Сабақтастық тағылымы

2283

0

Біз үшін қым-қуыт жылдары Кавказ, Түркия арқылы Францияға кетуге мәжбүр болған Мұстафа Шоқай мен большевиктік Орынбор-Қызылордадан Мәскеудің қасапханасына қудаланған Смағұл Сәдуақасұлының рухани жақындығын білу – маңызды тақырып. Әсіресе даңқты Мұстафаның парасат-пайымымен кеңес қызметін ұлт пайдасына жарата алған Смағұл жолына үңілу – тағылымды ізденіс.

20-жылдары Мұстафа Еуропада, Смағұл Қазақстанда саяси тіршілік кешіп жатты. Бүгінгі тілмен айтсақ, М.Шоқай – тәуелсіз бақылаушы әрі сарапшы, С.Сәдуақасұлы – белгілі елде белгілі мемлекет қызметкері. Ақпарат ағыны қазіргідей болмаса да, Қазақстанның газет-журналдары қиырдағы Мұстафаға жетіп жатты. Осындайда «Баспасөз – өмір айнасы» деген қарапайым шындық қайта-қайта дәлелденді. Қанша жасырсаңыз да қоғамның ахуалы, ақиқаты түрлі формада, қилы бейнеде БАҚ-қа сәулесін түсіреді. Отанға, жалпы Түркістанға деген перзенттік ынта-ықыласы кемерінен асып төгілген сұңғыла Мұстафа газет-журналдың материалына қарап, көрініп тұрғанды да, көрінбей тұрғанды да тереңінен аңғарды. Бұған мұндағы ОГПУ-НКВД ертоқымын бауырына алып тулады. «Мүмкін емес! Бұл қалай болды? Кім жеткізді? Қайдан алды?». Олар осылай дағдарды.

М.Шоқай парасат пен елдік үшін күрескен Түркістан мен Қазақстан қайраткерлерін бөліп қарамады. Мы­салы, ол 1930 жылы «Жас Түркістанда» жарияланған «Мақта төңірегіндегі күрес» атты мақаласында былай дей­­­ді: «Мәскеу большевиктері Түр­кістандағы жергілікті коммунистерді өздерінің дүниежүзілік әлеуметтік ре­­волюция идеяларына шын беріл­ген «мүриттер», кеңестік Ресейге ба­рынша адал адамдар етіп көрсетуге қанша тыраштанғанымен, Рахым Анғам, Қа­дырғали Ядыкар, Садық, Смағұл Сәдуақасұлы қатарлы көпте­ген жігіт­тердің намысы оянғандарын естен шығармағандары жөн. Бұлар­дың бәрі де – жүректерінің терең түкпірлерінен орғып шыққан жан дау­сына ерік бергендер, сондай-ақ Түр­кістан мен Ресей арасындағы бұ­рынғы отар­шыл­дық қатынастың енді бүгін Кеңес пердесі астында жүріп жатқанын көрген соң, төзіп отыра алмаған на­мысты адамдар» (Шоқай М. Таң­дамалы. 1-том. А., 1999, 70-б.).

Тағдыр мен тарих екі түрлі қоғамға салып қойып, ел мен ұлт мәселесін тәуелді және тәуелсіз ой­лауға мүм­кіндік бергенде, Фран­ция­дағы Мұстафа «Рахым Анғам тәу­басына келді» атты мақаласында тө­мендегідей ой айтады: «Рахым Ан­ғамның тәубанамасы, әри­не, «Правда востока» газеті редак­циясы мен Орта Азия Бюросын риза етіп сүйсіндіргені сөзсіз.

Газет былай деп жазады:

«Рахым Анғам, Сәдуақас пен Сә­дықтардың шығуы – Шоқайға үміт тудырғаны және ол бұларды үлкен проблемалар жасау үшін пайда­лан­­бақ болғаны ешкімге құпия емес. Коммунистік партияның жетекші­лігіндегі күшті пролетарлық қозғалыс ғана социалистік құрылыс жолындағы барлық кедергілерді жеңіп, Шоқай­лардың ой-армандарын жүзеге асыр­май тастауда».

