Қызыл жұлдызды жауынгер

310

0

Жеңіс бізге оңайлықпен келмегені белгілі. Осы Жеңісті, осы ұлы қуанышты жақындатуға миллиондаған қандыкөйлек қаруластарымен бірге жерлесіміз Зейнетулла Орналиев қомақты үлес қосты. Оны кеше редакцияға келген ардагердің ұлы Әмірхан аға айтып берді. Әйгілі Хасан көлі маңындағы шайқасты бастан өткерген соғыс ардагері туған елге 1946 жылы оралып, бейбіт өмірде де қоғамдық тәртіпті сақтау саласында ұзақ жыл жемісті еңбек етіпті. 

Зейнетулла Орналиев қа­зақ тарихындағы қасіретті жыл 1916-да туып, он бес жа­сын­да, яғни 1931 жылы Таш­кент қа­ласына оқуға кетеді. Елге кел­геннен кейін Қазалы қала­сында ағарту саласында мұғалім болып жұмыс істей бастайды. 1937 жылы аудандық әскери коммисариат арқылы Қызыл Армия қатарына шақы­рылып, Қиыр Шығыстағы Ха­сан көлінде болған шайқасқа қа­тысады. Хасан көліндегі екі апталық соғыста Қызыл Армия мен империялық Жапония арасында қиянкескі шайқас болды. Кеңес Одағы жапондықтарға күйрете соққы берді. Ол 1939 жылдың со­ңына дейін осы жерде әскери қыз­метте болған.

Жалпылама шолу жасасақ, 1938 жылы 3 шілдеде Жапон басшылығы кеңес шекарасы­ның Посьетск телімінің маңы­на 3 жаяу әскер дивизия, механи­каландырылған бригада, атты әскер полкі, 3 пулемет батальон және 70 ұшақ топтастырды. 29 шілдеде жапонның 2 рота­сы шекарашылар бекінген Безы­мянный төбешігіне шабуыл жасайды. Күші басым жапон­дықтар 31 шілдеде тактикалық маңызы бар Безымянный мен Заозерная төбешіктерін басып алды. Қиыр Шығыс округінің қолбасшысы, маршал В.Блюхер КСРО аумағына баса көктеп кірген жапондықтарға қарсы соққы беру үшін 2 дивизия, 1 механикаландырылған дивизия бөлді. 9 тамызда Кеңес аумағы жапон басқыншыларынан толық тазартылды.

Жауынгер З.Ор­налиевтің әс­кери қызметі 1940 жылдың басынан бастап Ташкент қала­сындағы еңбекпен түзету лаге­рінде жалғасты. Осы жерде 1941 жылдың қазан айына дейін жұмыс атқарды. Мінсіз қызмет атқарған комсомол мүшесі коммунистік партия қатарына өтеді. Ел шетіне жау тигенде ол Өзбекстанда әскери қызметте болатын.

  Ұлы Отан соғысына Таш­кент облысы, Шыршық қаласынан шақырылып, Сталинград май­данына жіберіледі. 1942 жыл­дың 30 қарашасы күні Сталин­град маңындағы ол Цибенко деревнясында болған сұрапыл шайқаста қолындағы 45 мм артиллериялық қондырғысымен жаудың 1 пулемет және 1 ми­нометін жойып, кеңес жаяу әске­рінің шабуылына жол ашады. Әскери басшылық ертесіне ер­жүрек жауынгердің кеудесіне алғашқы «Ерлігі үшін» медалін тақты. Кейін «Сталинградты қор­ғағаны үшін» медалімен ма­ра­патталды.

1944 жылдың көктемінде Украинаның Васильевский ау­данына қарасты Латовнаның ма­ңындағы шайқаста зеңбірегімен жаудың 1 минометін және 30-ға жуық солдаты мен офицерін жойғаны үшін «Ерлігі үшін» медалімен екінші мәрте марапат­талған. Сол жылы Ковалевка селосынан шыққан жауды қа­дағалап отырып, зеңбіректен оқ жаудырып әскери жүк тиелген машиналарды және 30-дан астам солдат пен офицерді жойғаны үшін тағы да «Ерлігі үшін» ме­даліне ұсынылады.

Жеңіске жақын қалған­да Венгрия жеріндегі Секешфе­хер­вар қаласының Имре ауданының солтүстік және солтүстік-ба­тыс беткейінің қорғаныс ше­бін бұзуда көрсеткен ерлік іс-қи­­мылы оның қайтпас қайсар солдат екенін көрсетті. Бұл жо­лы қазақ жауынгері дұшпан­ның 2 пулемет нүктесін, 1 ба­қылау пунктін және 20 солдат пен офицерінің көзін  жойған. Сол  жылдың 11 қаңтарында Замель ауданында жаудың жаяу әскері мен танкілерінің ша­буылына тойтарыс беру кезінде өміріне төнген қауіпке қара­мастан зең­біректен оқ жау­дырып, фашистердің 1 танк пен пулеметімен қоса 25 солдат-офицерін жер жастан­дырады.

Аға сержант З.Ор­налиев көр­сеткен ерлігі және соғыс кезінде қарамағындағы жа­уынгерлерге басшылық жа­са­ғаны үшін 1945 жылы мем­лекеттік награда – «Қызыл жұл­дыз» орденімен ма­ра­пат­тал­ды. Жалпы, «Қызыл Жұл­дыз» ордені соғыс кезінде ко­ман­дирдің тапсырған нақты бұйрығын толық орындағаны үшін беріледі. Сол жылы жел­тоқсан айында ол «Будапешт қаласын алғаны үшін» медалін омырауына тағыпты.

Туған елге аман-есен оралған жеңіс жауынгері 1946-1947 жыл­дары Қазалы ауданының Ми­коян колхозында насихатшы (агитатор) болып жұмыс істеді. Бейбіт өмірде қоғамдық тәртіп сақтау саласында көп жыл еңбек етіп, 1947-1970 жылдары Жосалы темір жол бекетінде милиционер қызметін атқарды. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін бірнеше рет мемлекет тарапынан алғысқа ие болды.

Соғыс ардагері З.Орналиев зейнетке 1970 жылы шықса да, қол қусырып отырмай, ауданның қоғамдық жұмыстарына белсене араласады. Зайыбы Айбарша Есетқызы екеуі жеткізген жеті баласынан тараған ұрпақтары өсіп-өніп, бүгінде түрлі салада еңбек етіп жүр.

Д.АЙБОЛАТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз