ҰРПАҚҚА ҰЛАҒАТ ҮЛКЕННЕН

365

0

Республикалық ардагерлер ұйымы» орталық кеңес төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбаев Шиелі, Жаңақорған аудандарында іс сапармен болды.

Құрметті мейманның әуелгі ат басын тіреген жері Иіркөл ауылдық округіндегі Ыбырай Жақаевтың кесенесі болды. Екі мәрте Еңбек Ері, даңқты диқанның әруағына құран бағыштаған соң Өмірзақ  Озғанбаев осындағы күріш өсіру тарихы музейінің жұмысымен танысты. Дала академигі атанған Ы.Жақаевтың өмір жолы мен жетістіктеріне тәнті бола жүріп, өзінің осы сапары кезіндегі қаныққан өнегелі істерді сөз етті.

– Кеше Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тары өсіруден әлемдік рекорд жасаған Шығанақ Берсиевтің музейінде болдым. Бүгін Ыбырай атаның  туған жеріне жол түсіп тұр. Өз шаруасына берілген мұндай адамдар кейінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Біз соны жетілдіріп айта білгеніміз жөн, – деді.

Сонан соң «Думан-Шиелі» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында болып, ондағы ем алушы ардагерлермен пікірлесті. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің ғимаратында аудан ақсақалдарымен жүздесіп, өзінің осы сапар барысындағы мақсатын атап өтті. Халқымыздың салт-дәстүрлерінің сақталуы жастарымыздың жаңашылдыққа ұмтылуымен астасып, жастар жылының үлгілі өткізілуі, тәртіп, тіл, мәдениет, білім мәселелері сөз етілді. Адамдардың мейрімді болуы ел ынтымағын нығайтар, жөн-жосықсыз әдеттерге тосқауыл боларын жақсы мысалдармен ортаға салды. Келер жылы Ұлы жеңістің 75 жылдығы атап өтіледі, соған дайындық осы бастан жасалуы керек. Бұл отаншылдық сезімді нығайтып, жастарымыздың патриоттық сезімін бекемдейді. Сондай-ақ, жергілікті қариялардың да пікіріне құлақ түрді. Бұл жерде аудан әкімі Әшім Оразбекұлы ауданда атқарылып жатқан істер туралы айта келіп, елдің бірлігі мен ынтымағына үлкендердің атсалысуы мен олардың белсенді өмірлері туралы мәлім етті. Өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Дүйсенбаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы П.Архабаев ардагерлер кеңесінің лайықты жұмыс жүргізіп отырғандығын сөз етіп, орталық кеңестің алдағы істеріне сәттілік тіледі. Түсіністікте өткен жиыннан соң сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал Қалдыбай Сүгірбаев бата берді.  

Ө.Озғанбаевтың түстен кейінгі сапары Жаңақорған ауданында жалғасып, мұнда да келелі пікірлер айтылды. Сапар барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары А.Абдрахманов, Ө.Тақырбасовтар бірге болды.

Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ, 

 Шиелі, Жаңақорған аудандары.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<