Иә, мен Анғамды пайдаландым. Бірақ мен оны ұлтымыздың тағдырына қатысты ірі проблемалармен байла­ныс­тырған емеспін және ондай ойда болған жоқпын. Біздің арман-мақ­сат­тарымыз (большевиктер бос қиял деп атайды) жеке коммунистердің, тіпті олар қаншама маңызды тұлғалар бол­ғанымен де, бой көрсетуіне тәуелді емес. Ондай бой көрсетулер – Мәскеу сая­сатының Түркістандағы табиғи нә­тижесі. Мұны большевиктердің өзі де жоққа шығармайды» (Бұл да сонда, 86-б.).

Бұл жерде қайраткер, әрине, С.Са­дуақасұлын Р.Анғам қатарына қо­сып отырған жоқ. Ол бір жағы боль­шевизм өз сарбазын өзі болдыр­ды десе, екінші жағы қиындық пен дағ­дарыстың бәрін қияндағы Шо­қай­ға жапсыра беру – кеңес өкі­ме­тінің тығырыққа тірелгенін көрсетеді де­генді меңзейді.

Голощекиндік ресми Қазақстанның ұртоқпағы, Мәскеудің ұлттық қай­рат­керлерден барынша сақтануы С.Сә­дуақасұлының «Ұлттар мен ұлт өкілдері туралы» атты мақаласының өмірге келуін тездетті. Осыны шет­елден байқастаған М.Шоқай төмен­дегідей талдау жасайды: «Еңбек жә­не Қорғаныс Кеңесінің 1924 жылғы 17 қазандағы қаулысындағы «Кеңес үкі­метінің мұғажыр (көші-қон – Д.Қ.) саясаты төңкеріске дейінгі орыс мұ­ғажыр саясатынан бүтіндей өз­геше. Жергілікті халық жермен қам­та­ма­сыз етіліп болғанға дейін мұға­жыр­ларды жерге орналастыруға рұқ­сат етілмейді» делінген. Осы заңға негіз­деліп Қазақстан Атқару Комитеті 1925 жылы бір қаулы қабылдады. Бұл қаулы бойынша Қазақстанға өз бе­тімен көшіп келген мұғажырларға жер алу құқығы берілмейтін болды. Алай­да бұл қаулының күшін Мәс­кеудің сенімді өкілі Голощекин жой­ды. Оған наразылық білдірген қазақ коммунистеріне Мәскеу қызыл ар­мия­сының күшімен құқай көрсетті. Со­нымен орыс мұжықтарының Қа­зақстанға келіп, жерге ие болуы жал­ғаса берді… Қазақ коммунистерінің на­разылықтары күшейді. Атақты ком­­мунистердің көбі оппозицияға қо­сылып кетті. Смағұл Сәдуақасұлы Мәс­кеуде шығатын «Большевик» атты журналда көлемді бір ма­қала жариялады (1928 жыл, қаңтар). Смағұл Сәдуақасұлы бұл мақа­ласында Рыков, Калинин, Зе­ленский, Голощекин және басқа да бірқатар мәскеулік коммунистерді отар­шылдық империяшылдық айып­тар­мен айыптады» (Бұл да сонда, 117-б.).

М.Шоқайдың тұлғатануының өзін­дік жосығы бар. Мысалы, ол Т.Рыс­құл­овты сынап келеді де, бір жерінде «большевиктік пердесінің арғы жа­ғы­нан түркістандық рухы көрініп тұ­рады» деді.

Үстірт саясаттың өзі қазақ ком­мунистерінің ортасына оттың шала­сын тастағанын Мұстафа бүй деп бағамдайды: «Қазақстанда малдың үштен бірі ғана қалған. Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстанда да мал басы көп кеміген. Бұл туралы Алма­тыдан Исаұлы Ораз, Самарқан­ның өзбек коммунистері ашық айтуға ба­тылдары жетті. Шаруашылықты ұжым­дастыру жолымен дамытуға еш­қандай бір шүбә келтірмейтін осы Ораз Исаұлы лениндік теориялардың іс жүзіндік нәтижелерін көргеннен кейін ғана бір оңды пікірге келіпті. Оның бұл пікірін біз елеусіз қалды деп айта алмаймыз. Исаұлы «Ұжымдастыруға қажетті жалпы шарт-жағдайлар біздің шаруа қожалықтарымызда жоқ», – дейді.

Көрдіңіз бе, Қызыл Мәскеу дик­татурасына ең адал агенттердің бірі саналатын Исаұлы Ораз енді келіп Смағұл Сәдуақасовпен бір жерден шығып отыр. Смағұл Сәдуақас та лениндік бағытты қабылдаған. Оның пайымдауынша, ленинизмді жүзеге асыратын шарт-жағдайлар Қазақстанда әзірленбеген. Осыны айтқаны үшін Смағұл «буржуазия агенті» деп қа­раланды» (Бұл да сонда, 128-129-б.).

20-жылдардың ортасынан Мұс­тафа да, Смағұл да – әсіре­сая­сат­шылдық пен ұрынарға қара таппаған пысықтардың өткір тақырыбына айналды. Мұндай схемашылдық ке­шегі 90-жылдарға дейін жетті. Біраз зерттеуші «қазақ бур­жуазиясы, ұлт­шылдары» десе, екеуін де орынсыз жерден алып, жер­ге салатын. Осы жадағай үрдісті алдын ала болжаған М.Шоқай «Түрі – коммунистік, ма­ғынасы – ұлтшылдық» атты мақа­ласында төмендегіше әуе­зелейді: «Түркістан ұлттық комму­нис­тері ара­сындағы «ұлттық кері төң­керіс» әрекеті «бесжылдық жоспар» жүзеге асырыла бастаған кездің өзін­де-ақ өткір сипат алған болатын. Смағұл Сәдуақасовтың Мәскеуде шы­ғатын «Большевик» журналында ауыл­шаруашылық комиссары Смир­нов пен Комиссарлар Кеңесінің төр­аға­сы Рыковты «отаршылдықпен» ай­ыптауы, әліге дейін Кеңес үкіметінің көңілін тыншытпаған Сағидолла оқи­ғасы, Мәнен Рамыз, Бату және Таш­кент университетінің ректоры Хан­суарлар тәрізді ең таза идеолог са­налып келген коммунистердің «кері­төңкерістік» әрекеттері және Бала­хыр Юныс, Мыңбай тәрізді қызыл профессорлардың «буржуазия идея­сының тұтқынында» екенінің білініп қалуы – міне, бұлар бәрі тек заманауи «бесжылдық жоспарға» байланысты құбылыстар болып қалмастан, сол жоспардың туындысы және соның көріністері болып табылады. Бесжыл­дық жоспар жасалысымен-ақ, оған алғаш рет қарсы шыққан адам боль­шевиктер партиясына ұлттық төң­керісшілдер сапынан келген Смағұл Сә­дуақасов болса, бұл жоспардың «соңғы жылында» оған қарсы шығып көзге түскендер «буржуазия идеоло­гия­сының тұтқынына» түскен, бірақ ешқашан ұлтшылдық иісі мұрын­да­рына бармаған, Ленин мектебінде тәрбиеленіп ержеткен, коммунистік университеттің қызыл профессорлары Юныс пен Мыңбайлар болды…» (Бұл да сонда, 256-257-б.).

Әрине, тұтастай қарағанда, кеңес өкіметі де – біздің тарихымыз бен тағ­дырымыз. Өздеріңіз ойлаңыз­дар­шы, мысалы, бүкіл Алаш зиялы­сы эми­грацияға кетіп қалса не болар еді? Елге кімді арқа тұтар еді? Ал, Мұстафа Шоқайдың жолы – прин­ципті жол. Бәлкім, ол жол – басты бір мүмкіндіктің жолы шығар. Біз бүгін танысып отыр­ған Шоқай сарап­тамалары дер кезінде жазылуымен бағалы. Айталық, «кеңес өкіметі ішінде коммунистік партияға оппозиция», «биліктегі басмашылдық» деген ұғымдар осындағы қазақ қоға­мына осыдан 70-80 жыл бұрын, қазір де түсініксіздеу. Себебі, өз буымыз санамызды тұмандатты. Ал, осыны Мұстафа С.Сәдуақасұлы тәрізді қай­раткерлердің ұстанымы арқылы жақсы түсіндіреді.

