Садағына сары жебе салдырған

2268

0

…Садағының кірісін,

Сары алтынға малдырған

Тереңнен көзін ойдырған, – деп келетін Махамбет өлеңдерін жаттап өстік. Бала күнгі оқыған ертегілер мен батырлар жырында кездесетін тоғыз қабат ақ сауытты тесіп өтетін садақ пен жебені армандағанбыз. Соның жетегімен қара талдың бұтағын иіп садақ, сары қамыстың өзегіне сым жүгіртіп жебе жасаған біздің буын шығар-ау. Ал қазір бұл кез келген ойыншық сататын дүкенде толып тұр емес пе?!

Көшпелі ата-баба тұтынған осы бір дүние кейінгі жылдары қайта жаңғырғандай. Ұлттық спортқа мән бергендер садақ ату өнерін қайта түлетуді жиі көтеріп келеді. Нәтижесі жоқ емес. Жаугершілік заманнан бөлек, бейбіт күнде аң аулап, азығын тапқан батыр халықтың ұрпағы қазір де қымбат мұраны қадірлеп жүр.

Иә, дәстүрлі садақ ату спорты Қазақстанда қарқынды дамып келеді. Мамандардың айтуынша, мұның пайдасы өте мол. Адамға рух беріп, көздің көру қабілетін жақсартады. Сонымен қатар, сабырлы болуға, өзін-өзі тәрбиелеуге, адам бойына сенімділік ұялатуға көмектеседі.

Қолданыстан шыққан қарудың бірі болса да, ұлт құндылығы ретінде қайта жаңарған садақ ату ұлт спортының бір түріне жатқызылғаны белгілі. Үлкен қалалардан бөлек, аудан орталықтарында дәл осы өнерге мән беріп, маңызын арттырып жүргендер баршылық. Соның бір дәлелі – жақында ғана Қазалы ауданы орталығынан ашылған «Zhebe» садақ ату орталығы.

Аудан тұрғыны Мақсат Маратұлы бабалар үрдісін қайта жаңғыртуды қолға алғалы көп болмапты. Небәрі жиырма жастағы кәсіпкердің арманы – көнеден жеткен өнерді дамыту, бұқаралық спорт ретінде қолданысқа енгізу.

– Осындай орталық ашуды көптен бері армандаған едім. Қазір діттегеніме жеттім. Алдағы уақытта бұл спортты аудан көлемінде дамытып, қызығушылар қатарын көбейту үшін арнайы жоспарларым да жоқ емес. Сан ғасырдан бері келе жатқан, бабалар мұрасы – садақ ату өнерін бұқаралық спорт ретінде қолданысқа енгізуге теңіздің тамшысындай болса да үлесімді қоссам деймін. Себебі, бұл – бізге жеткен асыл мұра, құнды қазына. Бұйырса, тек садақ ату емес, басқа да ұлттық спорт түрлерін қолға алу ойымда бар,– дейді Мақсат.

Орталықта көздеуге арналған 6 нысана, сондай-ақ жас ерекшеліктеріне сай 8 садақ түрі қойылған. Оның төртеуі әуесқойларға, екеуі кәсіпқойларға және тағы екеуі балаларға арналған. Сонымен қатар мұнда жебенің де екі түрі бар.

Айтпақшы, орталыққа барып, шеберлік сынау құны қолжетімді. Қалтаға салмақ салмайды. Мысалы, он рет нысана көздегіңіз келсе, бар болғаны 500 теңге төлейсіз. Бірақ ең тиімдісі, жарты сағатқа мың теңге төлеп, жебе санын шектеусіз ату мүмкіндігін пайдаланғаныңыз дұрыс. «Zhebe» садақ ату орталығында басқа түрлі жеңілдіктер топтамасы қарастырылған. Айта кетейік, бүгінде орталыққа келетін садақ атуға машықтанушылар арасында жастармен қатар үлкендер де бар.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<