлға 1990 жылы дү­ниеден озды. Артында өшпес із қалды. Ел-халық әлі күнге Ман­сұр Есназаровтың жақсы істе­рін айтып, дәріптеп отырады. Осын­дай тұлғаның есімін жаң­ғырту үшін Тереңөзек кентіндегі жаңа қоныстану аймағы мен өзі туып-өскен, азамат ретінде қалып­тасқан және ұзақ уақыт тер төккен С.Сей­фуллин ауылындағы бір көшеге немесе өзі іргетасын қалаған мек­тепке Мансұр Есназаровтың аты берілсе деген ойымыз бар. Бұл ұсынысымызды ауыл ақса­қалдары, қоғамдық кеңес мүше­лері қолдайды деп сенемін. Заң­­дылыққа сәйкес құжаттары жи­нақ­талып, реттелсе, ономастика ко­мис­­сиясының қарауына ұсыны­лады деп ойлаймын. Қалғаны – уақыт­тың еншісіндегі іс. Біздікі құр­метке лайық қайраткердің рухы ал­дындағы іргелі істі бірлік­пен атқаруға үлес қосу.

Рақымжан БӘЙМЕНОВ,

тыл және еңбек ардагері,

«Сырдария ауданының Құрметті азаматы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<