«Кеңес үкіметінің жаңа экономи­калық саясаты түркістандық отар­шыл­­дық езгіні бұрынғыдан бері ау­ырлата түсті, – деп жазады ол. – Түр­кістанды орыс астығына тәуелді етіп қойған мақта саясаты, Түркістан шаруашылығын Мәскеу үкіметі мүдделеріне құрбан етіп жіберген колхоздар, орыс ша­р­уалары мен Түркістан шаруалары арасындағы экономикалық, мәдени қайшылықтарды тым асқындырып, Түркістанда орыстарды патша зама­нын­дағыдан әлденеше есе кө­бейтіп жіберген мұғажыр саясаты, Түр­кіс­тандағы мемлекет аппаратта­ры­ның «ұлттандырылмауы», Түркістанның ұлттық мүдделерін орыс про­лета­риаты диктатурасының талап­тарына сәйкестендіретін большевиктік сая­саттың «ұлы орыс державалық» рухы – мі­не, осылардың бәрі Түркістандағы «ұлттық большевиктердің» көзін аш­ты. Ленинизмнің  кешегі мүриттері бүгін партияның «сара жолынан» та­йып, оппозиция түрінде көріне бас­тады… Сұлтанбек Қожанұлы, Рахым Анғамұлы, Қадырғалиұлы, Қасымұлы, Мәнен Рамыз, Бату, Смағұл Сә­дуақас­ұлы және басқа да ондаған, жүз­деген «көне коммунистер» Мәскеу сая­сатының Түркістандағы өткір қар­сылығына айналып отыр. Шын мәнінде бұл да – «басмашылықтың» басқа бір түрдегі көрінісі. Алайда бұл ұлттық дәстүрге адалдықтан, соны жақтағандықтан емес, коммунистік үкіметтің «төңкерістік ақиқаттарына» сенімін жоғалту нәтижесінде пайда болған «идеологиялық басмашылық» болып табылады» (Бұл да сонда, 247-248-б.).

Бұл үзінді М.Шоқайдың 1932 жылы жариялаған «Түркістанның ба­қытсыздығы және одан құтылудың жолы» атты мақаласынан алынып отыр.

20-жылдары Қазақстанға жіберіл­ген Кремль функционерлерінің негізгі міндеті – республикадағы мемлекет­тік қызметкерлер мен зиялыларды жуа­сытатын тетіктер іздеу еді. Орталық осы арқылы «сара саясатты» қалтқы­сыз сіңіретін көпшілік тәрбиелегісі келді. Әлбетте, бұл зомбилік саясат­қа ұлттың иммунитеті сынды қайрат­керлер, зиялылар бірден қарсы тұр­ды. Міне, осы кезде саясаттағы түрлі келіспеушілік пен плюрализм негіз­дерін (қарсы тұрушылық пен көзқарас алуандығы) халыққа жек көрінішті ету орайында белгілі саясаткерлердің фамилияларына «шыл», «шылық» («щина») жұрнақтарын қосып айту дәстүрге айналды.

