Руханиятқа жасынан ден қойған қария

1776

0

Сегіз онжылдықты өткеріп, сексеннің төбесіне шығып, айналаға ақсақалдық биіктен қарап отырған Амангелдінің бүгінгі жастарға айтары мол. Ақсақалмен танысуымыздың өзі қызық.

Қызылордаға келген сапарымда сыйлас інім Рахым Керейтбаев әңгіме үстінде менімен бір азаматтың танысқысы келіп жүргенін жеткізді. Мен де танысып, әңгімелесуге қарсы емес екенімді айттым. Кездестік. Сөйлесе келе оның Сыр еліне белгілі шежіреші-жырау Сарыаяқ Жаппас Меңліаяқ Сәрменбаевтың ұрпағы, майдангердің ұлы екенін біліп, қуанып қалдым. Тіпті, облыстық кітапханадан менің кітаптарымды іздеп жүріп оқитын оқырманым екенін естігенде ризашылығымды білдірдім.


Әңгіме барысында Амангелді Дәрменбаев нағашылары Дүтбай батыр мен Төлеген болыстың өмір жолын, атқарған қызметтері, ел басқарған тұстары жайлы өзінің зерттеп жүргенін, бірақ архивтерге қол жеткізе алмай жүргенін жеткізді. Бабаларын менің де зерттеуіме қолқа салды. Алматыға келген соң іздеуге кірістім, архив қолжазбаларынан, ескі кітаптар мен газеттерден деректер қуалап, ақыры таптым-ау! Сөйтіп, Амангелді ағамыз бен інім Жұмакелді Бәйділдаевтың өтініштерін орындап, газеттерге мақала шығарып, архивтік құжаттарды дайындап бердім.


Алекеңмен сөйлесе келе өзінің шыққан тегі мен шежіресіне ғана емес, нағашыларының ата-тегіне қанық екенін байқадым. Оқыған оқуы, алған мамандығы – сауда саласында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып, сол саладан зейнетке шығыпты. Соған қарамастан руханиятқа жақын болып, біраз дүниелер жасап үлгерген. Оның бұл іске ынтасы болуы Сыр жұртшылығына есімі өте таныс, сөз зергері атанған Меңліаяқ атасының ықпалы болса керек. Сондағы Меңліаяқ кім дегенге келсек, Жаппас руының Сарыаяқ бөлімінен тарайтын Сәрменбаевтың баласы. 1952-1953 жылдары Сыр елінде тараған шежірелерді, ақын-жыраулардың өлеңдерін жинап, Ұлттық академияға келіп тапсырған кісі. Оның бұл турасында:


Көп сөз бар бұл кітапты қарағанға,
Ақын бар жүзден артық санағанда.
Аз емес өз көңілімен шыққан нақыл,
Табылса ақылы кәміл бағаларға…

Елдегі ескі-жаңа сөз керек деп,
Документ берді үкімет айтып сырын.
Дәм айдап Алматыға бір себеппен,
Мың тоғыз жүз елу екі барған жылы – деп жазған.


Ол кісі 1953 жылы астанаға тағы келіп, Ғылым академиясының қолжазба қорына көптеген ақын-жыраулардың шығармаларын тапсырған.


Ел алдында беделді, өзі де өлең шығаратын атасы Меңліаяқтың алдында талай отырған Амангелдінің ақынжанды болмауы мүмкін емес-ті.


Сарыаяқ атанған ұрпағынан бастау алады. Шоң-Жөнбай – одан Зейілбай. Зейілбайдан – Бақтыбай бабасы өмірге келеді. Осы бабадан 5 ұл туған. Соның үлкені Дәрменбай, Сәрменбай болады. Сәрменбайдан жоғарыда есімі аталған Меңліаяқ Сәрменбаев (1880-1954 ж).

Дәрменбайдан – Орынбасар, одан біз әңгіме етіп отырған замандасым Амангелді Дәрменбаев. Амангелдінің жан-жары Шәркүл де есімі елге белгілі кісілердің ұрпағы. Айгүл, Алданбек, Ақылбек атты ұл-қыздары бар, олардан немере сүйіп отыр.


Енді А.Дәрменбаевтың өмір жолын байыптап көрейік. Ол 1940 жылдың 16 қыркүйегінде Қызылорда қаласының іргесіндегі Абай ауылында туған. 1959 жылы облыс орталығындағы «1 май» (қазіргі Қалтай Мұхамеджанов) атындағы орта мектепте он жылдықты бітіреді. Еңбек жолын аяқ киім фабрикасында, автобазада жүргізуші болып бастапты.
1961-1964 жылдары әскер қатарында болып, азаматтық борышын өтеген. 1966-1969 жылдары Алматы Кооперативтік техникумында оқиды. Алған мамандығы бойынша 1969-1978 жылдар аралығында Қызылорда облыстық тұтынушылар одағында инженер, 1978-1987 жылдары облыстық сауда басқармасының ұйымдастыру бөлімінде, 1987-1988 жылдары «Промтовар» сауда бірлестігінің коммерциялық директоры, 1988-1990 жылдары облыстық сауда басқармасына қарасты №11 Шаруашылық есептегі сауда мекемесінің директоры. Кейіннен Қызылорда облыстық тұтынушылар одағына қарайтын қалалық кооперативтік сауда орнының басшысы болып қызмет атқарған. Ол өзінің осы қызметінде жүргенде сауда дүкендерін салу, сауда қызметкерлерінің тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін тұрғын үй салу, олардың балаларының балабақшада тәрбиеленуіне жағдай жасаған азамат.


