Сабақтастық үзілмейді

912

0

Әулеттің әзиз ақсақалы атанған нағашы атам Дәулет Жағыпарұлының өткен өмір жолына көз салып көрсеңіз, қаншама соқпақты жолдардан өтіп, сүреңсіз жылдардың сарсаңына тап болғанын аңғару қиын емес. Өткен ғасырда қазақ баласының басынан өткен зұлматтың тақсыретін де тартты. Одан кейін майдан даласында да жеңісті жақындату жолында ұйқысыз талай түндерді өткізді, ашқұрсақ жүрсе де алдағы күндерде арайлы таңның ататынынан үміт үзген жоқ.

Дәулет атамның әкесі Жағыпар ескіше оқу оқып, ел арасында діни сауатымен танылған кісі екен. Кезінде Қартаң молдадан дәріс алып, Жалағаш жеріндегі Дәулет Назар ақынға шәкірт болған көрінеді. Дәулет атам 1930 жылы ауылдық жердегі мектеп табалдырығын аттап, білім алып жатқанда ел ішінде дүрбелең басталып кеткен екен.

– Әліппені енді танып келе жатқан бетім еді. Солақай саясаттың сойылын соққан белсенділер әкемді қудалауға түсірді.  Ол  «қожа-молда» деген атаққа ілініп, осылайша қуғынға түсе бастады. Одан кейін Мәмбет ағамнан үйде оқыдым. 1932 жылдың күзінен жағдай да қиындай бастады. Ашаршылық ел ішіне жайыла бастады. Ондай мүшкіл жағдай біздің отбасының да басынан айналып өткен жоқ. Ашаршылықтан бұрын қуғындау жанымызға қатты батты. Сол себепті 1932 жылы желтоқсанда отбасымыз Ташкентке жол тарттық. Әке-шешем екі қарындасым, інім және мені қасына ертті. Сол жерде жездеміз Мұханбетжан деген кісінің үйіне барып, бір жетідей болдық. Онда көп тұрақтай алған жоқпыз. Сол кісінің сілтеуімен пойызға отырып, Беговат деген станцияға дейін жеттік. Одан әрі Тәжікстанның Қорғантөбе деген аймағындағы Қазантерек деген қыстаққа жаяу бардық. Әкемнің діни сауаттылығын байқаған ауыл тұрғын­дары оны сол ауылдың имамы етіп қойды. Бұл жақта аш болған жоқпыз, абыройымыз да жоғары болды. Алайда елде отбасымен қалған Мәмбет ағамды анам сағынып жылай берді. 1935 жылдың қараша айында елге қайта бет бұрдық. Десе де жол ұзақ, туған топыраққа 1936 жылдың көктемінде ашығып әрең жеттік. Көктемнен бастап үйдегі үлкендер қауын, қарбыз, жүгері, асқабақ еге бастады. Күзге дейін көп ашықтық, қиыншылық көріп зорға жеттік, – дейтін еді атам.

Басқа түскен қиындықтарға қара­мастан, Жағыпар атам балаларының оқы­ғанын қалады.  Дәулет атам сол жылы Аламесектегі интернатта оқуын жал­ғастырды. Ал 1937 жылдың күзінде ол кісі Қызылорда қаласындағы 1 Май мектебіне ауысып, онда жеті сыныптық білім алды. Одан кейін Қызылордадағы педагогика училищесіне оқуға түсті. 1941 жылдың жазында науқастанып, ауруханада 1 жыл емделеді. 1942 жылы сырқатынан айығып, есепші мамандығын алады. Сол жылы сәуірден бастап Жамбыл атындағы колхозға есепші болды. 1943 жылы қаңтарда армияға шақыру алады. Сөйтіп, қаңтардың аяғында Орал әскери округіндегі 59-атқыштар полкінде 6 айлық сержанттық оқуды бітіріп, қолына қару ұстады. Елге 1947 жылдың қаңтарында оралған.

Ардақты ақсақал зейнетке шыққаннан кейін де уәлі сөзімен елді ұйытып, жас ұрпақ тәрбиесіне үлкен үлес қосты. Өмірінің соңғы күніне дейін Ақжарма ауылындағы «Басапа имам» мешітінде имам болып, ауыл тұрғындарын адамгершілікке, имандылыққа шақырудан бір шаршаған емес. 1992 жылы «Қадірменді ауыл ақсақалы»  атағы берілді. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін 1985 жылы «Отан» орденімен, «Жеңіс», «Лениннің 100 жылдығы» сияқты көптеген медальдармен марапатталды. Атамыз сексенге таяған шағында өмірден өтті.

Кітап оқуға құштарлығы ерекше еді. Өмір бойы кітаптан қол үзбей, өзін-өзі жан-жақты дамытумен айналысты. Ағайынға ақыл-кеңесін айтып отыратын, көңілі кең, жүрегі таза жан еді. Ақындығы да бар болатын. Ауылдағы әрбір шара сол кісінің батасымен, өлеңімен басталатын.  Ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін еді. Ешкімге зекіп ұрысқанын көрген емеспіз. Кейбіріміздің ісімізге көңілі толмаған сәтте «Тұқымың жайылғыр» дейтін. Ол сөздің мәні терең екенін өсе келе түсініп отырмыз.

Атам мен әжем ұлағатты ұрпақ өсірді. Әжем Ханшайым – 13 құрсақ көтеріп, 10 бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана. Ол кісілерден өрбіген 3 ұл, 7 қыз қазіргі таңда өсіп-өнген жандар, түрлі салада қызмет жасайды. Әжем өте мейрімді, ақылды жан болатын. Көзкөргендер менің ол кісіге қатты ұқсайтынымды айтады. Қызымның есімін әжемнің құрметіне Ханшайым қойдым.

Адамның ғұмыры әрбір пендеге үлкен сынақ секілді. Сол бір уақытты кім қалай өткізе алады? Өлшеулі өмірде жарқын ісімен елдің есінде мәңгі қалған жайсаң жандар ешқашан ұмытылмайды. Мен атам, әжем жайында осылайша үлкен тебіреніспен толғана аламын.

Қазақтың «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген тәмсілі бар емес пе? Тәрбиелік сөздің тереңіне үңіліп көрген адам бұл нақылдың бекерден бекер айтылмағанын ұғады. Аяулы жандар ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берді. Отбасында адамгершілік пен адалдықтың ақ жалауын желбіретті. Сол ізгі өнегеден нәр алған бүгінгі ұрпағы әрбір үйдің тұтқасын ұстап, қазақы салтты берік ұстанып келеді. Өздері де ұлағатты ұл, көрегенді қыз тәрбиелеп өсірді. Бұл ата-ана қанымен, өнегесімен берілген тәлім-тәрбиенің мәуелі жемісі емес пе? Осылайша ұрпақ тәрбиесінің сабақтастығы үзілмей келе жатыр.

Гүлсім РОМАНҚҰЛОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<