М.Шоқай осы үрдістің де тек-тамырын төмендегіше байыптапты: «Біраз уақыттан бері Түркістан кеңес баспасөзі «ұлттық керітөңкерісшіл агенттер» деген сөзді ұмытқандай болып келеді. Бұл большевиктердің кезекті бір арамза қулығы ғана. Олар бізді Түркістанда «ұлттық керітөңкерісшілдер» із-түзсіз жойыл­ды деген ойға жетелегісі келген еді. Бірақ партия қатарын тазалау, пар­тиялық құжаттарды тексеру және ауыстыру науқаны Түркістанда «ұлт­тық төңкерісшілдердің агент­тері» жойылып кетпегенін және жо­йылып кетуі мүмкін емес екенін көр­сетіп отыр. «Казахстанская прав­даның» 16, 21 шілде және 2 тамызда шыққан сандарында Қазақстан Ор­талық партия комитеті насихат бө­лі­мінің бастығы Ілияс Қабыл­ұлының «сәдуақасовшылдар», «қожанов­шыл­дар», «меңдешевшілдерді» сынға ал­ған көлемді үш бірдей мақаласы жа­рық көрді. Бұл материалдарда «ғы­лыми, рухани салаларда кең орын алған осы ұлтшылдық ағымдарға қар­сы рақымсыз күрес ашуға» шақы­рыл­ған. Мақала авторы аталған «ұлт­шыл­дық ағымдардың» нақтылы қай түрде бой көрсетіп отырғанын анық жазбаса да, олардың «сәдуақасовшылдық», «қо­жанұлышылдық», «меңдешұлы­шыл­дық» болып келуінің өзі-ақ осы науқанды ұйымдастырып отырғандар нені көздейтінін көрсетіп тұрса керек.

Смағұл Сәдуақас, Қожанұлы Сұл­тан­бек және Меңдешұлы Кеңес дәуірі орнаған кезде Кеңес үкіметін бірден жақтап шыққан адамдар болатын. Бірақ олар өткен уақыт тәжірибелері көрсетіп отырғанындай, Кеңес үкі­метіне тек қара басының қамы үшін ғана қызмет етпегенін біз жақсы бі­летінбіз. Сұлтанбек Қожанұлы қара басының қамын ойламайтын, халқы үшін қам жеп, ел үшін еңіреп туған азамат еді. Ол бұдан былай да осы қасиеттерінен айырылмайды деп се­­неміз. Смағұл Сәдуақас та – дәл сон­дай тұлға. Ал Меңдешұлын өз ба­сым білмейді екенмін. Бірақ оның да Сұлтанбек пен Смағұл тәрізді қай­раткер екеніне шүбә келтір­меймін» (Шоқай М. Таңдамалы. 2-том. А., 1999, 59-60-б.).

Мұстафа Шоқайдай шетелге кет­­­пеген, тіпті кетуге мүмкіндігі бол­са да белгілі себептермен елде қалуды ойлаған тұлғалар больше­виктердің «әлеуметтік теңдік» ұра­нымен қазақты ұшпаққа шыға­руды қалады. Рас, бүгінгі Қазақ шека­ра­сының айқындалуы, қа­зақтың сана­сына да, көзіне де сүйелдей болған казачестводан құтылу больше­вик­тік билік тұсында Алаш зиялы­лары­ның ұсынысымен жүрді. Қазақ оқы­ғандары төңкеріске дейін де, одан кейін де патша өкіметінің отар­шыл­дық, әсіресе переселен сая­сатын жүйелі сынады. «Переселен» – Түр­кістан лексиконында «мұға­жыр». С.Сә­дуақасұлына қатысты айтқан біраз ойларында М.Шоқай қара­шек­пенділер мәселесіне қайта-қайта оралып тұрады.