А.Дәрменбаев өзінің білімін толықтыру мақсатында Мәскеу Кеңестік сауда институтының Алматы филиалында сырттай оқуға түсіп, оны экономист мамандығымен бітіреді. Тәжірибесі мен білімі толыққан оның Сыр еліндегі сауда саласында еткен еңбегі әр кез жоғары орындар тарапынан бағаланып отырған. Атап айтсақ, 1990 жылы «Советтік сауданың озаты» атты белгі мен республикалық, облыстық мемлекеттік сауда басқармасы және тұтынушылар одағы тарапынан алғыс хаттар мен мақтау грамотасын алыпты. Ал, 1987 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің указымен «Еңбек ардагері» медалімен наградталған.
Ол сонымен қатар одақтық, республикалық, облысаралық семинар-кеңестерге, мәжілістер мен конференцияларға қатысып, сөз сөйлеген азамат. А.Дәрменбаев 1990 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің жанындағы басшылардың біліктілігін арттыру курсында оқыған. Сонымен қатар сауда саласына қызметке келген жастарды тәрбиелеуде еңбегі ерекшеленіпті.
Бабаларынан жұққан болмаса, қанмен келген болуы керек, рухани істерге жақын болып өседі. Майдангер әкесі Орынбасар да, өзі де қиялданып кетсе, өлең де шығаратын қабілеті бар екенін байқадық. Ол сонымен қатар жас ұрпаққа өнеге боларлық ел әңгімелерін жинақтап, өзінің таным-білімінен естеліктер жазуды, шежіре жинауды да қолға алған. Жергілікті басылымдарға түрлі тақырыптарда мақалаларын ұсынып келеді. Олардың біразы газеттерде жарияланған.

Амангелді Дәрменбаевтың үлкен еңбектерінің бірі – 2015 жылы баспадан шыққан «Жадыңа сақта, жас ұрпақ» атты кітабы. Бұл еңбегін жасы 75-ке толғанда жазған. Осы жинағында «…Қолдарыңызға тиіп отырған әулетіміздің ататек шежіресі саналатын естелік кітапты асыл әкелеріміз бен әже-аналардың рухына жасалған ізгі құрмет, ұрпақтар тағзымы деп білесіздер» деп кітаптың алғы сөзінде ағынан жарылыпты. Амангелдінің бұл еңбегі 2020 жылы «Аманат» атты кітабымен жалғасыпты.


– Меңліаяқ Сәрменбайұлының әлі де жарық көрмеген қолжазбалары табылып жатыр. Соларды осы кітапқа рет-ретімен кіргізіп отырмын. Мақсатым – қалың жұртшылыққа таратып, ата мұраларымен таныстыру және ұрпаққа қалдырған аманатын немерелік парызым ретінде орындау. Бұл кітаптың «Аманат» аталуының бір себебі де осы», – деп оқырмандарға алдын ала түсіндіреді.
Амангелді Дәрменбаевтың қос еңбегін саралап қарағанымызда оның бұл тұста көп ізденіп, еңбектенгені және шежіреден мол хабардар екені аңғарылып отырады. Жинақтарынан ХХ ғасырдағы алапат соғыс өрті кезіндегі елдегі адамдардың хал-жағдайы, тағдырлары, соғыс кезі балаларының еңбектері, тұрмыс-күйі әп-әдемі болып, боямасыз суреттелген. Оның кітаптарын оқи отырып, сауда қызметкері емес, әдебиетші болмаса, журналист шығар деп қаласыз.
Рухы биік, руханиятқа жақын азаматтың бойынан қазақ халқының сан ғасырлардан бері сақталып келе жатқан ата-баба дәстүрлерін берік сақтаған, отбасында да осыны ұстанады. Үлкенді сыйлау, кішіге құрмет, отбасына басшылық жасауымен қатар, қонақжайлығының өзі бір төбе. Алакеңнің достарына деген ілтипаты, кішіпейілдігін көреміз. Көреміз де қызығамыз.

А.Дәрменбаевтың ерекше еңбегі деп бағалауға болатын бабасы, көне сөздің күмбіріндей болып өткен Меңліаяқ Сәрменбайұлына Қызылорда қаласының бір көшесіне есімін бергізу және ол тұрған үйге «ескерткіш тақта» белгі қоюдың басы-қасында жүргені демекпін.
Амангелдімен бірді-екілі кездесіп, әңгімелескенімізде ұққаным, оның рухани іске деген ынта-жігерінің мол екендігі. Ол биыл баспадан шыққан «Аманат» кітабының қорытындысында былайша ой өрбітіпті. «Сөз соңында айтарым, бірсыпыра әңгіме ойлардың басын қайтарған сияқтымын. Айта берсе ойлаған ойлар, тұжырымдар мен оқиғалар көп. Жақсы-жаманмен, дос-жаранмен өмірді бірге өткізіп келемін. Өмірге өкінішім жоқ», деп түйіндейді.


А.Дәрменбаевтың туғанына биыл 80 жыл толуына орай, осы мақаламды мерейлі мерекесіне тарту ретінде сыйлап отырмын. Сыр елінде тәлімі мол, сексеннің сеңгіріне көтерілген, елгезек Амангелді атты қария бар демекпін.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,


зерттеуші, жазушы.


Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы»,


«Құрмет» орденінің иегері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<