Мәселен, оның 1939 жылы жаз­ған «Орыс империализмі хараб бол­сын!» атты мақаласында мына­дай ойлар бар: «Большевиктер зама­нында мұғажыр мәселесі қайта кө­терілді. Большевиктердің өздерінің мойын­дау­ларына қарағанда, 1922 жылы «Түркістан буржуазияшыл ұлтшыл­дарын» өкімет істеріне тар­туға мәжбүр болған кездерінде іс басына келген әлгі жергілікті кадр­лардың алдымен қойған талабы да осы мұғажыр келтіру процесін тоқтату болған және Кеңес өкіметі ол кезде олардың талабын қабыл алған. Осыдан біраз өткен соң, 1925-1926 жылдардағы Түркістан пар­тия құрылтайында бұл мәселе заң жобасы түріне келтірілді. Осындай шешім Қазақстан, Қырғызстанды өз ішіне алған Ресей Федерациясы Ор­талық өкіметі мен атқару үкіметінің қарарларынан да орын алды. Бірақ көп өтпестен осы Орталық өкімет пен атқару үкіметі орыс мұғажырларына қайта жол ашты. Мұның өзі Түр­кістандағы  барлық «ұлттық комму­нистерді» Кеңес өкіметінің партия ішіндегі жаулары деп жаппай айып­тауға және 1937-1938 жылдардағы жаппай қудалау мен жазалауларға алып келді. Кеңестер қатарына алғаш рет қосылған түркістандықтардың бірі Қадырғалиұлы дағдарысқа тап болды. Ол Мәскеуде өзін-өзі өлтірді. Қадырғалиұлы өлім алдында жазып қалдырған ақырғы сөзінде Түркістанға ағылып келіп жатқан орыс тасқыны жөнінде айтқан және Кеңес өкіметіне наразылық білдірген. «Яш Түркістан» беттерінде сынға алынып келген түр­кістандық коммунистердің бәрі, Смағұл Сәдуақас және Сұлтанбек Қожан тәрізді Кеңес өкіметінің отар­шылдық саясатын ашық айыптап шығушылардан басқа Файзолла, Камал Акрам, Ғабдолла Рақымбай, Тұрар Рысқұл, Мұрат Айтақұлы, тіпті Исаұлы Ораз және сол тектестерге дейінгілердің бәрі де Түркістанға орыс мұғажырларын әкелу саясатын ашық қолдаудан бас тартты (Бұл да сонда, 232-233-б.).

Мұстафа Шоқайдың 20-жылдары шетелде жүріп жазған ірі еңбегі – «Туркестан под властью советов (к характеристике диктатуры проле­та­риата)». Ол 1928 жылы француз тілінде, 1935 жылы орыс тілінде жарық көрді. Бұл еңбегінде Мұстафа сансыз дәлелдермен кеңес өкіметінің сөзі мен ісі әр жерден шығатынын және бұл жүйе отаршылдықты одан әрі тереңдеткенін зерделеп шықты.

Зерттеудің Голощекин басқарған Қа­зақстан билігіне қатысты тұсын­да автор большевиктер мен проле­тариаттар домбаздап жатқан со­циа­лизм жобасының қисынсызды­ғын жә­не сол жүйесіздікті дер ке­зінде бай­қа­ғандардың (мысалы, С.Сә­дуа­қас­ұлы, т.б.) қандай атқа ие болып, нендей жазалау алып жатқанын ба­рынша шы­найы жазады. Мәтіннен алған үзіндіні түпнұсқада ұсынамыз:

«Чтобы быть в меру возможности объективным, я скажу несколько слов о «национализме» среди ком­мунистов-казахов.

Все тот же Голощекин, имя кото­рого мною упоминается здесь весьма часто, на VI партийной конференции рассказывал следующее:

– В одном беллетристическом рас­сказе на казахском языке я про­чи­тал (Голощекин казахского языка не знает) следующее: «бытие опреде­ляет сознание». Раз это так, то при нашем, казахском отсталом быте не может быть места разговорам о социалистическом строе и пролетарской идеологии… («Энбекши казах», 21.XI.27).

Там же мы находим, в передаче Го­лощекина, такое рассуждение вид­ного казахского коммуниста Исмаила Садвакасова о социализме среди ка­захов:

– О социализме в применении к русской деревне еще, пожалуй, можно спорить. Но что касается социализма в условиях Казахстана, то об этом и не стоит говорить…

Чтобы доказать что Исмаил Сад­вакасов не исключение, я приведу свидетельство о нем Голощекина же:

– Корни «садвакасовщины» про­ч­ны. Садвакасов – это не отдель­ные лица, от которых можно было бы изба­виться путем их изгнания (из партии). Садвакасовы имеются среди нас самих.

Советские органы полным полны Садвакасовых. Садвакасов – это выра­жение темной националисти­ческой иде­ологии широких народных масс. И с этим надо считаться…

Приведу еще одно свидетельство более общего характера. Оно касается «восприятия» казахами Октябрь­ской революции. Вот книжка на ка­зах­ском языке – «Психология вы­бора профессии». Отпечатана она в Москве в типографии Совета Национальностей. Автор книги Юсуфбек Аймаутов о достижениях казакского народа го­ворит следующее:

– Война, революция, грабежи, го­лод, национальная свобода, авто­номия… все это вещи, не снившиеся казах-киргизскому на роду даже во сне, бросили (казах-киргизский народ) в объятия нищеты и бесконечных нужд…

И об этом толковании и о таком восприятии социалистической рево­люции говорилось с трибуны съезда работников политического просве­щения в Кзыл-Орде (см. «Энбекши казах» от 10.І.28).

О чем говорят эти три последних примера? Они говорят обо всем, что угодно, но только не о торжестве революционных начал, но только не о «социализме в Казахстане» (Бұл да сонда, 378-380-б.).

Көріп отырғандарыңыздай, дәйек­сөзде С.Сәдуақасұлы есімі жиі ата­лады. Бұл – сырттағы қайраткердің елдегі қайраткерге іш тартуы һәм симпатиясы ғана емес, бұл – Сма­ғұл тұлғасы арқылы елшілдікке, пара­сатқа, намысқа берілген баға-тын.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдары ке­ңестік биліктің миллиондаған адам­дарды сыңаржақ саясаттың құрбаны қылып, қоғамдық дамуды жалаң тү­сіндіріп, талғамсыз насихаттауы жырақта жүрген Мұстафаны аса ой­лантып-қамықтырды. Әсіресе, ол кеше ғана елін патшалық отаршылдықтан құтқаруды армандаған жас қайрат­керлердің оп-оңай большевизм арба­уына түсіп, большевиктік отаршыл­дықтың тетігіне айналғанына қатты қынжылады. Сөйте тұра, шыншыл қайраткер тарих тағылымын, елшіл қай­раткерлердің қадір-қасиетін, ұс­та­ны­мын, тәжірибесін еске алып жігер­ленеді.

Ұлт мүддесімен, халық арманымен біртұтасқан саясат – Мұстафа жолы, Мұстафа таңдауы. Сол себепті ол бүй дейді: «Большевиктер атамекеніміз Түркістанда ұлтымыздың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнат­пақ болды. Ұлттық, рухсыз ұлт тә­уелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де».

Түркістан тұлғасының мына ойына назар аударайық: «Халқымыздың мә­­дени және рухани жақтан қол жет­кізген жетістіктерінің бәрі тек ұлт­шылдық қозғалысына тән» (Шоқай М. Таңдамалы. 1-том. А., 1999,  62-б.). Міне, осы пайымның астарында Әлихан да, Ахмет те, Смағұл да тұр.

Осы сөздерді оқығанда, арғы дәуірді айтпағанда, Асан қайғыдан Мағжанға дейінгі аралықтың елшілдік сарыны еске түседі. Бұл қозғалыс пен сарынның меже-мезгілі бар ма? Жоқ, ол тұрлаусыз уақытқа байлаулы ма? Мұстафа осы туралы былайша ой сабақтайды: «Егер кімде-кім бұл өлмес идеяны Мәскеудің күнде өзгеріп тұратын түсі сияқты деп білсе, сөзсіз қателеседі. Ол – халқымыздың қаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» (Бұл да сонда).

Біз саяси репрессиялардың аса ауыр зардаптарынан кейін кісі ғұмы­рындай уақытты құр мақтанмен, жалаң сөзбен өткіздік. Саясат та, қоғам да елдік құбыладан жаңылдық. Бұйырса, 30 жылға жуықтаған Тәуелсіздігіміз бұ­ған не дейді?  «Отанды сүю – оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда жан пида етуге даяр тұру» дегенге қалай қараймыз? Бұл ретте Мұстафа Шоқай сөзі, елшілдігі, принципшілдігі, Смағұл Сәдуақасұлына берген бағасы бізге не айтады?

Президент Қ.Тоқаевтың баста­масымен саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын ақтау жөнінде мемлекеттік ко­­миссия құру мәселесі көтеріліп, күр­­делі кезеңге айқын қағидатпен қа­рау қолға алынған тұста М.Шоқай мен С.Сәдуақасұлы жолы тағылымын жан-жақты зерделеу маңызды деп есептейміз.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің

проректоры, ҚР ҰҒА академигі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<